Дүниеге Бердібекті берген өлке

0
935

Иә, біз, қазақ балалар әдебиетінің көрнекті жазушысы Бердібек Соқпақбаев ағамыз туып-өскен Аспантаулар өлкесінде тұрамыз. Айналасын асқақ та әсем таулар қоршаған ғажайып мекен. Күндіз самсаған қарағайы, өсімдік әлемі, түн ішінде жұлдыздары жамыраған өңір. Қырқа-қырқа, сай-саласынан тұп-тұнық бұлақтары сыңғырлап, неше түрлі құстары жүз түрлі үнімен жыр-жырлаған қасиетті жер. Райымбектей батыр бабамыз жауларын түре қуып, қыр асырған, бабаларымыздың, асыл даналарымыздың ақ тілек, ақ бата, аманаттарымен түрі ашылған өлке. Мұқағали жырына қосқан «Айналайын, ата мекен, ақ мекеннің» үсті де, асты да байлығына толы.

Қайнар атты ауылдың тұсынан, Сүмбенің төрінен, Тұзкөл мен Жабырдың қырқаларынан көзге асқақтай көрінетін Тәңір Тауы – Хантәңірі шыңы сол қалпында. Зеңгір көкке найзадай шаншылған, тұла-бойын түгел мәңгілік мұз басқан заңғар шың айналасына кербездене көрік береді. Етегіне неше түрлі гүл мен өсімдік әлемін толтырған асқақ шың айналасына жайлап қана көз тастап, тау-тауларында, әсем аңғарларында өмір сүріп жүрген барша жамағатқа рух беріп, дем беріп тұрады.

Бердібек Соқпақбаев – ХХ ғасырда қазақ әдебиетін Хантәңіріндей биігіне көтерген қарымы бөлек қаламгер. Өзі өмір сүрген ортаның кезең-келбетін көз алдыға келтіре кескіндеген, заманның шындығын жүрек сыздата суреттеген, сол бір уақыт, сол бір күндердегі ел өмірін мөлдірете, жан-жүректі елжірете мүсіндеген алғыр ойлы, қайсар мінезді, қайтпас рухты шоқтығы биік тұлға.

Тарихтың тозбасындай, шындықтың өлмейтініндей, Бердібек Соқпақбаевтың бүкіл шығармалары сан мыңдаған, миллиондаған оқырманының жүрегіне жылы жазылып, өшпестей сақталып, жатталып қалды. Өлмес туындыларымен Мәңгілік Елдің көгінде жарық жұлдыздай жарқырап тұратын сондайлық ыстық бейне, қымбат жүз, құрметті есім!

* * *

Бердібек туралы айтылып, жазылып жатқан дүниелер аз емес. Бұл солай болуы керек те, солай бола береді де. Күндермен көркейе, жылдармен жаңғыра түсер, молығып-толыға түсер Бердібектану әлемінің болашаққа қарай арнасын сала берері хақ.

«Анда-санда Жазушылар Одағына келіп-кеткені болмаса, уақытын Кеңсайдағы саяжайында өткізетін Бекеңнің тірлігін түсіну қиын еді.

– Неге жазбайсыз? Үндемей кеттіңіз ғой, – дейтінмін.

– Өтірік айтуға арым бармайды. Ал шындықты айтсақ, ешкім баспайды. Егер жазар болсам, Кеңес өкіметінің құрылуын адамзат тарихының үлкен қатесі ретінде көрсетер едім, – дейтін ол. Ол уақытта мұндай сөз айту түгіл, жүрек шімірікпей тыңдаудың өзі оңай болмайтын. Үйреніп қалған әдетке бағып, Кеңес үкіметінің жақсылықтарын айтып, әңгіме өрбітсең, Бекең шамданып қалатын.

– Осы айтқандарыңды өзің жаз. Шындығы жоқ кітапты ешкім оқымайды. Халыққа қаны сорғалаған шындық керек, – дейтін ол.

Бекеңнің сөзінің ақиқаттығын өмір дәлелдеді. Оқа тағып, шекпен киген талай шығарма уақыт сынына шыдай алмай, ескіріп қалды, – деп жазады Баққожа Мұқай «Жеңілістерден тұратын жеңіс» атты естелігінде.

