Жазықсыз жаза /деректі хикая/

0
1233

Ел басына дүрбелең заман туды. Әркімді де белгісіз бір қорқыныш билеп алған. Қашан келіп ұстайды? Кімді ұстайды? Не үшін ұстайды? Оны ешкім біліп жатқан жоқ. Әйтеуір ел құлағы елеңдеулі. «Ұсталды» деген сөз бұрындары айтылмаған сөз еді. Енді күнде айтылатын қатардағы сөздердің біріне айналды. Тіпті, қорқынышты-ақ! «Кеше анау Төкеңді ұстапты. Бүгін түнде мына жерде қатар тұратын көршіміз Мұсекеңді ұстап әкетіпті» деген сөздер күнде айтылатын адам шошынатын қайғылы жаңалыққа айналып кетті. Әрине, егер қолмен істелінген ісін басымен көтеретін қылмыс үстінде ұсталынса жөн басқа. Ал, бұл қылмыстың аты – «халық жауы». «Қайдағы халық жауы? Есігіне де құлып салмайтын бейғам отырған ел емес пе едік? Кім халық жауы? «Халық жауы» болатындай кім халыққа қарсы шығып ойран салыпты? Тып-тыныш отырған ел едік қой». Осыны ойлап халық ойран асыр. «Бұл қайдан пайда бола қалған зілзала? Не үшін мұның бәрі? Жаппай, кез келген адамды ұстап әкете беретін жұрттың бәрі қылмыскер – «халық жауы» болғаны ма? Әлде, «жазықсыздан жазықсыз шетінен ұстай бер де қамай бер» деген заң шықты ма екен? «Халық жауы» болып ұсталу бүкіл бір ауданды жайлап алды. Бұл өзі қалай болғаны сонда?» Қанша ойлап бас қатырсаң да, себебін таппассың…

Сонау жоғарыда осының бәрін көріп, біліп тұрған қуатты бір күш болса: «Ей, сорлы қазақ! Сенің сорың қашан ашылып еді?! Бұл – сендерді біртіндеп құртудың амалы ғой ойлап тапқан. «Халық жауы» деген үлкен қылмыс атауы орайына келіп тұр олардың. Себеп сол. Сен халық жауы бол, болма, бәрібір сен халық жауысың. Сөздің тоқетері – сен қылмыс жаса, жасама бәрібір сен қылмыскерсің, өйткені сен – халық жауысың» дер еді олар. Халыққа жазықсыздан жазықсыз жала жауып жапа шектіріп отырған нағыз халық жаулары өздері екенін ол кезде ешкім білмеді. Білсе де ешкім айта алмас еді. Міне, солай!

Айықпайтын аурудан ажал күткен науқастай күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды жұрт. «Халық жауының «аждаһасы» енді қай шаңыраққа келіп, түнде қайсымыздың есігімізді қағар екен» деп алаңдаумен күн кешуде көпшілік. Өйткені, олар түн жарымында жұрт көзіне көрінбей келіп, кез келген үйдің есігін қағатын. Түн ішінде есік қағылды ма? Күткен аждаһа келді дей бер.

Есік тарс ете қалды.

– Бізге де келді міне, – деді қорқыныштан тұла бойы қалтырап кеткен Бәден. Сықсима шамды іздеп әрең тапты. Қадыржан да тұрып, есік ашқалы бара жатыр еді.

– Жоқ, жоқ, сен барма, өзім ашам, әрі қарай тұрсаңшы, әрі қарай, – деп, оны бір қолымен қалқалай берді.

Дәл қазір кірісімен олар Қадыржанды осы тұрған күйінде бірден алып кететіндей көрінді. Есікте өші қалғандай дүрсілдетіп барады. Жыламсыраған әйел дірілдеген қолымен сықсиманы ұстап есікке беттеді. Есікте қай жөнді құлып бар дейсің, ілгекті ағытып жіберді. Даладан соққан суық желмен бірге суық қару асынған төртеу сау етіп кіріп келді. Есіктен соққан желден шам жалп етіп сөніп қалып еді.

– Әй, қатын, жақ шамды тездетіп. Күйеуің бізден ешқайда қашып құтыла алмайды, – деді сол ауданның милиционері Шада.

Бәден қараңғыда көре алмаса да, дауысынан танып тұр. «Кіре сала әкіреңдеп, айғайлап жатыр. Қараш ұялмай әкіреңдеуін! Төрімде отырып, талай дастарханымнан дәм татып еді. Енді нағыз дұшпаным болып шыға келуін». Ызадан булыға Бәденнің іші қайнап кетті.

Шамды жаққан Бәден Шадаға төніп келді:

– Әй, Шада, сенбісің? Неге сонша әкіреңдеп айғайлайсың? Ағаңды білмеуші ме едің, ешкімге еш жазығы жоқ адам екенін?!

