Ғылым ордасының бүгіні мен болашағы: Ұлар Мұқажановпен сұхбат

0
734

Қазақ ғылымының қара шаңырағына айналған Ғылым ордасы – еліміздің рухани, ғылыми өміріндегі орны айрықша қасиетті мекен. Бұл орда – тек өткеннің естелігі емес, бүгінгі жаңғыру мен болашаққа бағытталған тың серпілістердің де қайнар көзі. Ғылымның алтын бесігі саналатын бұл шаңырақ бүгінде де өз маңызын жоғалтпай, түрлі ғылыми бағыттар бойынша іргелі зерттеулермен, мәдени-ағартушылық бастамалармен, заманауи жобалармен халық игілігіне қызмет етіп келеді. Ғылым ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі – тәуелсіз еліміздің ғылымға деген қамқорлығы мен келешекке сенімінің айқын дәлелі. Жетістіктері жетерлік, алда атқарар істері де аз емес.

Ғылым ордасының бас директоры Ұлар Оразғалиұлы Мұқажановпен болған бұл сұхбатта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар, халықаралық серіктестіктер мен болашақ міндеттер жайында кеңінен сөз болды. Сұхбат аясында қозғалған маңызды мәселелерге тоқталып, Ғылым ордасының бүгінгі беталысы мен келешек бағдары қазақ ғылымының даму жолындағы бағыт-бағдарын айқындай түсетіні сөзсіз.

– Ғылым ордасының бүгінгі басты бағыттары мен алдағы міндеттері қандай?

Бүгінгі таңда Ғылым ордасы – тек ғылыми мекеме ғана емес, ұлттың рухани, мәдени және зияткерлік мұрасын сақтап, дамытатын маңызды орталыққа айналып отыр. Заман талабына сай біз бір ғана бағытпен шектелмейміз – білім беру мен ғылымды ұштастыра отырып, музей ісі мен кітапхана саласындағы жобаларды қатар дамытып келеміз.

Біздің басты мақсатымыз – еліміздің бай тарихи-мәдени және ғылыми мұрасын зерттеп, оны келер ұрпаққа аманаттау. Бұл бағытта ғылыми жобалар жасап, соны тәжірибеге енгізуге баса мән беріп келеміз. Сондай-ақ кітаптар мен құжаттарды жинақтап, жүйелеп, оларды көпшілікке қолжетімді ету де негізгі жұмысымыздың бірі. Осы арқылы ғылыми ақпарат кеңістігін қалыптастырып, білімнің таралуына өз үлесімізді қосамыз.

Ғалымдар мен зерттеушілерге қолайлы жағдай жасау – біздің тағы бір маңызды бағытымыз. Осы мақсатта заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген кеңсе-кеңістіктер ұсынылып, инновациялық орта құрылуда. Бұл жерде жас ғалымдар да, тәжірибелі мамандар да өз жобаларымен айналысып, жаңа идеяларын іске асыра алады.

Ғылым ордасы – ғылым мен мәдениеттің тоғысқан қасиетті мекен. Мұндағы атқарылып жатқан жұмыс – бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың қамы үшін жасалып жатқан еңбек. Сондықтан ғылыми кадрларды қолдау, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау, зерттеу жұмыстарына ынталандыру тетіктерін енгізу – біздің басты басымдықтарымыздың бірі екенін ерекше атап өткім келеді.

Сонымен қатар, біз жоғары оқу орындарымен, ғылыми мекемелермен тығыз байланыс орнатып, ортақ жобаларды дамытуға күш салып жатырмыз. Бұл байланыс тек ел ішінде ғана шектелмейді – шетелдік ғылыми орталықтармен, жетекші кітапханалармен, архивтермен, музейлермен тәжірибе алмасып, ғылыми және мәдени бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты да белсенді түрде дамытып отырмыз.

– Соңғы жылдары жүзеге асқан маңызды жобалар немесе жетістіктер туралы айтып өтсеңіз.

Соңғы жылдары Ғылым ордасында жаңғырту бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Тарих пен ғылымның тұғырын биіктету үшін техникалық жағынан да, мазмұндық тұрғыдан да жаңа деңгейге көтерілу мақсаты қойылды. 2022 жылы техникалық база жаңартылып, робот-сканерлер мен кең форматты құрылғылар алынды. Бұл сирек кездесетін құжаттар мен мұрағаттық материалдарды цифрландыру ісін сапалы әрі жүйелі жүргізуге мүмкіндік берді.