Академик Рымғали Нұрғали Соқпақбаев туралы «Суреткер мінезі» атты естелігінде Бердібектің өз аузымен айтқан әңгімелерін, басынан кешкендерін де тебіренбей, толқымай оқу мүмкін емес. Онда Бердібектің кезінде Балғабек, Сейдахмет, Тұманбай секілді ақын-жазушылармен күтпеген жағдайда заманымыздың заңғар тұлғасы, қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туған күнінде қара шаңырағында болғаны баян етіледі. Жұрттың көзінше Димекең бай кітапханасына әлсін-әлсін қарап, назары ауа берген Бердібекке сонда тұрған, Парижге барған сапарында өзіне сыйға тартылған француз тілінде жарық көрген «Менің атым Қожа» атты кітабын көрсетіп, арқасынан қаққаны оған ерекше әсер етеді.

«Димекең анда-санда тұрып, жеке адамдардың қасына барып, иығына қол салып, еркелеткендей етіп, жылы сөз айтатын мінезі бар екен. Бір кезде жазушылар отырған жерге қарай жүрді. Мен ойлап отырмын: қызмет бабы жоғары Балғабекке, не атын күнде аузынан тастамайтын Сейдахметке, не жаңа ғана қатырып жазылған арнау өлеңін нәшіне келтіріп оқыған Тұманбайға тоқталатын шығар деп. Біреуі де болмады. Екі қолын екі иығыма салды. Алақандары ауыр әрі ыстық екен. Сөйлей бастады.

– Бүгінгі менің мынау туған күнге жайған дастарханымдағы ең үлкен адам – Бердібек. Тіпті анық шындықты айтсам, жазушы баласында қазақта Әуезовтен кейін осы үйді көрген ең үлкен жазушы – Бердібек», – деген екен Димекең. Қалай десек те, Бердібектің өз айтқандарын сол қалпында қағазға түсірген академик ағамыздың естелігіне, Бердібекке өз көзінше шынайы бағасын беріп кеткен Дінмұхамед Қонаевтай ақиық ақсақалымыз, қадірі биік асқақ тұлғамыз үшін қуанып, бір көтеріліп қалғандай боласың.

Бердібек ағамыз Сүмбе мен Сарыбастау ауылдарында, одан кейін Нарынқол ауылында білім алды. Институтты бітірген соң еңбек жолын осы ауылда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боп бастаған. 1994 жылы жазушының 70 жылдығы тұсында осы білім ордасына қаламгердің есімі беріліп, есігінің алдына кішкентай болса да тас мүсіні орнатылған болатын. 80 жылдығында мектептің үшінші қабатынан жазушының мұражайы ашылды. Биыл көрнекті жазушының 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланбақ.

* * *

Бердібек ағамыз туған жерін, таулы өлкесін жанындай жақсы көрген. Көзіне ыстық, жүрегіне жақын өңірін өлмес шығармаларына арқау еткен. Табиғатының төрт мезгілін де ұнатқан, асыға күткен, сағынған. Таулы өңірдің мың түрлі шөбі, жүз түрлі гүлімен түстеп, санауға саусағың жете бермес тал-терек, ағаш, өсімдік әлемінің неше түрлі түске, сан бояққа малынған алтын да жарқын күзінде іңгәлап өмір есігін ашыпты. Айналаны алтын арайы, жалқын нұрына бөлер, диқанның маңдай теріндей дала төсі де өнімін төгілтіп тастар күз айында дүниеге келген Бердібек те шыңдарындай асқақ дарынымен, ағынды, арынды тау өзендеріндей қарымымен, қаламының нәрімен, бұлақтай тұнық ойының әрімен, ізгілікке үндеген кәусар дәнімен қалың қазағына, қара ормандай оқырманына дәл күздің берекелі сыйындай рухани азығын тастап кетті.