– Жарайды, жарайды, сен қазір сөйлеме. Қазір жағдай басқаша.

Олар әйелді иықтарымен итермелеп, әй-шәй жоқ жоғары озды.

Дәрежесі үлкендеу бастығы болуы керек:

– Сен есікте тұр, – деп қатаң дауыспен бұйрық берді. Ол қолын шекесіне апарып есік алдына, босағаға қаққан қазықтай болып қақшиып тұра қалды. Екіншісіне қолымен нұсқап бұйырды. Ол бірден үйдің астаң-кестеңін шығарып тінте бастады.

– Сіз ұсталдыңыз! Тез киініңіз!

Әмірлі үнмен өктем айтылған бұл сөз үй-іші жандарына атылған оқтай қадалды. Айғай-шудан балалар шошып оянып жылай бастады. Оған жетпіс бестегі қария анасының дауыс салып жылаған зарлы үні қосылды. Үйдің іші у да шу, азан-қазан күй кешті. Балалардың жылағанына да, ананың зарлаған зарына да елең етер түрлері жоқ. Қайта осы көрініске айыздары қанғандай зәрлерін төге қимылдауда. Аядай екі бөлмелі қоржын үйдің астаң-кестеңі шығып жайрап қалды. Ас үйдегі кебежені аяқтарымен теуіп төңкеріп тастады. Ішіндегі жап-жаңа сырлыаяқтар шашылып түскен.

– Әһ, ә! Сен байдың қызысың ғой, ә? Мынау байлардың дүниесі ғой. Солай ма? – деп, ол онсыз да зәре-құты қалмай тұрған әйелді нұқып қалды.

Манадан бері қанша тінтсе де, тігерге қара таппай тұрған ол жерден жеті қоян тапқандай масаттанып кетті.

– Жаз мыналарды тізімге, – деп, айқай салды анадай жерде қағаз шұқылап отырған әріптесіне.

Жемтікке үймелеген қорқау қасқырлардың әбден тоят тапқанша ырылы басылар ма?! Ашкөзденіп қаһарына мініп алған. Жүздері қабырып, көкбеттеніп кеткен. Осы бойда жолындағысының бәрін жайпап өтуге бар. Бір кезде… Қайдан тауып ала қойған?! Бір бума қағазды жоғары көтеріп:

 – Табылды, табылды халық жауының жазғандары, – деп жаңағы милиционер жар сала тағы айғайлады.

Манадан бері ешнәрсеге жармаспай естері шыға сіле       йіп тұрған жандар елең ете қалысты. Бұл осы жердегі ел-жұрттың бәріне аян, осы үйдің ең қымбатына саналатын Қадыржанның жазған өлеңдері еді. Ол әдетте жаңа өлеңдерін үй-ішінің басы қосылған таңғы шәй үстінде оқып беретін. Әрбір жаңа өлең бұл үйдің адамдары үшін ең үлкен жаңалық әрі ең қымбат дүние болып саналатын. Әрбір өлеңі оқылғанда рухани рахат тауып, қуана қабылдаушы еді бәрі. Міне, енді сол өлеңдер нағыз жыртқыштардың қолына түсті. «Жыртып тастар ма екен» деп, бәрі әлгі қызыл жағалының қолына жәутаңдай қарасты.

Манадан бері қорқаулардың қамауында үнсіз тұрған Қадыржан оларға алғаш рет жалына үн қатты:

– Осы үйді көшіріп әкетсеңдер де мейілдерің. Тек мына өлеңдерімді өзіме беріңдерші. Балаларыма ескерткішке қалдырайын.

Тұтқынның сөзіне құлақ асу қайда!

– Өзің халық жауы болғанда, өлеңдерің сау болушы ма еді. Көреміз, қараймыз, тексереміз!..

Ол бір бума өлеңдерді умаждаған күйі қойнына тыға салды. Қадыржанға ең ауыр жаза осы болды. Ол қолына кісен салып тұтқындап жатқан өзін де ойламады. Жан дүниесін тербетіп жазған өлеңдерін жоқтады. Көкірегі қарс айырыла зарлап жатқан анасын аяды. Өлмелі шағында баласынан айырылып, осыншама қасірет шеккен шүйкедей жанның алдағы азапты өмірін ойлады. Жетім-жесір атанып, шулап қалып бара жатқан бала-шағасын ойлады.

«О жалған дүние! Неге осынша қатал едің?! Жазықсыз жандарға осынша ауыр жазаны кім ойлап тапты екен?!» Екі жағынан екі милиция қолын байлап әкетіп бара жатқан баласын көргенде қарт ана шыдай алмады. Соңынан қалт-құлт етіп жүгіре жөнелді:

– Жолыңа құрбан болайын! Мұны көргенше мені өлтіріп кетсеңдерші! – деп, далаға шыға берісте етпетінен құлап түсті. Артына бұрылып қараған баласының көзінен жас ытқып кетті.

