Адамзат мұңын қозғау әуелі жүректен басталады – Әлібек Байбол

0
3890

Әлібек БАЙБОЛ – Абай атындағы ҚазҰПУ Фиология институты Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы,  жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы. Төменде жас жазушыға бірер сауал қойғанды жөн көрдік.

– Қалың қалай, Әлібек? Ғылымда, өнерде, өмірде оқырмандармен бөлісерлік нендей жаңалығың бар?

– Аллаға шүкір аға, амандық, бәрі – орынша. Жаңалық көп, қайсысынан бастайын?

– Көп болғаны жақсы екен. Қайсысынан бастағың келеді, еркің білсін.

– Өз еркімді өзіме бергеніңіз үшін, рахмет. 2021 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология институты Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының Әдебиеттану мамандығы бойынша докторантураны тамамдадым, қазір қорғауға дайындық үстіндемін. Сондай-ақ, биыл осы университеттегі Жас зерттеушілер кеңесі төрағасының орынбасары етіп сайлады. 2021 жылдың мамыр айында Мәскеудегі Ресей халықтар достығы университетінің Филология факультетінде тағылымдамадан өтіп келдім, босқа уақыт өткізгем жоқ, біраз дүние үйрендім. 2020-жылы Қазақстан Жазушылар одағының «Тарихи-әдеби өлкетануды дамыту» жобасы аясында «Ақын Төребай Есқожаұлы» атты кітабым жарық көрді. Ақын, әнші, айтыскер, композитор, күйші, шешен, би, шежіреші, атбегі, қобызшы, сырнайшы, сегіз қырлы, бір сырлы тарихи тұлға – Төребай Есқожаұлы 1844 жылы қазіргі Жезқазған облысы, Жаңаарқа ауданына қарасты Жеңісқой кеңшарына қарайтын Жуан ана мазары маңында туған. Бірақ, саналы ғұмырын Жетісу жерінде өткізіп, 1911-жылдың қазан айында алпыс сегізге қараған шағында өмірден озады. Сондай тұлғаны жұрт жадында жаңғырту мақсатында кітап шығарған едік. Осы кітапты жазу барысында маған ақыл-кеңесін аямаған Жемісбек Толымбек, Төребай Есқожаұлының ұрпағы – Тынышбаев Исахан Жамаубайұлы, Елдос Тоқтарбай секілді азаматтарға алғыс айтам. 2021-жылы «Қыр баласы» қоғамдық қорының қолдауымен, ғалым, жазушы Елдос Тоқтарбайдың басшылығымен әдебиеттанушы-ғалым, алаштанушы Заңғар Кәрімхан екеуміз бірігіп Алаш қайраткерінің рухына бағышталған, түрлі тарихи материалдар жинақталған «Сейітбаттал Мұстафаұлы. Имам Ғазали» атты ғылыми жинақ құрастырып шығардық. Бұдан бөлек, «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» аясында 2-томнан құралған «Құлыншақ» делінген жетісулық балалар жазушыларының антологиясын жеті адам: Алмас Сырғабай, Ұшқын Сәйдірахманұлы, Заңғар Кәрімхан, Елдос Тоқтарбай, Данияр Ихсан, Ерден Нұрахмет және мен боп әзірледік. Ә. Бөкейхан атындағы ҒЗИ «Қыр баласы» қоғамдық қорының ғалымдары 2021-жылдың өзінде 10 кітап шығарды. Жоғарыда аты аталған азаматтармен қоса, Абай Мырзағали, Бүркіт Нұрасыл, Еркін Рахметолла, Ержан Еңсебай, Ақжол Қадылбекұлының ізін жалғап Ертай Біләл, Айгерім Нұржанқызы, Самал Айыпжан, Талғат Шайхығали, Жаңыл Елтай, Жауынбай Жылқыбайұлы, Нұрсұлтан Серікұлы, Жақсылық Бектібай секілді мықты-мықты жастар өсіп келеді, соларға қарап біз қуанып, тілекші болып, қолдан келгенше демеп, көмектесуге тырысамыз. Ұрпақ сабақтастығы деген осы шығар. Сонымен қатар, «Қыр баласында» Дидар Естен, Назерке Ищанова сынды баспа саласынан, дизайннан хабары мол мықты мамандарымыз бар. Аллаға шүкір, тынымсыз ізденістің арқасында осындай оң нәтижеге қол жеткіздік. Алда басқа да жоспарларымыз бар, ол туралы әлеуметтік желіден естіп, оқып, көре жатарсыздар.

– Тағы қандай жаңалығыңмен бөлісе аласың?

