Жүз жыл бұрын құлаған Осман империясы

0
3935
Қарт құрлық алты ғасыр санасқан Осман империясы құлағаннан кейін Түркия республикасын құрған Мұстафа Кемал Ататүрік (ортада)

Осыдан тура 100 жыл бұрын, 1923 жылы 24 шілде күні қарт құрлық алты ғасыр санасқан Осман империясы ыдырап, тарих қойнауына енді. Шариғат қағидаларына сүйенген сұлтандық биліктің орнына батыстық үлгі бойынша прогрессивті әрі зайырлы қоғам құруды мақсат еткен ұлтшыл үкімет келді. Әрине, Түркия республикасы оңайлықпен құрылған жоқ. Ол үшін азаматтық соғысты бастауға, ағылшын-француз басқыншыларын қуып шығуға, екіге бөлінген қоғамды біріктіруге тура келді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Осман империясының қалай құлағанына және Түркия Республикасының қалай құрылғанына тоқталады.

Осман империясының соңғы сұлтаны VI Мехметтің Ұлыбританияның көмегімен Константинопольден (Стамбул) Мальтаға кетіп жатқан кезі. 1922 ж.

ҚАБЫРҒАСЫ
ҚҰЛАЙ
БАСТАҒАН ДЕРЖАВА

1922 жылы қараша айында Ұлыбритания, Франция бастаған бірқатар еуропалық елдер мен жаңадан құрылғалы жатқан КСРО өкілдері Швейцарияның Лозанна қаласына жиналып, мұхитқа батып бара жатқан кемедей күй кешкен Осман империясының болашағын талқылады. Шын мәнінде, бұл конференцияда тәуелсіз Түркияның тағдыры таразы басына салынды. Бұл тұста кезінде атағы жер жарған империяның соңғы сұлтаны VI Мехмет Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс тауып, соның салдарынан ұлы держава шетел басқыншылығына ұшырап, оның арты азаматтық соғысқа ұласып, ақыры сұлтан биліктен айырылған еді. Лозаннадағы конференциядан бірнеше күн бұрын VI Мехмет британ кемесімен елден қашып кеткен болатын.

Түріктердің болашағы сынға түскен сол тұста бірнеше жылдан бері Константинополь (Стамбул) мен Анадолы және Мысыр, Сирия, Палестина сияқты империя территориялары Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен одақтас әскерлердің бақылауында еді. Шетел державаларының айтақтауымен ұлттық азшылықтар партизандық соғыс жүргізді, ал сұлтанды сатқын санаған ұлтшыл-революционерлер билікке ұмтылды. Атап айтқанда, офицер Мұстафа Кемал басқарған жаңа саяси күш саясат сахнасына шықты. Әскер мен халықтың басым бөлігінің қолдауымен Мұстафа Кемалдың жақтастары Түркияны қайта біріктіруге, басқыншылармен күресуге және прогрессивті саяси режим орнатуға бағытталған көтеріліс жасады.

Ауыз толтырып айтарлықтай әскери жетістіктерге қол жеткізген, ішкі жағдайды тұрақтандыра білген кемалшылар жаңа мемлекет құру жолындағы соңғы кедергіні жоюға, яғни өз билігін халықаралық қауымдастыққа мойындатуға ниет білдірді.

Расында, алты ғасыр ғұмыр кешкен Осман империясының Бірінші дүниежүзілік соғыстағы жеңілісі ұлы державаның тағдырына балта шапты. Бітімге келгендеріне қарамастан, Антанта (Ресей империясы, Ұлыбритания мен Францияның әскери-саяси одағы) мен Грекияның әскерлері бейбіт келісімге қол қоюды күтпей, империяның маңызды әскери-стратегиялық аймақтарын басып алуға кірісті.

Сұлтан үкіметі Кіші Азия (Азияның батыс бөлігіндегі түбек) мен Стамбул аймағындағы шағын еуропалық аумақты қоспағанда, барлық иеліктерін бақылауды уысынан шығарып алды. 1919 жылы мамырда Жерорта теңізінің жағалауындағы Смирна (Измир) қаласына грек әскерилерінің табаны тигені жергілікті тұрғындарды екіге бөлді. Өйткені, қала халқының басым бөлігін құраған гректер оларды азат етушілер ретінде құшағын жайып қарсы алды, ал түріктердің сол кездегі көңіл-күйі айтпаса да түсінікті.