– Апа, қапаланба, жыламашы, мен қайтып келемін. Бұл жазықсыз жала! Апа, балаң келеді әлі аман-есен. Әлі өзің қарсы алатын боласың.

Ол «анам естісін» дегендей бар дауысымен жігерлене айғай салды. Әлі кетсе де, есінен адаспаған ана баласының дауысын естіді.

– Әмин, әмин, тәуба, тәуба, – деп күбірледі. Құдайдан баласының амандығын, оны аман-есен көруге жазсын деп тіледі. Қоса жылап келіні қасына келді. Енесін жерден тұрғызбақ болды. Жығылғанда сүйектері бір-біріне жабысып, қабысып қалғандай ма? Қарияны орнынан қозғау қиындау болды.

– Апа, жыламашы, қатты құладың, тұршы орныңнан. Апа, балаларға қарашы! «Әжеме не болды» деп шошына жылап тұр.

Балаларды айтқан кезде қария қимылдап тұруға талпынды. Екі қолымен жер тіреп, басын көтеріп немерелеріне қарады. Тұрған бойда тәлтіректеп құлай жаздаған енесін Бәден қаусыра құшақтай алды. Сол бойы сүйемелдеп апарып төсегіне жатқызды.

Әкелері қамауда кетті. Әжесінің түрі мынау. Зәрелері ұшқан балалар «тағы біреулері келіп ойран сала ма» дегендей көздері алақтап, пана іздегендей бүрісіп дір-дір етеді. Шошынған балаларының түрін көріп, Бәден оларды дереу құшағына алып, бауырына басты.

– Қорықпаңдар, әкелерің қайтып келеді. Әже де сендер сияқты қатты қорқып шаршап қалды. Ешкім енді тиіспейді. Тек сендер енді ешкімнен қорқушы болмаңдар!

Балаларын уатып отырып, өзі бір нәрсені терең түсінгендей болды. «Бұл байғұстардың енді менен басқа тірегі болмай қалды. Менің босаңсуыма болмас. Қайткенде тіршілік қамын жасау керек» деп ой түйді.

Міне, таң да атты. «Отырмаңдар құр босқа уайымға салынып» дегендей, жарқырап күн де шықты. Балаларын тыныштандырып жатқызды да, шырқырап жылағанына да құлақ аспай ұмыт қалған сәбиінің жанына барды. Бесіктен басы салбырап аударылуға шақ қалған. Аяқтарын тебініп жылағасын жөргектері ашылып бос қалған. «Бесіктен шығатын кезің келді. Енді жаныма жатқызбасам болмас. Шырылдап көп жылап ең, әкеңнің кеткелі жатқанын білдің бе екен. Ей, бақытсыз қызым-ай! Күндерің не болар екен, не болар екен?! Шерменде қалған басым-ай! Қайтпекпін енді, қайтпекпін! Жалғыз өзім сендерге пана бола алам ба?» деп ойлады. Баласын қолына алып еді. Ол анасын көріп, қолына алғанына мәз болды. «Анаңды көргеніңе мәз болып жатырсың ғой. Әкең, әкең кетті ұзаққа. Әкеңді көпке дейін көре алмассың, сірә» деді іштей. Көңілі босап, көзіне жас келіп қалды. «Болмайды, болмайды. Жылағаннан не пайда?» деп, Бәден сәбиін бауырына басып отырып көп ойланды. «Апам байғұс та қатты қалжырап қалды. Қартайған шағында көз алдында жүрген баласын қолын байлап алды да кетті. Бұдан асқан азап бар ма?! Жазығы не екенін де білмей есімізден адасып қалдық. Ол кісіге де көңілін аулар жұбаныш керек. Жұбаныш қайдан болсын! Мен не істей алам» деп ойға батты.