– 2021 жылы Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп 30 жас ақын-жазушының кітабын шығарып берді. Соның негізінде, менің «Ғинаят» атты кітабым жарық көрді. Бұл біз үшін жақсы стимул болды. Бұдан бөлек, тағы 3 кітабым дайын тұр, енді демеуші іздеу үстіндемін. Таяуда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 3 жылдық ғылыми жобасын ұтып алдық.

– Ұзағынан болсын!

– Айтсын, аға. Рақмет. Соның аясында Филология институты Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушылары, әрі әдебиеттанушылары: Аида Нұрбай, Ақмарал Омар, Мадина Молдағали және мен Түркияның Измир шаһарына сапар шегіп, сол жердегі Эгей университетінің тыныс-тіршілігімен танысып, профессор Фикрет Түркіменнің дәрісіне қатыстық, білім жиып қаттық. Ғылыми жоба жетекшісі Дина Сабирова – PhD, постдокторант, «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ астанасындағы Джордж Вашингтон университетінде (THE GEORGE WASHINGTON UNIVERSITY) 1 жылдық тағылымдамадан өтіп жатқан білікті маман, беделді ғалым.

– Әдебиеттанумен қатар драмалық шығармалар да жазасың. Естуімше бірнешеуі театр сахналарында қойылған секілді.

– Иә, дұрыс айтасыз. 2018-жылы «Әріптер әлеміне саяхат» (режиссеры ‒ Сағызбай Қарабалин) атты пьесам Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында, орысшадан  тәржімалаған ағылшын драмашысы Рэй Кунидың «Смешные деньги» («Туған күн») атты пьесасы 2018-жылы Қазақтың Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында (режиссеры – Болат Ұзақов), 2019 жылы «Жеті ойыншықтың жеңісі» атты ертегім Қазақтың Ж.Аймауытов атындағы музыкалық драма театрында сахналанды (режиссеры – Әділет Ақан). Луганск қаласындағы «Госпожа удача» деген Павел Луспекаев атындағы Халықаралық театр байқауында Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры Нил Саймонның «Әумесерлер» комедиясымен қатысып (реж: Ф. Қанафин), дипломант атанды. Осы «Әумесерлер» деген комедияны мен аударғам.

– Ақыры, драматургия туралы сөз қозғадық қой. 2022-жылдың қазан айында қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтың 80 жылдығына орайластырылған II Халықаралық «Исабеков әлемі» атты театр фестивалі өткенінен хабардар шығарсың?

– Әрине!

– Жас драматург ретінде Д. Исабековтың драматургиясы туралы өз ойыңды ортаға салсаң.

– Әсілі, әр көркем туынды – аяқталған, бас-аяғы бүтін дүние. Сонымен қатар, оны байланыстырып тұрар тұтас желі болмақ. Драматургия тарихи даму үстіндегі феномен екенін ескерсек, қазақтың алғашқы драмасынан бастап, тәуелсіздікке шейінгі аралықтағы бұл жанр тұрақты белгілерін сақтай отыра, әр кезеңде түрлі трансформацияға ұшырағаны сөзсіз. Бұл ретте, жазушы, драматург Дулат Исабековтың трагедия, трагикомедия, комедия, драма жанрларының өріс жаюы үшін тынбай ізденгені – қалың жұрт назарында. Халық көкeйіндегісін тап басып тану – әрқай жазушының aбыpoйлы міндеті. Тiптен, бұл – тек aбыpoйлы ғaнa eмec, сонымен қатар Алаш жұрты aлдындaғы пepзeнттiк бopышы. Тегінде, жазушы атаулысына тән басты ерекшелік – оның өзіндік тіл өрнегі мен сөз саптау шеберлігімен үндес келген қайталанбас қолтаңбасы. Дулат Исабековтың драматургиясына тән, көзге ерекше шалынатын басты-басты артықшылықтары – қоп-қою конфликт, интрига, перипетия, жинақы сюжет, талас-тартыс үстінде ашыла түсер характер, финалдың әркез тосын түйінделуі, қаһармандардың қайталанбауы, формалық ізденіс, мазмұндылық. Автор өмірдегі қилы-қилы құбылыстарды сырттай бақылап қана қоймай, оны өз дүниетанымы арқылы да өткізеді. Біз мұны автордың «Жүз жылдық махаббат», «Өкпек жолаушы», «Актриса», «Мұрагерлер», «Әпке» секілді шығармаларынан анық аңғарамыз.

Д. Исабеков драмаларындағы әдеби кейіпкерлер іс-әрекетін, ұмтылыс-құлшыныс, ниет-пиғылын, ойын тереңінен толғай отыра, әлеуметтік ортаның қарама-қайшылығын, қарым-қатынасын, сан түрлі көзқарасы мен өмір заңдылықтарын тамыршыдай тап басады. Жазушы сұлу сөз қумайды, керісінше кейіпкер жанының динамикасын, құрылымын, интонациясын айқындауға күш салады. Автор драмаларының басты арқауы – адам баласының өрістеуі, оның мына әлемдегі құндылық ретіндегі орны.