Грекия құрдымға кетіп бара жатқан империяның батыс жағалауына көз тіккен және тарихи иесі ретінде Константинопольді қайтарып алу ниетін жасырмады. Гректердің ұмтылысын еуропалық державалардың көбі қолдады.

Әрине, Грекияның уәжі түсінікті. Христиан діні мен ұлттық дәстүрін сақтап қалған, ғасырлар бойы ислам билігінің қысымымен өмір сүрген Осман империясындағы қандастарын құшағына қайта алғысы келді. Ал, Антанта елдері империя құрамындағы Мысыр, Сирия, Ирак және Палестинаны бақылауға алуға тырысты. Олар үшін Таяу Шығыс елдері Жерорта теңізіндегі табиғи ресурстарға иелік ету мен әскери қатысу тұрғысынан маңызды болды.

Түріктердің ел болып сақталып қалуы үшін күрескен Мұстафа Кемал және офицерлер. Смирна (Измир), 1923 ж.

САЯСАТ
САХНАСЫНА
ШЫҚҚАН
БОЛАШАҚ ПРЕЗИДЕНТ

Сол тұста сұлтан VI Мехмет өз империясының ыдырауын сырттай ғана бақылап отырды. Осман империясын сақтап қалу үшін әрекет етпеді. Неге десеңіз, ол үшін өз өмірі мен тағынан айырылу егемендікті біржола жоғалтып алудан маңызды болды. Тіпті, Ұлыбритания мен Франция сияқты елдердің айтқанына көніп, айдауымен жүрді. Алайда, империяда болып жатқан жағдайға бәрі көнбеді. Империяның әр түкпірінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай патриоттық қозғалыстар пайда бола бастады. Олар сұлтаннан басқыншыларға соғыс жариялауды талап етті. Дегенмен, сұлтанның сатқындығына көздері жеткен соң, жекелеген қозғалыстар азаматтарды басқыншылармен өз бетінше күресуге шақырды. Және ол өз жемісін берді. Содан олардың қатарына әскер мен осман парламентінің бір бөлігі қосылды. Күн сайын офицерлер, шенеуніктер мен қарапайым азаматтар наразылық білдірушілердің жағына өтті. Әрине, бәрін артынан ертетін бір көшбасшы шықпағаннан кейін бытыраңқылық жағдайында сұлтанмен ауыз жаласқан басқыншылардың қарулы күштеріне олар қарсылық көрсете алмады.

Ұлтшылдар халықтың моноэтникалық құрамы бар, яғни кілең түріктер тұратын аймақтарда үлкен қолдауға ие болды. Бұл негізінен Антанта билігі әлі жете қоймаған елдің орталық аймақтары еді. Содан көтерілісшілер өздерінің жетекшілерін сайлау үшін жиын өткізді. Осындай көшбасшылардың бірі болып сол кезде армия қолбасшысына дейін жеткен жас офицер Мұстафа Кемал сайланды.

Қарулы күштерде де, үкіметтік ортада да құрметке ие болған Мұстафа Кемал 1919 жылы маусымда елдің тәуелсіздігіне қауіп төніп тұрғанын мәлімдеп, депутаттарды Сивас қаласындағы конгреске жиналуға шақырды. Ол бұл жиналыста түрік халқы тікелей сайлаған болашақ парламенттің негізін қалауды көздеді.

Содан қыркүйек айының басында Сиваста Осман империясының Анадолы аймағының өкілдері бас қосып, Мұстафа Кемалды көтерілістің өкілді комитетінің басшысы етіп сайлады. Жиынға жиналғандар болашақта ұлттық мүддеге негізделген республикалық үкімет құру туралы шешім қабылдады.

Сол кездің өзінде Түркияның болашақ президенті екі нәрсені анық түсінді. Біріншіден, сұлтанның билігін қасиетті деп санайтын ескі тәртіптегі ақсүйектер мен дінбасыларға қарсы тұрарлық қозғалыс болғанда ғана революциялық билік заңды саналады. Екіншіден, егер түрік халқы өңірдегі держава мәртебесін сақтап қалғысы келсе, онда феодалдық қалдықтардан бас тартып, қазіргі заманғы нарықтық экономика мен діни идеяларға емес, ұлттық мүддеге негізделген саяси жүйе құруы керек.