Түрме мен екі ортадағы сенделіс күндер басталды. «Үміт етер бір хабар әкеле ме» деп ана байғұс алағыза күтіп отырады. Бәден болса түрме есігін торуылдаумен күн өткізеді. Кейде біраз адам жиналып қалатыны бар. Мұндайда баяғы шатақ Шада шығып, «бұл жерде топталып жүруге болмайды» деп қуалай бастайды. Дегенмен, бір сыбыс естіліп қалды. Әрине, жақсы хабар емес. Жақын күндері Қостанайдың ақ түрмесіне жөнелтеді екен. Бәрінің де діттегені оған дейін бір көріп тілдесіп қалу. Үйдегілерге оны қалай айтады, айта алмайды. Аяғына тас байлағандай әзер жетті үйге. «Иә, алыстан көрдім, қолын бұлғады. Сендерге сәлем айтқаны ғой» деп, жалған хабармен жұбатқандай болды оларды. «Әр барған сайын әкесін ертіп келетіндей күтеді ғой балалары. Не дейін басқа оларға. Апам болса менің шаршап торыққан түрімнен-ақ сезіп отыр. Сондықтан қазбалап сұрамайды. Тек аяушылықпен жалтақ-жалтақ түріме қарай береді, үндемейді». Енді бірдеме сұрай қалса, келінінің жылап жіберуге шақ отырғанын біліп отыр. Осының бәрін Бәденге үнсіз ғана ішкі күйзеліспен қабылдауына тура келді.

Келесі күн. Бір күдік, бір үміт күні. Ең болмаса қоштасып қалуымызға кездестірер деп үміттенді бәрі де. Таң ата барып еді. Ұзақ күтті. Қумаған соң, бір жақсылық болар деген үмітпен күтті. Түс ауа түрме есігін ашып, 2-3 адамнан ғана шақыра бастады. Кездесуге бес-ақ минут уақыт берілді. Бәден алғашқылардың қатарына ілікті. Жетектеп алып келді. Өз бетімен жүре алмайтын мүгедек адам болар ма! Еркіндіктің жоқтығы ғой. Жүзі солғын тартып жүдеп қапты. Балалар мен анасының жағдайын сұрады.

– Сен бізді ойлама, уақыт тығыз ғой. Өз жағдайыңды айтсаңшы, – деді Бәден жалынышты үнмен.

– Біздің жәй қиындау. Алысқа және ұзаққа әкететін түрі бар. Ертең Қостанайдың ақ түрмесіне апарады. Онда қанша ұстайтыны белгісіз. Тыңда Бәден, ең басты айтарым, отбасын бағып-қағу бір өзіңе оңай болмас. Балаларды ашықтырып аларсың. Мен жағынан ба, әлде өзіңнің бауырларың жағынан ба, көмек қолын созса бас тартпа. Уайымға салынып мүжілме. Дәл қазір саған мықты болуға тура келіп тұр.

Сөз қысқа болды. Бірақ, көп нәрсені аңғартты.

Бәден мең-зең күйде келеді. «Алысқа, ұзаққа кетеміз деді ғой. Сонда көрер көрмесіміз де, келер-келмесі де неғайбыл болғаны ма?! Үйге не деп барам? Мықты бол дейді. Қалай, қалай мықты болам, мына хабардан кейін». Бәден үйдің сыртындағы томарға отырып алып егіліп жылады. Үйдегілерге  көрсетпей әбден жылап алайын деген болар. «Мұнымды көрмегені дұрыс олардың, көрмегені дұрыс» деп қайталады өзіне-өзі. Ұзақ отырды, өзіне-өзі тоқтау айтып көз жасы тиылғанша отырды. Көз жасын, бетін әбден сүртіп орнынан тұрды. «Қазір сен бала-шағаңның ортасына барасың. Мына түріңді тіпті де білдіртпе. Иә, ол дұрыс айтады. Мықты бол, Бәден, мықты бол!» Сүртініп, қағынып үйге беттеді. «Бүгінгі хабардың бірін де айтпаймын. Не де болса ертең, ертең көрермін» деп түйді ішкі ойын. Бәден аулаға дауыстап сөйлей кірді.

– Оһо, апа, шәй қойып жатырсыз ба?

– Иә, сен көп кешіктің ғой. Шөлдеп шаршаған шығар деп шәй қойып жатырмын.

– Балалар қайда?

– Балаларды үйге кіргіздім. Күн кешкіріп барады. Үйде болсын.

– Дұрыс жасағансыз. Кешке дейін бір көрсетіп қалар деген үмітпен жүрдім ғой. Балаңды көрдім. Бес минутқа ғана сөйлесуге уақыт берді. Балаң аман-есен. Сендердің жағдайларыңды сұрай береді. «Апам мені ойлап көп жыламасын. Балаларға көз болсын» деп жатыр.

– Иә, иә, мен көз болмағанда кім көз болады. Тек өзі аман жүрсе болды да. Бір Аллаға тапсырдым. Өздеріңе тілек тілегеннен басқа менің қолымнан не келеді? Алла жар болсын қайда жүрсе де. Балам, балам! Сенен осылай тірідей айырылып қалам деп ойлаппын ба? Жазықсыздан жазықсыз жылаттың-ау. Алла! Не дейін…

Ол тұншыға кемсеңдей бастады.

– Апа, осы маған оңай болып жүр деп ойлайсың ба? «Жылағанмен ештеңе бітіре алмайсыңдар. Бір-біріңе сүйеу болыңдар» деді ғой балаңыз. Қане, жылауды тоқтатайық.

