Елтаңба – компания логотипі немесе естелік белгісі емес

0
1005

Әр елдің өзіндік болмыс-бітімін танытатын мемлекеттік рәміздері болады. Сол рәміздердің ішінде Елтаңбаның мазмұны таразының ең басында тұратыны секілді біздің – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің маңызы, ондағы элементтердің қандай мағына беретіндігі жайында өз кезегінде біраз ақпараттар айтылып, баспасөз беттерінде жарияланды. Ал осы Елтаңбамызға қатысты тақырыпқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында арнайы тоқталды. Тіпті Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланатынын мәлімдеді және оның бірнеше себептерін түсіндіріп өтті. 

«Ұлттық бірегейлігіміз мемлекеттік рәміздерде айқын көрініс тапқан. Мен былтыр аймақтардың нышанын, яғни символикасын жүйелеп, бірыңғай стандартқа келтіру қажеттігін айттым. Нышандардан сол өңірдің ерекшелігімен қатар, еліміздің болмыс-бітімі де байқалуға тиіс. Қазір бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылуда. Бұған мамандар, сарапшылар және белсенді азаматтар атсалысуда. Сонымен қатар, олар Мемлекеттік нышандарымызды түгел жаңғырту туралы пікір айтып жатқанын білемін», – деген Мемлекет басшысы бұл пікіріне одан әрі тереңірек тоқтала отырып, Әнұран туралы былай дейді:  

«Қазақтың әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, Әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан. Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бейжай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек».

Сонымен

Президент ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құрылатынын, комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізетінін, сөйтіп жаңа Елтаңба жобасына кірісуге болатынын жеткізді.

* * *

Десе де, қазіргі қолданыстағы Елтаңбада саяси астар немесе күш көрсету белгілері жоқ. Мұнда қазақ халқының ғасырлар қойнауына кететін бай тарихы, қалыптасқан әдет-ғұрпы, төл мәдениеті және өзіне тән бостандық сүйгіштік, кеңпейілділік, қонақжайлылық қасиеттері паш етіледі. Және тәуелсіз елімізді мекендеген қазақ ұлты мен түрлі этнос өкілдері ынтымағының, тұтасқан рухани бірлігінің белгісі көрсетілген.

Елтаңбаның туу тарихы жөнінде Елтаңба авторларының бірі – Шот-Аман Уәлиханның айтуынша, 1991 жылы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіровке алғаш ғарышқа ұшарында шаңырақ пен қанат бейнеленген белгіні қолына ұстатқан. Бір қанатта «Тоқтар», екінші қанатта «Талғат» деген жазу болған. Ол бұл тұста «Екеуің – халқымыздың екі қанатысыңдар» дегенді айтқысы келген. Ғарыштың таңбасына айналған белгі кейін толықтырылып, 1992 жылдың басында мемлекеттік рәміздер конкурсы жарияланып, сонда ұсынылады. Жалпы сол кезеңде аталған бұл ауқымды конкурсқа 245 жоба ұсынылған екен.

Елтаңба авторлары Шот-Аман Уәлихан мен Жандарбек Мәлібеков бір-бірін танымаса да, олардың жасаған Елтаңба нұсқаларында қатты ұқсастық байқалған және екеуі де қазақ халқының тарихына, ұлт мәдениеті мен салт-дәстүріне баса мән беріп, тарихи фактілерге жүгінген. Соңында екі автордың да жұмыстары мәреден өтеді.

Елтаңбаны талқылау барысында «Жұлдыз – Кеңес заманының символы» деп айтқандар да болған. Сонда бұрынғы Президентіміз Н.Ә.Назарбаев: «Елтаңбадағы бес жұлдызға советтік жүйе қалдығы деп қарауға болмайды. Жұлдыз советтік заманнан да бұрын болған. Қазақта «жұлдызың биік болсын» дейді. Біз тәуелсіздігімізді жаңадан алған мемлекетпіз. Біздің өз жолымыз, өз жұлдызымыз болуы керек», – деп «жұлдыздың кеңестік билікке де, дінге де қатысы жоқ» екенін мәлімдеген.

