Көрген-білген, ойға түйген: үнсіздіктен ұғындым талай сырды

0
679

Таңертең үйден асығыс шығып, аялдаманы бетке алдым. Сағат 9-ға дейін жұмыс орныма жетуім керек. Қадамдарымды тез-тез басып, аптығып келе жатқанымда көз алдымда 51-ші автобус өте шықты.

– Қап! – деп бір күрсініп алдым. Енді қайтемін… Келесі автобусты күтсем, уақыт жоғалтамын. Сөйтіп жұмыстан кешігемін. Басқа амалым қалмағанын түсіндім де, сол маңдағы такси тұрағына бұрылдым. Осы жерден таңның атуы, кештің батуы – базарға дейін такси жүреді.

Келдім де, жеті орындық ақ мәшиненің артқы жағына сүңгіп кеттім. Мәшине әп-сәтте адамға толып, қалаға қарай тартып кеттік. Қасымдағы орындыққа орта жастағы әйел адам (апа) келіп жайғасты. Басында телефон шұқылап отырған соң аса мән бермедім. Кейін телефонының алдыңғы камерасының жарығы бетіне түсіп, сол қолын қимылдатып отырғанын байқадым да, бұрылып қарадым. Әлгі апам сөйлерге тілі болмаған соң қолдарын тіл орнына пайдаланып, видеоқоңырау арқылы сөйлесіп отыр екен.

Телефонның арғы жағынан қырықтар шамасындағы ер адамды көрдім. Сірә, күйеуі немесе жақыны болса керек. Ол бірде есінеп, бірде саусақтарын қимылдатып әңгімеге араласып, төсекте жатыр.

Мәшиненің іші тым-тырыс. Артық дыбыс жоқ. Мен жанымдағы апаны бақылап бірнеше минут отырдым. Ол бар ынтасымен саусақтарын мың құбылтып, әлденені түсіндіріп отыр. Арасында жымиып, бас бармағын көтеріп қояды. Мен ішімнен қайран қалып, бір жағынан сөйлей алғаныма шүкір етіп отырмын.

Ойпырмай-ау, адамдар осылай да еш дыбыссыз бір-бірімен түсінісіп, күндерін кешіп жүр екен-ау… Әдетте адамдардың бейнеқоңыраумен дабырлап сөйлескеніне құлағым үйреніп қалғандықтан ба, мына жағдай өзіме қызық көрінді. Апам ешкімнің мазасын алмай, ешкімге кедергі келтірмей, ешкімнің ойын бұзбай, видеомен сөйлесіп, өз шаруасын шешіп отыр.

Кейде осындай кісілерге қарап ғибрат алуға болады. Сөйлей алуың, саңқылдап даусыңның шығуы – үлкен нығмет екен. Біздер кейде тіліміз сайрап, сөзіміз тілімізден төгіліп тұрса да, бір-бірімізбен тіл табыса алмай жатамыз… Кейде аузымыз бар екен деп, аузымызға не келсе, соны айтып, өз сөзіміздің тұтқыны болып жүретініміз өтірік емес. Кейбіріміз күлдірем деп бүлдіріп, қуантам деп мұңайтып жатамыз. Осы тілімізбен пайданы да, зиянды да табамыз.

Айтайын дегенім – кейде осы кісілер секілді үніңді шығармай, тіліңді жұтып қойған адамдай үнсіз шаруаңды тындырып жүру де пайдалы. Себебі, «Үндемеген – үйдей пәледен құтылады» деген сөз бар. Хадиспен келтірсем, Пайғамбарымыз (с.а.у):

«Кім де кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе – жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», – деп бұйырған.

Тіліміздің сайрап тұруы, сөзімізден сүрінбей ойымызды анық жеткізе алуымыз – бұл да нығмет. Қадірін біліп, қажетімізге дұрыс пайдалансақ екен.

Серікбол НАЗАРБЕКҰЛЫ,
Ақтөбе қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here