Келіні осылай деп арқасынан келіп құшақтады.

– Сенің барына тәуба! Алла саған қуат берсін, – деп, енесі оның қолынан сүйді.

– Міне, осылай бірімізге біріміз демеу болайық. Бәден бір мәмілеге келгендей кеудесін кере терең бір тыныс алды.

Ертелетіп тағы келді. Әкететінін білсе де келді. Баяғы бір үміт, бір күдік жетелейді ғой. «Әкетіп бара жатқанда мүмкін тағы бір көріп қалармын» деген далбаса. Есіктен шыққан бір адам мұны көріп:

– Жападан-жалғыз не ғып тұрсың? Жөнелтіп жіберді оларды, мана таң қараңғысынан әкеткен машинамен.

«Жөнелтіп жіберді» – қандай суық сөз. Үстінен біреу мұздай су құйып жібергендей денесі түршігіп кетті. Қаққан қазықтай бір орында тұра берді. «Енді елінен табан көтеріп ұзаққа кеткені ғой. Жақын жерден күнде келіп тұрушы едім. Қанша дегенмен өз елінің топырағында тұрды ғой. Енді ол да жоқ. Келген сайын «көремін ғой, тілдесемін ғой» деп үміт арқалап, жүгіріп жетуші едім. Түрме болса да мына жер көзіме жылы ұшырап қалыпты. Енді ол жоқ бұл жерде, енді ауа қармағандай далада қалып тұрмын».

Көңілі құлазып кетті. Амалсыз кері бұрылды. Анау құлазыған кең далаға көз тікті. «Баз кешіп кетсем қайтеді, дала кезіп». Дел-сал күйде ұзақ тұрды. Іштей ой түйсігі оянып, оны біреу жанында күтіп тұрғандай артына жалт қарады. «Иә, шынында мені үйде шиеттей бала-шағам күтіп отыр емес пе?! Есіңнен адастың ба, Бәден, мұның не? Менің жанымда бұл ойымды естіп тұрған біреу болса, дәл осылай сұрақты төтесінен қойған болар еді?!» деп ойлады. «Қолы байлаулы тұтқын бола тұра алысқа, ұзаққа әкетіп бара жатқан қиыншылық жағдайын бастан кеше отырып, ол біздің жағдайымызды ойлады-ау! Және «мықты бол» деп, маған рух сыйлады ғой. Неткен төзімді, ғажап адам едің, Сен! Шиеттей бала-шағаңды маған табыстадың, маған үміт артып сендің ғой. Ал мен не істемекші болдым. Ақылға кел, Бәден! Қайрат қыл! Қол-аяғың бүтін. Денің сау. Анау бала-шағаның тағдыры енді сенің қолыңда. Қаракет жаса!»

Осылайша, Бәден алдағы өміріне өзін-өзі қайрап салды. Жедел басып үйіне жақындап келді. Есік алдында сәл кідірді. «Оларға болған жағдайды қалай жеткізуім керек? Өз ойыма сәйкес оларға да үміт пен сенім қондырарлықтай жанашырлықпен бір жақсы әрекет жасауым керек болар». Ол үйге ашық қабақ таныта сөйлей кірді.

– Апа, балалар үйде ме, өзіңіз қалайсыз? Тұрып, тіршілік жасап жүрген сияқтысыз ғой.

– Иә, иә, жүрмін ғой әйтеуір.

Ол келінінің түріне қарап, бір жақсылық хабар күткендей үміттеніп қалған. Анықтап сұрауға да қорқады.

– Апа, балалар мазаңды алған болар. Мен өзім шәй қойып жіберейін. Сосын шәй үстінде кеңінен сөйлесеміз.

Енесі көп сөйлемейтін, көбіне үнсіз жүретін момын адам. Қазір де үнсіз. Іштей не болды екен деп қатты толқып тұр.

– Апа, мазаң кетіп тұр ғой, уайымдай бермеші. Бәрі де жақсы болады!

Қартайған адам да бала сияқты ғой. Келінінің жақсы сөзіне уанғандай болып орнына барып отырды. Баласын ел табанынан алып кеткенін бірден айтса, енесінің боздап қоя беретінін біліп отыр. Оған балалар қосылса, өзі де есінен адасқандай күй кешеді.

Шәй үстінде ең алдымен балаларымен сөйлесті. Есейіп, ақыл кіріп келе жатқанын, енді кішкентай бала сияқты бола бермейтіндерін, әжелерін тыңдау керектігін, әкелерін ұзақ уақыт көре алмайтындығы туралы ескертпе әңгімелер қозғады. Әжелері «мұнысы да дұрыс шығар» дегендей, үнсіз мақұлдады.