Мұстафа Кемал осы идеяларын жүзеге асырмақ болып жатқанда биліктен әлі ресми айырылмаған сұлтан VI Мехмет Ұлыбритания мен Францияның қысымымен революционерлерге қарсылық ұйымдастыруға тырысты. Мәселен, 1919 жылы 3 қыркүйекте Мұстафа Кемалды тұтқындау туралы жарлыққа қол қойды. Дегенмен, сұлтанның шешімі орындалмай қалды. Себебі, бұл уақытта Мұстафа Кемалдың жақтастары тым көп еді.

Болашақ президент әскер мен халықты ұлттық мүдде, ел болашағы үшін бірігуге және басқыншыларға қарсылық көрсетуге шақырып, елді еркін аралады. Көтерілісшілердің билігі жарияланған қалаларда әскерді жаңа жауынгерлермен толықтыру мақсатында мобилизация жарияланды.

Революцияның бетбұрыс кезеңі 1919 жылы 27 желтоқсанда Мұстафа Кемал мен өкілді комитет мүшелері Түрік мемлекетінің болашақ астанасы Анкараға қарсылықсыз кірген кезде болды. Көшелерде мыңдаған тұрғындар жаңа көшбасшыны қуанышпен қарсы алды. Бірнеше айдан кейін Мұстафа Кемал Анкарада жаңа мемлекет парламентін – Түркияның ұлы ұлттық жиналысын шақырды. Оның алғашқы отырысы 1920 жылы 23 сәуірде өтті. Мұстафа Кемалдың өзі оның төрағасы және әлемдік қауымдастық мойындай қоймаған үкіметтің басшысы болып сайланды. Содан бүкіл елде сұлтан мен басқыншыларға қарсылық көрсету орталығын құру жұмыстары аяқталды. Ескі тәртіптерді бұзудың келесі қадамы жауларды әскери жолдармен жеңу болды.

Түріктер мен гректер арасындағы соғыс кезінде отқа оранған Смирна (Измир) қаласы, 1922 ж.

ИМПЕРИЯ
ЖЕРІН БӨЛІСКЕ САЛҒАН
ГРЕКИЯ МЕН
АНТАНТА ЕЛДЕРІ

Соғыстың алғашқы кезеңдеріндегі кемалшылардың басты міндеті батыста грек пен ағылшын-француз әскерлерімен және шығыста армян сепаратистерімен күресу болды.

Бірінші дүниежүзілік соғыста Осман империясы жеңілгеннен кейін оның шетінде шоғырланған этникалық армяндар бас көтеріп, астанасы Ереванда орналасқан Арарат республикасының қарамағына алты облыстың өткенін жариялады. Түрік революционерлеріне ойламаған жерден Кеңес үкіметі болысты. Әрине, коммунистердің өз ойлағаны бар еді. Олар азат Арменияны ақ гвардияшылардың болашақ одақтасы ретінде көрді. 1920 жылы РКФСР (Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы) өз жеріндегі аштыққа қарамастан, түрік әскерін қару-жарақпен қамтамасыз ету және ондағы азық-түлік тапшылығы мәселесін шешу үшін 1 млн-нан астам алтын рубль бөлді.

Түріктер армяндармен осылай алысып жатқанда империяның оңтүстігінде күрдтер де бас көтерді. Алайда, олар азаттық үшін ортақ қозғалыс құра алмады. Қарулы күрдтер оқтын-оқтын түрік әскерилері мен шенеуніктеріне шабуыл жасап, әкімшілік ғимараттарды басып алумен ғана шектелді. Күрдтерде дәл армяндардай түріктермен күресуге қауқары болмады.

«Жығылғанға жұдырық» дегендей, Осман империясын жаңа сілкініс күтіп тұрды. Сұлтан VI Мехмет басқаратын үкімет Францияның Севр қаласында Антанта елдерімен түріктерді қорлайтын бейбітшілік келісіміне қол қойды.  Келісім аясында Шығыс Фракия, Адрианополь (Эдирне), Галлиполи түбегі және батыс жағалаудағы ондаған анклавтар ресми берілді. Солтүстік Эпир Италия протектораты орнатылған Албанияға қосылды. Ал, Константинополь мен Босфор, Дарданелл бұғаздары демилитаризацияланған аймақ деп жарияланды және халықаралық басқаруға берілді. Империяның Таяу Шығыстағы, Африкадағы барлық дерлік иеліктері, Жерорта теңізіндегі көптеген аралдар сұлтан үкіметінің одақтастарына өтті.

