Сенат Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылау жөнінде кеңейтілген отырыс өткізді.
Сенаторларға өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысы оң үрдісте көрініс тапқаны айтылды. 2022 жылы ЖІӨ өсімі 3,2%-ды құрады, бұл мақұлданған болжамнан 1,1%-ға жоғары болып отыр.
Сонымен қатар бюджет түсімдері 102,1%-ға орындалды және 16 трлн 142 млрд теңгені құрады. Шығыстар 18 трлн 532 млрд теңгеге немесе 98,6%-ға орындалды.
Жоғары аудиторлық палатаның өкілі Юлия Энгель республикалық бюджетті атқару кезінде орталық мемлекеттік органдардың бюджеттік жоспары стратегиялық жоспарлаудан басым болғанын, жоспарлау сапасының төмендігін және орындалған көрсеткіштердің нәтижені басқаруға көшуге кедергі келтіретін фактілерге жол бергенін атап өтті.
Сенаторлар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарау қорытындысы жөніндегі есепті Палатаның қарауына енгізу туралы шешім қабылдады.