– Сонда «сөз өнерінде» көп дүние авторға байланысты ма?

– Иә! Автор – транзистор, тасымалдаушы, жанның сөзін жеткізуші. Құдайдың құдіреттілігі сонда, Ол үзілуге дайын нәп-нәзік жанды драматургтың кеудесіне енгізген-ді. «Адам – Алланың ұлы туындысы», – дейміз, ал драматург – қоғамнан тыс туған жаратылыс. Сол атты арқалап, сызат түсірмей алып жүру үшін де жүрек, сезім, табандылық пен талант қажет. Драматург – Алламның хабарын жеткізуші, әлсіздік дендеген әлеуметті, адамзатқа қауіп-қатер төндіретін апаттардан сақтандырушы. Ақын да сондай, жазушы да сондай… әр суреткер сондай. Адамзат мұңын қозғау әуелі жүректен басталады. Жүрек не затқа ауырса, жүрек шіркін нені қаласа – соны жазған жөн. Өйткені, жүрек алдамайды, ол – шынайы, ол – әділ, ол – адал, жүрек сатқын емес, ол алдау-арбау, қулық-сұмдық дегеннен бейхабар. Алайда, жүректі кір шалса, жүрек қарайса, онда қиын… (Күлді) «Жүректен шыққан сөз – жүрекке жетеді». Дулат Исабеков драматургиясында оймақтай болса да көтерген жүгі ауыр-ауыр ойлар, рақымды бастамалар, адамның адамшылықтан безіну сыры менмұндалайды. Ол – жанр талғамайтын қаламгер. Драмаға да, комедияға да, трагикомедияға да, тарихидрамаға да емін-еркін бара алады, жатсынбайды. Сол себепті де, ол кісі қаузаған тақырыптар, ол кісі үңілген мәселелер басқа ұлтқа бөтен деп айта алмас ек, қайта керісінше бәріне – ортақ. 

– Әдеби, ғылыми жоспарларыңмен бөлісе отырсаң.

– Жоспар – көп. Оның бәрі Жаратушы Жаппар Хақтың қалауымен, қолдауымен жүзеге асатыны анық. Ғылыми бағыт бойынша айтар болсам, әдебиет теориясына, алаштануға, абайтануға, әдебиеттегі ұлттық код мәселелеріне дендеп еніп, тереңірек зерттесем деген ойым бар. Ал, әдеби-көркем бағыт бойынша, проза, драма, аударма, әдеби сын және балалар әдебиетіне қатысты біраз дүние әзірлеп жатырмын. Алла амандығын берсе, гәзет-жорнал мен порталдардан оқи жатарсыздар.

– Ғылым жөнінде не айтар едің?

– Ғылым – мемлекеттің әлемдегі өзіндік орнын айқындау жолында  еңбек ету керек. Ғылым мен билік қолтықтаса қызмет қылса, үлкен өзгерістер болады. Осыған шейін бұқаралық мәдениет, шоу-бизнес индустриясы халыққа айтарлықтай әсер етіп кетті, есеңгіретіп жіберді десем артық емес. Енді, ғылым төрге озуға тиіс. Әйтпесе, ел ретінде жаһандық «ойында», асимметриялық соғыста, ақпараттық соғыста, идеологиялық соғыста, психологиялық соғыста, киберсоғыста, гибридтік соғыста ұтылып қаламыз. Заңи, қаржылық, діни, саяси сауаттылықты күшейткен жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның әскери доктринасына» түзетулер енгізіп, жаңа нұсқасын мақұлдады. Дұрыс шешім деп ойлаймын. Себебі, әлемдегі геосаяси жағдай тұрақсыз боп тұр. Соғыс – адамды, адамдар топтасқан қоғамды, мемлекетті, жалпы адамзатты кері кетіретін фактор. Соғыс болған жерде даму болмайды, ғылым дамымайды, өнер өрістемейді. Техникалық және жаратылыстану ғылымдарының қолданбалы жағы гуманитариймен салыстырғанда жоғары болуы заңдылық. Ендігіде, әлеуметтік ғылымдар әлеуетін көтеріп, қолданбалы жағын ойластырып, оңтайлы етудің жолдарын қарастыруымыз керек. Жан-жағымызды соғыс пен пандемия жайлаған беймаза уақытта үкіметке ғылымды, өнерді, мәдениетті дамытқаны орынды болмақ. Өйткені, еліміздің басты базисы – осылар.

– Әңгімеңе рақмет!

Сұқбаттасқан – Болат ШАРАХЫМБАЙ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here