Тау-дала, өзен-көл бәрі – бәрі орнында. Тек қана алтын күз сыйлаған Бердібек ағамыз жоқ. Анау шап-шағын жұпыны ғана «Менің Қостөбем» дейтін Қостөбедей ауылы, «Менің Текесім» дейтін немесе «Текестің суы арық емес пе, Бердібек балық емес пе?!» деген сөзге арқау болып иіріле аққан Текес өзені, Нарынқол мен Ақбұлақтың өңірі, сонау көз ұшындағы Сүмбе мен Қызыл Шекараның атырабы, жатаған таудың арғы жағындағы Сарыбастаудың жерлері бәрі-бәрі өткен ғасырда төсін емген, гүлін терген, бұлағына бас қойған, қөк құрағына армансыз аунаған, жемісін теріп жеген Бердібектей перзентін сағына іздейтіндей. Анау бозқарағаны, тобылғысы, көк шыбығы, селдіреп қалған ақ шилері үнге үн қосатындай. Әйгілі Шалкөденің жайлауы, Елшенбүйрек, Айғайтас, Шакрамбал, Есекартқан, Шоқан асқан, Ойқарағай, Жабырдың алабы, атырабы, мынау Хантәңірі шыңы жақтағы Байынқол, Үш Қақпақ, Ақ көл, Қара көл, Сырт өңірі бәрі-бәрі алтын күздің сәні-салтанатымен түрлене түседі. Сан бояқ көз қуанта, жан баурай, көңіл еліктіре, жүректі ынтықтыра құшағына тарта түседі. Сылдырай сыңғырлаған сан мың бал бұлақтарынан әсем ән, сары, қызыл, сия түсті жапырақтардан жауһар жыр төгіліп түсердей. Таулы өлкенің керім түндерінде самсаған қарағайлардың арасынан бұлақтардың бетіне сәулесін түсіре ай қиылған сәттер тамаша күй толқытатындай.

Сүмбеге қарай бағыт алар үлкен жолдың Текес өзенінен өткеннен кейінгі екі жағына орналаса қалған Қостөбедей жазушының ауылынан арлы-берлі өткенде бір толқып өтем. Қаламгердің бейнесі көз алдымызға келіп, тебіреніп кетем. Мынау Қостөбенің жері, өңірі, мемлекеттік шекараның шетіндегі ғажайып сырлы да нулы, сулы өлке шын мәнінде Бердібектей адал перзентін, дара ұлын сағына іздеп тұрғандай көрініп кетеді маған. Мынау аймақ, көсілген таулы атырап Бердібек жанымен жазған Қожасын іздеп, сағынып, шөліркеп тұрғандай…

Бердібек туған аудан, өз тұсындағы Нарынқол ауданы, халықтың талап-тілегімен, жүрек қалауымен ел ұраны болған Райымбектей батыр бабамыздың атын иеленген таулы өлке бұрынғы Кеген ауданы өңірімен, Жалаңаш аймағымен іргесін кеңіткен. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі ел басына түскен нарыққа бейімделген өтпелі заман ауыртпалығында қаламгер тұрған өлкенің қара ормандай халқы қала маңын жағалап, қоныс аударды.

Қазір бұл өңірде жаңа салынып жатқан үй тым аз, иелері көшіп, түн мезгілінде құлази қарауытып көрінер бос тұрған шаңырақтарға толы. Бердібек туған өлкенің халқы сиреген. Жетпіс мыңның ар жақ бер жағын құрайтын ағайын қалды. Тұрақтап қалар жастары болмаса, Қостөбедей ауылдың да келешегі бұлдыр. Күштеп апарып онда кімді тұрғызасың. «Балалық шаққа саяхат» атты кітабында «Менің Қостөбем» деп жазғанындай, қаламгердің шағын мекенінде Кеңестер Одағы тұсынан тұрып қалған, егде адамдары бар бірлі-жарым отбасылар әлі де түтіндерін түтетуде. 40 отбасы, 200-дей жан тұрады. Үш мұғалімі, оншақты оқушысы бар бастауыш мектеп, шағын дәрігерлік шаңырақ көңілге демеу.

Рас, Бердібек жоқшылық алқымнан қысқан ауыр жылдарда, қиын заманда өмірге келді. Жарытып тамақ ішпеді, бүтін киім кимеді. Ауыр күндерде балалық шағын өткізді. Кейін сол көзін ашқаннан көрген қиындығын, өмірдің шындығын, заманның бет-бейнесін сол қалпында ақ қағазға түсірді. Оның бәрі «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» секілді өлмес туынды болып халқының қолына тиді. Қалың оқырманының жүрегіне жатталып қалды.

