Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің сүйектері елге жеткізілді

0
188

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында ұрыс даласында қаза тапқан үш қазақстандық жауынгердің сүйектері арнайы авиабортпен Астанаға әкелінді. Жауынгерлердің сүйектерін қарсы алу рәсімі ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Орталық әскери оркестр музыканттары, Ту тобы және Құрмет қарауыл ротасы әскери қызметшілерінің қатысуымен өтті. Аталған рәсімге Қарулы Күштердің әскери қызметшілері мен ардагерлері, «Атамның аманаты» ҚБ, Мемлекеттік әскери-тарихи музейдің өкілдері, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері мен қаза тапқандардың туыстары қатысты. 

Іс-шараға Атырау, Жамбыл және Қызылорда облыстары әкімдіктерінің, қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің өкілдері де бейнеконференцбайланыс арқылы қосылды.

Қарулы күштер Бас штабының Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің бастығы генерал-майор Бауыржан Артықов қазақстандық жауынгерлердің сүйектерін іздеуге белсенді қатысқандардың барлығына алғысын білдірді.

– Ұлы Отан соғысы бүкіл Қазақстан халқы үшін үлкен сынақ болды. Майданға миллион 200 мың қазақстандық  аттанып, олардың 600 мыңнан астамы ұрыс даласында қаза тапты.

Қазақ жауынгерлерінің ерліктері қазіргі Отан қорғаушылар үшін өр рухтың, мызғымас батылдықтың, шынайы жанқиярлық пен Отанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі, – деді ол.

Ресейлік іздеушілер жұмысының нәтижесінде 80 жылдан аса уақыттан соң қызыл әскерлер – Силан Мәметов (1912 жылы туған, Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы), Қадірбек Дәулетқұлов (1922 жылы туған, Жамбыл облысы Меркі ауданының тумасы) және Кисым Әдиевтің (1911 жылы туған, Гурьев облысы Гурьев қаласының тумасы) сүйектері елге жетті.

– Ата-бабамыз бүгін ұрпақ бейбіт өмір сүру үшін соңғы демі қалғанша соғысты, әскери борыштарына адал болды, жеңіс күнін жақындатты. Сол кезеңдегі жауынгерлердің ерлігі қазақстандықтардың жадында мәңгі қалады. Олардың ерлік жолы кітаптарда, әндерде, ескерткіштерде, мемориалдарда, мұражай жәдігерлерінде жазылып қалды, есімдерімен көшелер аталады. Еш ұмытылған жоқ.  Іздеушілерге осындай асыл миссияны мұрат еткені үшін ризашылығымызды білдіреміз, – деп атап өтті «Атамның аманаты» ҚБ төрағасы Мұрат Молдағалиев.

144 атқыштар дивизиясының қызыл әскері Силан Мәметов 1941 жылы қаза тапты. Оның сүйектерін «Эхо войны» іздеу жасағы Мәскеу облысы, Рузск ауданы, Апальщино ауылының маңынан тапты. Қазақстандық жауынгер Қадірбек Дәулетқұловты Орлов облысы, Троснянск ауданы, Муравль ауылынан «Застава св. Ильи Муромца» жасағының іздеушілері тапты. 1942 жылы хабар-ошарсыз кеткен Кисым Әдиев Смоленск облысы, Темнинск ауданы, Батюшково ауылының жанындағы шатқалдан табылды.

Силан Мәметовтың туыстары табылмады. «Atamnyn Amanaty» ҚБ іздеушілері сарбаз Қисым Әдиевтің Атырау қаласында тұратын туыстарын тапты. Астанаға Жамбыл облысынан Қадірбек Дәулетқұловтың інісінен тараған шөбересі – Ернұр Наметқұл келді.

– Атам Қадірбек Дәулетқұлов 1941 жылы майданға аттанған екен. Өкінішке орай, отбасын құрмаған кезінде кетіпті. Осы жылдар ішінде атамды көп іздедік. Ол шекарашы болып, Курск доғасында қаза тапқаны анықталды. Бүкіл отбасымыздың атынан Қорғаныс министрлігінің басшылығына, барлық іздеушілерге, осындай аманатты абыроймен атқарып жүргендерге, ауқымды жұмыстары үшін зор алғысымды білдіргім келеді, – деді ол.

Іздеушілер сонымен қатар, қызыл әскер сарбаздарының құжаттары, каскалары, металл саптыаяқтары, сапер күректері, түймелер және өздеріне тиесілі жеке заттарын туыстарына берді.

Жауынгерлердің сүйектерін қайта жерлеу әскери құрметпен өздері туған өңірлерде өтеді. Сұрапыл соғыс даласында қазақ тапқандарды еске алу – бүгінгі ұрпақтың міндеті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here