Алматыдағы БҰҰ өңірлік орталығы қандай міндеттерді атқарады?

0
63

Алматы қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) арналған өңірлік орталығын құру туралы келісімге қол қойылды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің қатысуымен өткен ресми кездесуде жария етілді. Президент аталған келісімді маңызды тарихи оқиға деп бағалап, оның Орталық Азия өңірі үшін айрықша маңызын атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бас хатшы Антониу Гутерриш Алматы қаласындағы БҰҰ өңірлік орталығына барды

– Бұл – халықаралық қоғамдастыққа Орталық Азияның стратегиялық рөлі туралы берілген нақты әрі күшті сигнал. Бүгінгі келісім – БҰҰ-ның Алматыда жаңа өңірлік орталық құруын ресми түрде бекітетін құжат, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бұл қадамды «өңір үшін жаңа кезеңнің басталуы» деп атады.

– Алматы – тарихи тамыры терең, табандылығы мықты және болашағына сенімді қала. Қазақстан – көп жылдан бері Батыс пен Шығыстың, дәстүр мен инновацияның арасындағы алтын көпір. Сондықтан бұл орталық дәл осы жерде орналасуы – заңды шешім, – деді Антониу Гутерриш.

БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі мәлім еткендей, жаңа өңірлік орталық жеке құрылым немесе қор болып саналмайды. Ол БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаментінің құрылымына енеді. Сонымен қатар, бұл орталық БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі топтарымен, өңірлік агенттіктермен және тұрақты үйлестірушілермен тығыз байланыста жұмыс істейтін болады.

Орталықтың құрылуы туралы шешімді БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған. Ал орталықты Алматыда орналастыру жөніндегі келісімге Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасында қол қойылды.

БҰҰ-ның Қазақстандағы кеңсесінің мәліметінше, бұл – Орталық Азия мен Ауғанстанға ғана бағытталған, тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуге арналған алғашқы өңірлік орталық.

Жаңа орталықтың басты міндеті – Тұрақты даму мақсаттарын өңірлік ерекшеліктерге бейімдеп, Орталық Азия елдері мен Ауғанстанның осы саладағы күш-жігерін қолдау.

Жұмыс үш негізгі бағытқа топтастырылады:

  • орнықты экономикалық өсім;
  • әлеуметтік әділеттілік;
  • қоршаған ортаны қорғау.

Сондай-ақ орталық:

  • өңірлік бағдарламалар мен жобаларды әзірлейді;
  • БҰҰ агенттіктерінің жұмысын үйлестіреді;
  • мемлекеттік органдармен, қаржы ұйымдарымен, жеке сектормен және ҮЕҰ-мен әріптестік орнатады.

Айрықша назар 2024-2034 жылдарға арналған теңізге шыға алмайтын елдерге арналған іс-қимыл бағдарламасын іске асыруға және Ауғанстанға қолдау көрсетуге бағытталады.

Сонымен қатар, орталық өңірлік диалог пен тәжірибе алмасудың, цифрлық трансформацияны ілгерілетудің, жастардың белсенділігін арттырудың және бейбіт, тұрақты қоғам құрудың алаңына айналмақ.

– Біз орталық «Болашақ үшін пакт» шеңберінде де маңызды рөл атқарады деп күтеміз. Ол цифрлық шешімдер арқылы серпінді өзгерістерге жол ашады, – делінген БҰҰ таратқан ақпаратта.

Орталықты ресми іске қосу үшін бірнеше ұйымдастырушылық мәселе шешілуі тиіс. Атап айтқанда:

  • орталықтың нақты міндеттерін айқындау;
  • қаржыландыру тетіктері мен меморандумын әзірлеу;
  • штаттық құрылым мен бюджет жобасын бекіту;
  • орталық басшылығын тағайындау жоспарланып отыр.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here