2023 жылы тарихи-мәдени мұраны сақтау ісінде тағы бір маңызды қадам жасалып, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «Реставрация және консервация орталығы» ашылды. Бүгінде заманауи құрал-жабдықпен жарақталған бұл орталық – отандық ғылым мен руханиятқа қызмет ететін іргелі құрылымға айналып келеді.

Халықаралық ынтымақтастық бағытында да игілікті істер атқарылып жатыр. Биыл Түркиядағы Ислам мәдениеті мен өнерін зерттеу орталығымен және Иранның Ұлттық кітапханасымен өзара келісімдерге қол қойылып, бірлескен жобаларға жол ашылды.

Бұған қоса, қызметкерлеріміздің кәсіби әлеуетін арттыру мақсатында ағылшын, түрік және парсы тілдері бойынша тегін арнайы курстар ұйымдастырылды. Бұл – мәдени диалогты тереңдетіп, жаһандық ғылыми кеңістікпен байланыс орнатуға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатынына сенімдімін.

– Шетелдік мемлекеттік маңызы бар мекемелермен – архивтермен, кітапханалармен, музейлермен және ғылыми ұйымдармен қандай серіктестік жобалар іске асырылуда?

Жоғарыда айтып өткенімдей, бүгінде Ғылым ордасы халықаралық кеңістікте өз қызмет аясын кеңейтуге айрықша назар аударып отыр. Бұл ретте тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен зерттеу саласында озық тәжірибесімен танылған Түркия, Иран, АҚШ сынды елдермен бірлескен жобалар қолға алынуда. Алдағы уақытта бұл бастамалар өз нәтижесін беретініне сеніміміз мол.

Атап айтқанда, Түркияның Istanbul Research Center for Islamic Culture and Arts орталығымен және Алматыдағы Түркия Республикасының Бас консулдығымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Сонымен қатар Иран Мәдени орталығы, Иран Ислам Республикасының Ұлттық кітапханасы мен архивімен өзара түсіністік туралы келісімдер жасалды. Қазіргі уақытта АҚШ-тағы Гарвард университеті жанындағы Davis Center for Russian and Eurasian Studies орталығымен ынтымақтастық меморандумы әзірленіп жатыр.

Халықаралық әріптестік аясында мәдени және ғылыми байланыстар тереңдеп, ортақ зерттеу жобаларын жүзеге асыру қарастырылуда. Кадрларды қайта даярлау және тәжірибе алмасу жұмыстары да жүйелі түрде жолға қойылып келеді. Әсіресе кітапхана, музей және реставрация салаларында білікті мамандардың тапшылығы байқалғандықтан, бұл бағыттағы шетелдік серіктестермен бірлескен бастамаларға айрықша көңіл бөлінуде.

– Қазіргі таңда Ғылым ордасының халықаралық аренадағы орнын қалай бағалар едіңіз?

Қазіргі уақытта Ғылым ордасы халықаралық деңгейде бірнеше маңызды бағытта өз ықпалын нығайтып келеді. Ең алдымен, біз шетелдік ғылыми орталықтар, университеттер және халықаралық ұйымдармен тығыз байланыстар орнаттық. Бұл әріптестік бірлескен ғылыми жобаларды іске асырудан бастап, халықаралық конференциялар мен форумдарға қатысуға, сондай-ақ шетелдік ғалымдарды тарту мен қазақстандық мамандарды шетелде тағылымдамаға жіберуге дейін жалғасады.

Сонымен қатар, қызметкерлеріміз халықаралық рейтингке енген беделді ғылыми журналдарда мақалалар жариялап, еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға өз үлестерін қосуды жоспарлап отыр.

Айта кетер жайт, Ғылым ордасындағы кітапхана, музейлер мен архивтер – әлемдік зерттеушілер үшін ерекше құнды әрі қызықты нысандар. Олар біздің тарихи-мәдени және ғылыми мұраларымызды танытуда маңызды рөл атқарады.

Тағы бір маңызды жетістігіміз – Ғылым ордасының кітапхана қорында сақталған, XVIII ғасырда жазылған және ұзындығы 3 метрден асатын «Хандар шежіресі» қолжазбасы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық тізіміне енді және жақында ЮНЕСКО сертификатына ие болды.

2025 жылдың ақпан айында Парижде өткен ЮНЕСКО сессиясының шешімі және мамыр айындағы ресми сертификат «Хандар шежіресінің» мәдени және ғылыми маңызын растап, оны адамзат мұрасы ретіндегі құндылығын тануға негіз болды. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт жадысын сақтау және жаңғырту жөніндегі нақты тапсырмаларын жүзеге асырудағы Ғылым ордасы ұжымының халықаралық деңгейдегі маңызды жетістігі.

