Жаңа заң көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіре ме?

0
987

15 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Енді биыл 13 қыркүйекте тұрғын үйлерді басқаруға қатысты заңнамалық пакет қолданысқа енгізіледі.

Жаңа заң: Енді тұрғындарға таңдау құқығы беріледі

Inbusiness.kz порталының жазуынша, аталған топтамаға 3 заң кірді. Бұлар – «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексіне (Салық кодексі) және оны қолданысқа енгізу мәселелері бойынша ҚР заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы, сондай-ақ «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы.

Жанат Ардақтың атап өтуінше, осы заңнамалық түзетулерге сәйкес, пәтері бар барлық отбасының әмиянына қосымша жүктеме түседі. Себебі, жаңа заңдар ПИК/КСК, МИБ/ОСИ, басқарушы компаниялардың тарифтерін айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байлады. Тиісінше, түбіртектегі «Эксплуатациялық шығыстар», «ОДН», «Үйді күтіп-ұстау шығыстары» сияқты бағанадағы сомалар жыл сайын АЕК-пен бірге автоматты түрде өсіп отырады. Ол тарифтерді көтеру үшін енді тұрғындардың келісімі талап етілмейді. Сорақысы сол, бұған қоса, дәл осы тарифтерді МИБ төрағасы, басқарушы компания, сондай-ақ жергілікті мәслихат та өз бетінше қосымша көтеріп тұрады. Мысалы, бұдан былай бір тұрғын үй кешенінде бірнеше МИБ (ОСИ) құруға заңмен тыйым салынады. МИБ төрағасының өкілеттік мерзімі қазіргі 1 жылдан енді 3 жылға дейін ұлғаяды.

Құрылыс компаниясы, оның сервистік ұйымы және басқа басқару органдары тұрғын үй заңнамасына сәйкес көзделген құжаттарды тұрғындарға ұсынудан бас тартса, ол үшін жаза енгізілді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Қуандық Қажкеновтің мәліметінше, ол жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде қарастырылды.

«Тұрғындарға есеп бермегені, үйге қажетті құжаттарды ұсынудан бас тартқаны үшін айыппұл енгізілді. Бұрын алдымен ескерту жасалып, содан соң ғана айыппұлмен жазаланатын. Енді бірден 50 АЕК (196 600 теңге) айыппұл болады. Бұзушылығын бір жыл ішінде қайталса, айыппұл 100 АЕК-ке (393 200 теңгеге) дейін өседі. Бұдан бөлек, құрылыс компанияларының инженерлік құжаттама мен есептілікті ұсынбағаны, сондай-ақ жүргізілген аудиттер мен ревизиялар туралы ақпаратты жалпы жиында дер кезінде ұсынбағаны үшін тиісті айыппұлдар қарастырылды. Бірінші кезекте 50 АЕК айыппұл көзделген, ұсынбауын жалғастырса айыппұл 100 АЕК-ке дейін артады», – деді Қуандық Жұмабекұлы.

41 жасқа толатын вице-министрдің сөзінше, айыппұл сол үйді тікелей басқаратын тұлғаға салынатын болады, тиісінше, айыппұлды ол өз қалтасынан өтеуге міндетті. Әйтпесе, сенатор Геннадий Шиповскихтің дерегінше, қазіргі кезде МИБ, ПИК, басқарушы компаниялар басшылары айыппұлды тұрғындардың төлемдері есебінен өтеп, ол үшін ортақ шоттағы қаражатты жұмсау тәжірибесі кең таралыпты. Халық қалаулылары 6 жыл ішінде институт ретінде жойылмаған пәтер иелері кооперативтерін қайта заңдастырып, олардың қызметінің ашықтығына қойылатын жаңа талаптарды енгізді. Осылайша, ПИК-тер жеңіске жеткенін айтуға болады.

Жаңа заңнамалық пакетке сәйкес, Қазақстанда енді кондоминиумды басқарудың 2 түрі ғана қалады, бұлар – мүлік иелерін біріктіру (МИБ, мүлік иелерінің бірлестігі) және тікелей бірлескен басқару (ТББ). Мұның алдында осыларға қоса пәтер саны 36-дан аспайтын екі-үш қабатты үйлер үшін «жай серіктестіктер» деген формасы қарастырылған, ол нысан жойылды. Ондай шағын үйлерді тұрғындар МИБ сияқты ешқандай заңды тұлға құрмай, жеке шот ашпай, өзара келісіп басқара алады.

Жаңа заң құрылыс компанияларына жаңа тұрғызған тұрғын үй кешендеріне төл басқарушы немесе сервистік компаниясын бірден 2 жылға дейінгі мерзімге тағайындауына рұқсат етті. Қыркүйекке дейін қолданыста болатын ескі заң бойынша 6 айға ғана рұқсат етілетін.

Сонымен, қазақстандықтар осы күзде жаңа заңмен өмір сүреді. Президент қол қойған, 13 қыркүйекте іске асатын жаңа заң – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге және саладағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды құжат. Бұл өзгерістер әрбір тұрғынға тікелей әсер етеді, сондықтан оның мазмұны мен салдарын жан-жақты түсіну маңызды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here