Ауған соғысының жап-жас ардагері еді…

0
840
Мараттың ағасы Абай Байтоғаев және Мараттың әкесі Батырқан Бәлдікұлы студент кездеріндегі сурет

Соғыс деген жалғыз ауыз сөздің өзі өте суық естіледі емес пе. Ол туралы ауызға ала беруге де дәтің бара бермейді. Өйткені, біз соғыс зардабын көп тартқан әулет едік. Ұлы деп аталатын Ұлы Отан соғысында төрт ағам бірдей мерт болды. Солардың біреуінің ғана ізін таптық. Үлкен ағайым Қартпай Байтоғаев Қызылжар пединститутта ұстаздық етіп жүргенде соғыс басталысымен майданға өз еркімен аттанған. 1942 жылдың 2-ші қаңтарында Тула шайқасында қаза тапты деген қарақағаз келген. Қалған үш ағам: Айдарбек, Жарасқан, Қайырғали хат-хабарсыз жоқ болды. Қартпайдың басына баламды ертіп барып келдім. Туған жерінен бір уыс топырақ алып барып шаштым. Дұға оқыдым. Қолымнан келгені осы ғана болды. Осылар аздай енді мына бала – Марат Батырханұлы.

Бәлдіков Марат Батырқанұлы

Бір таңқаларлық жәй – Ауған соғысына аларда арнайы комиссия адамдары келіп, жастардың арасынан денелі, ер тұлғалыларын таңдап алса керек. Не деген қатыгездік! Сонда Марат мектепті жаңа бітірген 18 жастағы жасөспірім ғана болатын. Бұл жағдай ата-аналарын, жақын туған-туыстарын қатты шошындырды. Қазақ деген момын халықпыз ғой. Сонда мектепті жаңа ғана бітірген жап-жас баласын бірден соғысқа жібермейміз деп айта алмапты. Міндетті әскердің жөні бір басқа ғой. Олар оқытады, үйретеді. Иә, солай. Марат бірден осылай соғысқа кете барды. Соғыс деген өлім мен өмірдің жанкешті шайқасы емес пе және Ауған жерінің таулы, тасты, жықпыл-жықпылды жерлері көп. Жау әскерінің кез келген тасадан шыға келуіне өте оңтайлы болатын. Соның өзі үлкен қорқыныш туғызатын. Әйтеуір жалғыз емес. Жанында бірге барған жолдастары болды. Олар әрқашан күтпеген қиын жағдайлар болып қалуы мүмкін екенін анық білді. Сондықтан жастар тізе қосып бірге жүруге, бірге жүріп, күш көрсетуге машықтана бастады.

Бірде олар көлікте келе жатқан. Жаудың жаяу әскерлері жақын жерден бытырлатып оқ жаудыра бастады. Олар көлікті жылдамдата айдап қашып құтылмақшы болды. Дәл осы кезде ыңғайсыз бір жағдай бола қалды. Алда отырған партком секретары қорбаңдап келіп балалардың алдына жата қалсын. Үлкен кісі қайда тығыларын білмей қорыққанынан қолайлы орын таба қойған түрі. Балалар да оның үстінен жерге жығыла еңкейіп жан сақтауға тырысып бақты. Бірақ, осы бір оқиға өте ыңғайсыз және күлкілі болды. Жағдай қанша қорқынышты болғанымен жастар күлкілерін баса алмай қарқылдаса бір күлісіп алды. Енді қайтеміз. Қайткенде жансақтау керек емес пе. «Кешіріңдер, балалар, кешріңдер» деп партком секретары сасқалақтап жатыр. Бұл майдандағы жеңіл-желпі көрініс қана. Жауынгерлермен бірге тапсырыс алып, өте қауіпті деген  жеррлерге де барып жүрді. Мұндайда ең бастысы батылдық қажет. Алғашқы сәттерде аз-мұз үйренген соғыс техникасын да қолдану әдістерін пайдаланған болып жүрді. Бірақ, оның да үлкен жауапкершілік қолдану тәртіп ережелері баршылық. Осының бәрі жас жауынгерлерге оңайға соқпады. Оған қоса тұрмыстық, санитарлық жағдайлар да мәз болмады. Малярия сияқты эпидемиялық аурулар бой көрсетті. Бір-бір ауырып тұрды. Дегенмен, жастық жігер, Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілік, адами намыс оларды алға жетеледі. Біз мұнда не үшін келдік деген үлкен сұрақ тұрды алдарында. Жауынгерлер өздеріне міндеттелген тапсырмаларын абыроймен орындап жүрді. Әсіресе, соңғы сынақ, екі жылғы жұмыс қорытындылары нәтижелі болды. 1989 жылы ақпан айында кеңес әскері Ауғанстаннан шығарылатын болды. Осы жылдың мамыр айында біздің Марат та аман-есен елге оралды.

