Келешек қамы: Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары өңірлерде ашылады

0
4095
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында негізі 1821 жылы Эдинбург қаласында қаланған Ұлыбританияның тұңғыш техникалық жоғары оқу орны – Heriot-Watt университетінің филиалы ашылады

Бір жыл бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін елімізде кем дегенде бес беделді шетел университетінің филиалын ашуға тапсырма берді. Президент тапсырмасының былтыр күзде орындала бастағанын көз көріп, құлақ естіді. Барыс жылы елімізде атағы алысқа жайылған шетелдік жоғары оқу орындарының үш филиалы құрылды. Биыл тағы алты ЖОО бөлімшесінің тұсауы кесіледі. Бір атап өтерлігі, солардың басым бөлігі өңірлерде ашылады. Бұл өңірлік жоғары оқу орындарының тамырына қан жүгіртіп, бұған дейін кетеуі кеткен білім саласының қайта түлеуіне мүмкіндік береді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Президент тапсырмасының қалай орындалып жатқанына тоқталады.

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында былтыр құрылған 138 жылдық тарихы бар Аризона университетінің филиалы 170-тей қызылжарлық студентті қабылдады

ЕНДІ САПАЛЫ
БІЛІМ АЛУ
ҮШІН АЛЫСТАҒЫ
АРИЗОНАҒА
БАРУДЫҢ ҚАЖЕТІ
БОЛМАЙДЫ

Әлемнің үздік жоғары оқу орындарының түрлі рейтингінде алғашқы жүздіктен көрініп жүрген Аризона университетінің іргетасы 1885 жылы АҚШ-тың Тусон қаласында қаланды. 138 жылдық тарихы бар өнегелі білім ордасында бүгінде 3,5 мың профессор-оқытушы 50 мыңға жуық студентке білім береді. Былтыр күзде Қызылжарда осы атынан ат үркетін Аризона университетінің филиалы ашылды. Бұл Президент тапсырмасының арқасында мүмкін болды. Енді талабы таудай жастарға сапалы білім алу үшін алыстағы Аризонаға барудың қажеті жоқ.

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында ашылған Аризона университетінің филиалы өткен жылы қыркүйек айында алғашқы студенттерді қабылдады. Қызылжарға еліміздің әр түкпірінен келген 170-тей студент биотехнология, инженерия, ақпараттық технология сияқты қазіргі заманға сай мамандықтар бойынша білім алып, әлемдік деңгейдегі білім мен ғылымды игереді. Олар АҚШ-та аккредиттелген білім беру бағдарламасымен ағылшын тілінде оқиды. Аризона университетінің оқытушылары да білім береді. Студенттерде соңғы курста АҚШ-қа арнайы барып, Аризона университетінің базасында бір семестр бойы білім алуға мүмкіндігі болады. Оқуды аяқтағаннан кейін студенттер Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университетінің дипломын алып шығады.

Президент еліміздің батысында шетелдік екі техникалық университеттің филиалдарын да ашуды тапсырған болатын. Былтыр ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын ішінара орындады. Айталық, мұнай астанасында Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті жанынан Иван Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы ашылды.

93 жылдық тарихы бар ресейлік университеттің де атақ-даңқы бір басынан асып-төгіліп жатыр. Ол – мұнай-газ саласына кадрлар дайындайтын посткеңестік кеңістіктегі тұңғыш әрі жетекші мамандандырылған жоғары оқу орны. Аталған университеттің филиалы күзде «Мұнай-газ технологиялары», «Мұнай-газ құбырлары мен мұнай-газ қоймаларын салу және пайдалану», «Мұнай мен газдың табиғи резервуарларын геологиялық модельдеу» мамандықтары бойынша 200-дей атыраулық студентті бакалавриатқа қабылдады. Оқу процесіне ресейлік профессор-оқытушылар тартылады.

Өткен жылы 12 қыркүйекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында «МИФИ» (Мәскеу инженерлік-физикалық институты) Ұлттық ядролық зерттеу университеті филиалының тұсауы кесілді.  Оның Алматыда ашылуы кездейсоқ емес. Себебі, оңтүстік астанада ҚР Энергетика министрлігінің Ядролық физика институты мен Ядролық медицина орталығы жұмыс істейді.

