2025 жылғы 7 тамызда «Ғылым ордасы» РМК Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы және Мәдени өкілдігімен бірлесіп, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Әдебиет – достық көпірі» атты көрме ұйымдастырды.
Іс-шараға «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Ұлар Мұқажанов, Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулы Суна Ахмади, Иран Мәдени өкілдігінің басшысы Хоссейн Ағазаде, сондай-ақ Ирандағы қазақ диаспорасының өкілдері, зиялы қауым мен ғалымдар қатысты.
Халықаралық шараның басты мақсаты – Абай Құнанбайұлының рухани-мәдени мұрасын дәріптеп, оның терең мазмұнды шығармалары мен адамзаттық құндылықтарға негізделген идеяларын халықаралық деңгейде насихаттау. Сонымен қатар, бұл мәдени бастама қазақ және иран халықтары арасындағы әдеби байланысты нығайтып, екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Іс-шара барысында «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Ұлар Мұқажанов:
«Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы – оның рухани және әдеби мұрасын жаңа қырынан танып, зерделеуге мүмкіндік беретін маңызды кезең. Абай – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы ғана емес, ұлттық ой-сана мен мәдениеттің символы. Бүгінде Абай шығармалары әдебиеттанумен қатар, философия, тарих, тіл білімі және мәдениеттану салаларында кеңінен зерттеліп келеді. Осы орайда, Ғылым ордасы Орталық ғылыми кітапханасының қорында сақталған сирек басылымдар мен қолжазбалар – үлкен ғылыми маңызға ие. Бұл сирек басылымдар Абайдың әдеби стилін, жазба тілінің дамуын және еңбектерінің таралу аясын жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, Абай мұрасын парсы тіліне аударған белгілі жазушы Қажы Мұхаммед Шадкамды еске алу кеші өтті. Қажы Мұхаммед Шадкам – парсы әдеби тілін жетік меңгерген, Абайдың өлеңдері мен еңбектерін парсы тіліне аударып, қазақ әдебиетін Иран жұртшылығына кеңінен танытқан көрнекті тұлға. Оның еңбегі екі ел арасындағы мәдени диалогты нығайтқан маңызды аударма ретінде жоғары бағаланады.
Кеш барысында ұлы ақынның өлеңдері қазақ және парсы тілдерінде оқылып, Ғылым ордасының сирек кітаптар қорындағы Абай шығармаларының түрлі басылымдары, парсы тіліне аудармалары, 500 беттік «қазақша-парсыша» сөздік, сондай-ақ «Абай – Рудаки» достық кілемі мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы студенттерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, Абайдың 180 жылдығына арналған мәнерлеп оқу байқауының жеңімпаздары марапатталып, арнайы сыйлықтар табысталды.
Шара соңында тараптар қазақ-иран әдеби байланысын нығайтуға ниет білдіріп, мұндай мәдени кездесулердің жиі өткізілуінің маңыздылығын атап өтті.