«Көк тудың желбірегені» кітабы оқырманға жол тартты

0
1075

«Дәуір» баспасынан «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату кіші бағдарламасы бойынша» танымал  жазушы Дәнеш Ахметұлының «Көк тудың желбірегені» атты жаңа кітабы жарық көрді. Бұған дейін де балалар әдебиетіне арнап талай талғамы биік шығармалар жазған автор бұл жолы да сол үрдісінен жаңылмаған. Түрлі жанрда жазылған туындылар өз биігінен көріне білген.

Негізі әдебиетімізде спорт тақырыбына арналған шығармалар жоқ емес. Алайда, санаулы ғана. Ал, Олимпиада, оның ішінде Паралимпиадаға арналған көркем дүниелер жоқтың қасы. Міне, жазушының жаңа кітабына енген «Көк тудың желбірегені» хикаяты осы олқылықтың орнын толтыруға арналған. Бас кейіпкер Рауан өзінің мүгедектігіне қарамай жарысқа қатысады. Пауэрликтен сынға түсіп, жан ман тән сынға түскен шақта көк туды желбіретеді.

«…Көк ту көк аспанның қиылып түскен көгілдір қиындысындай, не болмаса көк жібек көйлек киген Алуадай сезіліп, мінсіз мөлдірейді. Көк туға аспаннан Алланың рахман нұры төгіліп тұрған сияқты. Көк ту аспаннан төгілген мөлдір тамшыларға малынып, алтынның нұры себездегендей боп, сан құбылады». Хикаят осылай аяқталады.

Қазақ тарихында ер адамдар арасында болған жекпе-жектің небір тамаша үлгілері бар. Ал, қыздар арасында да керемет жекпе-жектер болған. Осыдан 300 жыл шамасы бұрын Сұңқар тауларының бір сілемінде қазақ қызы Қарлыға мен қалмақ аруы Қаймыштың арасында осындай бір айқас болып өткен. Айқас болған асу Қарлығаның асуы не болмаса, Қызтекше деп аталған. Осы аттас хикаятта ел ішіне аңыз болып тараған осындай жайттар сөз болады.

Жинаққа енген әңгіме, мысал, ертегілер де сәтті шыққан. Қорыта келгенде, бүгінгі күнгі балаларға базарлық дерліктей көркем де келісті шығарманың жарыққа шыққаны анық.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here