Желтоқсан тәлімі: Пленумда қазақтар неге принципшілдікке бармады?

0
4334

«Уақыт керуеніне бөгет жоқ» демекші, уақыт шіркін бас бермес асаудай арындап, жүйрік желдей жүйіткіп өте шығады екен. Биыл Желтоқсан көтерілісіне де 36 жыл толыпты-ау. Арада қанша жылдар өтсе де, сол күн жастарымызды баудай қиып түсірген қанды қырғынды көзі көріп, құлағы естіген біз сияқты орта буын өкілдерінің жадынан өшпек емес. Күні кешегідей көз алдымызда.

Сол кезде мен бұрынғы Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінде партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі едім. Бұрын бұл әжептәуір беделді жұмыс болатын. Біріншіден, бөлім бастығы обкомның бюросында бекиді, жұмыстан бюроның шешімімен алынады. Номенклатура, тәртіп солай. Екіншіден, өзге бөлім бастықтарынан еңбекақысы сәл жоғары. Редколлегия мүшесісің. Оған 10 сом ақша төлейді. Ай сайын жазатын міндетті екі бас мақалаң бар. Бәрін қосқанда – 70 сом. Яғни, басқа бөлім бастықтарынан артық аласың. Ең кереметі – жыл сайын Алматыдағы жоғары партия мектебіне біліміңді көтеру үшін бір ай оқуға барасың. Жұмыстан қолың босап, арқа-басың кеңіп, әсем астанаға барып қайтасың…

1986 жылы 15 желтоқсан күні әріптесім, «Тургайская новь» газетінде партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Рухфат Миргородский екеуміз ұшақпен Алматыға барып, партмектептегі орнымызды алып, таныстарымызбен шұрқырасып көрісіп, мәре-сәре болдық та қалдық. Осы жолғы курс оқуына қалалық партия комитеттерінің бірнеше хатшысы, аудандық партия комитеттерінің идеологиямен айналысатын салалық хатшылары да шақырылған екен. Торғаймен іргелес жатқан Қостанай облысының Рудный қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Болатай Асатовпен кездесіп қалып, ол сөз арасында ертең үлкен ЦК-ның пленумы болатынын айтты. Жылына пәленбай рет болатын пленум ғой, оған етіміз үйренген. «Әдеттегідей дүрілдетіп талқылаймыз, қуаттаймыз, қолдаймыз» деп ойладық. Бірақ, біз қателескен екенбіз. Бұл астары бар пленум болып шықты. «Үлкен үйден» оралған Болатай түрі құп-қу болып бозарып кеткен қалпы бізге пленумда Қонаевты орнынан алып тастап, Колбин деген біреудің сайланғанын жеткізді.

Төбемізден жай түскендей аң-таңбыз. «Неге? Неліктен?» деген сауалдар андыздап шыға келді. Әр жерде, әр бөлмеде күбір-күбір әңгіме басталды. Бұрын ежіл-қожыл әңгімелесіп жүретін орыс жігіттер сырғақсып, жуықтамай қойды. Әйтеуір, бір бөлмеге орналасқан жанымдағы Рухфаттан ондай оғаштық сезілмеді. Ол өзін орыспын деп есептесе де, табиғи жаратылысы жағынан аралас некеден туғандығы аңғарылып тұратын. Әкесі поляк болуы керек, шешесі татар немесе башқұрт екені даусыз еді. Оның бер жағында жан дүниесі таза, адал азамат болатын.

Партмектептің ішін алыпқашпа әңгімелер Арқаның желіндей азынатып жіберді. Біреулер: «Студенттер көтеріліп жатыр», – деп айтты. Енді біреулер: «Көше толған милиция, солдат», – деді.

Әрине, құлақ естігенді көз көреді. Күндізгі сағат төрттің шамасында Рухфат екеуміз Абай даңғылына шықтық. Құжынаған адам. Солармен қапталдаса жүріп, ЦК-ның алдына келдік. Мұнда ине шаншар бос орын жоқ. Екеуміз қақшиып сол жерде түнгі сағат 12-ге дейін тұрдық. Бас прокурор Елемесовтің жанайқайын да естідік, Орталық комитет басшыларының жұртшылықты сабырға шақырған әрекетін де көрдік. Қайткенмен, бұл кезде тізгін қолдан шығып кеткен. Үстеріне мұздай су шашылып, жолдастарының қолды болып жатқанын білген жастар ашу-ызаға булыққан еді. Оған аспаннан түсірілген әскерилердің студенттерді жөн-жосықсыз сабауы жағдайды түзелместей одан әрі ушықтырып жіберді. Жастардың ұсынысы дұрыс. Олар: «Қазақстанды қазақ, тіпті болмағанда қазақстандық басқаруы керек», – дейді. Оған өктемдік пен әкімшіліктің шыңына шыққан жүйе көне ме, әскерді әкеліп төкті де жіберді. Жандары жәннатта болғыр, талай жас қыршынынан қиылды. Обалы Соломенцев, Горбачев сияқты залым шовинистерге!

Сол күні партмектептің қақпасы тарс жабылып, бізді қамап тастады. Келесі күні үлкен акт залына кілең қазақ азаматтарын жинап алып, нотация оқыды. Студенттердің арасына жіберіп, үгіт-насихат жасатпақшы. Біз залда, қарсы алдымыздағы мінбеде қаздай тізіліп 12 адам отыр. Көбі орыстар. Арасында партмектептің ректоры Оразай Батырбеков, ЦК бөлім бастығы Қуаныш Сұлтанов бар. Бір орыс: «Бұл дегенің – махровый национализм, пәлен-пәштуан», – деп соқты дейсің. Мен қол көтеріп едім. «Сұрақты жазбаша беріңдер, аты-жөндеріңді, қайда, қандай жұмыс істейтіндеріңді анық көрсетіңдер», – деп дүңк-дүңк етті.

