Ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыратын цифрлы технологиялар

0
1952

Тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде Қазақстан ірі астық және ет өндіруші ел ретінде танылғаны белгілі. Тәуелсіздіктен кейін елдің агроөнеркәсіп кешенінде бірқатар өзгерістер болды. Нарықтық қатынастарда өндіріс қарқыны өсіп, еңбек өнімділігі артты. Ауыл шаруашылығы саласының инфрақұрылымын қалпына келтіру ісі қолға алынды. Соңғы кездері жаһандық үдерістен кейін қалмай, агроөнеркәсіп кешенін толық цифрлық форматқа көшіру жұмыстары басталды. Жалпы мал басы мен құстарды электронды санау, егістіктер мен жайылымдардың, ауыл шаруашылығында суармалы және пайдаланылмайтын жерлердің дерекқорын жасау, субсидиялар төлеуге өтінімдерді қабылдау – бұл ауыл шаруашылығы саласын басқару процесіне цифрландыру енгізілген сәттен бастап отандық агроөнеркәсіп кешенінде болған өзгерістердің толық тізімі емес. Болашақта бұл үдеріс жалғаса береді. Осылайша, 2023 жылдан бастап субсидиялардың барлық түрлері бойынша өтінімдерді қабылдаудың жаңа порталы – gosagro.kz өз жұмысын бастады.

«Agrostream» – тиімділікті арттыру тұрғысынан компанияның басқару жүйесін жоспарлауға, модельдеуге, талдауға және анықтауға мүмкіндік беретін кешенді ақпараттық жүйе

ОТАНДЫҚ
АГРОӨНЕРКӘСІП
КЕШЕНІН
ЦИФРЛАНДЫРУ НЕГЕ КЕРЕК?

Ауыл шаруашылығындағы цифрлы технологиялар тәуекелдерді азайтуға, адами фактордың орнын басуға, шығындарды кемітуге және дақылдардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, өнімді өндіру шығындарын азайту, ресурстарды тиімді пайдалану негізінде оның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру цифрландырудың басты міндеті.

Цифрландыру технологиялары есебінен ауыл шаруашылығы кәсіпорнын басқару тиімділігін арттыру нарықта бәсекеге қабілеттілікті сақтауға ықпал етеді. Цифрландырусыз жұмыс істеу, бір сөзбен айтқанда, әлемдік бәсекелестікте ұтылу болмақ. Қазіргі таңда агроөнеркәсіпте дұрыс басқару шешімдерін қабылдау үшін ең әуелі спутниктік суреттер, жоғары технологиялық датчиктер, GPS жүйелері сияқты технологияларды жинауға мүмкіндік беретін ақпарат, мәліметтер қажет.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері ондағы мамандар тәжірибелік учаскелерде жаңа технологиялар мен техниканы пайдалана отырып, егістік алқаптар 2,5 есе көп өнім алуға мүмкіндік бергенін айтады. Бұл ретте шаруалардың шығыны 20 пайыздан аса қысқартылған, әзірге бұл эксперименттер тәжірибелік алаңдарда жүргізілуде, бірақ алғашқы нәтижелер қазірдің өзінде бар. Олардың айтуынша, біздегі тауар өндірушілер цифрландыруды одан әрі ілгерілетуге мүдделі.

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) зерттеулеріне сенсек, жыл сайынғы астық шығыны жалпы өндірістің 30%-ын құрайды. Орташа алғанда бұл көрсеткіш әлемде 10%-ға, ал ТМД елдерінде (Қазақстанды қоса алғанда) 25%-ға дейін жетеді.

Шығындардың негізгі себептері өндірістік процестердің жетілмегендігі, автоматтандырудың төмен деңгейі және ақпараттың жетіспеушілігі. Бұл кемшіліктер мынадан көрінеді:

  • жұмыстың технологиялық мерзімдерін сақтамау: ақпараттың жетіспеушілігі, жұмыстарды уақытында жүргізу үшін ресурстардың тапшылығы, агрономия қателіктері;
  • жұмыстарды орындау технологиясын сақтамау: жылдамдықты арттыру, агрегаттарды дұрыс реттемеу, ауыл шаруашылығы техникасының жұмысын жеткіліксіз бақылау;
  • тасымалдау кезіндегі шығындар: ұрлау, жүргізушілер мен тоқ жұмысшыларының айла-амалдары;
  • агротехнологиялық жұмыстардың сапасыз немесе толық орындалмауы.

«McKinsey & Company» талдау орталығының бағалауы бойынша, әлемдегі барлық тамақ өнімдерінің 1/3 бөлігі (жылына 940 млрд долларға дейін) жоғалады немесе қалдықтарға кетеді екен. Ал, цифрландыру ғана бұл шығындарды азайтуға жол ашады.