Мұның бәрі қарияға басты хабарды айтудың алдындағы өзінше ойлап тапқан жеңілдік жасаудың жолдары еді.

– Иә, бүгін әкелерің Қостанайдың түрмесінде, – «жөнелтті» деген сөзді айтқысы келмеді. Өте ауыр естілетін сияқты. – Балаңызды алдында ұзақ жол күтіп тұр. Жылай бергенше алысқа аттанар алдында балаңызға батаңызды беріңіз. «Ана тілегі қабыл» деген. Апа, қане бәріміз де қол жаяйық. Балалар! Қане, сендер де бір кісідей тілек тілеп қол жайыңдар!

Әжесіне қарап балалар да қол жайды. Қария дәл қазір жылаудың жөні жоқ екенін біліп, өзін-өзі әзер тежеді. Жылау аралас қамыққан көңілдің әбден қалжырап қарлыққан дауысымен:

– Ей, Алла! – деді қария, – естимісің ананың зарын? Баламды жазықсыздан жазықсыз қолын байлап алып кетті ғой. Алысқа ұзаққа әкетті.

Қария қамығып сөйлей алмай үзіліс жасады.

– Ей, Алла, – деді тағы да күш жинағандай қаттырақ дауыстап, – бір өзің жар бола гөр. Ұзақ жолда оны аман-есен сақтай гөр, құдайым! Ей, Алла, жарылқаушы да жебеуші де бір өзіңсің ғой. Мынау шиеттей кішкентай балалары әкелерінің соңынан тілек тілемекші. Қол жайып отырған осы сәбилердің тілегін қабыл ала гөр, қабыл ала гөр, құдайым! Ей, Алла, баламды аман-есен көруге жаза гөр. Қайда жүрсе де, пәле-жаладан қалас ете гөр! Әумин, әумин! – деп бәрі қол жайды.

– Алла, батаңызды қабыл етсін, қабыл етсін, – деп келіні дауыстап қол жайды. Бар күшін салып сөйлеген қария екі бүктетіліп сылқ түсіп жата кетті.

– Әй, апа-ай! Жылай берме деп қанша айттым. Тағы да қиналып кеттіңіз!

Келіні жанына барып басын көтерді. Маңдайын сипап еді, суық терге малшынып кеткен екен. Демі жиілеп әлденені сөйлеп күбірлеп жатыр.

– Бұлай болмайды. Басыңызды көтеріңіз, – деп ол енесін басын сүйеп тіктеп отырғызды. – Апа, ес жиып, ақылға келейік. Жылап отыра берсек ертеңгі күніміз не болады? Балалар бар емес пе?! Олардың жағдайын кім ойлайды? Мен жақында балаңыздың соңынан Қостанайға баруым керек. Екі баланы ерте барам. Ең болмаса бір көріп тілдесіп қалайын. Қалай жетем, оны бір Алланың өзі біледі. Жаяулап жалпылап, жолай кездескендерге ілесіп, әйтеуір бір жетермін. Сол үшін жолға ас-су әзірлеуім керек. Апа, бізге қайта ақыл-кеңес беріп сүйеу болсаңызшы! Ана кішкентайға сіз ие болып қаласыз.

«Тұтқындарды Қостанайдың ақ түрмесіне апарып қамапты» деген хабар естілген болатын. Тұтқындардың көптігімен қазір ол талайды жұтқан аты шулы «ақ түрмеге» айналып тұр. Онда қанша болатыны әзірге белгісіз. Арнайы хабар берілмейтіні де белгілі. «Ел құлағы елу» деген. Сол үшін баршасының назары сол жақта. Уақытында барып жетсем екен, қапы қалмасам жарар еді. Бәденнің де бар арман-мүддесі сол жаққа ауған. Түрменің ісі қанша құпия болғанымен, «3-4 күнде жөнелтеді екен» деген бір сыбыс естілді. Суық хабар, суыт хабар. Тез жету керек. Мұндай қысылтаяң шақта «халық жауының» отбасына кім көмек қолын соза қоюшы еді. Қостанайға тура баратын жолаушы табылмады. «Жаз күні ғой, үлкен жол үсті, жолаушысыз бола қоймас, бірден бірге ілесіп жетермін» деген үмітпен екі баласын жетелеп, бір қоржын ас-суын иығына салып, бір құдайға сыйынып жолға шықты. Иә, дәл солай. Жаяулап, жалпылап әр көліктің құлағына жармасып жүріп, үшінші күн дегенде жетті-ау. Сәтін салғанда дәл аттанар кезіне үлгеріпті. Бір қуаныш, бір қайғы қатар келіп, көзінен жас еріксіз ытқып кетті. Қуанғаны – бір көріп қалармын деп үміттенген. ИТАП-тың алды – құжынаған халық. ИТАП деп отырғанымыз тұтқындарға арналған жадағай вагондар болуы керек. Ал, тұтқындар тізбегінің о шетінен бұ шетіне көз жетпейді. Екі жақ қапталынан көкжал ит ұстаған милиционерлер қоршап алған.