Былтыр 80 жылдығын атап өткен ресейлік жоғары оқу орнының бөлімшесінде қазақстандық студенттер заманауи технологиялар мен озық тәжірибені пайдалана отырып, ядролық және сабақтас мамандықтар бойынша жоғарғы білім алады. Бүгінде Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы 94 студентті екі білім беру бағдарламасы бойынша оқытуға кірісті. Оның ішінде бакалавриат бойынша 63 студент «Элементар бөлшектер физикасы» және «Космофизика» мамандықтарын алып шығады, ал 31 магистрант «Қорғалған жоғары өнімді есептеу жүйелері» мамандығын игереді. Әрине, алдағы уақытта мамандықтар саны артады. Атом саласы үшін кадрлар даярлауға басымдық беріледі. Соңғы курста студенттердің Мәскеуге барып, «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің ғылыми-зерттеу базасында білімін жалғастыруға мүмкіндігі болады.

Барыс жылы лентасы қиылған жетекші шетелдік үш университет филиалының екеуі өңірлерде ашылғаны қуантады. Бұл алдымен білім сапасы төмендеп кеткен өңірлік жоғары оқу орындарында сұранысқа ие мамандықтар санын арттырып, жоғары білім беру жүйесіне әлемдік стандарттар мен жаңа әдістемелерді енгізуге мүмкіндік береді. Бұл – бір. Екіншіден, көзі ашық, көкірегі ояу өңір жастарының Алматыға ағылмай-ақ, өзге елге сабылмай-ақ, әлемнің озық жоғары оқу орындарының білімін туған жерінде алуына жол ашады. Сөйтіп, өңір жастарының сыртқа ағылуын азайтады. Әйтпесе, 40-тан астам мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындары шоғырланған, яғни мамандықтың алуан түрі бар Алматы қаласы өңір жастарын өзіне магниттей тартып тұрады. Жалпы студенттердің 60 пайызы осы мегаполисте білім алады. Сондықтан шетел жоғары оқу орындарының филиалын өңірлерде ашуға басымдық беріліп отыр.

ЕКІ ҒАСЫР ТАРИХЫ БАР
ҰЛЫБРИТАНИЯ
УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БӨЛІМШЕСІ
АҚТӨБЕДЕ ҚҰРЫЛАДЫ

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жақын арада шетелдік жоғары оқу орындарының тағы алты филиалын ашуды жоспарлап отыр. Олардың барлығы да облыс орталықтарында ашылады.

Польшаның жер көлеміне жетеқабыл Ақтөбе облысының халық саны 1 млн адамға жақындады. Қазақстанның сол ең үлкен облысында төрт университет қана бар. Биыл солардың қатарына тағы бір университет қосылады. Нақтырақ айтқанда, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жанынан екі ғасыр тарихы бар Heriot-Watt (Хериот-Уотт) университетінің филиалы жергілікті студенттерді қабылдай бастайды.

Жақында министр Саясат Нұрбек Ұлыбританияға іссапары аясында Эдинбург қаласына арнайы барды. Онда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Heriot-Watt университеті және Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Соған байланысты алдағы оқу жылында Heriot-Watt университеті Ақтөбе өңірлік университетінің базасында  «Мұнай-газ ісі», «Энергетика», «Компьютерлік техника» мамандықтары бойынша қазақстандық студенттерді оқытады. Түлектер аталған екі университеттің дипломын алып шығады.

Бүгінде Біріккен Араб Әмірліктері мен Малайзияда филиалдары жұмыс істейтін, әлемнің 30 елінің жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған аталған Шотландия мемлекеттік зерттеу университетінің тарихы тереңде жатыр. 1821 жылы Эдинбург қаласында техникалық институты болып құрылды. Осылайша, Ұлыбританияның тұңғыш техникалық жоғары оқу орны ретінде тарихта қалды. Қазір онда 30 мыңдай студент білім алады. Оның энергетика, қолданбалы физика, микроэлектроника мамандықтары бойынша білім алған түлектеріне сұраныс жоғары. QS World University Rankings әлемдік рейтінгінде 281-орында тұр.

Қызылорда облысында екі университет пен бір институт жоғары білім береді. Осы үштіктің арасында былтыр 85 жылдығын атап өткен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің шоқтығы биік. Ал, «Болашақ» университеті мен «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты байырғы университетпен бәсекелесе алмайтыны түсінікті. Соңғысы 1,5 жыл бұрын бас лицензиясынан айырылды. 800 мыңнан астам халық тұратын өңірде кадр дайындаудың күрделі екенін осыдан-ақ байқауға болады. Енді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Қызылорда қаласында Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетіне қарасты Инженерлік мектебінің (SeoulTech) филиалын ашу арқылы осы олқылықтың орнын толтырмақ.

