Қарағанды облысында Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша «Моноқалалардың болашағы: оң тәжірибе және тұрақты даму» атты республикалық семинар-кеңес өтіп жатыр. Іс-шараға 20 моноқаланың әкімдері, вице-министрлер мен сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың моноқалалар экономикасын әртараптандыру және дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындауға көңіл бөлінді.
Семинар барысында моноқалалардың даму тенденциялары және экономика құрылымын нығайту саласындағы өзекті міндеттер талқыланды. Моноқалаларды орнықты дамытудың жол картасын қалыптастыру тақырыптары көтерілді, Smart City цифрлық шешімдері мен жобаларын енгізудің маңыздылығы атап өтілді, шағын өнеркәсіп қалаларын орнықты дамытудың табысты отандық және халықаралық кейстері қаралды. Бұл тұрғыда индустриялық аймақ құру нәтижесінде моноқалалар қатарынан шығарылған және қазір өнеркәсіптік қуаты артып келе жатқан Саран қаласының оң тәжірибесі атап өтілді.
Осылайша, Саранда қолдау шараларының нәтижесінде экономиканы әртараптандыруға ықпал еткен Saran индустриялық аймағы құрылды.
2019-2024 жылдар аралығында қалада өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,6 есе өсті, өңдеу саласының үлесі 92%-ға жетті. Салық түсімдері үш есе өсті. Жаңа зауыттарда 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, әрі қарайғы жобалар тағы 3,5 мыңға жуық жұмыс орнын қамтамасыз етеді, бұл жергілікті тұрғындарды да, басқа өңірлердің қызметкерлерін де тартады.
Жаңа өндірістер құру жұмыспен қамтудың өсуіне және ШОБ-ты дамытуға, сондай-ақ қалалық инфрақұрылым мен тұрғынүй құрылысын жаңғыртуға ықпал етеді.
Биыл қала экономикасына 76 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарлануда.
Жалпы, Қазақстанда өңірлерді қолдаудың жүйелі шараларын жүзеге асыру нәтижесінде моноқалалар саны 27-ден 20-ға дейін қысқарды, бұл ірі өндірістердің және экономиканың өзге де түрлі бағыттарының өсуін білдіреді.
Семинар-кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар Саран қаласындағы бірқатар өнеркәсіп және әлеуметтік нысандарды аралады.
Қазіргі уақытта Қарағанды облысында төрт моноқала бар – Теміртау, Шахтинск, Абай және Балқаш, онда 340 мыңға жуық адам тұрып жатыр, бұл өңір халқының үштен бірін құрайды. Өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің жартысына жуығы моноқалалар үлесіне тиесілі.
Жұмыс жалғасуда.