Абай университетінде профессор Но Квансудың қатысуымен семинар өтті

0
1130

18 сәуір күні Абай университетінде KAIST (Корея ғылым және озық технологиялар институты) профессоры Но Квангсумен семинар өтті. Шараға университет ректоры Дархан Біләлов, университет оқытушылары мен студенттері қатысты. 

Профессор Но Квансу – STEM және робототехника саласындағы әлемге әйгілі сарапшы, KAIST инженерлік бағдарламаларының авторы. Ол қызмет атқаратын Корея ғылым және озық технологиялар институты QS World University Rankings-2023 әлемдік рейтингінде 42-ші орында. KAIST Samsung, Naro ғарыш орталығы және кореялық технология алпауыттары үшін мамандар даярлайды, ғылыми зерттеулер жүргізеді. Ал, корей маманының Абай университетіне сапарының мақсаты – IoT (Internet of Things) жүйелері бойынша қазақстандық ғалымдармен бірлескен зерттеулердің ауқымын анықтау.

Алғашқы болып сөз алған Дархан Біләлов іс-шараның маңыздылығын айта келе, дамыған елдердің экономикалық өрлеуінің негізі – технологиялық даму екеніне тоқталды.

«АҚШ, Оңтүстік Корея және Жапония сияқты мемлекеттердің тәжірибесін пайдалана отырып, Қазақстан өзінің технологиялық дамуында дәйекті қадамдар жасауда. Дегенмен, бірінші кезектегі мәселе осы салалардағы мамандардың айтарлықтай тапшылығы болып отыр. Сондықтан біз робототехника саласына және оқу үдерісіне STEM жүйесін енгізуге үлкен көңіл бөлуге тырысамыз», – деді ректор.    

Но Квансу KAIST-тің жасанды интеллект, робототехника және киберқауіпсіздік саласындағы соңғы жаңалықтары туралы айтты. Ол бағдарламалау және жасанды интеллектті дамыту бойынша тәжірибелік семинарлар өткізді, қатысушылар жаңа дағдылар мен білім алуға мүмкіндік алды.

Еліміздегі мектептерде робототехника мен STEM-ді оқытуда үш негізгі мәселе тұрғаны атап өтілді: сапалы оқу бағдарламасының жоқтығы; сапалы оқу бағдарламасын жеткізетін мұғалімдердің жетіспеушілігі; оқу материалдарының қымбаттығы мен қолжетімсіздігі. Бұл workshop (ерекше тәсілді қажет ететін оқытудың жаңа түрі) студенттер мен оқытушылар үшін өте пайдалы болды.

Дархан Біләлов профессор Но Квансуға, ұйымдастырушылар «Elite Education Group Kazakhstan» бас менеджері Джон Кимге, «Elite Education Group Kazakhstan» ЖШС директоры Талғат Игісіновке, Абай университетінің KazDual обсерваториясына алғысын білдіріп, мұндай шаралар университеттің және студенттердің ғылыми әлеуетін дамытуға зор ықпал ететіндігін атап өтті.

Іс-шараға қатысушылар workshop туралы оң пікірлерін білдірді және оның болашақ ғылыми және кәсіби маңыздылығын атап өтті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here