

Пандемия – бүкіл әлем үшін ауыр кезең болғаны рас. Ол экономиканың барлық саласына, соның ішінде кәсіпкерлікке де айтарлықтай ықпал етті. Бұл әсер тек Жамбыл облысында ғана емес, жаһандық деңгейде сезілді. Пандемияға дейінгі және кейінгі жағдайдың қандай айырмашылығы байқалады? Бұл сұрақты Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына қойған едік.
Аталмыш басқарманың бас маманы Нұрислам Өмірболаттың айтуынша, кез келген қиындық жаңа мүмкіндікке жол ашады.
– Пандемия кезеңі біздің өңірде де кәсіпкерлікке қатысты жаңа бағыттар мен форматтардың қалыптасуына себеп болды. Біріншіден, пандемия көптеген кәсіпкерлерді сандық жүйеге бейімделуге мәжбүр етті. Бұрын оффлайн жұмысқа үйреніп қалған бизнес иелері енді электронды сауда алаңдарына шығып, онлайн коммерцияның қыр-сырын меңгере бастады. Бұл, әсіресе, сауда, қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындарға жаңа нарықтарға жол ашты. Карантин кезіндегі шектеулер цифрландырудың маңызын айқын көрсетіп берді. Қазірдің өзінде көп кәсіпкер электронды платформалар арқылы жұмыс істеуді күнделікті тәжірибеге айналдырған. Екіншіден, пандемия белгілі бір салаларға деген сұранысты арттырып, жаңа кәсіп түрлерінің пайда болуына жол ашты. Соның ішінде, әсіресе, медициналық бағыттағы жобаларға деген қажеттілік күрт өсті. Мәселен, Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында орналасқан «Супер Фарм» («Super-Pharm» ЖШС) кәсіпорны соның айғағы. Бұл жоба – шприц өндіру зауыты, құны – 1,6 млрд теңге, жылдық өндірістік қуаты 250 млн дана өнім шығаруға қауқарлы. Зауыт іске қосылған сәтте 90 жаңа жұмыс орны ашылды. Осындай өндіріс орындары пандемиядан кейін тек экономикалық емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды рөл атқара бастады. Пандемияға дейінгі кезеңде кәсіпкерлік көбіне дәстүрлі бағыттарға – сауда-саттық, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы салаларына негізделсе, кейінгі жылдары денсаулық сақтау, фармацевтика, IT және логистика сынды жаңа бағыттарға бет бұра бастағанын байқадық. Бұл – уақыттың, сұраныстың, ең бастысы, бейімделудің нәтижесі, – деді Нұрислам Нұрланұлы.
Бас маманның пікірінше, пандемия мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке қолдаудың күшеюіне де себеп болды. Несиелерді кейінге шегеру, салықтық жеңілдіктер, жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері арқылы көптеген кәсіпкер өз ісін сақтап қала алды. Жағдайға қарай тез икемделе білген кәсіпкерлер, керісінше, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізді.
Қорыта айтқанда, пандемия кезеңі отандық кәсіпкерлікке тек қиындық қана емес, сабақ пен серпін әкелді. Жаңаша ойлау, тез бейімделу, нарықты жедел зерттеу – кәсіпкер үшін басты құралға айналды. Бүгінде сол кезеңнен өткен кәсіпкерлердің көбі аяқтан нық тұрып, тәжірибесін арттырып, нарықта өз орнын нақтылап алды. Яғни, пандемия кәсіпкерлікті тоқтатқан жоқ, керісінше, оны жаңаша бағытта дамытуға түрткі болды.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Тараз қаласы
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА: «Super-Pharm» ЖШС – Қазақстандағы бір реттік медициналық бұйымдарды өндіруші жетекші компания. 2006 жылы құрылған кәсіпорын тоқыма емес материалдардан, пластиктен жасалған өнімдер мен шприцтер шығарады. Үш өндірістік желісі бар зауыт жылына 300 миллион дана өнім өндіре алады және 548 адамды жұмыспен қамтып отыр. Негізгі тапсырыс берушілері арасында «СК-Фармация» ЖШС және мемлекеттік, жеке медициналық мекемелер бар.