Осылайша, біз Ғылым ордасын халықаралық ғылыми және мәдени кеңістіктегі беделді орталықтардың біріне айналдыруға бар күшімізді салудамыз.

– Ғылым ордасының мұрағат қорында қандай ерекше құнды құжаттар немесе жәдігерлер сақталған?

Ғылым ордасының мұрағат қорында тарихи, мәдени, ғылыми және құқықтық маңызы зор бірегей құжаттар мен жәдігерлер жинақталған. Мысалы, тарихи құжаттар өткен дәуірдегі саяси, әлеуметтік және экономикалық жағдайларды жан-жақты көрсетеді. Сонымен қатар, мәдени мұра ретінде жазушылар мен ақындардың шығармалары, музыкалық және бейнелеу өнерінің құнды туындылары бар.

Ғылыми архивімізде Ұлттық Ғылым Академиясының құрылуы мен қызметіне арналған арнайы №1 қор бар, оның құрамында академия қызметкерлерінің жеке архивтері де сақталған.

Музей қорында Қазақстанның ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихи дамуын бейнелейтін құнды жәдігерлер сақталған. Мәселен, Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» киімінің қалпына келтірілген нұсқасы (көшірмесі), Берел қорымындағы жерлеу камерасының реконструкциясы мен жылқы бейнесінің макеті — ерте көшпелілердің жерлеу рәсімдерін зерттеуге аса маңызды ғылыми дерек көзі болып табылады.  Ортағасырлық қалалардың – Отырар, Тараз және Құйрықтөбе секілді тарихи орындардан табылған тұрмыстық заттар материалдық мәдениеттің айғағы ретінде саналады.

Сонымен қатар, кеңестік және тәуелсіздік кезеңіндегі көрнекті ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің жеке заттары, сирек қолжазбалар мен тарихи фотосуреттер де мұнда сақталып, Ғылым ордасының ғылыми және мәдени құндылығын арттыруда.

– Тарихи мұраларды сақтау және жаңғырту бағытында қандай жұмыстар қолға алынған?

Тарихи мұраларды сақтау және жаңғырту бойынша біз ғылыми-техникалық бағдарламалар аясында нақты іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл бағытта бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру мен гранттық жобалар қолданылады. Осының нәтижесінде құнды жәдігерлерді сақтау, яғни олардың сақталуы мен қалпына келтірілуіне қажетті инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, музейлерде жәдігерлерді бекітілген нұсқаулықтарға сәйкес есепке алу, тіркеу және қорды сақтау жүйелі түрде атқарылып келеді. Бұл жұмыстар ғылыми зерттеулер мен мәдени мұраны халықаралық деңгейде насихаттауға жағдай жасауға бағытталған.

– Ғылым ордасы ғимаратының тарихы мен құрылыс ерекшелігі туралы не айта аласыз?

Ғылым ордасы – қазақ ғылымының қара шаңырағы ретінде танылған маңызды мәдени және ғылыми нысан. Оның құрылысы 1948 жылы басталып, 1957 жылы толық аяқталды. Ғимараттың жобасын әйгілі кеңестік архитектор Алексей Щусев жасаған, ол Мәскеудегі Казан вокзалы, «Москва» қонақүйі және Ленин мавзолейінің авторы ретінде белгілі. Құрылысты тікелей басқарған архитектор – Николай Простаков.

Алғашқы жобада ғимаратқа күмбез орнату қарастырылғанымен, бұл жоспар жүзеге аспаған. Ғимараттың сәулеті кеңестік дәуірдің классикалық стильдері мен функционалдық талаптардың үйлесімінен тұрады.

Кешен 12 павильоннан тұрады және бірнеше ғылыми-зерттеу институттары мен төрт музейді біріктіреді. Ғимаратта 377 орындық үлкен конференц-зал, 120 орындық кіші конференц-зал, 267 орындық концерт залы және қысқы бақ бар.

Ғылым ордасындағы музейлер қатарында Қазақстан ғылымының тарихы музейі, табиғат музейі, археология музейі, сирек кітаптар музейі, сондай-ақ Орталық ғылыми кітапхана мен Ғылыми архив орналасқан. Бұл құрылымдар еліміздің мәдени және тарихи мұрасын сақтап, оны кеңінен насихаттауда ерекше рөл атқарады.