Ең алдымен екі баласын тасалау бір жерге апарып отырғызды.

– Әкелеріңді тапсам, келіп алып кетем. Осы жерде қозғалмай отыра тұрыңдар, – деді балаларына.

Өзі көпшіліктің арасына жағаласа, жармаса кіріп кетті. Жылап-сықтап жанталасқан халық. Бір кезде артынан итермелеген көпшіліктің екпінімен тұтқындар легіне жақындап қалыпты. Анадайдан бір таныс адамды байқап қалды. Баяғы көршісі Сәбен ғой. Жаны ышқына атын атап, айғай салды. Ол да жалт қарады.

 – О, жарайсың Бәден, жеткен екенсің ғой. Біздің Жамал қайда, келді ме екен? – деді ол да дауыстап.

Сәбеннің ұсталғанына көп болған. Әйелі жайбасарлау, бейғам жан еді. Сірә, келе алмағаны ғой. «Әркім өзімен-өзі болған жан ұшырған заман болды емес пе?! Кетерімде мен де оған жолыға алмаппын». Бәден де өзін кінәлі адамдай сезініп, не айтарын білмей тосылып қалды. Жамалдың келмегені де, оны көрмегені де рас. Бірақ, оны көрмедім деп те аузы барып айта алмады. Ол да жауап күтіп тұрмады. Бәкең әріден ойлайтын ақылды кісі ғой.

– Ол, сірә, соңғы жақта болуы керек. Әлі үлгересің, бар тезірек, тілдесіп қал, – деді ол.

Милиционердің айғайын да елеместен жан ұшыра жалт бұрылып кейін қарай жүгірді. Бастарын төмен салып, еңселері түскен, жадау-жүдеу тұтқындар легі таусылар емес. Адам іздеп оларға зерделеп қарау да оңай емес еді. Абақтының аты жаман, өзі де жаман. Оған түскен адамның жағдайы тіпті жаман екенін Бәден жақсы біледі. «Қадыржан да осылай мына адамдар сияқты танымастай жүдеп өзгеріп кеткен шығар» деп, зерделеп қарап келеді, қарап келеді. Бәден ентігіп жүгірген бойда жанына тым жақын келіп қалса керек. Қадыржан оны манадан байқап тұрған. Ол:

– Бәден, – деді қаттырақ дауыстап төмен қараған күйі. – Тым жақындама, көрдің бе аналарды, қазір саған итін жібергелі тұр. Бір-бірімізді көрмеген болып дауыс жететіндей жерден аулағырақ тұрып сөйлесейік.

Дауысқа жалт қараған ол төмен қарап сөйлеп тұрған Қадыржанды көріп, жылап жіберді. Не істерін білмей бір орында тыпыршып тұрып қалды. Осы кезде онсыз да жанталасып есі шығып тұрған әйелді шошытпақ болған милиционер иттерін жіберіп барып тартып алды. Көкжал иттерді ұстап, тұтқындарды қоршап тұрғандардың бәрі де басқа ұлт адамдары еді. Жан ұшырған әйелдің абдырап аласұрған мүшкіл халін мазақ етіп қарқылдап күлісіп жатыр. Ит етегіне жармаса бергенде әйел құлап түсті. Тұра сала қайта жүгіреді. Мына әйелдің өлмей беріспейтін қайсарлығын олар да байқап қалған. Ашу қысып қаһарланған милиционер ақырып жіберді. Іле «міне саған керегі осы болса» деп, итті шындап жіберіп қалды. Ит әйелді домалатып талай бастады. Ол жандәрмен аяқтарымен тебініп, екі қолымен басын қорғаштап бақты. Тұтқынның әйелін және басқа ұлт адамын аясын ба? Олар «тілегенің осы болар» дегендей айыздары қана қарап тұрды. Тұтқындарда ара түсер дәрмен жоқ. «Мына байғұсты өлтірді-ау енді» деп жалтақ-жалтақ қарағыштайды. Бірақ, әйелдің өлімдескен өжеттігіне іштей риза болғаны анық. Одан әрі көз алдарында итке талаттырып өлтіруге «ұяттары» бармады ма, әлде «сыбағасын алды ғой, осы да жетер» деп ойлады ма, әйелдің аяғын батыра тістеп ырылдап жатқан итті тартқылап милиционер әрең айырып алды. «Боса да өлдім ғой» деп, ерлікке басқан әйел жансауғалап ешқайда қашпады. Тұрған бойда ақсаңдай басып, тұтқындармен қатарласа аяңдай берді. «Мына түрімен енді ол не істер дейсің» дегендей милиционерлер де оған мән бермеді. Көңіл аудара қоймағандай сыңай танытты. Тағы да Қадыржанның маңына қарай қапталдаса берді.