«Мынау алаңға шыққан кешегі октябряттар мен комсомолдар, олардың махровый национализмге қандай қатысы бар?» деген мазмұнда записка жібердім. Оны мінбеде отырғандар тегіс оқып шықты. Бірақ, біреуі жауап берген жоқ.

Бізді «КазГУград»-қа алып барды. Онда жастармен сөйлестік. Әйткенмен, олардың әбден қандары қызып, беттері әрі бұрылып алған, алдау әңгімеге көнбеді.

Қоғамдық көлік жүрмейді. Жаяу-жалпылап Никольский базардың жанындағы жатақханаға жеттік. Мұнда да жоғарыдағыдай көрініс, студент-жастар әбден ширығып алған. Ал, дала Петроградты алғандағы кинодағы көріністен аумайды. Қолына қалқан ұстап, басына каска киген милиция жасағы, жай адамша киініп алып, қолына қару ұстаған «үштіктің» қызметкерлері. Көшенің екінші бетінде студент-жастар шоғыры, олар қарусыз. Ол аз десеңіз, күректің сабымен, арматура кесіндісімен мұздай қаруланған орыс ұлтының өкілдері андыздап жүр. Жеке-дара қолға түскен жастар болса, қақ маңдайдан ұрып сұлатып салмақ. Осылардың арасынан қалай аман өткенімізге әлі күнге дейін таңғаламын. Рухфат екеуміз қас қарая партмектепке зорға жеттік. Қарын аш, тамақ ішейік деп асханаға кірсек, терезенің алдында «ыстыболы» үңірейіп БТР тұр. «Е, біткен жеріміз осы екен», – деп ойладым. Рухфат та ақшыл беті сұп-сұр болып, тілі байланып тұрып қалды. Міне, саған сәулетті совет үкіметі, әкетайымыз. Қылп етсең, қылыштай қиып түспек.

Осы уақыт ішінде бұл Желтоқсан көтерілісі жайлы не айтылмады, не жазылмады?! Әйткенмен, осының «сыры» аяғына дейін ашылмады-ау. Соның бір парасы бас-аяғы 17 минутқа созылған пленумға да қатысты. «Советтік жүйеде демократиялық централизм принципі мүлде сақталмады» деуге болмайды. Ол дәті барып, дәйегімен келіскен ортада сақталды. Соған көп адамның тәуекелі жетпеді, рухы әлсіздік танытты. Мысалы, Бородиннің (Қостанай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы) дәуірлеп тұрған шағында бізде адам айтса нанғысыз бір жағдай болды. Денисов ауданының коммунистері Бородиннің жіберген кадрын пленумда сайламай қойды. Пленум екі күн бойы өтті. Бородин екі күн бойы айбат шегіп, өкілдікке оркотделдің бастығын жіберсе де, пленум мүшелері бірінші хатшының жіберген адамын сайламай, өз кандидаттарын өткізді. Ал, 1986 жылғы пленумда осы принципшілдік қайда қалды? Сол кезде билік басында жүрген қазақтар болды ғой. Неге тым құрығанда соның біреуі қарсы шықпады? Олар табандылық танытқанда, Колбин сайланбас еді. Ол сайланбаса, жазықсыз жастар да қырылмас еді.

Міне, тап осы жерде сол кездегі ұлт лидері болады-ау деп мақтан тұтқан тұлғаларымыздың бойында ұлттық меннің, ұлттық рухтың әлсіз болғандығы бірден байқалады. Оларды кеңестік зұлмат үрейі билеген немесе  «бәлкім, таңдау маған түсіп қалар» дегендей пендешілік пиғыл жеңген. Бәлкім, қызғаныштың қызыл иті араға түскен. Тарихтан белгілі, қазақ өзара қырқысқанда әрқашан біреуге жем болып, жеңіліс тапқан.

Біздің сабақ алатын бір тұсымыз осы. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар – арттарыңнан алаш адасады, арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар».

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді». Ендеше, алауыздықтан, рухсыздықтан, жікшілдіктен ада болу қазіргі таңда өте маңызды. Бізге қазақтың басына қара бұлт үйірілгенде ел болашағы үшін өзін құрбандыққа шалған Жұмабек Тәшеновтей ержүрек тұлғалардың игілікті ісі үлгі болғай!

Тәуелсіздік – Алланың бізге берген сыйы. Соны сақтап қалу өте жауапты әрі шетін мәселе. Соған біз дайынбыз ба? Итальян ойшылы Никколо Макиавеллидің мынадай сөзі бар: «Ұзақ уақыт құлдықта болған халық еліне деген құштарлықтан, Отансүйіштік пен имандылықтан айырылып, жалтақ, көнгіш, тілалғыш, жағымпаз болады. Мұндай ел кездейсоқ жағдайда азаттыққа қол жеткізсе, ол еркіндікті де пайдалана алмайды». Тап осы көрініс қазір біздің басымызда тұр.

Жағымпаздық, көнбістік, жемқорлық, мақтаншылдық бізді жегі құрттай жеп жатыр. Қоғам науқас, оны емдеу керек. Ал, Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан құру идеясы дұрыс. Бірақ, ол бұрынғыдай құрғақ сөз болып қалмай нақты іске көшкенде ғана жүзеге аспақ.

Серік ШАЙМАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here