Он елді ұйыстырған ұйым

0
1788

Апта басында елордада Шанхай Ытымақтастық Ұйымының Астана саммиті өтті. Биыл бұл ұйымға Қазақстан төрағалық еткендіктен, еліміз жауапкершілік жүгін арқалады.  ШЫҰ аясында Қазақстан сенім шараларын нығайтуға, тұрақтылық пен қауіпсіздік сақтау қағаидаттарына негізделген «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасын ұсынды.

Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан болып 1996 жылы «Шанхай бестігі» негізінде құрылған ұйым 2001 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымы ретінде жалғасын тапты. Осы уақыт аралығында ұйымға мүше мемлекеттер өзара іс-қимылдың саяси, экономикалық және гуманитарлық аспектілеріне бірдей басымдық беріп, барлық мәселелер бойынша шынайы әріптестік байланыстар орнатудың үлгісі бола білді.  

Шанхай ытнтамақтастық ұйымы  кеңістігінде үш миллирадтан астам адам тұратын бірегей алаңға айналды. Бүгінде ШЫҰ-ға ресми түрде 9 ел: Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мүшелік ететін.

Биылғы елордада өткен саммитте Беларусь ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі болды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Беларусь Республикасын Ұйым құрамына қабылдау және оған ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін беру туралы шешімге қол қойды. Осылайша, мүше мемлекеттердің саны онға жетті.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТЫ СЕРІКТЕСІ – ҚЫТАЙ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Синьхуа» ақпараттық агенттігіне сұхбат берген болатын. Онда Мемлекет басшысы екі ел арасындағы байланысқа тереңірек тоқталады.

Ел Президенті ҚХР Қазақстанның жетекші сауда және инвестициялық серіктесі ретіндегі ұстанымын бұлжытпай сақтап келетіндігін атап өткен. Отыз жылдан астам уақыт ішінде екіжақты қарым-қатынас орнатқан қос елдің арасындағы тауар айналымының көлемі 100 есе өсіп, 2023 жылы 41 миллиард долларға жеткен. 2023 жылдың қорытындысы бойынша аспан асты елі  Қазақстанның ең ірі шетелдік инвесторларының алғашқы төрттігіне еніп, 2 миллиард долларға жуық тікелей инвестиция салған. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 16,4 пайызға артық. Осылайша, ел экономикасына құйылған Қытай инвестициясының жиынтық көлемі 25 миллиард доллардан асқан.

Бүгінде  елімізде бес мыңға жуық қазақ-қытай кәсіпорны жұмыс істейді екен. Сондай-ақ  «Астана» халықаралық қаржы орталығында 78 елдің 2800-ге жуық компаниясы тіркелген, олардың оннан бір бөлігі – қытайлық мекеме.

«БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, «Орталық Азия – Қытай» форматында және басқа да халықаралық құрылымдар аясында өзара тығыз ықпалдастық жолға қойылды. Жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі көптеген өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарымыз ұқсас. Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын толық қолдайды және ұлттық стратегияларымызды одан әрі ұштастыруды белсенді жалғастыруға дайын. Қытаймен жан-жақты қарым-қатынасымызды одан әрі тереңдету үшін біз алдымызға өте маңызды мақсат қойып отырғанымызды атап өткім келеді. Ол үшін қажетті алғышарттар мен жағдайлардың барлығы жасалып жатыр. Қазіргі уақытта біздің қарым-қатынасымыздың қарқынды дамып келе жатқанын ескере отырып, өзара тауар айналымын 100 миллиард долларға дейін арттыру міндетін толық жүзеге асыра алатынымызға сенімдімін», – дедді Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев.

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин «Қытай және Қазақстан: жаңа көкжиекке ортақ ұмтылыс» атты авторлық мақаласында өзара тиімділік пен бірлескен даму рухында екі елдің елеулі нәтижелерге қол жеткізгендігін айтады.