Сонымен қатар, Ғылым ордасы ғылыми-зерттеу институттарының орталығы ретінде ғылыми зерттеулерді дамытуға, конференциялар мен семинарлар ұйымдастыруға белсене атсалысып келеді.

– Құнды жәдігерлер мен кітапхана қорын кеңейту, цифрландыру және реставрация бағытында қандай шаралар жүргізілуде?

Бұл бағытта бірқатар маңызды және жүйелі жұмыстар қолға алынған. Ең алдымен, музей қорын ғылыми негізде толықтыру, сондай-ақ тарихи маңызы зор жәдігерлер санын арттыру мақсатында мекеме қызметкерлері тұрақты түрде ізденіс және жинақтау жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазақстан ғылымының тарихына қатысты материалдар сарапталып, заңнама талаптарына сәйкес тіркеліп, музей қорына енгізіледі.

Сонымен қатар, еліміздің ғылыми-зерттеу институттары, танымал ғалымдар мен олардың мұрагерлерімен байланыс орнату арқылы сирек кездесетін құжаттар мен артефактілерді жинау жұмысы да белсенді түрде жүргізілуде.

Кітапхана қорын кеңейту бағытында да бірқатар шаралар атқарылуда. Қор жыл сайын мемлекеттік тапсырыс арқылы және ғылыми ұйымдармен, баспалармен, жеке авторлармен ынтымақтастық негізінде толықтырылып отырады. Сирек кітаптар мен мерзімді басылымдар да жүйелі түрде жинақталып келеді.

Цифрландыру – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. 2022 жылдан бастап Орталық ғылыми кітапхана заманауи сканерлік құрылғылармен, соның ішінде австралиялық технология негізінде жасалған жоғары жылдамдықты Скан-роботпен жабдықталды. Бұл құрылғы сирек кітаптарды механикалық зақым келтірмей, сапалы түрде сканерлеуге мүмкіндік береді. Цифрланған материалдар арнайы серверде ұзақ мерзімге сақталады.

Реставрация бағыты да назардан тыс қалған жоқ. Сирек қолжазбалар мен көне кітаптарға кәсіби тазалау, парақтарды қалпына келтіру, мұқабаларды жаңарту сияқты кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл іс-шаралар арнайы бөлімде, заманауи құрал-жабдықтармен жүзеге асады.

Сақтау сапасын арттыру үшін температура, ылғалдылық және жарық режимі белгіленген талаптарға сай тұрақты реттеліп отырады. Мұның бәрі құнды мұраларды химиялық және биологиялық зақымданудан қорғауға бағытталған.

Айта кету керек, Ғылым ордасы ғимаратының күрделі жөндеуден өтуіне байланысты Орталық ғылыми кітапхана алдағы уақытта жаңартылған келбетімен қайта ашылмақ. Бұл – оқырмандарға жайлы орта қалыптастырумен қатар, кітапхана қорын заманауи форматта ұсынуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

– Елімізде архив, мұражай және кітапхана салалары бойынша кадрларды даярлау мен қайта даярлау ісі қалай жолға қойылған? Бұл бағытта кадр тапшылығы бар ма?

Архив, мұражай және кітапхана салалары бойынша кадрларды даярлау мен қайта даярлау ісі елімізде біртіндеп жолға қойылып келе жатқанымен, отандық кадр тапшылығын жою – бүгінгі күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Атап айтқанда, жоғары білікті реставраторлар, музейтанушылар, архив ісі мамандары және сирек басылымдармен жұмыс істей алатын кітапханашылар жетіспейді.

Кітап қорларын реставрациялау және сирек қорларды сақтау салаларында кадр тапшылығы айрықша сезіледі. Қазіргі таңда бұл бағытта маман дайындайтын арнайы оқу орындары мен кәсіби бағдарланған бағдарламалар жоқ. Бұл – отандық мәдени мұраны сақтау ісіндегі елеулі кедергілердің бірі.

Сондықтан музей, кітапхана және архив салаларына қажетті мамандықтарды – реставрация, консервация, құжаттану және мұрағат ісін – дамыту аса маңызды. Осы бағытта шетелдік (әсіресе Иран, Түркия) тәжірибеге сүйене отырып, халықаралық оқу бағдарламаларын енгізу, қысқа мерзімді курстар мен тағылымдамалар ұйымдастыру, біліктілік арттыру арқылы кадрлық әлеуетті күшейту – уақыт талабы.