Адана қаласынан басқыншы саналған француз әскерлерінің кетуін тойлау кезінде түрік туын қоршап тұрған халық, 1922 ж.

ТҮРІКТЕРДІҢ
ГРЕКИЯ
БАСҚЫНШЫЛАРЫМЕН
ЖӘНЕ АРМЯН
СЕПАРАТИСТЕРІМЕН КҮРЕСІ

Севр келісімін түріктер отаршылдықты көздейтін әділетсіз шешім, сұлтан VI Мехметтің ұлттық мүддені қорғай алмағанының айқын көрінісі ретінде қабылдады. Мұстафа Кемал бастаған Түркияның ұлы ұлттық жиналысы аталған келісімді ратификациялаудан бас тартты. Өз кезегінде бұл саясаткердің ел ішіндегі беделін аспандатты. Осы күнге дейін сұлтанды қолдап келген түріктер де ұлтшылдардың маңайына топтасты. 1920 жылдың ортасына қарай 100 мың адам Мұстафа Кемал әскеріне қосылды.

Осы арада VI Мехметтің жақтастары азайып, әскері әлсірей бастады. Офицерлердің едәуір бөлігі кемалшылар жағына өтті. Сондықтан сұлтан грек және одақтас әскерлердің күш-жігеріне арқа сүйеді, өзінің әскеріне жеті мыңдай сарбаз жинай алды. Антикемалшылар коалиция мен армян әскери күштері 160 мыңға жетті. Алайда, барлық ауыртпалық грек әскеріне түсті. Өйткені, Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін әскери әлеуеті төмендеген Ұлыбритания мен Франция Грекияға айтарлықтай қолдау көрсетуге, түріктердің барлық жерін бөліске салуға аса құлықты болмады. Дегенмен, гректер бұрын түрікте кеткен есесін қайтаруды, ата жаудан кек алуды көкседі. Бір айта кетерлігі, Мұстафа Кемалдың әскері оңай шағылатын жаңғақ болмай шықты.

Содан Франция Киликияға және Анадолының оңтүстік-шығысындағы басқа аймақтарға бақылау орнатуға тырысса да, оларға партизандық қозғалыс тойтарыс берді. Жоғарыда жазғанымыздай, Бірінші дүниежүзілік соғыстан әлі есін жимаған француздар толыққанды қарулы күрес жүргізуге дайын болмай, бір жылдан кейін Сирия мен Ливанға шегінді.

Келесі кезекте армян әскері тұрды. Қару-жарақпен нашар қамтылған олар да кемалшыларға лайықты қарсылық көрсете алмады.

1920 жылы қыркүйекте түрік әскерлері бүкіл майданға шабуыл жасай бастады. Әскер саны мен қару-жарақ бойынша қарсыластарынан артықшылыққа ие болған олар бірнеше күннің ішінде Сарықамыш, Қағызман, Мерденекті қайтарып алып, Ығдырға жол тартты. Тағы бір айдан кейін Карс пен Александрополь құлады. Қыстың басында түріктер бірнеше орталық аудандарды қоспағанда, Армения аумағына иелік етті. Ойсырай жеңілген армяндар түріктермен татуласуға мәжбүр болды. Бұл Ереванға біраз жерін қайтарып алуға мүмкіндік берді. Дегенмен, армяндар қасиетті санайтын Арарат тауы Түркия аумағында қалып қойды.

Түріктерге грек қарулы күштері ғана лайықты қарсылық көрсетті. 1920-1921 жылдар аралығында гректер кемалшыларға бірнеше ауыр соққы жасап, Анкараға қарай жылжи берді. Грекияның бақылауына барлық батыс жағалаулар мен Кютахья, Афьон-Карахисар, Эскишехир сияқты ірі қалалар өтті. Константинополь әлі де одақтастардың бақылауында болды. Алайда, гректер жаңа түрік астанасына жақындаған кезде қиындықтар туып, сәттілік олардан теріс айналды. 1921 жылдың тамыз-қыркүйек айларындағы 22 күндік шайқастың нәтижесінде Мұстафа Кемалдың әскері грек әскерінің біраз бөлігін тізе бүктіріп, барлық майданда артықшылыққа ие болды. Оның үстіне гректер Кіші Азияда жеңіске жеткенімен, онда ұзақ билік құра алмас еді. Себебі, онда гректерді ата жауы санайтын миллиондаған халық тұрады.

