Қазақстан – Еуразия логистикасының орталығы

0
1343

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) көлік-логистика саласының Қазақстанда дамуы жайлы есеп жасады. Еуразия құрлығының басты елдері Еуропалық Одақ, Қытай, Үндістан және Орталық Азия елдерінің экономикасының өсуі, инвестиция мен сауда айналымының өсуіне әкеледі. Қазақстанның көлік-логистика саласы тауарлардың мемлекет ішінде қозғалысын қамтамасыз етуге дайын болуы керек. АХҚО осындай қорытындыға келді.

Негізгі тауар алмасу Азия мен Еуропаның арасында теңіз арқылы қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен, сауда-саттықтың болжамды өсуі Таяу Шығыс пен Оңтүстік Шығыс Азияны қосқанда тауар алмасудың бір бөлігін құрлық арқылы жүзеге асыруға әкелмек. Бұл жерде басты рөлді Орталық коридор, яғни Транскаспий халықаралық көлік бағыты атқара алады. Дүниежүзілік банктің болжамына сенсек, 2030 жылы Орталық коридор арқылы жүк тасымалы үш есеге өсіп, 11 млн тоннаға дейін жетпек.

Транскаспий халықаралық көлік бағытының басым бөлігі Қазақстанның аумағынан өтеді. Соңғы онжылдықтағы көрсеткіштер бойынша Қазақстан аумағынан тауар тасымалдау көлемі 2014 жылғы 28%-дан 487 млрд тонна-километрден 2023 жылы 621 млрд тонна-километрге дейін өсті. Бұл тауар алмасу көлемі әлі де ұлғая бермек.

Тауар легінің жоғарылауына байланысты Қазақстан инфраструктурасының тауар өткізу қабілетін арттыру керек делінген есепте. Еуропалық банкінің қорытындысы бойынша қайта құру және дамыту үшін құны 5,5 млрд еуро болатын 13 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру керек.

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың көлік компанияларына Ресей елдімекендері арасында жүк тасымалдауға рұқсат беретін заңның күшіне енуін күтіп отыр. Заң 2025 жылдың 1 наурызында күшіне енеді. Бірақ, Қазақстан компаниялары бұл маңызды оқиғаға қазірден дайындық үстінде. Ресей Федерациясының 2022 жылғы 29 желтоқсандағы №627-ФЗ Федералды заңына сәйкес каботаждық тасымалдауды жүзеге асыру үшін автокөліктерді тахографтармен жабдықтап, Ространснадзорды алдын ала хабарландырып отыру қажет. Бұл заңның күшіне енуі қазақстандық логистикалық компаниялардың жүк тасымалын Ресей арқылы жүзеге асыруға ынталандырады. Олар тек қана Ресейге Қазақстаннан жүк тасымалдап қана қоймай, Ресей ішінде де бірнеше жеткізулерді жүзеге асыра алар еді.

2024 жылдың 4 мамырынан 30 маусым аралығында Қазақстанның барлық кеден бөлімшелерінде эксперсс жүктерді «Кеден» жүйесі арқылы декларациялау пилоттық жобасы қолға алынды. Аталған жобаның басты мақсаты – мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдетіп, экспресс жүктерді кедендік декларациялауға тапсыруды автоматтандыру. Бұл құжаттарды рәсімдеуді жылдамдатып, бизнес үрдістерін оңтайлауға септігін тигізеді.

Экспресс жүк дегеніміз – жеке шот фактурамен жылдам жеткізілетін жүктер. Бұл жоба аясында кеден өкілдері жолаушы кедендік декларациясын және экспресс тауарлардың декларациясын өздері толтырады. Құжаттарды қағаз немесе электронды түрде тапсыруға болады.

Астанаға Қытай елінің көлік логистикалық компаниясының өкілдері келді. Мақсаты – екіжақты серіктестікті дамытып, көлік және логистика саласындағы болашағы үміт күттіретін жобаларды талқылау. Кездесу «Kazlogistics» және Астана халықаралық университетінің ықпалымен ұйымдастырылды. Одан бөлек, «Kazlogistics» одағының басшылары Орталық коридорды дамыту мәселесімен айналысатын Еуропалық комиссияның өкілдерімен кездесті. Қатысушылар Қазақстанның көлік жобаларын талқылап, Орталық коридордың тиімділігін арттыру, логистикалық үрдістерді цифрландыру, сауда-саттықты жеңілдету және де басқа мәселелерді талқылады.

Қазақстандық компаниялары Грузияның Тбилиси қаласында өткен Еуропаның, Орталық Азия, Кавказ елдерінің жетекші логистикалық компаниялары қатысқан форумының мүшесі болды. Бұл екінші форум. Біріншісі бір ай бұрын Астана қаласында өтті. Кездесудің басты мақсаты – Еуропа, Кавказ, Орталық Азиядағы серіктестер мен тұтынушылардың басын біріктіру.

Қазақстанда теміржол саласын дамытуға арналған 2029 жылға дейінгі жоба жарияланды. Бағдарлама тасымалдау нарығын ыңғайластырып және мемлекеттік реттеуді реформалауды көздейді. Магистральдық теміржол желісінің операторын «ҚТЖ – Жүк тасымалына» қатысы жоқ дербес заңды тұлға бөлу жоспарлануда. Жобаға сәйкес бұл салада ұлттық жүк тасымалдаушысы, ұлттық жолаушы тасымалдаушысы және тәуелсіз тасымалдаушылар қатыспақ. Ал, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы реформаны 2025 жылдың екінші тоқсанында жүзеге асырмақ.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here