«Жасыл экономикаға» бет алған шеткейдегі өңір

0
1122
Шығыс Қазақстан облысында соңғы он жылда қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шаралардың нәтижесінде атмосфералық ауаға шығарындылар 13 пайызға қысқарған

Осыдан бір жыл бұрын Абай облысы еншісін алып шыққан Шығыс Қазақстан облысында соңғы он жылда қоршаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шаралардың нәтижесінде атмосфералық ауаға шығарындылар 13 пайызға қысқарып, жылына 19,1 мың тоннаға төмендеген. Облыс орталығы Өскеменде бұл көрсеткіш 10 жыл бұрынғыға қарағанда 7,8 мың тоннаға азайған. Осындай жағымды жаңалықты жеткізген Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Еламан Мұхтарханов шығыстағы «жасыл экономиканы» дамыту бағдарламасының кезеңдері қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы баяндады.

Экология департаменті мамандарының 2004-2021 жылдар аралығында облыс орталығындағы ауаның ластану деңгейіне жүргізген талдауы бойынша жоғары көрсеткіш байқалған. Өскеменде атмосфералық ауаның ластануының басты себебі – күкірт диоксиді, азот диоксиді және шекті рұқсат етілген концентрациялардың шамадан тыс асып кетуі. Зиянды заттардың жалпы шығарындысы 370 мыңнан астам тұрғыны бар қала бойынша жылына 164 мың тоннадан асады.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Өскеменде көліктерден шығарылатын зиянды заттар жылына шамамен 90 мың тоннаны немесе 56,7%-ды құрайды. Ал, кәсіпорындардан жылына – 54,5 мың тонна (34,3%), оның ішінде қазандықтардан – 5,69 мың тонна (0,2%), тұрмыстық пештерден – 14,1 мың тонна (8,8%) зиянды заттар шығады.

«Таяуда өткен «Біздің аспан» өңіраралық экологиялық форумы бизнес, министрліктер мен жергілікті атқарушы билік өкілдерінің, сондай-ақ экология саласындағы сарапшылар мен қоғам белсенділерінің басын қосты. Олар атмосфералық ауаның құрамы, газдандыру туралы өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, өнеркәсіптің дамуын бәсеңдетпей, табиғатты сақтай алатын жаңа «жасыл» технологияларды қолдану мүмкіндіктерін де қарастырды», – деп нақтылады басқарма басшысының орынбасары.

Еламан Әнуарбекұлының айтуынша, форумда атмосфераға зиянды шығарындылар көлемін азайтуға байланысты түрлі аймақтар мен елдерде сәтті жүргізілген бірқатар экологиялық тәжірибелер ұсынылған.

Расында, Қазақстанның шығысында орналасқан өңірде экологияның жағдайы мәз емес. Өйткені, тура облыс орталығында түсті металлургияның ірі кәсіпорындары көп шоғырланған, оған көптеген автокөлікті қосыңыз. Дегенмен, Еламан Мұхтарханов Өскемендегі атмосфералық ауа үнемі бақылауда екеніне сендіреді. Тұрақты мониторинг үшін қалада түрлі жерде орнатылған 15 бекет жұмыс істейді. Оның 10-ы атмосфералық ауаны әр 20 минут сайын өлшейді. Осылайша, олар күніне 720 рет жаңа деректерді көрсетеді. «Қазгидрометтің» қалған бес стационарлық бекетінде бір тәулік ішінде 20 өлшеу жүргізіледі.

Экологиялық мониторингтің барлық жедел деректері жалпыға қолжетімді. Оны мобильді қосымшадан немесе «Қазгидромет» сайтындағы интерактивті картадан көруге болады.

«Күн тәртібіндегі мәселе – облыс орталығында да, өзге де ірі өнеркәсіп кәсіпорындары орналасқан аудандар мен қалаларда ауаның ластану мәселелерін шешу. Өскеменде «Қазцинк» ЖШС мен «Өскемен ЖЭО» ЖШС ауаға шығарылатын зиянды заттардың көлемін азайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Мәселен, «Қазцинк» ЖШС өзінің экологиялық бағдарламасын жүзеге асыру үстінде, соның нәтижесінде соңғы 15 жылда атмосфералық ауаға шығарындылар 67%-ға – жылына 78 мың тоннадан 25,5 мың тоннаға дейін азайған. 2025 жылға дейін түсті металдарды өңдеуге жаңа технологиялар енгізілгеннен кейін қоршаған ортаға әсердің төмендеуі тағы 20%-ды құрауы тиіс. Компания қолданыстағы күкірт диоксидін кәдеге жарату қондырғыларын қосымша тазарту сатысымен жабдықтауды көздейтін атмосфераға шығарындыларды азайту стратегиясын әзірледі. Енді Өскемен жылу электр орталығына келсек, өңірде «жасыл экономикаға» көшу үшін алдымен ЖЭО-ға екінші буындағы эмульгаторларды алмастыратын заманауи күлтұтқыш құрылғыларды енгізу қажет», – деп түсіндірді Еламан Мұхтарханов.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, азот диоксиді шығарындыларын азайту мақсатында жылумен жабдықтау ұйымы қазандық қондырғысын жаңарту жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ал, соңғы бес жылда облыстың ірі өнеркәсіп кәсіпорындары қоршаған ортаны қорғау шараларына 39 млрд теңгеден астам инвестиция құйған.