«Былтырғы жылы екіжақты сауда көлемі рекордтық 41 млрд АҚШ долларына жетті. Қытай Қазақстанның бас сауда серіктесі және қазақстандық тауарлардың ірі импорттаушысы болып отыр. Жаңатас ЖЭС, Тұрғысын ГЭС сияқты стратегиялық маңызы бар жобалар сәтті пайдалануға берілді. Шымкент МӨЗ-ді жаңғырту және реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Қауіпсіз, әрі тұрақты негізде Қытай – Қазақстан мұнай және газ құбырлары жұмыс істейді. Жеткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық номенклатурасын кедендік ресімдеуден жедел өткізу үшін жасыл дәліз құрылды. Қытайлардың дастарханында Қазақстанның жоғары сапалы және экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдері көбейіп келеді. Жаңартылатын энергия көздері мен көлік инфрақұрылымы саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті үнемі жаңа қырынан ашылып отырады. Бұл екі елдің дамуына қуатты серпін береді», – деді ҚХР төрағасы Си Цзиньпин.

ТРАНСКАСПИЙ БАҒЫТЫ

Транскаспий халықаралық көлік бағыты – Шығыс пен Батысты жалғайтын 8 мемлекеттің аумағындағы 11 мың шақырымға созылған жол бағдары. Бұл жол Қытай Халық Республикасының шығыс жағалауында орналасқан Ляньюньган портынан басталып, Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Украина, Польша, Румыния секілді мемлекеттерді басып өтеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.

 ШЫҰ аясында Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин БАҚ өкілдері үшін өткізген брифингте де Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасымен көлік-логистика саласындағы ықпалдастықты жандандыру қажеттігіне назар аударғанын айтты. Бұдан бөлек, Си Цзиньпиннің Астанада жариялаған жаһандық «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және Транскаспий халықаралық көлік бағдары аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланғанын жеткізді.

– Былтыр теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 22 пайызға артып, 28 миллион тоннаға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ляньюньган, «Қорғас – Шығыс қақпасы» және Сиань қаласындағы құрғақ порттарда жүзеге асырылған бірлескен жобалардың нәтижесінде көлік-логистикалық әлеуетіміз едәуір артты. Қазіргі таңда «Аягөз – Бақты» үшінші трансшекаралық темір жол құрылысы белсенді жүріп жатыр. Бүгін біз Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы жүк тасымалын іске қосу шарасына бейнебайланыс режимінде қатыстық. Бұл бағдар Еуразия құрлығындағы көлік-логистика қатынастарын дамытуға тың серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.

ҚХР Төрағасы Қытай мен Қазақстан жаңғыру жолымен алға ілгерілеп, өзара қолдау білдірудің игі дәстүрін бірлесе дамытатынына және еселей түсетініне, сондай-ақ өзара саяси сенімді тұрақты түрде нығайтып, ұлттық даму стратегияларын ұштастыруға ықпал ететініне және бір-бірінің мүддесін қорғайтынына сенім білдірді.

– «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында жоғары деңгейдегі ынтымақтастықты жалғастыра береміз. Нақты салалардағы ықпалдастық бағытында жаңа нәтижелерге қол жеткізуге ұмтыламыз. Қысқа мерзім ішінде тауар айналымын екі есе ұлғайту жөнінде жаңа міндет қойылды. Біз сауда және экономика, инвестиция, индустрияландыру, көлік және энергетика сияқты салалардағы байланысымызды ұдайы нығайту жөнінде уағдаластық. Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасын белсенді іске асырамыз. Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен елдеріміз арасындағы үшінші трансшекаралық темір жол құрылысын жеделдетеміз.  Сонымен қатар негізгі минералдық ресурстар, баламалы энергия көздері, ғылыми-техникалық инновациялар, авиация және ғарыш, цифрландыру салаларындағы дамудың жаңа бағыттарын бірлесе ілгерілетуге ниеттіміз, – деді ҚХР Төрағасы.

БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ЖОБАЛАР

Достық пен татулықты сақтап, екіжақты қатынастарды нығайту мақсатында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Екі ел арасындағы білім, мәдениет, туризм, ғылым және технология сияқты салалардағы өзара серіктестік дамып келеді. Бүгінде Қытайдың жоғары оқу орындарында 4 мыңнан астам қазақ жастары білім көкжиегін кеңейтіп жүр.

– Қазақстан техникалық мамандар даярлау мәселесіне баса мән береді. Бұған Қытайдағы әріптестеріміз қолдау көрсетіп отыр. Аталған саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келістік. Қытай Төрағасының сапары аясында екі тарихи оқиғаның куәсі болдыңыздар. Біріншісі – «Астана» Халықаралық университетінің жанынан Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы ашылды. Сондай-ақ бүгін құрметті Си Цзиньпин мырзамен Қазақстанда екінші «Лу Бань шеберханасын» ашуға келістік. Бұл тиімді әрі маңызды жоба елімізде жоғары кәсіби мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Қытайдың жоғары оқу орындарында білім алғысы келетін қазақ жастарының саны артты. Бұл тұрғыда үкіметтік грант санын көбейту, Қазақстан аумағында Қытайдың озық техникалық университеттерінің филиалдарын ашу мәселесіне арнайы тоқталдық, – деді Мемлекет басшысы.

МӘДЕНИ БАЙЛАНЫС ЖАЛҒАСПАҚ

Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық байланысты және туризм саласындағы ықпалдастықты күшейтуге баса назар аударылғанын жеткізді.

– Осы сапар аясында Бейжіңде Қазақстанның және Астанада Қытайдың мәдени орталықтары ашылды. Мұны екіжақты байланысты бекемдеу үшін жасалған өте маңызды қадам деп айтуға болады. Бұл бастамалар халықтарымызды мәдени тұрғыдан жақындатып, өзара достық пен тату көршілік қатынастарды нығайтуға ықпал етеді деп сенемін. Бұдан бөлек, екі ел аумағында тұрақты түрде мәдени шаралар өткізуге уағдаластық. Қазақстан мен Қытай азаматтары үшін екі елде визасыз режим қолданыла бастағанын ерекше атап өткім келеді. Қазір оның игілігін азаматтарымыз көріп отыр. Әсіресе, екі елдің көршілес аймақтарының халқына, кәсіпкерлер мен туристерге, жастар мен шетелдік әріптестерге тиімді болды. Биыл наурызда Бейжіңде «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» салтанатты түрде ашылды. Келесі жылы осы шараның жалғасы ретінде «Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы» өтеді. Бүгін қол жеткізген келісімдер елдеріміз арасындағы байланыстарды нығайтып, халықтарымыздың игілігіне қызмет етеді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚХР Төрағасы келіссөздердің жылы, достық рәуіште  өткенін және нәтижелі болғанын мәлімдеді.

– Біз бірқатар ауқымды мәселе бойынша уағдаластыққа қол жеткіздік. Қытай мен Қазақстан арасындағы Бірлескен мәлімдемеге қол қойып, ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындадық. Біздің қатысуымызбен сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, энергетикалық, ауыл шаруашылығы, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды. Аталған құжаттар екіжақты қатынасымыздың жоғары деңгейде дамуына тың серпін береді, – деді Си Цзиньпин.

Сонымен қатар Си Цзиньпин БҰҰ, ШЫҰ, «Қытай – Орталық Азия» сияқты көпжақты алаңдар желісі бойынша тығыз ықпалдастық орнатқаны жөнінде атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның БРИКС-ке кіруін қолдады. ҚХР Төрағасы Қазақстанның әлемдегі орта держава ретіндегі рөлі артып келе жатқанын тағы да растады және еліміздің жаһандық басқару ісіне лайықты үлес қоса алатынына сенім білдірді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Осылайша Қазақстан мен Қытай  ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам басты. Екі елдің тұрақты әрі қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуге, халықтарының әл-ауқатын жақсартуға арналған уағдаластықтар мемлекетаралық қарым-қатынасқа тың серпін беріп, қазақ-қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестігінің жаңа кезеңіне жол ашпақ.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here