«Бір оқтық Өмір қас қағымда мәңгілік Өмірге айналып жүре берді», – деп аяқтапты белгілі жазушы Қайсар Әлім «Атылуын күткен 6 күн» атты Сейдәзім Кәдірбаев туралы романын. Шынына келгенде, ел ішінде оның аты-жөнінің құрдымға кеткеніне бір ғасырға жақындап қалған болатын. Тек Сарықопа бойындағы ағайын-туыстары ғана күбір-күбір әңгіме арасында естеріне алып, іштен тынатын. Өзім сол әңгімелерді бала кезімнен естіп өстім.
Тіпті, алпысыншы жылдардағы «жылымық» аталған кезеңде де, одан кейінгі алашшыларды жаппай ақтау тұсында да ол кісі жөнінде бір көңілге медет болар жылы сөз айтылмады.
Солай жыл соңынан жылдар өтіп жатқанда мені тағдырым Гүлнар апай Дулатоваға жолықтырып, сең бұзылды. Апаймен мені оқушы кезімдегі ұстазым Сейітбек Нұрханов ағай таныстырды. Ол кезде апай өз әкесі мен басқа алаш қайраткерлері туралы естелік кітабын бітіріп, жариялаудың амалын ойластырып жүр екен. Бірер күн өткен соң Гүлнар апайды Ұлттық ғылым академиясының президенті К.Ә. Сағадиевке жолықтырып, ол кісінің естелігін «Ғылым» баспасынан шығаруға келістік.
Осы кезден бастап Кенжекең мен менің жанұяларымыз апаймен тығыз араласып кеттік. Өзім бір реті келгенде ол кісіге Сейдәзім Кәдірбаев туралы ештеңе жазылмағанын, оның орнын толтырып, ойыңызда қалғанын мақалаға айналдырсаңыз жақсы болар еді деп едім, апай: «Сәбитжан-ау, мен сенің ол кісімен жақындығыңды жаңа ғана өзіңнен естіп отырмын. Қандай кісі еді. Өзім Балғожадан (Байқозыдан – С.Б.) туған Әлімбай мен Кәдірбайдың ұрпақтарын білетін едім. Сенің Сейдәзімге жақындығың қандай?», – деді.
Мен: «Өзіңіз айтып отырған екі кісімен бірге туған Бозанның шөбересімін» дегенімде, апай: «Дұрыс айттың, есімде бардың бәрін жазып берейін, ал шығаруға «Жұлдыздағы» Мұхтарға апар, өзім де хабарласармын», – деді.
Осы келісіміміз тез орындалып, 1999 жылы Гүлнар апайдың мақаласы «Жұлдызда» жарық көрді.
Одан Сейдәзім бабамның Алаш арыстарымен үзеңгілес, аралас-құралас, ал Міржақып Дулатовтың жанұясымен екі үйдің біріндей болған, өмір бойы бірге жүрген кісі екенін оқып, білдім.
Апайдың өз қолынан шыққан осы мақаласының түпнұсқасы, өзіме жазған бірнеше хаттарымен бірге үйімде сақтаулы тұр. Биыл оны көпшілік көріп – біле берсін деген ниетпен «Өмір: сыры, сыны мен сыйы» деген естелік кітабыма да кіргізіп жібердім.
Бұдан кейінгі ұзақ үнсіздікті бұзған осы Қайсар Әлім болды. Ол біраз ізденіс жасап, Сейдәзім Кәдірбаевтің алдымен Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің, кейінірек Қазақ автономиялық кеңестік социалистік республикасы үкіметінің заң саласының ірі қызметкері болғанын анықтап, «Нарком наркескені» деген мәнді мақала жариялады.
Одан соң бұл кісі туралы үзік-үзік материалдарды Тұрсын Жұртбайдың «Боль моя, гордасть моя – Алаш» кітаптарынан оқыдым. Онда ол «В истории Алаш-Орды одна из корневых, основательных личностей – это Сейдазим Кадырбаев. Более того, имеются косвенные сведения, что он то и руководил некоторыми сложными акциями. Слова его абсолютно точны и не дают никакой зацепки следователям. …Его переводные работы по законодательству и по разработке казахской терминологии в области юриспруденции используются до сих пор», – деп жоғары баға беріпті.
Т. Жұртбай осы жұмысында Башқұртстанның белгілі қайраткері Заки Валидидің «В работе нашего курултая в качестве наблюдателей участвовали Саид Газим (Сейдәзім – С.Б.) Кадырбаев и Мустафа Шокай», – деген сөзін келтіреді.
