Бейбіт күннің батырлары: Адамның өмірін өлімнен арашалап қалған полицейлер

0
3598
Тәуелсіздік жылдарында Атырау облысында қызметтік борышын атқару кезінде қаза болған қызметкерлердің есімдері үш полиция қызметкерімен толықты. Олар: 1993 жылы қылмыскерлерді құрықтау кезінде қаза болған жедел уәкіл, аға лейтенант Асқар Бисекенов, 2009 жылы қызмет барысында мас жүргізуші көлікпен қағып, оқиға орнында мерт болған жергілікті полиция қызметінің сержанты Нұрберген Өтемісов және 2019 жылы суға батып бара жатқан қызды құтқару кезінде қаза тапқан полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев

Халық арасында полицейлер туралы қарама-қайшы пікір бар. Бірі мақтайды, бірі даттайды. Біреу қолдайды, біреу қорлайды. Қалай болғанда да, қауіп-қатермен бетпе-бет келгенде бәрі де полицияның көмегіне жүгініп, тыныштық пен тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуді сұрайды. Бұл – дау тудырмас ақиқат. «Полицияның міндеті – халықтың қорғаны болу» десек, осы міндетін орындау жолында қауіп-қатерге қарамай, басын бәйгеге тіккен полицейлер көп. Айталық, азаттық жылдарында қызметтік борышын орындау кезінде 815 полиция қызметкері қайтыс болып, 4 593 полиция қызметкері жарақат алған. Сондықтан «бір қарын майды бір құмалақ шірітетінін» ескермеске тағы болмайды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін қазақстандықтардың өмірін өлімнен арашалап қалған бейбіт күннің батырларына тоқталады.

Жарылғыш затпен қоса лаңкесті тоқтатқан көзсіз ерлігі үшін «Халық қаһарманы» атағы берілген Ғазиз Байтасовтың бюсті 2021 жылы Тараз қаласында қойылды

ГРАНАТАНЫ КЕУДЕСІМЕН
ЖАПҚАН ПОЛИЦИЯ КАПИТАНЫ

Бейбіт күннің батырлары туралы әңгіме қозғалғанда алдымен Ғазиз Байтасовтың есімі аталады. Себебі, «Халық қаһарманы» жоғары атағын алған бірінші (әрі жалғыз) полицей ретінде оның есімі ел тарихында алтын әріптермен жазылып қалды.

Жеті адамның (құқық қорғау органдарының бес қызметкері мен екі бейбіт тұрғын) өмірін қиған, үш адам (екі полицей мен бір бейбіт тұрғын) жарақат алған Тараздағы трагедия 2011 жылдың 12 қарашасында болды. Қазыбек би көшесінде орналасқан Орталық гастрономның жанына оның алдында қолды еткен көлікпен тоқтаған қанды қол қылмыскер айналасындағыларға оқ жаудыра бастайды. Сол бір алмағайып сәтте арнайы көлікпен кезекшілікте жүрген Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің жол-патрульдік полиция батальонының бірінші взводының командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасов қылмыскерге қарсы оқ атып, оны кері шегіндіреді. Көліктің артына жасырынып үлгерген қаскүнем полиция капитанының кеудесінен атады. Лаңкестің қолынан гранатаны байқаған Ғазиз Байтасов өзгелерді құтқару үшін өз өмірін қатерге тігеді. Ауыр жарақатына қарамастан, лаңкеске қолындағы гранатаны тұрғындарға қарай лақтыруға жол бермей, оны кеудесімен жауып қалады. Осылайша, айналадағы бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалған 40 жастағы Ғазиз Әбдібекұлы қызметтік борышын өтеу жолында жанын құрбан етеді.

