«Таза Қазақстан»: елімізде 2 миллиард ағаш қалай отырғызылып жатыр?

0
1508

Қазақстан – ұлан-ғайыр даласы бар, табиғаты әр алуан, орман мен өзені, құмы мен тауы қатар жатқан бай өлке. Бірақ, соңғы жылдары елде экологиялық мәселелер күрделене түсті. Ауаның ластануы, тұрмыстық қалдықтардың көбеюі, жасыл желектің сиреуі, өзен-көлдердің тартылуы – мұның бәрі күн тәртібінен түспейтін өткір проблемаларға айналды. Осыған байланысты елімізде табиғатты қорғауға бағытталған бірқатар маңызды бастамалар қолға алынды. Қазіргі жаһандану дәуірінде экологиялық қауіпсіздік мәселесі тек бір елдің ғана емес, бүкіл әлемнің басты назарында тұр. Соның ішінде ең көлемді әрі жалпыхалықтық сипатқа ие болғаны – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылы сәуірде бастау алған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы. Бұл – жай ғана сенбілік емес. Бұл – табиғатпен қайта табысу, рухани жаңғыру, жауапкершілік пен бірліктің көрінісі.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛДЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ

«Экологиялық мәдениет – адамның ішкі мәдениетінің көрінісі. Сананың тазалығы, дененің тазалығы және қоршаған ортаның тазалығы – бұлар бір-бірімен тығыз байланысты. Мен бұл бастаманы алғашқылардың бірі болып қолдаған әрбір азаматқа алғыс айтамын. Әсіресе, жастардың белсенділігі қуантады. Елдің әр түкпірінде сіздер қоғам игілігі үшін еңбек етудесіздер. Бұл – өзгелерге үлгі. Мен әрдайым сіздерді қолдаймын», – дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан үшін де қоршаған ортаны қорғау, табиғи байлықты сақтау – ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе. Бұл бастама табиғатты қорғауға шақырып қана қоймай, еліміздегі экологиялық саясаттың жаңа кезеңін бастауға түрткі болды. Неліктен бұл бастама маңызды? Себебі, еліміздің аумағының басым бөлігінде тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Қоқыс полигондарының көбісі ескі, қайта өңдеу жүйесі жеткілікті деңгейде дамымаған. «Таза Қазақстан» жобасы осы түйткілдерді шешуге, қоғам назарын табиғатты аялауға бағыттауда.

Халықтық қозғалысқа айналған «Таза Қазақстан» – барша халықты біріктірген ұлттық жоба. Бұл – рухани серпіліс пен табиғатпен татулыққа ұмтылу. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 5 млн тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық (ТҚҚ) жиналады. Оның тек 20%-ы ғана өңделеді, ал қалған бөлігі полигондарда шіріп, топырақты улайды. Қоқыстардың ішінде қауіпті химиялық элементтер бар, олар уақыт өте топыраққа, жер асты суларына таратып, халық денсаулығына кері әсер етеді. 2025 жылдың алғашқы жартысында 874 шара өткізілді, 1,5 млн тонна қоқыс жиналды, 2 млн ағаш отырғызылды. Оған жалпы саны 9 миллионнан астам адам қатысты. Халықтың белсенділігі – бұл бастаманың нағыз жетістігі.

Қазақстандағы экологиялық проблемалардың негізгі түрлері:

  • Қоқыс мәселесі. Ірі қалалар маңындағы полигондардың толып кетуі.
  • Ауа ластануы. Өндіріс орындарынан шығатын зиянды газдар.
  • Су көздерінің тартылуы. Арал теңізінің тағдыры – бәріне сабақ болуы тиіс.
  • Орман өрттері мен жасыл желектің азаюы.
  • Пластик қалдықтарының көбеюі.

Тың дерек: БҰҰ есебінше, әлемде жыл сайын 300 млн тонна пластик шығарылады, оның тек 9%-ы ғана қайта өңделеді. Қазақстанда пластик қалдықтарының үлесі барлық қоқыстың 15%-ын құрайды. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Экологтардың зерттеуінше, бір адам табиғатқа жылына орта есеппен 300 кг қоқыс қалдырады. Егер осының 50%-ын сұрыптасақ, табиғаттың жүктемесі 2 есе азаяды. Әлемнің дамыған елдерінде қоқыс сұрыптау – күнделікті әдетке айналған. Мысалы, Жапония тұрғындары қоқысты 5 түрлі санатқа бөліп, оны қатаң тәртіппен тапсырады. Германияда қоқыс сұрыпталмаса, айыппұл салынады. Қазақстанда жағдай қалай? Соңғы жылдары Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда қоқыс сұрыптайтын контейнерлер орнатылып, арнайы зауыттар салынды. Мысалы, Алматыдағы қоқыс сұрыптау кешені жылына 300 мың тонна қалдық өңдейді.

Еске сала кетейік, «KazRecycleService» компаниясының дерегіне сүйенсек, 2024 жылы Қазақстанда 1,2 млн тоннадан астам пластик қалдығы қайта өңдеуге жіберілген. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 4 есе артық көрсеткіш.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫРАМЫЗ?

Елімізде «Таза Қазақстан» атты кең ауқымды экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы жүзеге асырылып келеді. Бұл құжаттың мақсаты – азаматтардың табиғатқа деген көзқарасын өзгерту, экологияны қорғау мәдениетін қалыптастыру, әсіресе жастар арасында экологиялық жауапкершілікті күшейту.