Жалпы, корейлердің Қызылорда жұртына көңілі алабөтен. Өйткені, осыдан 75 жыл бұрын Қиыр Шығыстан 100 мыңнан астам корей ұлты Қазақстанға күштеп жер аударылды. Олардың көбі Сыр елінен пана тапты. Кореяның ұлттық қаһарманы, генерал Хон Бом До 1943 жылы Қызылордада қайтыс болды. Ал, 2021 жылы Сеулдің өтініші бойынша оның сүйегі тарихи отанына қайтарылды. Былтыр күзде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне Оңтүстік Кореядан арнайы келген Хон Бом До қорының төрағасы У Вон Сик өңірдің байырғы жоғары оқу орнында Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университеті Инженерлік мектебінің филиалы ашылатынын мәлімдеді.

Расында, бұл сүйінші сұрайтындай-ақ жаңалық. Себебі, QS World University Rankings әлемдік рейтінгінде Оңтүстік Кореяның алты бірдей университеті үздік жүздікке енген.

Жоспар бойынша шетелдік үшінші университет филиалы еліміздің үшінші қаласында ашылады. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің базасында Гази университетінің филиалы құрылады. 2022 жылдың 25 қарашасында Шымкентте Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Гүлжан Сүгірбаева Гази университетінің ректоры Мусой Йылдыз және Анкара университетінің ректоры Наджет Унувармен академиялық ұтқырлық аясындағы өзара байланысты нығайту, ғылыми практикалық тәжірибе алмасу туралы меморандумға қол қойды.

Гази университеті – Түркияның жетекші жоғары оқу орны. 1926 жылы Анкара қаласында негізі қаланған. Бастапқыда болашақ мұғалімдерді ғана дайындаса, қазір бірнеше заманауи мамандықтармен толыққан. Қазір онда 70 мыңға жуық студент білім алады.

ҚАЗАҚТАР ЖАПҚАН,
ӨЗБЕКТЕР САҚТАП
ҚАЛҒАН ИНСТИТУТ БӨЛІМШЕСІ
ТАРАЗДА АШЫЛАДЫ

Кеңес Одағы тұсында Таразда Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институты жұмыс істеді. Ол су шаруашылығы мен гидротехникалық құрылыстарды салу үшін кадрлар дайындайтын КСРО-дағы төрт институттың бірі болды. Қызылорда қаласында оның филиалы аталған саланың болашақ мамандарын дайындады. Өкінішке қарай, азаттық алған тоқсаныншы жылдардың тоқырауында институт өзінің жұмысын тоқтатты. Қазір соның салдары сөзсіз сезіледі. Су шаруашылығы саласында білікті мамандар жетіспейді. Ал, Кеңес Одағы келмеске кеткеннен кейін біз оңтайландыру желеуімен аталған жоғары оқу орнын жапқанда, өзбектер осы саланың болашақ мамандарын дайындайтын институтты сақтап қалды. Ташкент суару және ауыл шаруашылығын механикаландыру институты – посткеңестік кеңістікте су шаруашылығы саласының мамандарын тиісті деңгейде оқытатын бірден-бір жоғары оқу орны. Биыл жүз жылдығын тойлайтын институт барлық бұрынғы мамандықтарды сақтап қана қоймай, заманауи талаптарды ескере отырып, жаңа білім беру бағдарламаларын қосты. Енді Ташкент суару және ауыл шаруашылығын механикаландыру институтының филиалы Тараз төрінде ашылады.

Ақтаудағы Шаһмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің базасында Германия ЖОО консорциумының қатысуымен филиал ашу жоспарланып отыр. Бұл идеяның артықшылығы – таза отын энергетикасы мамандарын дайындауға басымдық беріледі. Болашақта осы мамандарға сұраныс артады. Өйткені, Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттігі (IRENA) 2050 жылға қарай жасыл сутегі әлемдік энергия ресурстарына қажеттіліктің 12 пайызын өтейтінін болжайды. Оның үстіне мұнай, газ, көмірдің экологияға кері әсері өз алдына, ерте ме, кеш пе, әйтеуір олар түгесіледі. Адамзат түбі бұл мәселемен бетпе-бет келеді. Сондықтан болашағын ойлаған елдер қазірден бастап жаңартылмалы энергия көздеріне бет бұрды. Демек, болашақ қамы үшін Қазақстан да бұл игілікті істен қалыс қалмауға міндетті. Осы тұрғыдан алып қарағанда, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің аталған саланың мамандарын дайындауға көңіл бөлгені қуантады.

Бір жыл бұрын құрылған Ұлытау облысының орталығы Жезқазғанда Канаданың жетекші техникалық университеттерінің бірінің филиалын ашу туралы шешім қабылданды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әрине, кешегі Мағжан ақын ізімен жастарға сенім артқан жөн. Алайда, «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын» деген ұлт ұстазы Ахаңның сөзін қаперге алмауға болмайды. Сондықтан мемлекеттің шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын өңірлерде ашуға басымдық беруін келешек қамы үшін жасалған батыл қадам ретінде бағалауға болады.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here