Кеселмен күрес күшейді

0
1001

Лудомания – Қазақстандағы ең өткір әлеуметтік мәселелердің бірі. Тіпті, балалар да құмар ойындарға тартылатыны аз айтылып жүрген жоқ. Мұндайда «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, қозы өсірген озар» дейді қазақ.

Қазақстан тұрғындары құмар ойындар мен бәс тігуге өз бетінше тыйым сала алады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің Баспасөз қызметі хабарлады. Қазақстанда 75 мыңнан астам адам ерікті түрде құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан өзін шектеді. Мұндай дерек Қазақстан Республикасында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл бойынша 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарда келтірілген.

«Туризм және спорт министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп Қазақстан Республикасы азаматтары мен резиденттерін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан өз бетінше шектеу жөніндегі қызметті автоматтандыру бойынша жұмысты аяқтады. 2024 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан азаматтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер «eGov mobile» мобильдік қосымшасы арқылы 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге өздерін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады», – делінген «Ашық НҚА» порталындағы құжатта.

Нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын талқылауға арналған алаңның жазуынша, бұл рәсім «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-1-бабында көзделген және автоматтандыруға дейін тиісті тұлғаларды өзін-өзі шектегендер тізіміне қосу 8 жұмыс күні ішінде қағаз форматта жүзеге асырылды. Жаңа қызмет өтініштерді өңдеу мерзімін едәуір қысқартады және құмар ойындарға қатысудан өзін-өзі шектеу рәсімін жеңілдетеді. Бұл барлық азаматтарға, ең алдымен құмар ойындармен шектен тыс әуестенетін тұлғаларға барлық лицензияланған ойын мекемелері мен букмекерлік кеңселердің заңды сайттарына кіруге лезде тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.

Құмар ойындар мен бәс тігуге қарсы іс-қимылға 80 млн теңге бөлінбек. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталына талқылауға шығарылған Қазақстан Республикасында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл бойынша 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарда айтылған.

Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде мынадай көрсеткіштерге қол жеткізілетін болады:

  • құмар ойындарға және бәс тігуге тұрақты қатысатын адамдар саны 350 000-нан 201 600 адамға дейін төмендейді: 2024 жылы – 35 000 (10%), 2025 жылы – 63 000 (20%), 2026 жылы – 50 400 (20 %);
  • мемлекет есебінен тегін емдеу және медициналық-әлеуметтік оңалту бойынша көмек алған, құмар ойындарға патологиялық тәуелділіктен зардап шегетін адамдарды қамтуды 13-тен 300 адамға дейін ұлғайту: 2024 жылы – 50 адам, 2025 жылы – 150 адам, 2026 жылы – 300 адам;
  • бұғатталған интернет-казинолар мен заңсыз букмекерлік сайттардың санын 4 500-ден 7 722-ге дейін ұлғайту: 2024 жыл – 450-ге (10 %), 2025 жыл – 990-ға (20 %), 2026 жыл – 1 782-ге (30 %).

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here