Қазақстанда Қылмыстық кодекске сталкинг ұғымы енгізілді. Енді адамды аңдып, қорқытатындар қылмыстық жазаға тартылатын болады. Сарапшылар заңнамадағы өзгеріс көп адамның өмірін сақтап, қоғамдағы тәртіпті күшейтетінін айтады. Бір ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін бұл жаңа баптың нақты құқықтық сипаты қандай болатынына тоқталады.
Расында, атауы өзгергенімен, бұл ұғым бұрыннан бар. Біреу жүйелі түрде маза бермей телефон соқса, есік аңдып, әлеуметтік желіде ұдайы бақыласа, сталкинг саналады. Мұның ішіне қорқытып-үркіту, қоқан-лоқы көрсету секілді психологиялық қысым да бар. Қысқасы, зәбір көрушінің зәресін алып, мазасын кетірудің бәрі осы санатқа жатады.
Kazinform агенттігі сарапшысының жазуынша, мұндай оқиға қыз-жігіт болып араласқан жұптарда, ажырасқан отбасыларда көп кездеседі. Екіге кеткенде де бұрынғы әйелінің өмірін бақылағысы келетін талай азамат сталкингтің түр-түрін жасаған. Бетін қайтарса да, аяқ тартпайтын қаншама жігіт қызды қаратамын деп аңдумен болды. Қоғам мұндай істі «қалыпты қызғаныш», «жастықтың буы» дегенге салып біршамасын жазасыз жіберіп келген. Кейін көзқарастың салқыны қайғылы оқиғаға ұласқанын көріп жүрміз.
Кейінгі жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларды қорғау бағытында арнайы заңдар қабылданды. Қоғамдық резонанс тудырған тақырыптан соң талап пен бақылау күшейді. Осы орайдағы қоғамның соңғы сұрауының бірі сталкингке қарсы жаза болғанын жасыра алмаймыз.
Бұрын сталкингті отбасылық кикілжің, тұрмыстық түсініспеушілік деп қабылдап келдік. Заңнамада «сталкинг» деген тармақ та, түсінік те болмады. Тіпті, құқықтық анықтама берілген жоқ. Соған сай құқықтық жауапкершілігі босаң болғанын жасыра алмаймыз. Сәйкесінше оқиға қай бапқа сай келсе, соған орай іс қозғалатын. Шағымның басым дені Қылмыстық кодекстің «Жеке өмірге қол сұғу», «Қорқыту» секілді баптары бойынша қаралатын еді. Мысалы, сталкингтің киберсталкинг деген түрі бар, яғни виртуалды әлемдегі аңду мен бопса. Жәбірленушіні жеке деректі жариялаймын деп қорқытқан адамға Қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен айып тағылуы мүмкін-тін. Қылмыстық кодекстің 115 бабындағы жаза: адамды қорқытып, өлімге әкелуі мүмкін әрекет үшін 120 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 30 күнге дейін қамақ жазасы тағайындалады. Ал кодекстің 147-бабында айыпталушы зардап шегушіге 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді немесе 3 жыл бас бостандығынан айырылуы ықтимал. Бары – сол. Демек, әлі де болса сталкингті дербес қылмыс ретінде қарастыратын тарау болмай келді. Ендігі өзгеріс қалай болмақ?
Қылмыстық кодекске сталкингке қатысты әркеттерді біріктіретін 115-1-бап енгізілді. Құқық тіліне салсақ, мұндағы сталкинг түсінігі мына қамдарды қамтиды:
- Адамның еркінен тыс байланыс орнату;
- Зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын, алайда елеулі зиян келтірген әрекет;
- Адамның ізіне түсу;
- Адамды қудалау 115-1-баппен жазаланады.
Сонымен, кез келген адам өзгенің аңдып жүргенін сезсе, аталған баптар арқылы қауіптің алдын алуға қақысы бар.
Бір дүниені түсінген жөн, мессенджерлер арқылы хат алмасудың заңды күші бар. Дәлел ретінде әлеуметтік желідегі әңгіменің суретін (скриншот) ұсынуға болады. Ізіңізге түскен адамның тоқтаусыз қоңырау шалғанын видеоға түсірсеңіз, оны да дәлел ретінде қолдануға жол ашық. Дегенмен, сталкинг ауыр қылмыс санатына енгізілмеді. Алайда, жаңа баптың мақсаты – сталкингті қатаң жазалау емес, қатердің алдын алу секілді. Өзгеріс арқылы қоғамның жауапкершілігін арттырып, жазаның барын ескерту амалына ұқсайды. Себебі, сталкинг туралы арнайы бап болғанымен, мұндай әрекет ауыр қылмыс қатарына жатқызылмаған.
Есбол ТӨРЕҚҰЛ