«Бұл тұжырымдама – жай ғана кеңес немесе жоспар емес. Бұл – біздің табиғатқа деген қарым-қатынасымызды қайта қалыптастыратын негіз. Біз бірлесіп қоршаған ортаның мәселелерін шешуді үйреніп келеміз», – деді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев.

2024 жыл мен 2025 жылдың алғашқы алты айының ішінде ел көлемінде 874 экологиялық іс-шара өткізілді. Олардың қатарында республикалық деңгейдегі «Таза кәсіп – таза аймақ», «Киелі мекен», «Таза өлке», «Мөлдір бұлақ» сияқты акциялар, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі «Жер сағаты», «Құстар күні» секілді экологиялық бастамалар да бар.

Аталған шаралар нәтижесінде 1 миллион 414 мың тонна қоқыс жиналды, елдімекендерде 2 миллион 400 мыңнан астам ағаш отырғызылды, жалпы қатысушылар саны 9 миллион адамнан асты. Бұл – жай ғана сандар емес, бұл – елдің табиғатқа деген жаңарған көзқарасының көрінісі.

Жаңа заманның талабына сай экология саласында да цифрлық құралдар енгізіліп жатыр. Солардың бірі – @TazaQazBot. Бұл бот арқылы кез келген азамат өз өңіріндегі экологиялық мәселелер жайлы хабарлай алады. 2025 жылдың өзінде бот арқылы 12 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 11 мыңдайы сәтті шешілген.

«Біреуден күтпеңіздер, өйткені «Әкімдік қайда қарап отыр?», «Неге ешкім істемейді?» деген сұрақтарды қоюдың қажеті жоқ. Мұны әркім өзінен бастап, өз пайдасы үшін істей алады. Міндетті түрде 10-100 сотық жер болу керек емес. 10 ағаш, 5 ағаш егіңіз. Бұл челлендж аясында айтқым келетіні – қолдайық, өз ізімізді қалдырайық», – дейді қоғам белсендісі Қайыржан Таңатаров.

2023 жылы 100 жаңа полигон салу, 8 полигонды кеңейту, 5 полигонды рекультивациялау жоспары бекітілді. Қазірге дейін 7 полигон іске қосылды, 23 жоба дайын, 18 жоба әзірлеу сатысында. Министрлік қазіргі таңда 43 жаңа полигонның құрылысын қаржыландыру мәселесін қарастырып жатыр. Бұл үшін утильалым қаражаты пайдаланылмақ. Жалпы жоба құны – 53 миллиард теңге.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық бастамасы аясында 2027 жылға дейін 2 миллиард ағаш отырғызу көзделген. Бүгінгі таңда осы жоспардың аясында орман қоры аумағында 1,3 миллиардтан астам ағаш көшеті отырғызылды. Арал теңізінің құрғаған табанына 48,7 миллион сексеуіл егілді. Бұл жұмыстар климатқа бейімделген, жоғары өсу қабілеті бар көшеттерді көбейту үшін арнайы орман питомниктерін дамытумен қатар жүргізілуде. Мұның бәрі еліміздің экологиялық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.

2021 жылдан 2024 жылы 475 мың гектар жер көгалдандырылды. Бұл – негізінен сексеуіл егу арқылы жүзеге асқан. 2025 жылдың ақпанында 120 мың гектарға тұқым себу аяқталса, көктемде 11,8 мың гектарға сексеуіл көшеттері отырғызылған. Мемлекеттік жоспарға сай алдағы жылдары тағы 428 мың гектар аумақ көгалдандырылады. Бұл – Арал маңының экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, жалпы елдегі климаттық тепе-теңдікті сақтауға қосылатын маңызды үлес.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақстан – бізге аманат. Табиғат – біздің үйіміз. Оған деген көзқарасымыз – өзімізге деген құрметіміздің көрінісі. «Таза Қазақстан» – ел болашағы үшін басталған ауқымды экологиялық қозғалыс. Бұл – бір күндік сенбілік емес, бұл – сананы оятар ұлттық мінезге айналар бастама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бастау алған бұл жоба бүгінде бүкіл ел аумағында кеңінен қанат жайып, табиғатты аялауға шақыратын нақты іске айналды. Атауы айтып тұрғандай, жоба тек көше тазалау не қоқыс жинаумен шектелмейді. Бұл – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жас ұрпақтың бойына туған жерге жанашырлық сезімін сіңіру, тазалықты рухани құндылыққа айналдыру. Біз табиғатты пір тұтқан, әр шөптің қасиетін білген, әр бұлаққа ат қойған, жер анамен үндесе өмір сүрген халықпыз. Сондықтан «Таза Қазақстан» – ұлттық болмысты жаңғыртуға бастайтын ізгі жоба. Бұл бастама – бүгінгі емес, болашақ ұрпақ үшін керек. Әр бала таза ауамен тыныстап, тұнық судан ішіп, көк майсада ойнап өсуі тиіс. Бұл – тек биліктің не еріктілердің емес, әр азаматтың жауапкершілігіне айналуы қажет. Бүгінгі атқарылған істер – ертеңгі жасыл болашақтың кепілі. Табиғатты қорғау – ұрпақ алдындағы аманат. Осы аманатты барлығымыз бірге арқалап, таза ел – таза сана – таза болашақ қағидасын ұстансақ, Қазақстанның ертеңі нұрлы болмақ.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here