Аграрлық секторы дамыған елдердің әлемдік тәжірибесі көрсеткендей, IT технологияларды өндіріске енгізу жабдықтардан, сенсорлардан, дрондардан, спутниктерден және басқа да сыртқы қолданбалардан алынған деректер массивтерін біріктіретін инновациялық бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалану арқылы жоспардан тыс шығындарды 20%-ға дейін немесе одан да аз мөлшерде азайтуға мүмкіндік береді. Жаңа технологиялар өнімді ілгерілетудің барлық жолын далалы аймақтан тұтынушыға дейін бақылауға жағдай жасайды әрі бұл оның сапасына кепілдік беріп, тұтынушылардың қажеттіліктерін де өтейді.

Мұндай бағдарламаның мысалы ретінде Agrostream ақпараттық жүйесін айтуға болады. Ол Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал отандық өнім. Бұл жүйе деректерді тиімді түрде жинап талдайды әрі оны басқару шешімін қабылдаушыларға ыңғайлы түрде ұсынады. Агроөндірушілерді қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету шығындарды кемітуге және білікті жұмыс күшіндегі тапшылықты азайтуға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер аз ресурстармен көбірек азық-түлік өндіруі керек, сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясында айтарлықтай серпіліс қажет.

Цифрландыру бәсекеге қабілеттілік пен еңбек өнімділігін арттырады, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және салаға инвестиция тартады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сенсек, 2025 жылға дейін ауыл шаруашылығы өндірісінің цикліне заттардың интернетін енгізудің экономикалық тиімділігі шамамен 40 млрд теңге болмақ.

ЦИФРЛАНДЫРУ
ЖҮЙЕСІ
ВЕТЕРИНАРИЯҒА ҚАЛАЙ
ӘСЕР ЕТЕДІ?

Цифрландыру жүйесі жануарларды вакцинациялау бойынша профилактикалық жұмыс процесін реттеуге де көмектеседі. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы Қазақстанда жануарлар мен құстарда болатын 22 ауруға қарсы 169,7 млн вакцина жеткізілген.

«Ветеринариялық дәрігерлер үшін күрделі мәселе барлық қажетті ветеринариялық шараларды уақытылы жүргізу болды. Олар шалғай елді мекендерге барып, журналға мәліметтерді енгізіп, қайтып оралған соң өз жұмыстарының нәтижелерін ХӨИ деректер базасына енгізуге мәжбүр болып, бұл көп уақытты алды», – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов.

Вице-министрдің айтуынша, мәселені шешу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен мал дәрігерлерінің жұмысы үшін арнайы мобильді құрылғыларға арналған қосымша әзірленген. Мобильді қосымша ақпаратты жинауды, беруді және талдауды автоматтандырады. Мұның бәрі мал дәрігерін үлкен қағазбастылықтан босатып, жануарлар мен құстарды тексеруге көбірек уақыт береді. Мобильді қосымша ең шалғай ауылдық округтер мен шалғай елді мекендерде де жұмыс істейді, өйткені ол міндетті интернет қосылымын қажет етпейді.

«Ветеринарлар шалғай елді мекендерге барып, өтініш арқылы малды тіркей алады. Оны мәліметтер базасында тексеріп, жүргізілген ветеринариялық шараларды көрсете алады», – деп нақтылады Бағлан Әбдәшімұлы.

Аталмыш бағдарлама өткен жылы Батыс Қазақстан облысында пилоттық режимде жұмыс істеп, ақпан айының соңында Түркістан облысында іске қосылды. Ветеринариялық қызметті цифрландыру кезең-кезеңімен бүкіл ел аумағына енгізіледі.

ТИІМСІЗ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ЖЕРДІ
АНЫҚТАУДА
АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ
КӨМЕГІ ҚАНДАЙ?

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовтың айтуынша, жыл басында жеке қосалқы шаруашылықтарда жайылымға жататын 5,7 млн бас ауыл шаруашылығы жануарлары болған. Жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің шекті рұқсат етілген нормативтері бойынша оларды жаю үшін қосымша 8,9 млн гектар жайылым қажет. Бұл көбінесе жеке қосалқы шаруашылықтардағы ауыл шаруашылығы жануарлары санының айтарлықтай артуына байланысты мүмкін болды. Мысалы, тек ірі қара мал бойынша 10 жылда мал басы 7,7%-ға артқан. Бұдан басқа, ұйымдасқан шаруашылықтарда 5,9 млн бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар, яғни жайылымдардың есептік резерві 30,4 млн гектарды құрауы мүмкін. Қазір жайылымдардың өткір тапшылығын елдің барлық өңірі де бастан кешуде.

