ҚазҰУ Түркі академиясымен бірге Ясауитануды дамытады

0
1222

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толуына орай, «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және түркі халықтарының рухани әлемі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Тағылымды шараны ҚазҰУ мен Халықаралық түркі академиясы бірлесіп ұйымдастырды.

Әл-Фараби кітапханасында өткен конференцияға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Халықаралық түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Әзірбайжаннан келген профессор Фузули Баят, Түркия профессоры Ибрахим Мараш, шетелдік және отандық профессорлар, түркітанушы және шығыстанушы ғалымдар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.

Шарада ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Қожа Ахмет Ясауи – түркі өркениетін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлға. Оның адамзатты ізгілікке бастайтын еңбектерін жан-жақты зерттеп, насихаттаудың мән-маңызы зор. Бұл ретте тағылымды әрі танымды іс-шаралардың ұйымдастырылуы құптарлық іс. Бауырлас елдер үшін Түркістан төріндегі Ясауи кесенесі мызғымас діңгек, қастерлі мирас. Мемлекет оны заман талабына сай жаңғыртып, кеңінен дәріптеуге көп көңіл бөледі. Осы кесенеге «Ұлттық тарихи-мәдени ескерткіш» мәртебесінің берілуі соның айқын дәлелі. Қожа Ахмет Ясауидің мол рухани мұрасын ұлықтауға арналған бүгінгі алқалы жиын игі бастамалар мен ілкімді істерге жол ашады деп сенемін», – делінген құттықтау хатта.

Конференцияда ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, Қожа Ахмет Ясауи қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің баға жетпес ғұламасы екенін айрықша атап өтті.

«Мемлекет басшысы: «Биыл Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толып отыр. Осы орайда, ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу маңызды. Елімізде «Ясауитану» ғылыми орталығы немесе институты құрылуы тиіс», – деп атап өткен болатын. Бүгінгі конференция Ясауи мұрасы мен түркі халықтарының рухани әлеміне арналып отыр. Бұл мәселеде түркі дүниесінің ғалымдары күш біріктіріп, ортақ мақсатқа жұмылуы тиіс. Түркі әлемінде әлі де толық зерттелмеген мұралар жеткілікті. Осы тұрғыда ҚазҰУ базасында Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтын ашқан болатынбыз. Қазіргі таңда институт мамандары сирек кездесетін қолжазбалар мен көне кітаптарды сараптап, зерттеуде. Ясауитану бағытында да жұмыстар жүргізілуде», – деді ректор.

Өз кезегінде Халықаралық түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев: «Қожа Ахмет Ясауидің түркі халықтарының мәдени, рухани өміріндегі орны бір төбе. Ол түркі жерінде ислам өркениетінің кеңінен таралып, қанат жаюына ықпал етті. Ойшылдың «Диуани хикмет» атты еңбегі біз үшін құнды жәдігер. Сондықтан ұлы ғұламаның өмір жолы мен ғылыми еңбектерінде түркі әлемі ерекше әспеттеледі», – деп атап өтті.

Тағылымды басқосуда отандық және шетелдік профессорлар, түркітанушылар мен шығыстанушы ғалымдар баяндама жасап, Қожа Ахмет Ясауидің еңбектері мен өмір жолына тоқталды. Конференция жұмысы секцияларда жалғасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here