Елтаңбамыз шеңбер түрінде бейнеленген. Шеңбер – шексіздіктің, тіршіліктің нышаны. Ұлтымызда «Ер – шаңырақ, ел – уық» деген сөз бар. Мемлекеттік Елтаңбадағы басты элемент – киіз үй. Қазақ танымында жастар үйленіп, отау құрған сәтте «үй ішінен үй тігеді» дейді. Яғни, оларға өз бетінше өмір сүру үшін киіз үй сыйға тартатын болған. Бұл жерде Елтаңбаға қатысты шығатын негізгі мән – шаңырағымыз КСРО-дан бөлініп шыққан Тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы.

Көгілдір түс бетінде «Шаңырақ», «Кереге», «Босаға» орналастырылған. Автор «Шаңырағың биік болсын, керегең кең болсын, босағаң берік болсын!» деген қанатты сөздермен ұштастырған. Шаңырақ та, кереге де, босаға да елдіктің нышанын білдіреді. Шаңырақ қашанда ел тұтастығын, отбасы бірлігін білдіреді. «Қара шаңырақ», «шаңырақ құрды» сынды тіркестер де барын білеміз. Ал кереге еліміздің іргесі берік болсын деген мағынада қойылған.

Шаңырақтың екі жағынан екі сақина арқылы түскен қос желбау бейнеленген. Қазақ танымында қатты жел кезінде киіз үйді нығайту үшін желбауға ауыр заттар байланады. Негізінде киіз үйдің ішінде желбау ілініп тұруы керек, бірақ Ж.Мәлібеков Елтаңбада «табалдырықты» нығайту үшін оны сыртқа шығарған. Уықтар шаңырақты ұстап тұрады, автор бұның біздің елімізде тұрып жатқан түрлі ұлттар екенін айтады. «Шаңырақтың мықтылығы – уығынан» деген сөз бар. Түптеп келгенде, бірліктің, ынтымақтың нышанын білдіреді.

Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына тұлпар бейнеленген. Яғни,  аттың мүйізінде ұлтымыздың дәстүрі көрініс тапқан. Мүйіздер жеті бөлікке бөлінген. Бұл – «жеті ата» дегенді білдіреді. Көп жерлерде Елтаңбада «қанатты тұлпар» бейнеленген дегенді Ж.Мәлібеков жоққа шығарады. Елтаңбадағы қанат деп ойлап жүргеніміз тұлпардың үлкен, орта және кіші сілтемелері екенін, олар бірігіп, ер-тоқымға енетіндігін айтады. Яғни, бұл үш жүз арасындағы бірігушілікті, келісімді білдіретіндігін алға тартады. Ал, рәміздің алтын түстес болуын, бұл байлықтың, кеңпейілділіктің және әділдіктің белгісі екенін айтады. Бұдан бөлек, Елтаңбада ашық аспанды, бейбітшілікті, берекені айғақтайтын көгілдір Тудың да түсі бар.

* * *

«Жаңа адамдар» жастар қозғалысы Мемлекетіміздің Елтаңбаны ауыстыру туралы ұсыныс жасады. Бұл қозғалыстың мәлімдеуінше, бір тарихпен, бір дәстүрмен өмір сүретін халықтарды әрқашан ортақ рәміздер біріктірген. Қазақстандықтар үшін еліміздің Елтаңбасы осындай рәмізге айналды.

«Елтаңба – компания логотипі немесе естелік белгісі емес. Елтаңба – ол терең ұғым. Тұнған тарих. Қазақстан – қазіргі заман талаптарына сай алға үлкен мақсаттар қойып, жаңа белестерді бағындыру жолында. Біз, Жаңа адамдар, жауапкершілігі зор мақсаттарға бет алған жас мемлекетке тың көзқарастағы жаңа рәміздің керек екенін сенімділікпен жеткізгіміз келеді. Жаңа Елтаңба – жаһандық өзгерістер орын алған шақта біздің мемлекетіміздің нақты орны қайда екеніне жауап беруі керек», –  дейді жастар қозғалысындағы жастар.

Сөзімді түйіндей келе, әр қазақ азаматы рәміздеріміздің мәні мен мағынасын, тарихын білуге және Елтаңбамыздағы әр элементке тән құндылықтарымызды сақтай білу міндетіміз екенін ұғынуы тиіс.

Ұлттық құндылығымызды, тарихымызды ұмытпайық!

Руслан ХАМЗА,
Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі
Ұлттық орталығының атқарушы директоры.

Атырау қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here