Бұл мәселені кешенді түрде шешу – ұлттық мәдени мұрамызды сақтап, оны болашақ ұрпаққа аманат етудің басты кепілі болмақ.

 Ғылым ордасы жанындағы мұрағат, мұражай мен кітапханалар үшін кәсіби мамандар даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселесі қалай шешімін табуда?

Ғылым ордасы жанындағы мұрағат, мұражай мен кітапхана салаларында қызмет ететін мамандардың кәсіби даярлығы мен біліктілігін арттыру мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Бұл бағытта халықаралық ынтымақтастық, тағылымдамалар мен жобалық бастамалар маңызды рөл атқаруда.

Мәселен, Қазақстан ғылымының тарихы музейінің меңгерушісі Н.Б. Дүйсембаева 2022-2023 жылдар аралығында «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы аясында Түркия Республикасының Ыстамбұл қаласында ғылыми тағылымдамадан өтіп, халықаралық тәжірибемен танысып, музей ісі саласындағы заманауи тәсілдерді меңгеріп келді. Бұл – мекеме мамандарының кәсіби дамуына жол ашатын айтарлықтай маңызды қадам.

Сонымен қатар, Ғылым ордасы реставрация саласы бойынша шетелдік жетекші кітапханалармен және ғылыми орталықтармен ынтымақтастық орнату бағытында бірқатар Меморандумдарға қол қойды. Аталған келісімдер аясында реставратор мамандарды шетелде тағылымдамадан өткізу мүмкіндіктері қарастырылып, ғылыми жобаларға қатысу үшін тиісті өтінімдер дайындалуда.

Бұл бастамалар мұрағат, мұражай және кітапхана ісіндегі заманауи талаптарға сай білікті мамандар даярлауға, олардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға және шетелдік озық тәжірибелерді енгізуге жол ашуда.

Алдағы кезеңде мұндай халықаралық бағдарламаларға қатысуды жүйелі түрде жалғастыру және ішкі біліктілік арттыру курстарын ұйымдастыру – кадрлық әлеуетті нығайтудың басты басымдығы болып қала бермек.

 Ғылым ордасы ғимаратының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?

Соңғы жылдары Ғылым ордасы ғимаратында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ең алдымен, ғимараттың сыртқы фасады мен шатыры жаңартылып, ішкі кеңістіктерге жөндеу жүргізілді. Бұл тек эстетикалық емес, сонымен қатар ұзақмерзімді пайдалану мақсатында жасалған қадам болды.

Энергия тиімділігін арттыру бағытында жылу оқшаулау жүйесі жаңартылды, бұл ғимараттың жылу сақтау мүмкіндігін едәуір жақсартты. Цифрлық инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ – жоғары жылдамдықты интернет орнатылып, заманауи IT-технологиялар енгізілді.

Сонымен қатар, ғылыми және мәдени іс-шаралар өткізуге арналған конференц-залдар мен көрме алаңдары техникалық жағынан толық жаңартылды.

Қауіпсіздік те басты назарда – заманауи өрт қауіпсіздігі және бейнебақылау жүйелері орнатылып, қауіпсіз орта қалыптастырылды.

Жалпы алғанда, бұл жұмыстар Ғылым ордасының ғылыми, мәдени және ағартушылық қызметін заманауи деңгейде жүргізуге жол ашып отыр. Бірақ алдағы уақытта ғимаратты тиімді әрі тұрақты пайдалану үшін қосымша инвестиция мен күтім қажет екені сөзсіз.

– Архив, мұражай және кітапхана қорларын цифрландыру жұмыстары қалай жүргізілуде?

– Қазіргі таңда музей қызметкерлері музейлік жәдігерлерге қатысты ғылыми сипаттамалар, фотоматериалдар мен жазбаларды электронды форматта сақтауда. Дегенмен, музей қоры әлі арнайы цифрлық дерекқорда толық сақталмайды, сондықтан оны жүйелі түрде цифрландыруға арналған бағдарлама әзірлеу керек. Кітапханада сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларды цифрлық форматқа көшіру жұмыстары қарқынды жүруде. Әсіресе 1940 жылға дейінгі материалдар басымдыққа ие. Жыл сайын шамамен 3700 дана сирек кітап пен қолжазба цифрлық форматқа айналады. Бұл түпнұсқаларды механикалық зақымданудан қорғап қана қоймай, қашықтан қолжетімділік пен зерттеу мүмкіндігін кеңейтеді. Қазіргі кезде кітапхана қорындағы материалдар «Мега Про» электрондық каталогы арқылы ізделіп, кейбір кітаптардың алғашқы беттері мен мұқабалары онлайн қолжетімді. Бірақ музей қорына қашықтан қолжетімділік шектеулі, сондықтан зерттеушілер мен оқырмандар көбіне музейге барып танысады. Жалпы, цифрландыру жұмыстары мәдени мұраны сақтау және ғылыми айналымға енгізу үшін өте маңызды әрі алдағы уақытта одан әрі жетілдіруді қажет етеді.