Тағы бір жылдан кейін, 1922 жылдың жазында түрік әскерилері шабуылға көшті. Олар қарсыласын тас-талқан етті. Сонда гректер тым құрығанда Смирнаны бақылауында ұстап қалу үшін алғаш рет Ұлыбританиядан Түркиямен келісімге келуге көмектесуді сұрады. Алайда, Мұстафа Кемалдың әскері шабуылды тоқтатпады. Сол жылдың қыркүйегінде қолбасшы жергілікті грек халқына зиян келтірмеуге уәде беріп, салтанатты түрде қалаға кірді.

АЛТЫ
ҒАСЫР ӨМІР
СҮРГЕН
ИМПЕРИЯНЫҢ
АҚЫРЫ

Осы тұста Ұлыбритания Осман империясынан басып алған аймағын бақылауды сақтап қалуға соңғы әрекетін жасады. Патшалық өз отарларынан майданға көбірек әскер жіберуді сұрады. Сондай-ақ, кемалшыларға әскерді өзінің ықпал ету аймағына қайтару жөнінде ультиматум қойды. Алайда, Анкара Лондонның талабын орындаудан бас тартты. Өйткені, жетістіктерінен жігерленген Мұстафа Кемал орта жолда тоқтап қалмай, Стамбулға шабуылын қайта бастады. 1922 жылы 11 қазанда Британ империясы бітімгершілікті сұрауға мәжбүр болды және соғысты тоқтату туралы конференция ұйымдастыруға келісті. Бұл кезде ресми Осман үкіметі іс жүзінде биліктен толыққанды айырылған еді. Сұлтанның одақтастарының алдында да қадірі болмады. Содан 1922 жылы 16 қарашада ресми түрде әлі де билеуші болып саналған VI Мехмет Британ билігінен оны Константинопольден алып кетуді өтінді. 17 қарашада сұлтан «Малайя» әскери кемесімен империя астанасынан Мальтаға табан тіреді.

20 қарашада Антанта және басқа да Еуропа елдерінің өкілдері Лозаннада бейбітшілік конференциясына жиналды. Кемалшылар үкіметінің өкілдері келіссөздерге сұлтанның орнына империяның ресми өкілдері ретінде қатысты. Содан төрт жылға созылған Осман империясындағы қарулы қақтығыс пен азаматтық соғысқа нүкте қойылды. Сол күннен бастап әлемдік қауымдастық Түркия ұлы ұлттық жиналысының қызметін, Мұстафа Кемал билігінің заңдылығын ресми мойындады. Бұл Осман империясының бұрынғы күйінде келмеске кеткенін білдірді. Оның орнына жаңа мемлекет пайда болатынына әлем елдері күмән келтірмеді.

Осман империясының жерлерін Грекия мен Антанта елдері арасында бөліске салған Севр келісімінің күшін жоюға Мұстафа Кемал бастаған ұлтшылдар барын салды. Жарты жылға созылған айтыс-тартыстан кейін тараптар ортақ шешімге келді. Түріктер өзінің иелігінде болған Мысыр, Арабия, Сирия, Палестина және Таяу Шығыстың басқа аймақтарындағы жерлерден бас тартты, ал Грекия, Франция, Ұлыбритания елдері түріктердің құрлықтық жерлеріндегі егемендігін мойындауға мәжбүр болды. Мұстафа Кемал армяндар мен күрдтерге автономия беруден бас тартты. Оған Антанта елдері көнді. Босфор мен Дарданелл бұғаздары түріктердің меншігі болып қалды.

Лозанна бейбітшілік келісіміне қол қойылған 1923 жылғы 24 шілде күні  Осман империясының алты ғасырға созылған ғұмыры үзілді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Азаматтық соғыс аяқталған бірнеше айдан кейін, 1923 жылы 29 қазанда әлем картасында Түркия республикасы пайда болды. Ал, оның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал «Ататүрік» атымен тарихқа енді.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here