Қазіргі реформалар саяси және экономикалық шеңберден шығып, қоғамның рухани және мәдени деңгейін көтеруге бағытталып отыр. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «Túrkistan» халықаралық газетінде жарық көрген «Реформалардың мәні – 3: ХХІ ғасырдағы ұлттың жаңа сапасы» атты мақаласында айтылады.
«Біз бұған дейінгі мақаламызда ХХІ ғасыр адамзат үшін шын мәнінде енді ғана, яғни ширек ғасыр өткеннен кейін басталғанын айтқан едік. Оның басты белгісі өткен жүзжылдықтың екінші жартысында қалыптасқан іргелі геосаяси негіздер тепе-теңдігінің бұзылуы болды. Сол кезде біз Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жаңа дәуірдің сын-қатеріне төтеп беру үшін жасаған жүйелі екі қадамын талдаған едік. Оның біріншісі – саяси реформалар арқылы мемлекеттің ішкі тұрақтылығын нығайту, екіншісі – экономикалық жүйені құбылмалы әлемге бейімдеуді көздейтін экономикалық реформалар. Ал Жаңа Қазақстанның үшінші тағаны қандай болмақ?». Осы сұраққа Мәулен Әшімбаев өз мақаласында кеңінен жауап береді.
Мақалада ұлттық сананы жаңғырту, азаматтық бірегейлікті нығайту және ұлт сапасын арттыру мәселелері кеңінен қозғалды.
Сенат төрағасының айтуынша, өзгерістердің тереңдеуі ұлттың болмысын жаңғыртып, заманауи әрі тұтас қоғам қалыптастыруды көздейді.
Мақалада айтылғандай, ұлттың жаңа сапасы – жаһандық үрдістерге бейімделе алатын, ұлттық тамырынан ажырамаған саналы азаматты тәрбиелеу. Осы мақсатта Әшімбаев Қазақстанда қолға алынып жатқан бастамалар – білім беру жүйесін жетілдіру, цифрлық мәдениетті дамыту, қоғамдық құндылықтарды нығайту сынды бағыттармен ұштасатынын атап өтеді.
Сенат төрағасы ұлттық жаңғыруды этномәдени ерекшеліктер мен жаңа өркениеттік талаптарды сабақтастыра отырып жүргізу қажеттігін алға тартады.
Мақалада сонымен қатар, реформалардың табысты болуы қоғамдағы әрбір адамның белсенділігі мен саналық деңгейіне тікелей байланысты екені де көрсетілген. Яғни, өзгерісті тек жоғарыдан күту емес, оны қоғамның өзі де қалыптастыруға үлес қосуы қажет.