«Жайылымдардың өткір тапшылығы кезінде елдің жер ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану мәселелері бірінші орында тұруы тиіс екені анық. Сондықтан пайдаланылмаған жерлерді мемлекеттің жер қорына қайтару мәселесі алда тұр», – дейді Бағлан Әбдәшімұлы.

Рас, жайылым тапшылығын жою мақсатында кезінде заңсыз иеленген жерлерді латифундистерден қайтару жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жерді тиімсіз пайдаланғандар да анықталып жатыр. Мәселен, 2022 жылы 5,35 млн гектар пайдаланылмаған және ауыл шаруашылығы жерлерін бұза отырып берілген жер қайтарылған. Бұрын жер пайдаланушылар пайдаланбаған тағы 2 млн гектар жер игеріліп, экономикалық айналымға енгізілді. Қайтарылған жер көлемі 2021 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 10 есе өскен. Бір ғана Шығыс Қазақстан облысында, ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, былтыр 100,6 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекет меншігіне өткен. «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ ақпаратынша, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша космомониторинг деректерінде 12,9 млн гектар пайдаланылмаған және 8,1 млн гектар ұтымсыз пайдаланылған ауыл шаруашылығы жерлері анықталды.

Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының 2023 жылдың соңына дейін пайдаланылмайтын қосымша 5 млн гектар жерге қатысты шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын орындауға кіріскен. Сонымен қатар, jerkarta.gharysh.kz мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы іске қосылмақ.

ҚР АШМ АӨК Мемлекеттік қызметтерді дамыту және цифрландыру департаментінің директоры Бернат Алпысбеков былтыр анықталған түрлі айла-шарғыларға байланысты «Егістер картасы» деп аталатын жер телімдерін цифрландыру бойынша бірқатар өзгерістер енгізілгенін айтады.

«Фермерлер өздерінің жер учаскелерін картада дербес анықтағандықтан, көбісі өз жерлерінің барлық көлемін, тіпті экономикалық қызметте пайдаланылмайтындарын да көрсетті. Бұл пестицидтерді, гербицидтерді, минералды тыңайтқыштарды және тұқымдарды шамадан тыс тұтынуға әкелді. Яғни, субсидиялаудың жоғары сомасына. Бұл – қылмыс», – деп мәселенің мәнісін айтты Бернат Қанатұлы.

Субсидияның айналасындағы құқық бұзушылықтарды анықтауға барлық ауыл шаруашылығы құрылымдарына қатысты жүзеге асырылатын космомониторинг көмектескен. Яғни, бұл зерттеулер дақылдардың көлемін, тұқымдарды, тыңайтқыштарды және пестицидтерді қажетті көлемде пайдалануды дәл анықтауға жол ашқан.

ЖАҢА
АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕ
СУБСИДИЯДАҒЫ
ОЛҚЫЛЫҚТАРДЫҢ ОРНЫН
ТОЛТЫРА МА?

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ақпан айының басында шаруалар үшін агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау бойынша барлық мемлекеттік қызметтер электронды форматта көрсетілетін Бірыңғай мемлекеттік субсидиялау ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл жүйенің бірқатар артықшылығы бар.

Біріншіден, мемлекеттік жүйе барлық пайдаланушыларға, атап айтқанда, шаруалар, ауыл шаруашылығы бөлімдері, қаржы институттары және т.б. үшін тегін. Олардың саны қазірдің өзінде 5 мыңнан асқан. Екіншіден, мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланғандықтан, қосымша сертификаттар сұраудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға мүмкіндік береді. Үшіншіден, бір мезгілде нормативтік құқықтық базаны жетілдіріп, уақытты қысқартатын өзгерістерді жүзеге асыруға болады.

Жүйенің функционалдығы қолданыстағы заңнама негізінде тиісті субсидияны адам факторынсыз да есептеуге мүмкіндік береді. Биыл электронды шот-фактураларды блоктау функционалдығы да енгізілді. Бұл субсидиялау саласындағы жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін жасалды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ауыл шаруашылығы саласы ел экономикасының жүрегі деуге де болады. Сондықтан агроөнеркәсіп кешенін дамыту ісін жүйелі түрде жүргізу арқылы мол табыстарға жетуге мүмкіндік туады. Ал, саланы заманға сай толық цифрландыруға көшіру ауыл шаруашылығындағы қордаланған түйткілді мәселелерді шешуге көмектеседі. Мемлекет тарапынан аталмыш салаға ерекше мән беріліп жатқаны рас. Биыл да пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Қайтарылған жерлер елді мекендерге жеке аулаларда өсірілетін мал үшін жайылым ретінде пайдалану мақсатында беріледі. Бүгінгі таңда бұл үшін шамамен 11 мың гектар қажет екен. Демек, қордаланған мәселелерді шешуде агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру ісінің маңызы арта бермек.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here