Әскери қызметшілерді тәрбиелеудің қазіргі жағдайы мен келешегі талқыланды

0
172

Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың Алматы филиалында Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріндегі тәрбие құрылымдарының құрылу тарихына, сондай-ақ тәрбие және идеологиялық жұмыстың қазіргі ахуалы мен даму перспективаларына арналған ғылыми-теориялық конференция болып өтті.

Оған Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылығы, әскери қызметшілер, төл әскеріміздің қалыптасуының бастауында тұрған Қарулы күштердің ардагерлері және қоғам өкілдері қатысты.

Конференцияны ашқан Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов тәрбие құрылымдары 30 жылдық тарихында үлкен жолдан өтіп, Қарулы күштердің аса маңызды институты ретінде қалыптасқанын атап өтті.

– Бүгінде тәрбие құрылымдары әскер өмірінің барлық саласына енгізілген тәулік бойы жұмыс істейтін механизмге айналды. Идеологиялық құрамдас бөлігі болмайтын қызмет түрі жоқ, демек, бұл жерде тәрбиеші офицерлердің рөлі айрықша, – деп атап өтті генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов.

Жиынға әр жылдары тәрбие жұмысын ұйымдастыруға еңбегі сіңген 350-ден астам әскери қызметші мен ардагерлер қонақ ретінде шақырылды. Ал төл Қарулы күштеріміздің тарихынан ерекше орын алатын көрнекті тұлғалар баяндама жасады.

2000 жылдардың басында Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар департаментіне басшылық жасаған отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов ардагерлер ұйымдарының жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге қосқан үлесі туралы айтты.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері қолбасшысының орынбасары болған отставкадағы генерал-майор Владимир Бондаренко Қарулы күштердің қалыптасу жылдарындағы тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәжірибесін бөлісті.

Тәрбие құрылымдарын қалыптастырудың бастауында тұрған отставкадағы полковник Мэлс Шампиев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тәрбие жұмысы органдарын кадрлық қамтамасыз етудің ерекшеліктеріне шолу жасады.

Өзекті мәселелерді талқылау барысында әскери қызметшілер аға буын ардагерлердің бай мұрасын бірнеше рет атап өтті. Оның бүгінгі Қазақстан әскерінде тәрбие және идеологиялық жұмыстың тиімді жұмыс істейтін жүйесін қалыптастыруға негіз болғанына тоқталды.

Конференция соңында Қорғаныс министрінің бұйрығымен әскери қызметшілерді тәрбиелеу процесін жетілдіруге елеулі үлес қосқан Қарулы күштердің ардагерлері марапатталды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here