Кітабының тағы бір жерінде ол «На военном совете, где обсуждалась общая ситуация… от имени Алаш-Орды присутствовал Сейдазим Кадырбаев» – деп көрсетіліпті. Бұл Колчактың өзін Ресей үкіметінің басшысымын деген хабарды жария етіп, оны АҚШ, Англия, Франция мен Жапония мойындаған, әрі оның жаңа ғана құрыла бастаған автономияларға барлық қаһарын төге бастаған кез екен. Соның соңы не болатынын анық сезіп, оны Алашорда үкіметіне қысқа сөздермен жеткізіп, телеграмманың соңына «Жамырағанов» деп қол қойған осы Сейдәзім Кәдірбаев еді деген қауесет те бар. Бұны мен екі рет сотталып, репрессияның азабын он алты жыл бойы көрген, бір көзінен айырылып оралған, өзім көп араласқан, әрі аса жоғары бағалаған Таутан (Ғалымжан) Арыстанбеков атамнан естіген едім.
Сейдәзім Кәдірбаев туралы тағы бір мәліметті жақында ғана «Жұлдызда» басылған Ғалым Ахметовтың «Ер басына күн туса» деген мақаласынан оқыдым. Онда бұл кісі Қазақ автономиялық республикасының алғашқы халкомдарының бірі Әлиасқар Әлібеков (осы күнгіше министр) «өте білімді, мамандығы су инженері. Жастарды тәрбиелеу жұмысына қатты көңіл бөлуші еді. Орынборда қазақ оқушылары сол кездегі пьесаларды сахнаға ойнағанда үлкен басын кіші етіп, репетицияларды өзі режиссер болып басқарып жүріп еді. Бір жолы сахнада сот құрылатын бір көрініске ескі юрист Сейғазым (Сейдәзім – С.Б.) Кадырбаев деген кісіні шақырып әкеліп, сотта судья өзін қалай ұстауы керек екенін үйреткені есімде.
Кейін бұл кісі де Голощекинмен сыйыса алмай шетке кетіп, Тәшкенттегі мақта ирригация институтының директоры болып жүрген кезінде нақақ айыпқа төзе алмай, үйінде асылып өліпті. Оны жерлеуге қатынасқан оншақты студенттерді де «халық жауын жерлеуге барды» деп ұстап, соттап жіберіпті», – депті.
Ғалым Ахметов осы мақаласында өзі көзімен көріп, куә болған оқиғаларды былай жалғастырыпты: «Голощекин тұсында астанада қызметкерлер қазақ туралы айтқанда «бұратаналар» (туземцы) деп сөйлеуші еді. Мирзоян келгеннен кейін бір партактив жиналысында: «Республиканың негізгі халқын «бұратаналар» деулерің ұят» деп, бұл сөзді қойғызды.
Қазақтың көзі ашық, оқыған азаматтары жиырмасыншы жылдардың аяқ кезінен ұстала бастаған еді… Мұндай жұмыс… алдымен «Алаш» партиясында болды деген желеумен (оның үстіне сол адамдармен бас араздығы, не күншілдігі бар) немесе бастықтың алдында оп-оңай жақсы атты болғылары келген мансапқорлардың көмегімен А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Германияда оқып жүрген Ғ. Бірімжанов, Д. Битілеуов (онда 7-8 жас оқыған еді, басқаларының аттарын ұмытып қалыппын) және басқалары қамауға алынды… Сол жылдары белсенділік көрсетіп, ақ адамдарға өтірік жала жапқан, тыңшылық етіп, өтірік айыптау мәліметтерін жинаған адамдар қызмет жағынан жоғарылады. Олар сол істеген жұмыстарын «Біз халық жауларын әшкереледік» деп мақтан етіп жүрді. Сондайлардың бірі 1950 жылы Орталық партия комитеті бюросында өзін ақтау үшін беті былш етпей: «Мен жүз отыз жеті халық жауын әшкерелеген адаммын» дегенінде жүрегім мұздай болып кетті. Өйткені, ол адаммен баспада біраз жыл қызметтес болған едім».
Осындай жағдайға душар болған алаштың талай қайраткерлері мәңгі ұмытылуға аз-ақ қалды. Мысалы, мен туып-өскен кішкентай ғана ауылдың өзінен 5-6 адам саяси баппен айыпталып, атылып не айдалып кеткен. Олардың белгілісі біреу-ақ. Ол – Міржақып Дулатов. Қалған Сейдәзім Кәдірбаев, Әлмағамбет Қасымов, Асқар Дулатов, Бәйеке Жұмабаев секілді кісілерді республика жұртшылығы түгіл, сол ауылдың кейінгі ұрпағы да жақсы білмейді.
