Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында Егінжай күні өтті

0
445

2025 жылдың 19 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы (бұдан әрі – Академия) Мемлекет басшысының 2060 жылға дейін Қазақстан Республикасының климаттық орнықтылығын қамтамасыз ету және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі тапсырмаларына сәйкес Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында алғаш рет «Тұрақты ауыл шаруашылығы: органикалық және көміртекті егіншілікті дамыту» тақырыбында Егінжай күнін өткізді.

Іс-шараның мақсаты:

– Қазақстанда көміртекті егіншілікті дамыту;

– көміртекті секвестрлеу және топырақ құнарлылығын қалпына келтіру жөніндегі инновациялық шешімдерді көрсету;

– органикалық секторды қолдаудың институционалдық тетіктерін талқылау.

Қазақстандағы органикалық және көміртекті егіншіліктің даму перспективалары:

  1. Климаттың жаһандық өзгерісі мен парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі халықаралық міндеттемелер аясында көміртекті егіншілік аграрлық секторды дамытудың стратегиялық бағытына айналуда. Қазақстан кең ауқымды ауыл шаруашылығы алқаптары бар және топырақ-климаттық жағдайлары осал мемлекет ретінде топырақтың жедел деградациясы, органикалық көміртек мөлшерінің азаюы және агроценоздардың биологиялық өнімділігінің төмендеуі секілді проблемаларға тап болуда.
  2. Органикалық егіншілік – синтетикалық тыңайтқыштар мен пестицидтерді қолдануды болдырмайтын тұрақты тәсіл ретінде агроэкожүйелердің жай-күйі нашарлаған қазіргі жағдайда өзектілігін арттыруда. Қазақстанда тиісті сертификаттау базасы болған жағдайда органикалық ауыл шаруашылығын дамытуға айтарлықтай әлеует бар.

Климаттың өзгеруі, топырақ деградациясы және ауыл шаруашылығы ландшафттарындағы экожүйелік функциялардың әлсіреуі сияқты қазіргі үрдістер агроөнеркәсіптік кешенді «жасыл» трансформациялау аясында стратегиялық бағыттар ретінде көміртекті және органикалық егіншілікке жүйелі түрде көшу қажеттілігін айқындап отыр.

Егінжай күні аясында көміртекті және органикалық егіншілікті дамытудағы негізгі сын-қатерлер талқыланды:

– агрожүйелердегі көміртек баланстарын верификациялаудың ұлттық жүйесін құру және көміртекті агроэкожүйелік сервистерді әзірлеу;

– Қазақстанның түрлі табиғи-климаттық аймақтарына бейімделген көміртекті егіншілікке арналған агротехнологиялар тізілімін әзірлеу;

– көміртек баланстарын мониторингтеу және верификациялау мақсатында ГАЖ, қашықтықтан зондтау және көміртектің биогеохимиялық айналымы модельдері негізінде ұлттық кадастрлық жүйені қалыптастыру;

– климаттық тәуекелдер, топырақтың аймақтық ерекшеліктері және агробиоәртүрлілікті ескере отырып, өңірлік бейімделген органикалық шаруашылық жүйелерін әзірлеу;

– аграрлық ұйымдар, орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттары базасында білім беру және агроэкологиялық платформаны қалыптастыру.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті А.К. Күрішбаев өз сөзінде былай деп атап өтті:

«Қазақстан топырақ пен биомассада көміртекті секвестрлеу үшін кең мүмкіндіктерге ие. Жайылымдар мен пайдаланылмай жатқан егістік алқаптардың едәуір бөлігі қалпына келтіріліп, тиімді көміртек резервуары ретінде пайдаланылуы мүмкін. «Көміртекті полигондар» құру бастамасы – деградацияланған жерлерге орман белдеулері мен көпжылдық дақылдар отырғызу – елдің «жасыл өкпесін» қалыптастыруға бағытталған. Қазақстанның климаттық саясатында 2030 жылға дейін CO₂ шығарындыларын 325 млн тоннаға дейін қысқарту көзделген, бұл міндетті іске асыруда аграрлық сектордың белсенді қатысуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, органикалық және көміртекті егіншілік бірін-бірі толықтыратын тәсілдер ретінде қарастырылады. Ауыспалы егіс, компост енгізу, сидераттарды пайдалану, топырақты минималды өңдеу сияқты органикалық әдістер гумустың жиналуына ықпал етеді. Еуропалық Одақ елдерінде органикалық шаруашылықтар топырақтағы органикалық заттардың құрамын сақтауға міндетті, бұл өз кезегінде топырақтың құрғақшылыққа және эрозияға төзімділігін арттырады».

