Сенаторлар Алматы қаласында өткен көшпелі отырысқа қатысты

0
503

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Қаржылық мониторингі агенттігімен бірлесе отырып Алматы қаласында көшпелі отырыс өткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау жөніндегі Қаржылық мониторингі агенттігінің қызметі талқылаудың негізгі тақырыбы болды.

Сенат комитетінің төрағасы Андрей Лукин Президенттің Жарлығын іске асыру мақсатында Парламент депутаттары әзірлеген 5 заң жобасы Мәжілістің қарауына енгізілгенін атап өтті.

«Заң жобаларының мақсаты Қазақстан аумағында да, одан тыс жерлерде де заңсыз сатып алынған активтерді қайтару үшін заңнамалық қағидаларды айқындау, сондай-ақ оларды заңсыз сатып алуға және шығаруға ықпал еткен жағдайларды жою болып табылады. Біздің алдымызда заң шығару ісінде ауқымды міндет тұр. Бұл іске баршаңызды белсенді қатысуға шақырамын. Біз Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді шешуге арналған сапалы құжаттарды қабылдауды көздеп отырмыз», – деді Андрей Лукин.

Парламентшілер сапар барысында мәслихат депутаттарымен және Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлерімен де кездесті. Сенатор Андрей Лукин Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және конституциялық реформаларды заңнамалық қамтамасыз етуге қатысты Сенат атқарып жатқан жұмыстар туралы кездесуге қатысушыларға айтып берді.

Жүздесуге қатысушылар сонымен қатар құқық қорғау органдарын одан әрі реформалауға байланысты мәселелерді де көтерді. Сенатор Мұрат Қадырбек қазір Парламентте бірқатар маңызды заңдар қаралып жатқанын, олардың бірі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екенін айтты.

Депутат А.Лукин көшпелі отырысты қорытындылай келіп, жергілікті атқарушы органдардың белгіленген реформаларды іске асырудағы рөлі маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ Сенат бірлескен жұмысқа және Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған ұсыныстар үшін ашық екені айтылды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here