Үндітанудың өзекті мәселелері сөз болды

0
355

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетіндегі хинди бөлімінің ашылғанына 25 жыл толуына арналған  «Үндістан және Еуразия елдеріндегі үндітану зерттеулерінің бүгіні мен келешегі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Білім ордасының 90 жылдығы аясында ұйымдастырылған іс-шараны  ҚазҰУ мен Үндістанның Қазақстандағы елшілігі бірлесіп өткізді.

Халықаралық конференцияға ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Үндістанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Нагендра Прасад, Үндістан үкіметі Сыртқы істер министрлігінің ресми тіл және үнді тілдері, аударма бөлімінің бірлескен хатшысы Шри Равиндра Джайсвал қатысты.

Сондай-ақ конференцияға Үндістан премьер-министрі жанындағы Орталық хинди комитетінің мүшесі, профессор Ярлагадда Лакшми Прасад, Орталық хинди институтының директоры Бабурао Кулкарни, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь елдерінен келген хинди тілінің оқытушылары, ғалымдар мен сарапшылар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы жиналды.

Шараны ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, Қазақстан мен Үндістан арасындағы ынтымақтастықтың артып отырғанын ерекше атап өтті.

«Қазақстан мен Үндістан арасында 1992 жылы 22 ақпаннан бастап дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Бүгінде екі мемлекет арасында ғылым, білім, мәдениет саласында, IT және инженерлік мамандар даярлау бағытында жаңа байланыстар орнатылуда. ҚазҰУ Үндістанның тоғыз университетімен және ғылыми  ұйымдарымен байланыс орнатқан. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үндітану саласы бар жалғыз отандық университет. Шығыстану факультетіндегі хинди тілі бөлімі 1998 жылы қыркүйекте ашылды. Содан бері 200-ге жуық үндітанушы мамандар білім алып, бүгінде еліміздің түрлі салаларында жұмыс істеп жатыр. Қазақ-хинди және хинди-қазақ сөздігі, үнді әдебиеті бойынша лекциялар курсы, хинди тілін оқыту әдістемесі әзірленді. ҚазҰУ-да хинди тілі бөлімінің студенттеріне кәсіби білім алуға барлық мүмкіндіктер жасалған», – деді ректор.

Өз кезегінде Үндістанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Нагендра Прасад әлемде хинди тіліне деген қызығушылық күннен-күнге артып келе жатқанын жеткізді.

«Халықаралық шараны тұңғыш рет өткізіп отырған оқу ордасының басшылығы мен ұжымына зор ризашылығымды білдіремін. Хинди тілі ағылшын және қытай тілдерінен кейінгі дүниежүзінде көп қолданылатын тілдердің бірі. 600 млн-нан астам адам осы тілде сөйлейді. Сондықтан қазіргі таңда хинди тілін үйренгісі келетін адамдардың саны артып келе жатқаны бізді қуантады», – дейді елші.

Конференция барысында Шри Равиндра Джайсвал: «Қазақша-хинди және хинди-қазақ сөздігін шығару бастамасын ҚазҰУ ғалымдары көтерген болатын. 2016 жылы аталған сөздік жарыққа шықты. Бұл жинақ екі тілдің дамуына өз үлесін қосып келеді. Қазақ тілі мен хинди тіліне ортақ 200-ден астам сөз бар екен. Бұл екі мемлекеттің жақын екенін көрсетеді», – деп атап өтті.

Іс-шарада Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь елдерінен келген сарапшылар мен ғалымдар баяндама жасап, Орталық Азияда жүріп жатқан үндітану зерттеулерінің жұмысы туралы айтты.

Конференция жұмысы секцияларда жалғасты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here