«Москвич» эволюциясы: Ескі көліктің жаңа үлгісі

0
1785

Осыдан тура бір жыл бұрын Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен кейін «Үлкен жетілік» (G7) пен Еуропалық Одақ елдері Мәскеуді санкция астында қалдырды. Ресейлік нарықтан әлемдік алпауыт компаниялар кетті. Санкция салқыны «Renault» компаниясына да тиді. Француз автоконцерні өзінің «Renault Russia» зауытын Мәскеу үкіметіне беруге мәжбүр болды. Зауыттың атауы «Москвич» болып өзгертілді. Сол атауы өзгерген зауыттан былтыр 20 жылдық үзілістен кейін «JAC JS4» қытай көлігінің нұсқасына ұқсас «Москвич 3» кроссовері шықты. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін «Москвичтің» тарихын еске түсіреді.

«JAC JS4» қытай көлігінің үлгісіне ұқсас жасалған «Москвич 3» көлігінің құны 1,97 млн рубльден немесе 11,63 млн теңгеден басталады

1929 жылы КСРО АҚШ-тың «Ford» компаниясымен Мәскеуде көлік зауытын салу туралы келісімге қол қойды. 1930 жылдан 1934 жылға дейін Коммунистік интернационал жастар (КИМ) атындағы мемлекеттік көлік зауыты «Ford» маркалы жеңіл және жүк көліктерін құрастырды. Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан 1940 жылы «КИМ 10-50» көліктерін шығара бастады. Бұл КСРО-ның өзі құрастырған алғашқы көлік саналғанымен, «Ford Prefect» көлігінің көшірмесі болғаны рас.

Соғыс аяқталғаннан кейін КСРО Министрлер Кеңесі қаулысымен «Москвич» атты жеңіл көлік шығаратын зауыт салынды. 1946 жылы зауыт «Opel Kadett K38» нұсқасымен жасалған «Москвич 400» жеңіл көлігін таныстырды. Арада 8 жыл өткен соң оның «Москвич 401» жаңа нұсқасы конвейерден шықты. Бірақ, ол реттелетін алдыңғы орындығымен, артқы жағының кеңдігімен ерекшеленсе де, бастапқы шетелдік нұсқадан еш айырмашылығы болмады. Дегенмен, көлікке сұраныс көп болғандықтан, жаңа зауыт кеңестік технология бойынша көлік құрастыруды қолға алды. Нұсқа жаңартыла берді. Содан 1955 жылы кеңестік кәсіпорынның жемісі – «Москвич 402» көлігі пайда болды.

1964 жылы зауыттың жаңа кезеңі басталды. Сол тұста жанға жайлы саналған «Москвич 408», содан кейін «Москвич 412» конвейерден шықты. Сексенінші жылдарға дейін «Москвич 412» көлігі ондаған модификация мен корпуста ұсынылды. 1986 жылы «Москвич 2141» жаңа хэтчбегі сатылымға түсті. Оны «Москвичтің» соңғы моделі десе де болады. Оның негізінде кейінірек «Святогор» мен «Иван Калита» шықты. Басында Коммунистік интернационал жастар (КИМ) атындағы мемлекеттік көлік зауыты, кейін Лениндік комсомол атындағы көлік зауыты (АЗЛК) аталған кәсіпорын 2002 жылы банкротқа ұшырап, өндірісті тоқтатты. 2007 жылы «Москвичтің» де «ғұмыры үзілді».

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here