Ирак алкогольді ішімдікке тыйым салған оныншы ел атанды

0
488

Таяу Шығыста орналасқан Ирак билігі алкогольді ішімдіктерді өндіруге, елге әкелуге және сатуға ресми түрде тыйым салды. Бұл туралы Дубайда жарық көретін «Arabian Business» апталық іскерлік журналы жазды.

44 млн халқының 95 пайызын мұсылмандар құрайтын елдің Әділет министрлігі алкогольді сусындарды сатуға, әкелуге және өндіруге тыйым салатын муниципалды импорт заңын жариялады.  20 ақпан күні күшіне енген бұл заңды бұзғандар 10 млн динардан (3 млн теңге) 25 млн динарға дейін (7,6 млн теңге) айыппұл арқалайды.

Бүгінде алкогольді ішімдік шығаратын компаниялар Бағдад, Мосул және Күрдістан аймақтарында жұмыс істейді. Мұсылман елінен шығатын алкогольді ішімдіктер негізінен Сирияның солтүстік-шығысындағы күрдтер тұратын өңірлерде сатылады.

Бір айта кетерлігі, Иракты Саддам Хусейн басқарған тұста мұсылмандарға алкогольді ішімдік сатуға тыйым салынды, ал өзге дін өкілдері оларды арнайы лицензиямен сатып келді. Содан Ирактағы ішімдік сататын дүкендердің көбі христиандар мен езидтерге (Жоғарғы Месопотамиядағы күрдтердің этноконфессиялық тобы) тиесілі болды. енді заң аясында олардың жұмысына да тосқауыл қойылды.

Айта кетейік, бүгінде әлемнің 9 елінде (Ауғанстан, Бруней, Джибути, Кувейт, Ливия, Мавритания, Сауд Арабия, Сомали, Ирак) алкогольді ішімдікті қолдануға заңмен тыйым салынса, 8 елде (Бангладеш, Иран, Катар, Малайзия, Мальдив, Марокко, Пәкістан, Судан) мұсылмандарға ғана мүлдем ішуге болмайды. Бұл қатарға Йеменді де қосуға болады. Себебі, алкогольді ішімдік Аден қаласында ғана рұқсат етілген. Ал, Біріккен Араб Әмірлігінің Шарджа әмірлігінде, Нигерияның Борно штатында алкогольді ішімдікке жол берілмейді. Үндістанның Гуджарат, Бихар, Нагаленд, Мизорам штаттарында алкогольді ішімдікті шектейтін заң бар.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here