– Айтып едім болмадың, өлетін болдың-ау, байғұс, – деп қалды Қадыржан.

Енді осыдан артық қолайлы сәттің болмасын білген ол:

– Ешкімге беріп жіберуші болмаңдар, – деп, Бәден жанынан өте бергенде бір затты қолына ұстата қойды. Бәден де тез қимылдап әлгі затты қойнына тыға салды. Тегін нәрсе емес екенін іштей сезді. – Енді көп жақындай берме, балаларды әкелмеп пе едің, – деп қалды.

Вагон есігіне жеткенше балаларды әкелмек болып балаларға жүгірді. Балаларды алып жеткенше ол вагонға кіріп үлгерген еді. Бірақ, торлы терезеден көппен бірге жағаласа жармасып қарап тұрған. Алғашқыда көпшілік арасынан әкесін таба алмай аңтарыла қарасқан. Бір кезде мойны қылтиған жүдеубас сақал-шашы өсіп кеткен әке бейнесін танып қалған екі бала «әке», «әке» деп қосарлана айғайлады. Бірін-бірі итермелеп терезеге жақындауға жағаласқан көпшіліктің у-шу айқайының арасынан балаларының дауысын есту екіталай еді. Бірақ, ол балаларын көріп қалды. Терезеге төніп тұрған көп тұтқынның арасынан сығылысып қалған қолын әрең шығарып алып, балаларына қимастықпен жаутаңдай қарап, қолын бұлғай берді, бұлғай берді. Тұтқындарды сықай тиеп алған ИТАП жылжи берді. «Қош, қош» дегендей әке қолын бұлғап барады. Бала-шағасын, ел-жұртын, туған жерін қимай-қимай қоштасып барады. Алда қандай азапты күндер күтіп тұр? Бәрі де беймәлім. Жазықсыз жанның көкірегін бір ащы өксік билеп кетті. Жыларман халде тұр, бірақ көзден бір тамшы жас шықпай қойды. Қостанайдан аттанған көп тұтқынның ортасында жазықсыздан жазықсыз, өлеңдерін көпшілік жатқа айтатын қайран ақын, ардақты ел азаматы – Қадыржан да 25 жылға сотталып кете барды. Пойызды көз ұшына дейін шығарып салған халық жылап-сықтап кетер емес. Бір-бірімен құшақтаса көрісіп, іштегі мұң-зарын, ашу-ызасын дәл осы жерге аянбай ақтарып кетпекші. Вокзал басы азан-қазан. Ащы айғай, зарлы үнмен күңіреніп кеткендей. Екі баласын құшақтап, бос қалған жолға қарап, құлазыған көңілі астаң-кестең болып, өксігін баса алмай ағыл-тегіл жылап Бәден де ұзақ тұрып қалған. Кешкілік олар әбден қалжырап пәтерлеріне оралады. Аласұрып жүріп ет қызуымен білмепті. Манағы ит талаған аяқ күп болып ісіп кеткен. Етіктің іші қанға толып қатып қалған. Етік шешілмеген соң, қонышын кесіп шешуге тура келеді. Бірақ, Бәденнің көрген азабы босқа кетпепті. Манағы ешкімге берме деп берген галоштың табанынан үлбіреген папиростың бір жапырақ қағазын табады. Онда: «Ежов  ұсталынды, енді ізденуге жол ашық. Мына статья бойынша іздеңіздер» деп, статьяның номері жазылыпты.

Мына бір жапырақ қағаздың құны Бәден үшін өлшеусіз бағалы еді. Қадыржан оның қолына оны босатып алатын түрменің кілтін беріп кеткендей әсер қалдырды. Қағазды әспеттеп жыртылып қалмас үшін ақ қағазға қайта-қайта орап, төс қалтасына салып алды. Енді осы қағазды аман-есен туған қайыңінілері Қартпай мен Балқайдың біріне тапсырса болды. Олар қалай ізденіп, ағаларын қалай ақтап алудың жолдарын жақсы біледі.

Қадыржанды 25 жылдық мерзіммен адам аяғы жетпес қиыр шығыстағы барса келместің өзіне аттандырып тұрса да, мына қағаз оған үлкен үміт сыйлады. Осы бір жапырақ қағаздың күші оны қайта оралтатындай көңіліне сенім ұялатты. Ол үйіне осы сенім мен үміт қуанышымен оралды.

Ханзипа
КӘКІМЖАНОВА,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
жазушы, журналист

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here