 

– Сирек кітаптар мен қолжазбаларды сақтау үшін қандай арнайы жағдайлар жасалған?

2023 жылдың ақпанында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «Ғылым ордасы» базасында Реставрация және консервация орталығы ашылды. Бұл орталықта 64 құрал-жабдық бар және қазіргі таңда 6 маман жұмыс істейді. Орталықта химия-биологиялық зертхана, карантин аймағы, фотофиксация бөлімі, парақ пен қағазды реставрациялау бөлімі және мұқаба шеберханасы сияқты бөлімдер бар. Осылайша, орталық сирек кітаптар мен қолжазбаларды химиялық және механикалық зақымданудан қорғап, олардың сапалы сақталуын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, 2025–2027 жылдарға арналған ғылыми бағдарламалар аясында «Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» жобасы ұсынылды. Бұл жоба орталық ғылыми кітапхана қорындағы кітаптар мен қолжазбалардың ұлттық реестрін құрып, заманауи сөрелермен қамтамасыз ету, микроклиматты жақсарту және реставрация орталығын 10 қызметкерге есептелген құрал-жабдықпен толықтырып, мамандарды даярлайтын орталыққа айналдыруды көздейді.

Қайта қалпына келтіру (реставрация) жұмыстары елімізде арнайы методикалық нұсқаулықтардың жоқтығына байланысты Ресей, Түркия, Иран сияқты елдердің тәжірибесіне негізделіп жүргізіледі. Реставрация кезең-кезеңімен жүзеге асады: алдымен кітап актімен қабылданып, фотофиксация жасалады; кейін зерттеу жүргізіліп, шаң-тозаңнан тазарту жұмыстары орындалады; содан соң реставрация паспорты толтырылып, бекітіледі; одан әрі күнделікті реставрация жұмыстары жүргізіледі; аяқталған соң қайта фотофиксация жасалып, құжаттар сақталу орнына қайтарылады.

Реставрация жұмыстарын 6 маман атқарады, оның ішінде 1 маман – таза реставрация саласындағы дипломы бар, 20 жылдық тәжірибесі бар ресейлік маман, 1 маман сертификатталған реставратор, қалған 4 маман ішкі даярлау бағдарламасы бойынша дайындалған. Мамандар тапшылығын жою мақсатында ішкі кадрларды даярлау жұмыстары жалғасуда.

– Алдағы уақытта қандай жаңа жобалар немесе бастамалар жоспарланып отыр?

– Қазір бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында үш жоба, сондай-ақ 2025-2027 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша гранттық қаржыландыруға бір жоба өтінімі дайындалуда. Сол жобалардың ішінде Қазақстандағы археографиялық зерттеулердің тарихи дамуы мен қазіргі жағдайын талдау, Қазақстанның қолжазба мұрасын реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау және цифрландыру жұмыстары бар. Сондай-ақ палеонтология, зоология, археология және археография қорларын пәнаралық зерттеу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, мәмлүк-қыпшақ жазба ескерткіштеріндегі түркілердің жылқыға қатысты мәдениетін зерттейтін жоба да бар.

– Ғылымды насихаттаудағы басым бағыттар қандай болады?

– Бұл бағытта бірнеше маңызды шара қарастырылған. Ең алдымен, ғылыми әлеуетті арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, ғылымды танымдық әрі қызықты форматта ұсыну, ұлттық ғылыми мұраны жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу маңызды. Ғылым мен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған іс-шаралар, ғылыми көрмелер мен фестивальдер ұйымдастыру, сондай-ақ ғылыми жетістіктерді кеңінен дәріптеу де негізгі басымдықтардың қатарында. Осы арқылы ғылымның қоғамдағы рөлі мен танымалдығын арттыру көзделуде.

– Уақытыңызды бөліп, маңызды ақпаратпен бөліскеніңізге алғыс айтамыз. Ғылым ордасының жұмысы әрі қарай да өркендеп, еліміздің рухани және ғылыми саласын байыта берсін!

Сұхбаттасқан: Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here