Бұл бағыттағы Гүлнар апай бастап, А. Нүрпейісов, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков, Д. Қамзабекұлы, С. Аққұлұлы, т.б. жалғастырған сауапты іске бір топ жас тарихшылар (Елдос Тоқтарбай, Заңғар Кәрімхан, Ұшқын Сәйдірахманұлы, Әлібек Байбол, Ерден Нұрахмет, Данияр Исхан) жаңа екпін берді. Олар аз уақыттың ішінде бірқатар алаш қайраткерлері (Біләл Сүлейұлы, Біләл Малдыбайұлы, Абдолла Байтасұлы, Барлыбек Сырттанұлы, Сейітбаттал Мұстафаұлы, Ғазымбек Бірімжанұлы, т.б.) туралы танымдық кітаптар шығарды. Сейдәзім Кәдірбаевтың да өмірі мен қызметін қолға алып, үлкен шаралар ұйымдастырды.
Қостанайда А. Байтұрсынұлы атындағы университетте үлкен конференция өткізді. Оның еңбектерін екі кітап етіп, бірінен соң бірін жарыққа шығарды.
Бұл конференцияға арнайы барғандардың ішінде Қайсар Әлім де болып, сөз сөйледі. Сол жолы оның «Нарком наркескенімен» тоқтап қалмай, үлкен зерттеуге кіріскенін сезгендей болып едім, қателеспеппін. Ол осы тақырып шеңберінде жүргізген ізденістерін романға ұластырыпты. Мұрағаттық мәліметтердің аздығына қарамай, ертелі-кеш там-тұмдап жинаған материалдарын толымды кітапқа айналдырыпты.
Бұл шығарманың құрылымы ерекше. Онда бөлімдер жоқ. Алашшыл азаматтың адами, қайраткерлік, шығармашылық болмысын өлім алдындағы алты күнге сыйғызыпты. Оның бәрін бұл жерде қайталау қажет емес. Тек Сейдәзімнің Міржақыппен Ыбырай мектебінде бірге оқып, қатар өскеніне, Орынбордағы қырғыз (қазақ) мұғалімдер мектебін жақсы бітіріп, сол қаланың округтік сотына аудармашылықтан бастаған қызметін кәсіби деңгейде меңгеріп, Патшалық Ресейдің ғана емес, Кеңестік үкіметтің жоғарғы заң органдарында да ұзақ жылдар Заң шығару және бақылау бөлімін басқарып, сәйкесті Халық комиссариатының коллегия мүшесі қызметін абыройлы атқарғанына, сонда жүріп, Ресей кеңестік социалистік федерациясының заңдарын Қазақстан жағдайында пайдалануға жарамды ете отырып аударғанына, оларды мыңдаған тиражбен күнделікті айналымға кіргізіп, сот ісін қазақ тілінде жүргізуге жол ашқанына көпшіліктің көңілін аударсақ жеткілікті болар деп ойлаймын.
Осылай дей тұрғанмен Сейдәзім Кәдірбаевтің трагедиясы басқа. Ол мықты заңгер. Бірақ, заңсыздықтың ылаңынан құтыла алмаған заңгер. Ол өзі құрған заңмен алты жылға сотталып, айыбын өтеген. Одан кейін қайта кінәланып, заңсыз атылған.
Осынша азап көрген, атуға кесілген кісінің түрмедегі көніл-күйін, оның ішіндегі әр дыбыстың жан түршіктіріп, зәрені алатынын былай қойғанның өзінде, үкімнің орындалуын күткен әр сәт үлкен үрейден басқа жан иесінің көз алдына өмір өткелдерін оралтатынын автор барынша нанымды суреттеген.
Кітапта аздаған ағаттықтар да жоқ емес. Олар негізінен Сейдәзім мен Міржақып Торғайға оқуға барған кезеңді баяндаудың дәлсіздігі мен романның бөлімсіз болғандықтан ауыр оқылатынына байланысты дер едік.
Соған қарамай, бұл кітапты Сейдәзім Кәдірбаевтің тағдырына арналған алғашқы тұтас шығарма дей аламыз. Оның жоғарыда келтірілген жеке мақалалар мен конференция материалдары мен Сейдәзімнің өз шығармаларының жинақтарымен бірге Алаш ардақтысының ел ішінде таныла түсуіне қызмет ететіні сөзсіз.
Сәбит БАЙЗАҚҰЛЫ, ҚР ҰҒА академигі