* * *

Ал, Тәуелсіздік құшағындағы бүгінгі күнгі таулы өлкеде жұмақ өмір іспетті. Баршылық, аста-төк тоқшылық. Ерінбей еңбек еткеннің қазаны қайнаған, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманның өзі. Тек адамдардан мейір мен пейіл кетпесе екен дейсің. Байлық пен барлықтан қанағат пен рақымды кері ысырып қояр пенделер болмаса екен дейсің. Бердібектің бала кезінде иіріле аққан Текес өзенінің жағасы ну орман, тал-терек, жасыл желек, арасынан атты адам көрінбес ши болғаны даусыз. Сол орман қазір сиреген. Киелі қоныстарын тастап, қала маңын жағалаған халқына деген өкпе-наласындай ма деп ойлайсың, қысы қалың қарсыз болмайтын, басына бұлт үйірілсе ақ қоя беретін тау өлкенің қабаға қатулы сынды. Қар аз түсетін болды. Жаңбыры төгіліп апталап жауар ақ жаңбырын сағынатын болды мұндағы ел мен жұрт. Құрғақшылық деген қуырып бара жатқандай. Биылғы көктем мен жаз маусымында кейбір тау өзендерінің мүлде азайып, бірсыпыра уақыт арнасын бос қалдырғаны да көңілдерді алаңдатпай қойған жоқ. Табиғаттың түрлі сынына төселген байырғы халық бәріне көндіккен, ертеңдерінен үміт күте таңдарын қарсы алуда.

Рас, Бердібек Соқпақбаевтың ел жүрегіне ұялап қалған «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді», «Қайдасың, Гауһар?!», «Бозтөбеде бір үй бар», «Ақбоз ат», «Жекпе-жек», «Он алты жасар чемпион» атты туындыларының салмағы бір бөлек болса, өз алдына жеке дара кітапқа да, киноға да арқау болған «Менің атым Қожаның» орны бір бөлек, дара да асқақ шың іспетті.

Дәл осы Бердібектің 90 жылдық мерейтойында оған куә болған ел мен жұрттың ортасында сол «Менің атым Қожа» кинофильміндегі Қожа бірге жүрді. Қожаның рөлін сомдаған Нұрлан Сегізбаев көзімізге сондайлық ыстық көрінді. Ол көппен бірге Бердібектің мектебін, мұражайын аралады. Ол «Менің атым Қожа» атты шығармасымен қазақ балалар әдебиетінің классикалық туындысын өмірге әкелген, Қожадай ұмытылмас ауыл баласының бейнесін сомдаған, сол атты киноның өмірге келуіне және ол фильмнің әлі де сахна төрінен түспей келе жатқанына дәнекер болған Соқпақбаевтай алып жазушымен мақтанатынын, оны қатты құрметтейтінін, жүрегінің төрінде сақтап жүргенін қуана әңгімеледі.

Болашаққа мәңгілік естелік болып қалар осы дүниелер көз қуанышымыз, жан жұбанышымыз. 23 ауылдық округ, 54 елдімекенді және осынша білім шаңырақтарын құрайтын таулы ауданда Бердібектанудың да жаңа қырынан, өміршең тағылымымен бастау алары белгілі. Бұл жас ұрпақ, ел келешегі болар өсер ұрпақ үшін керек.

Біз әрдайым Бердібектанудың береріне сенеміз. Бердібектің жаны адал да пәк, көңілі кіршіксіз, ойы сәл ғана бұзықтау бірақ, айналасындағыларға жайдары күлкі, тамаша сәт сыйлағысы келетін Қожа сынды кейіпкерлері, ауылдың қарадомалақтары әр мектепте өсіп келе жатқаны да шындық. Сондай Қожалардан Тәуелсіз Отанымыздың тілеуі мен тірегі болар азаматтардың шығарына сенесің. Әрбір білім ордасында сезімі гүл, көңілі нұр, сергек те сезімтал, білім қуған, қазақи қалпындағы Жанардай қыздарымыздың да бойжетіп келе жатқаны даусыз. Соған шүбәсіз сенесің. Сондай қыздарымыз бар да ұрпақ азып-тозбайды.

Бердібек пен Мұқағалиды, Баққожа мен Сағатты, Еркінді дүниеге әкелген, сап түзеген қарағайлары көрік берген, тауларына қонақтаған ақша бұлттары ажарын ашқан, асқар шыңдары мерейі мен мәртебесін көтерген қастерлі де қасиетті өлке, батыр әрі дана, көсем де шешен бабаларымыздың көзі мен өзіндей байтақ жер болашаққа бет түзеген ғасырлардың көшінде бір ауыл, бір өңір ғана емес иісі қазақтың мақтанышына, ұлтының ұлағатына айналған шоқ жұлдыздарындай талай-талай талантты ұлдары мен қыздарына жерік болары, өмірге әкелері хақ. Соған үміт артасың. Ардақты елі, қымбатты жері бар да, өнерді биік қойған халқы барда Бердібектің бейнесі жарық жұлдыздай жарқырап, рухани мұрасы мәңгілік жасай береді. Соған қуанамыз.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here