Ғазиз Байтасов ішкі істер саласындағы полицейлерге елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетпегенде, Тараздағы трагедия бұдан да көп адамның өмірін жалмар еді. Себебі, Орталық гастрономның алдындағы қайғылы оқиғаға дейін 34 жастағы Мақсат Қариев қарумен қорқыту арқылы «Mazda 626» көлігін иесімен кепілге алып, қару дүкеніне шабуыл жасайды. Дүкен күзетшісі мен дүкенге келушіні атып тастап, қару-жарақты иемденеді. Содан кейін кепілге алған көлік иесімен бірге жоғары жылдамдықпен үйіне қарай бет алады. Жол-жөнекей ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің екі қызметкерін өлтіреді. Мұнымен тоқтамаған ол ізіне түскен құқық қорғау органының екі қызметкеріне оқ жаудырады. Өкінішке қарай, екеуі де оқиға орнында көз жұмады. Қанды қылмыстан жасырынып жүрген қаскүнем екі атты полицейді жаралайды.

20 жыл құқық қорғау органында қызмет еткен Түймекент тумасы Ғазиз Байтасовтың артында жұбайы мен екі ұлы қалды. Өзгелердің өмірін сақтап қалу үшін гранатаны кеудесімен жапқан полиция капитанының туғанына елу жыл толуына орай 2021 жылы Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында оның ескерткіші ашылды.

АЛМАТЫНЫ ҚЫЗЫЛ
ҚАНҒА БОЯҒАН ЛАҢКЕСТІ ҚҰРЫҚТАҒАН
ПОЛИЦИЯ СТАРШИНАСЫ

Лаңкестер лаңын еске алғанда еріксіз жеті жыл бұрынғы Алматыдағы қанды қырғын да ойға оралады. 2016 жылы 18 шілдеде бұған дейін екі рет сотталған 26 жастағы Руслан Күлекбаев тұтас қаланы бір күн бойы үрей құшағында ұстады.

Сұмдықтың бәрі «Аят» қонақ үйінен басталды. Өйткені, Руслан Күлекбаев ол қонақ үйдің маңында жезөкшелердің торуылдайтынын жақсы білетін. Кезінде олардың қызметіне өзі де жүгінген. Содан 18 шілдеге қараған түні жезөкшелерді жазаламақ болады. Жарым түнде қонақ үй жанында тұрған көліктің терезесін қағады. Көлік ішінде жүргізуші мен екі «түнгі көбелек» отырады. Жезөкшелерді қарумен қорқытады. Қатерді түсінбеген жезөкшенің бірі Күлекбаевты балағаттайды. Оған көнбеген қаскүнем әйелді шекесінен атып тастайды. Жүргізуші қашып кетеді. Екінші жезөкше есеңгіреп қалады. Көлікті тізгіндеген лаңкес жол бойы оған мораль оқиды. Көлік бағдаршамның қызыл түсіне тоқтағанда, зәрезап болған әйел қашып шығады. Күлекбаев жезөкшені артынан қумайды. Көліктің бензині бітеді. Содан көлікті жезөкшенің жансыз денесімен бірге тастап кетеді. Бәрібір құрықталатынын түсінген ол такси ұстап, Алмалы аудандық сотына барады. Погон таққандардың бәрін атып тастауды ұйғарады.

Сотқа жақын орналасқан Алматы аудандық Ішкі істер басқармасына келеді. Онда зейнетке шығу үшін құжаттарды рәсімдеуге келген Сатымқұловтың полицей екенін түсінеді. Сатымқұлов көлігіне отырғанда Күлекбаев үш метр қашықтан «Аллах Акбар!» деген айқаймен оған оқ атады. Жәбірленуші көрсетілген көмекке қарамастан артынан ауруханада қайтыс болады.

Күлекбаев Ішкі істер басқармасына оқ жаудырады. Дегенмен, оның оғынан ешкім қайтыс болмайды. Оның үстіне ғимарат ішінде адам аз болатын. Сондықтан қылмыскер ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментіне аттанады.

Жол-жөнекей патруль көлігіне шабуыл жасайды. Аға сержант Әбілдаев пен полиция капитаны Қабыловты атады. Алғашқысы тірі қалады, соңғысы оқиға орнында көз жұмады.

