Мұстафа Өзтүрік пен Қайрат Рысқұлбековтың өміріне араша бола алмадық…

0
1371

Мұстафа Қабенұлы Әбдірахман Өзтүрік 1954 жылы 23 қарашада дүние есігін ашқан. Әкесі Қабен түрік жерінде палуандармен белдесіп, өзінің жауырыны ешқашан жер иіскемеген екен. Найман тайпасының Байжігіт руынан. Кезінде Стамбулдағы орта мектепті тәмәмдаған. Шындығын айтқанда, Мұстафаның Анадолы жұртынан ат арылтып келгеніне таңқала отыра, әрі қызығатынмын. Тәуелсіз Отанына шығыс жекпе-жегі өнерін үйретуді мақсат тұта келгені баршамызға белгілі еді…

Мұстафаның өзі шет жұртта оқып, білімін ұштай жүріп таэквондомен айналысып, 6-дан иегері атанғаны да жастарымызға үлгі тұтарлық айырықша  қасиет деп айта аламын. Халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы мансабын да иеленген.

1995 жылы 15 наурызда Мұстафа бауырымыз жұмбақ жағдайда қайтыс болғанда, оның денесін Анадолы жұртына алып кетпекші болған анасы Рәзия Мұстафаның сүйікті жарымен келгені еміс-еміс есімде сақталыпты. Сонда анасы көз жасын көлдете тұрып: «Баламның туған атажұрты – Отанына келіп ажал құшады деп ешқашан ойламап едік», – дегені жадымда сақталып қалыпты. Ал, Мұстафа Өзтүріктің досы Мамет Дамирдің түсінігінше, біреулер оны тамақпен улаған… Сол кезеңде Мұстафа сайлау науқанына араласып, белсенділік танытқаны рас болатын. Мұстафа 1995 жылы 11 наурыз күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатқан кикбоксшылардың жарысын тамашалауға арнайы «құйтырқы-айлалы шақыртумен» барады. Жарыс аяқталғаннан кейін Мұстафа өзін жайсыз сезініп, дәрігер шақыртады. Өкінішке қарай, ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталық клиникалық ауруханасында Мұстафа Қабенұлы қайтыс болды.

2000 жылы Алматы қаласында Обручев көшесінде Мұстафаға ескерткіш тұрғызылды. Ал, 2004 жылы Талғар ауданының Бесағаш ауылында Қайыр Мейірбеков деген азамат жеке қаражатына ескерткішті қазақтың біртуар ұлына сыйлайды.

Ал, өр рухты Қайраттың ашына да ышқына айтқаны:

«Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
Еркек тоқты құрбандық,
Атам десең, атыңдар!» – деген жанайқайы тұла бойыңды шымырлатпай қоймайды. Сол бір, ел мүддесі жолындағы көтеріліске мыңдаған қазақ жастары шықса да, бәрінен шоқтығы биік тұратын да, есімі жиі ауызға ілігетіні де Қайраттың болуы. Қайраттың да, Мұстафаның да қыршын ғұмырларына жауызды қаскөйлі-қастандық жасалғаны айдан анық.

Жағымпаз жандайшаптарының ықпалымен Қайрат 1988 жылы 28 мамырда қайтыс болғанда, оның туыстарын Семейге жібертпесе де, дейтұрғанменен бірнеше мәрте қажымай-талмай шапқылауымның нәтижесінде, оның өміріне қастандық жасалғандығын анықтауға қол жеткіздім.

Коммунар Тәбейдің «Қайсар рухты қазақ» деген кітабының соңғы бетінде Қайраттың құнын даулапты. Ол сол кітапта «Атамыз қазақ ежелден-ақ азаматы шейіт болса, құн сұрайтын дәстүр болған. Тіпті, әріге бармай-ақ, 1680 жылдан 1718 жылға дейін билік құрған, қара қылды қақ жарар әділдігімен тарихта есімі қалған Әз-Тәукенің «Жеті жарғысындағы» мына жолдарға назар аударып көрелік: «Қанға қан алу, яғни біреудің кісісі өлтірілсе, оған ердің құнын төлеу, ер адамға – 1 000 қой, әйелге – 500 қой беру парыз…» – дей келе, өзінше долбар жасап, Қайраттың құнын 50 миллион сом деп түйген.

1993 жылы 20 шілдеде Жоғарғы сотқа Қайраттың анасы Дәметкен Асанбаеваның шақырту алғанын естіп, Алматыға бірге бардым. Коммунар Тәбей де сот басталғалы Қайраттың анасынан бір елі алшақтамай жанында жүрген. Алғашқы күні өзім сотқа: «Біз қор атынан мүмкіндігінше Қайраттың туыстарына көмектесіп тұрамыз, сондықтан Қайратпен қоса Ләззат, Ербол, Сабиралардың туыстарына мемлекет тарапынан жеңілдік көмектер мен қолдау қажет», – деген едім. Содан Жоғарыдағы сот мүшелері бұл ойымды қолдап, сотты үш-төрт күнге шегеріп, тағы қосымша құжаттар болса әкелуімізді тапсырды. Сол уақытта Семейде Қайраттың өліміне байланысты зерттеу жүргізіп жүрген жігіттер маған тездетіп жетуімді өтінген-ді. Қайраттың анасы Дәметкен мен Коммунар Тәбей маған жолымнан қалмауымды, келесі сотқа өздерінің қатынаса беретінін білдірді. Қайраттың өліміне куәгер болған дәрігер-сарапшы Болат Шалағанов табылып, оның айтуы бойынша, Семей түрмесінің 21-камерасында жатқан Қайратқа қастандық жасалғаны 1993 жылы шілденің соңында анықталады.