Балаларын аман-есен көрген ата-аналары мен туған-туыстары да шексіз қуанышқа бөленді. Бір-екі ай демалыстан кейін Марат Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орнына сырттай оқуға түсті. Зауытта жұмыс істеп пәтер алды. Ауылдағы зейнетке шыққан ата-аналарының қалауымен Арқалық қаласына келіп Кеден комитетіне жұмысқа тұрады. Алған пәтерін үлкейтіп ата-аналарын өз қолына көшіріп алады. Сөйтіп, Маратымыз үлкен қара шаңыраққа ие болды. Әкесі Маратты ерекше жақсы көретін. Оны еркелетіп үнемі «Жампон Марат» деп атаушы еді. Әкесі Батыр ағаң (Батырхан Бәлдікұлы) өмір бойы тарих пәнінен ұстаздық еткен бұл атаудың кім екенін жақсы білген. Бейбіт күннің қуаныштарына не жетсін! Марат көп ұзамай үйленіп ата-анасына үлкен қаныш сыйлады. Көп ұзамай қуаныш қуанышқа, той тойға ұласып, өмірге балалар келе бастады. Үлкен шаңырақ үбірлі-шүбірлі бақытты отбасына айналды. Бұдан артық қуаныш, бұдан артық бақыт бар  ма! Шіркін, өмір осылай жалғаса берсе ғой!

Мараттың бауырлары: Нұрлан, Нұржан, Қанат, Жанат, Жанар Бәлдіковтер

Ең алдымен үлкендер кетті өмірден. Жасы жеткен қарияларға бұл заңды құбылыс деп жатамыз. Ата-аналар көбіне жастар аман болсын деп тілейміз. Бірақ, ә, бірақ… Арман, тлектің бәрі орындала бере ме.

Жастайынан соғыстағы қорқынышты сәттерді, аянышты адам өлімін көріп жүрегі шәйілді ме екен? Жүрегі сыр бере бастады. Марат алғаш рет инфаркт алды. Бұл, әрине, қауіпті дерт қой. Ауруханаға жатып та емделді. Бірақ, бұл ауруға өте сақтық, үнемі дәрігердің қарауында болу керек еді. Өмірдің өзі де бір өкініш, бір үміттен тұрады білем.

Балалары ер жетіп, өмірдің қызығын енді, енді көре бастағанда, 50-ден жаңа асар-аспас шағында апталдай азаматымыздан айырылып қалдық…

Жетіліп, жетілмеген бала-шаға артында папалап шулап қалды. Туған-туыс, бауырлары да қайғыдан зар иледі. Қысқа өмірін мәз етіп, жолдас-жора жалпы адам баласына жақын болып өткен абыройлы өмірі енді естелік болып қалды. Сол қысқа өмірін босқа өткізбегені ғой. Бүкіл Арқалық болып, қош айтысып шығарып салды.

Ханзипа КӘКІМЖАНОВА

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here