Лаңкес ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінде ойран салады. Алдымен екі сержантты атып тастайды. Осы уақытта атысты көрген бекеттегі кезекші дабыл қағады. Бұл жақтан аман шықпайтынын жақсы түсінген Күлекбаев қайтыс болған полицейдің қаруын алып, Абай даңғылы мен Байзақов көшесінің қиылысына қарай жылжиды. Алдынан жейдесінің қалтасынан куәлік қызметі көрінген жаяу жүргінші шығады. Лаңкес одан куәлікті көрсетуді талап етеді. Ішкі істер органының зейнеткері куәлігін көрген Күлекбаев оны да атады. Көше қиылысында форма киген жігіт отырған көлікті көреді. Көлік ішіндегі шекара әскерлерінің жас офицері Әзімжановты да аяусыз өлтіреді.

Қанды қол қылмыскер Әуезов театрына жүгіріп жетуді көздейді. Бірақ, жол бойында тұрған көлікке келіп, жүргізушіден қаланың орталығына апарып тастауды талап етеді. Қарудан қорыққан жүргізуші оның талабын орындайды. Абылай хан даңғылы мен Қазыбек би көшесінің қиылысында оларды жол полициясының экипажы капитан Нұрмұханбетов пен лейтенант Бегасылов байқайды. Лаңкес отырған көлік ізіне түседі. Екі полицейге де лаңкестің оғы тиеді. Артынан екеуі де алған жарақатынан өмірден өтеді.

Күлекбаев Мемлекеттік кірістер департаментіне қарай жүгіреді. Автотұрақта ол «Мерседес» көлігін көріп, көлікті тізгіндеу үшін жүргізушіні қорқытпақ болады. Алайда, айналасын жайпап келе жатқан лаңкесті полиция старшинасы Аян Ғалиев тоқтата алды. Оның оғы қашып бара жатқан Күлекбаевтың аяғы мен оң жақ қабырғасына дәл тиді. Ғалиевтың серіктесі сержант Қартбаев Күлекбаевтың қолын бұрап, оған кісен салды. Өкінішке қарай, Күлекбаевтан алған жарақатынан Ғалиевтің де ғұмыры үзілді.

2016 жылдың қараша айында Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық соты Руслан Күлекбаевты өлім жазасына кесті. Бірақ, Қазақстан қылмыстық кодексінде аса ауыр қылмыс түрлеріне өлім жазасы қарастырылғанымен, 2003 жылы желтоқсанда қабылданған Президент Жарлығы бойынша жазаның бұл түрін қолдануға мораторий жарияланғандықтан (2020 жылы Қазақстан өлім жазасын алып тастады), бір күнде он адамның, соның ішінде құқық қорғау органының сегіз қызметкерінің өмірін қиған Руслан Күлекбаев арнайы түрмеде жазасын өтеп жатыр.

42 жасында ерлікпен қаза тапқан полиция старшинасы Аян Ғалиевтің артында жұбайы мен екі баласы қалды.

Ерлік есеппен жасалмайды. Ол жігері толысқан, жүрегінде оты жанған, міндеті мен қызметіне адал жандардың қолынан ғана келеді. «Адам мәңгілік жасамайды, мәңгілік жасайтын оның артындағы ісі» дегендей, ер тұлғалы азаматтардың ерлік істерін бүгін еске салдық. Себебі, ерлік ешқашан ұмытылмайды.

ЕРЛІКПЕН ҚАЗА ТАПҚАН ПОЛИЦЕЙЛЕР

Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдары қызметтік борышын өтеу кезінде қайтыс болған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында жастар көп. Соның бірі – Шалқар Ақымғалиев.

Қайғылы оқиға осыдан төрт жыл бұрын орын алды. Айталық, 2019 жылы 21 наурызда Атырау қаласы Полиция басқармасының Жедел басқару орталығының «102» қызметіне сағат 21.52-де белгісіз қыздың орталық көпірдің үстінен Жайық өзеніне секіріп кеткені жөнінде қоңырау түседі. Оқиға орнына сержант Шалқар Ақымғалиев пен кіші лейтенант Рүстембек Сүндетов бірден жетеді. Еш ойланбастан өз өмірін тәуекел еткен сержант мұзды суға секіріп, ағынның қатты болғанына қарамастан, қызды жағаға шығаруға тырысты. Қыздың бөренені ұстап, жүзуіне көмектескенімен, өзі өзеннің түбіне кетті. Әріптестері қанша тырысса да, оны құтқарудың мүмкіндігі болмады. Оның жансыз денесі үш сағаттан кейін бір-ақ табылды.