Сол кездерде түрлі басылым беттерінде «Қайрат Рысқұлбековтың құны төленді» деген айдармен мақалалар шыға бастады. Осыдан кейін «Қайрат қорына» қаражат түсу мүлде тоқтады. Сотта барынша жанталасып, Қайраттың құнын даулаған Коммунар Тәбей көп ұзамай «Ақпарат-араша агенттігіне» төраға болып, қызметі жоғарылайды. Алайда, мансаптық қызметінің ғұмыры қысқа болады. Кім білсін, «Еркек тоқты құрбандық» деп, елі үшін жанын берген ердің әруағы құнын даулағаны үшін риза болмады ма екен.

Кейінірек Қайраттың анасына жолыққанымда: «Неге газет беттерінде Қайраттың құны төленді деп жар салып жатыр?» десем, «31 миллион теңгені материалдық көмек ретінде алдық» деп қысқа қайырды. Ал, 1998 жылдары кітап шығару ісімен айналысып жүргенде Қайраттың анасымен қайта жолығып, «31 миллион теңгені материалдық көмек ретінде алдық» деп жазып беріңізші деп өтінгенде, «Біз сотта «Қайраттың құнына» деп қол қойдық қой» деп кейіді. Кейінірек Дәметкен әпкеміз қайтыс болғаннан кейін, ол жайында сөз қозғауды жөн деп таппадық.

Қайратқа қатысты істерде ойға алғанымыз оң нәтиже бермеген соң, Мойынқұм аудандық қоғамдық ұйым өкілдері және Қайрат Рысқұлбеков атындағы мектеп ұстаздарының қолдауымен ҚР Жоғарғы Кеңесі мен Тұңғыш Президентімізге Ашық хат жаздық. Хатта Қайраттың өміріне қастандық жасалғанын ашық айта отыра, «Өзге  ұлт өкілдері қазақ халқы батырын 31 миллион теңгеге немесе 62 мың АҚШ долларына бағалап сата береді деп күлмей ме?» деп жаздық. Осыдан кейін мемлекеттік наградалар бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары К.Дүйсеевтен 1993 жылы қыркүйекте оңды жауап келіп, 1996 жылдың 9 желтоқсанында Қ.Рыскұлбековке «Халық қаһарманы» атағы берілді.

«Ердің құны» деп берілген 31 миллион сомнан Қайраттың атын, ерлігін келер ұрпаққа дәріптей түсуге бағытталған, жүйелі істерді жүзеге асыруға арналған өзіміз құрған қорға жомарттық танытып қаржы құйған Атымтай азаматтардың қосқан үлесі артық. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді қазақ даналығында. Қайрат Рысқұлбековтың аты ақталып, «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Батырын халық ешқашан ұмытпайды. 1991 жылы Наурыз мерекесінде Қайраттың қорғаушы ұстазы Сейткерім Қожаназаровпен ақылдаса келе қор құрып, халықтан жиналған қаржыға мынадай игі шаралар атқарылды:

  • Туған ауылындағы «Киров» атындағы орта мектепке Қ.Рысқұлбековтың есімі беріліп, алдына белгі тас қойылды.
  • 1992 жылы 10 қыркүйекте «Көктеректе» Қайратқа сәулетті ескерткіш орнады.
  • Ұлтжанды, өнегелі қасиеттерімен көзге түскен Ресейдің Омбы қаласындағы қазақтың «Мөлдір» мәдени орталығы төрайымы Алтынай Жүнісоваға 1993 жылы 9 желтоқсанда Алматыдағы Орталық концерт залында марапатты салтанатты жағдайда тапсырдық.
  • Көп жылғы әуре-сарсаңнан соң, Қайрат Рысқұлбеков жатқан Семейдегі 21-ші камерасына 1993 жылы шілденің соңында өзім бірнеше азаматпен кіріп, Қайраттың мәйітін таңға жуық алғаш қараған дәрігер-сарапшы Болат Шалағановпен кеңінен пікірлесе келе, оның өміріне қастандық жасалғанын анықтадық. Көп кешікпей, біз кеткен соң, К.Власенко да жұмбақ жағдайда қаза болыпты.
  • 2000 жылдан бастап 25 жыл қатарынан Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, дәстүрлі Қайрат Рысқұлбеков атындағы республикалық ашық біріншілік өткізіліп келеді. Шу қалалық Таэквондо федерациясының президенті Марат Тілеуқұловтың табандылығының арқасында бірлесе еңбектеніп келеміз.
  • Қазақ хандығының іргетасы киелі Шу өңірінде қаланғаны дүйім жұртқа мәлім. Бірнеше жыл қатарынан аудан орталығына ескерткіш белгі орнатуға өзім (Уақ Мәкен) бастама көтеріп жүргендіктен, 2016 жылы тәуелсіздікке 30 жыл толу қарсаңында орталық алаңда алғашқы хандарымыз Керей мен Жәнібекке, Алтын адам мен Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке, сол кездегі аудан әкімі Рүстем Дәулеттің парасаттылығымен Тәуелсіздік горельефі бой көтерді.

Мұстафа бауырымның бүгінде шәкірттері жүздеп саналады. Бексейіт Түлкиевті еске алуға жарыстар халықаралық деңгейде өткізіліп тұрады. Өзтүріктің сүйікті шәкірттерінің бірі Марат Тілеуқұловтың ұйымдастыруымен Жамбыл облыстық көлемде турнирдің тұсауын кесіп отырғандығының куәсі болып отырмыз.

Уақ Мәкен ЖҰМАДІЛҰЛЫ,
Әлем Халықтары жазушылар және
ҚР Журналистер одақтарының мүшесі,
Қайрат Рысқұлбеков және
Желтоқсан көтерілісін зерттеуші,
ауданның Құрметті азаматы

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ,
ШУ АУДАНЫ,
ТӨЛЕ БИ АУЫЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here