«Шығыс Қазақстан облысында атмосфералық ауаның жай-күйінен басқа да мәселелер бар. Мысалы, Өскемен қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар бағдарламалық құжаттар қарастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021-2025 жылдар аралығында елді мекендерді көгалдандырудың өңірлік бағдарламасы және ормандарды молықтыру мен орман өсіру көлемін ұлғайту бойынша кешенді жоспар арқылы жұмыс жүргізіліп жатыр. Президент 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылға дейін еліміздің қалалары мен ауылдарына 15 млн ағаш отырғызуды тапсырған болатын. Шығыс Қазақстан облысында осы кезеңде 476 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Бүгінде бұл  жоспар 78%-ға орындалды: ШҚО қалалары мен елді мекендерінде 2021 жылдан бастап түрлі ағаштың 227 мың көшеті отырғызылды, оның ішінде Өскеменнің өзінде 27 мыңнан астам көшет егілді. 2023 жылы тағы 182 мың ағаш отырғызу жоспарланған, оның 15 мыңы облыс орталығына егіледі», – деді Еламан Әнуарбекұлы.

Осы жылдың өзінде Өскемен қаласын дамытудың дендрологиялық жоспарын әзірлеуге қаражат бөлінген. Ол қоршаған ортаны ластағаны үшін экологиялық жағдайға теріс әсер ететін өңірдің барлық кәсіпорындары жүзеге асыратын эмиссиялық төлемдер есебінен жүргізілмек.

Республикадағы орман аймағын кеңейтуге келсек, Президент Қазақстанның орман қорын толықтыру мақсатында 2025 жылға дейін 2 млрд түрлі ағаш көшеттерін отырғызуды тапсырды. Осы бағдарлама бойынша Шығыс Қазақстанда 15 мың гектар алқапқа 76 млн-нан астам көшет отырғызылады. Оған қоса, 2023 жылда 1 539 гектар алқапқа 7,8 млн көшет отырғызу жоспарланған.

Еске сала кетейік, 2020-2024 жылдарға арналған ШҚО-да қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері әзірленген. Көздеген мақсатқа қол жеткізу үшін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі экологиялық жағдайды жақсартудың кешенді жоспарын бекітті. Соған байланысты 1 санаттағы кәсіпорындар қоршаған ортаны қорғау бойынша жүргізілетін іс-шараларға 29 млрд теңге бөледі. Бұл мемлекеттік бағдарламалар бірінші кезекте өңірдің негізгі экологиялық проблемаларын – атмосфералық ауаның ластануын, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуді және қоқыс үйінділерін жоюды, сондай-ақ кәріз-тазарту құрылыстарын жетілдіруді, Өскемен автокөлігін газ отынына ауыстыруды, қаланың көлік схемасын оңтайландыруды шешуі тиіс. Сондай-ақ, бағдарламада 2030 жылға дейін ауадағы күл мен күкірттің құрамын одан әрі төмендету үшін қаланың жеке секторының тұрғын үй-жайларын газбен жылытуға кезең-кезеңімен көшіру көзделген.

Жоспарланған негізгі іс-шаралардың қатарында облыстың жылу-энергетикалық кешеніне «Термококс» технологияларын енгізу, 25 мың жеке сектор үйін орталық жылуға қосу, 200 автобусты газ отынына ауыстыру да бар.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Шығыс Қазақстан облысы – еліміздің ірі өнеркәсіптік өңірінің бірі. 730 мың халқы бар шекарадағы өңірде белгіленген мөлшерден артық қалдықтарды шығарып, қоршаған ортаға залал келтіретін кәсіпорындар мен өндіріс ошақтары көп. Әрине, бұған қол қусырып қарап отырған ешкім жоқ. Мысалы, жоғарыда белгілі болғандай, әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін ірі кәсіпорындар соңғы бес жылда аймақтағы қоршаған ортаны қорғау шараларына 39 млрд теңгеден астам қаржы бағыттаған. Соның нәтижесінде соңғы он жылда атмосфералық ауаға шығарындылар 13 пайызға қысқарған екен.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here