Ішкі істер саласында бес жыл қызмет атқарған Шалқар Ақымғалиев 25 жасқа  қараған шағында өзгенің өмірі үшін өз өмірін қиды. Ерлікпен қаза тапқан Шалқар Көшкінбайұлының отбасына Президент Жарлығымен III дәрежелі «Айбын» ордені табысталды. Ал, Рүстембек Сүндетов ІІ дәрежелі «Айбын» орденін Президенттің өз қолынан алды.

Қызметін атқару кезінде қаскөйдің қолынан қаза тапқан тағы бір полицей – Дархан Базарбаев. Жантүршігерлік оқиға 2020 жылдың 19 қаңтарында болды. Жедел басқару орталығының «102» қызметіне Тобыл қаласының тұрғыны қоңырау шалып, отбасылық жанжал туындағанын хабарлайды. Араққа тойып алған отағасы отбасы мүшелерін пышақтап тастауға бекінеді. Пышақ алып шығу үшін үйіне кіргенде, туыстары оны сыртынан құлыптап тастайды. Оқиға орнына патрульдік полицейлер Дархан Базарбаев пен Амангелді Сыздықов 6 минутта жетеді. 28 жастағы үй иесін ұстау кезінде Дархан Базарбаев пышақ жарақатын алады. Дегенмен, тұтас отбасын ажалдан арашалап қалған тәртіп сақшысы өзінің жаралы екенін кейін біледі. Өкінішке қарай, дәрігерлер 25 жастағы сержанттың өміріне араша түсе алмады.

Қостанайлық Дархан Базарбаевтың артында анасы мен жары, төрт айлық ұлы қалды. ҚР Президентінің Жарлығымен Дархан Базарбаев қайтыс болғаннан кейін III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Оның есімі «Қостанай облысы жастарының Алтын кітабына» жазылды.

2021 жылы 20 қыркүйекте Алматы қаласының Алатау ауданындағы Ақбұлақ ықшам ауданында бес адамның атылғаны туралы сұмдық жаңалық тарады. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дейтіндей жаңалық.

Мәселенің мәнісіне келсек, сот шешімін орындаушылар екі адамның меншік құқығына қатысты дауға байланысты күдіктінің үйіне келген. Сот шешімін естіген 54 жастағы азамат үйінен қару алып шығып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырды. Қанды қырғынның салдарынан жазықсыз бес адам көз жұмады. Олардың ішінде полиция майоры Дархан Сүлеев пен полиция капитаны Нұрбол Байғазиев бар. Біріншісінің артында әйелі мен бес баласы, екіншісінің артында әйелі мен екі баласы қалды.

Әрине, бейбіт заман батырларының барлығын жазуға газет беті көтермейді. Міндетін орындау барысында қаза тапқан құқық қорғау органының 815 қызметкері туралы том-том кітап жазуға болады. Фильмнің сюжетіне арқау болар бұл оқиғалардың артында жүздеген аман қалған ғұмыр ғана емес, сондай-ақ баласыз, бауырсыз, күйеусіз, әкесіз қалған жүздеген отбасының тәлкекті тағдыры тұр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Батырлық – атойлап атқа мініп, жауға шабу емес. Бейбіт күнде ерліктің білекте емес, жүректе екенін өмірде орын алған оқыс оқиғаларда қара басын қатерге тігіп, адамды ажал аузынан арашалап қалған батырлар дәлелдеп жүр. Ал, бейбіт күннің батырларын дәріптеу, өскелең ұрпаққа үлгі ету – баршамыздың парызымыз.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here