Қазақстанда көміртекті егіншілікті табысты дамыту үшін агроэкожүйелердегі көміртекті басқарудың жүйелі моделі қажет. Бұл бағыттың маңыздылығын ескере отырып, Ұлттық ғылым академиясы «Көміртекті егіншілік аясында топырақтағы көміртек пен парниктік газдарды басқаруға арналған кешенді және интеграцияланған тәсілдер: топырақ құнарлылығын арттыру мен аграрлық сектордың климаттық орнықтылығын қамтамасыз ету стратегиясы» атты ұзақ мерзімді ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асыруға арналған техникалық тапсырма жобасын әзірлеп, оны жүзеге асыру бастамасын көтерді. Бағдарлама көміртек үнемдеуші агротехнологияларды енгізуді, геоақпараттық жүйелер мен жасанды интеллект негізінде көміртек балансының мониторинг жүйесін құруды, топырақтағы органикалық көміртекті секвестрлеудің нормативтерін ғылыми тұрғыда негіздеуді, сондай-ақ ел аумағында көміртекті полигондар желісін дамытуды көздейді.

А.К. Күрішбаев Қазақстанда көміртекті егіншілікті дамыту бойынша Академия айқындаған басым міндеттерді атап өтті:

  1. Мемлекеттік саясатты әзірлеу және институционализациялау:

Көміртекті егіншіліктің нақты мақсаттары, басымдықтары және ведомствоаралық үйлестіру тетіктері көрсетілген жан-жақты тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдау;

  1. Ғылыми негізделген агротехнологияларды енгізу:

Әрбір өңірдің агроэкологиялық ерекшеліктеріне бейімделген, көміртекті үнемдейтін тәжірибелерді әзірлеу және кеңінен енгізу, оның ішінде регенеративті егіншілік, нөлдік өңдеу, жамылғы дақылдары мен агроорман шаруашылығына басымдық беру;

  1. Көміртекті полигондар желісін құру:

Ұзақ мерзімді мониторинг, технологиялардың тиімділігін бағалау және климаттық тұрғыдан бейтарап практикаларды көрсету мақсатында өңірлік репрезентативті полигондар желісін қалыптастыру;

  1. Көміртек қорларын карталау және кадастр жүйесін енгізу:

Топырақтың көміртек әлеуетін ұлттық және өңірлік деңгейде дәл бағалау және есепке алу үшін қашықтықтан зондтау, ГАЖ, жасанды интеллект және математикалық модельдеу негізіндегі озық карталау жүйелерін енгізу;

  1. Көміртек бірліктерін верификациялау және есепке алу тетіктерін әзірлеу:

Квота саудасы жүйесіне қатысуға және көміртекті үнемдейтін технологияларды субсидиялау мен инвестиция тартуға мүмкіндік беретін көміртек бірліктерін верификациялау мен есепке алудың институционалдық тетіктерін құру.

Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі, Алматы облысының әкімі, Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстары әкімдіктерінің басқарма басшылары, жетекші халықаралық және отандық ғалым-сарапшылар, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, бизнес-қауымдастық өкілдері қатысты.

Іс-шараның қорытындысы бойынша Қазақстанда көміртекті және органикалық егіншілікті дамытуға арналған, ғылыми тұрғыдан негізделген шаралар мен оларды ұлттық деңгейде іске асыру тетіктерін қамтитын резолюция әзірленеді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here