Қазақ халқының көне ұғымына сілтеме жасайтын көрме ашылады

0
99

2025 жылы 8 тамызда сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР мемлекеттік өнер музейінде қазақстандық суретші Динара Қадырованың «ÜT» атты жеке көрмесінің ашылуы өтеді.

Көрме – ұмыт қалған, бірақ үміттің тірі символы іспеттес жарық жайлы өзіндік визуалды толғаныс. «ÜT» атауы – қазақ халқының көне ұғымына сілтеме жасайды. Ол киіз үйдің түндігінен түскен күн сәулесінде қалқып жүрген шаң-тозаңды білдіреді. Бұл – жай ғана атмосфералық құбылыс емес, әлдебір ұлы дүниенің барын меңзейтін, сөз бен пішіннің шегінен тыс, жүрекке ұялаған ізгі тілектей сезілетін бейне.

Көрменің мазмұндық өзегі – «Балам» атты картина. Картинада бейнеленген бала – сенуге, сезінуге және көруге қабілетті ішкі «меннің» метафорасы. Автордың жұмыстары нәзік жарыққа толы. Бұл – адам баласына бала кезден дарыған, кейде ұмыт болғанымен, ешқашан толық жоғалмайтын жылулық, сенім мен үміттің символы. Жарық бірде бейнелерде жалт етіп көрініп, бірде табиғат көріністеріне сіңіп кетеді, осылай көрерменді бір сәтке кідіріп, өз ішкі әлеміне үңілуге шақырады.

Майлы бояумен бейнеленген кескіндемелер топтамасын толғанысты эстетика, поэтикалық астарлылық пен зер салып қарауға шақыратын философиялық желі біріктіреді. «ÜT» көрмесі әлемге деген сенімді жоғалтпауға және ең ауыр сәттерде де жарықтың бар екенін еске алуға жетелейді.

Динара Қадырова – кескіндеме, графика және көркем фотосурет жанрларында жұмыс істейтін суретші. Ол 1987 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын және Республикалық көркемөнер колледжін тәмамдаған. Шығармалары бірқатар ұжымдық және жеке көрмелерге қатысып, олардың қатарында «Ұмайдың бесік жыры» (2021), «Мифтер мен аңыздар» (2022), «Анамның орамалы» (2021) көрмелері бар. Сондай-ақ жұмыстары халықаралық дизайн апталығында да ұсынылған.

Суретшінің туындылары Қазақстан, Еуропа, Ресей және АҚШ-тағы жеке коллекцияларда сақтаулы. 2011 жылы Динара Қадырова Kazakhstan Art Week байқауында бірінші орынды иеленді. Ал 2023 жылы оның шығармашылығы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында қорғалған магистрлік диссертацияның зерттеу тақырыбы ретінде таңдалды.

«ÜT» көрмесі – маңызды тақырыпты қозғайтын тыныш әңгіме. Көрмеде қойылған туындылар у-шуы, асығыстығы мен агрессиясы үстемдік еткен бүгінгі әлемде уақытқа бағынбайтын ішкі болмысымыздың бір бөлшегін еске салады. Ол – күңгірт тыныштықта қалқып жүрген шаң-тозаңның арасынан да жарықты байқай алатын жан дүниенің терең қабілеті. Бұл көрме адамды өз ішіне қайта үңілуге, әлемге жаңа көзқараспен қарауға және өмірге, әлемге, өзіңе деген сенімді қайта тірілтуге жетелейтін шақыру іспетті.

Экспозиция 2025 жылдың 29 тамызына дейін жалғасады.

Көрме кураторы Емангалиева К.А.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here