ГУЛАГ-тың мидай батпағы

0
6746

Әрбір адамға «ГУЛАГ» термині Еңбекпен түзеу лагерьлері мен жер аударылғандар қоныстарының және қамау орындарының Бас басқармасы ретінде жақсы таныс. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығында ГУЛАГ-тың бет-бейнесі отызыншы жылдардағы сталиндік қуғын-сүргін кезеңімен байланысты болды. Сол жылдары ГУЛАГ жүйесінен жүздеген мың адамдар азап пен қинаудан өтті. Тұтқынға алынғандардың тегін еңбегі бірқатар ірі нысандарды салуда және шаруашылық жоспарының басқа да ауыр жұмыстарына жегу ісінде  «тиімді» пайдаланылды. Содан кейін кеңес қоғамы өмірінің барлық салаларын қамтыған Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Ол ГУЛАГ-ты елеусіз қалдырмады. Бірақ, құпия себептерге байланысты оның іс-қимылы бірде-бір зерттеулерде қарастырылмады. Кейін Еңбекпен түзеу лагерьлері мен жер аударылғандар қоныстарының және қамау орындарының Бас басқармасының жүйесінде 1941 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша,  53 түзеу лагері, 425 түзеу еңбек колониясы жұмыс істеді. Контрагенттік колониялар, 622 түрме және кәмелетке толмағандарға арналған 50 колония мен жазалау мекемелерінде қамаудағылардың жалпы саны 1 929 729 адамды құраған. Түрлі жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін қылмыстық-атқару жүйесіндегі жазасын өтеушілер арасынан 117 мың адам майданның алдыңғы шебіне жіберілген.

1945 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, КСРО Ішкі істер халық комиссариатының түзеу жүйесінде 1,46 млн адам жазасын өтеген

СОҒЫС ЖЫЛДАРЫ ТҰТҚЫНДАР ҚАЛАЙ ПАЙДАЛАНЫЛДЫ?

КСРО   Жоғарғы   Кеңесі   Президиумының  1941  жылғы  12 шілдедегі және 24 қарашадағы Жарлықтарына сәйкес, жеңіл қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан сотталғандардың кейбір санаттары жазасын өтеу орындарынан мерзімінен бұрын босатылған. Олардың басым көпшілігі әскери комиссариаттар арқылы майданға жіберілген. 1941 жылы осы шеп бойынша майданға 480 мың адам жіберіліп, ол тұтқындардың жалпы санының шамамен 25 пайызын құраған. 1942-1943 жылдар аралығында жазалау мекемелерінен  157  мың  адам  мерзімінен  бұрын  босатылып, Қызыл әскер қатарына шақырылған.

Бұрынғы тұтқындардың соғыс қимылдарына қатысу тәртібі де өзгерген. 1941-1942 жылдары олардан арнайы жазалаушы роталар құрылса, 1943 жылдың басында олардың арасынан сенімге ие болған қатардағы әскери бөлімдер құрыла бастады. Соғыстың небәрі үш жылында Қызыл әскер қатарына 975 мың сотталған адам ауыстырылған. Алайда, сотталғандардың көп бөлігі бас бостандығынан айыру орындарында қалдырылған. Оларды қайда пайдалану қажеттігін, қорғаныс мәселелерін шешу үшін қалай пайдалану керектігін шешу партиялық тұрғыда қарастырылған. ГУЛАГ жүйесінің қызметкерлері де қорғаныс саласы ғылымы мен техникасын дамытуға лайықты үлес қосқан.

Тұтқындар қорғаныс құрылысына да тартылды, ол үшін ГУЛАГ лагерьлерінен 200 мыңнан астам адам бөлінген. Тұтқындар Мәскеу, Ленинград, Сталинград маңында қорғаныс шебінің жекелеген учаскелерін тұрғызды. Сонымен қатар, олар Еділдің ирек бұрылысында және Жайықтың жағалауларында Жоғарғы Бас қолбасшылық штабтары мен Бас штабтың резервтік командалық пункттерін салу үшін кеңінен пайдаланылды. Атап айтқанда, Вытегорск құрылысы мен КСРО Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) лагерінің қаражаты есебінен 2-ші армиялық қорғаныс жұмыстары дирекциясының құрылысына дала жұмыстары қарастырылды.

Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері соғыс уақытының қиын жағдайында жеңісті жақындатуға қосымша үлес қосу үшін қаражат пен мүмкіндіктерді іздеді. 1941 жылдың күзінде Киров қаласындағы №1 түрменің қызметкерлері авиациялық эскадрильяның құрылысына қаражат жинауды ұйымдастырды. «Ивдельлаг» (Свердлов облысы) ұжымы соғыс жылдарында танктер мен ұшақтар жасау үшін 3,5 млн рубль ақшалай және 10 млн рубльден астам облигациялар аударды.

Соғыс жылдарындағы қызметкерлердің, азаматтық қызметкерлердің және тұтқындардың бірлескен еңбегі арқылы еліміз ағаш, көмір және кенмен қамтамасыз етіліп, жаңа кәсіпорындар салынды.

Соғыстың алғашқы күндерінен бастап, ГУЛАГ жүйесінде майданның қажеттіліктеріне тапсырыстарды орындауға бағытталған өндіріс орындары ұйымдастырылды. Негізінен оқ-дәрілер, арнайы қаптамалар жасау, Қызыл әскерге киім тігу, басқа да әскери бұйымдарды өндіру – ГУЛАГ жүйесіне тапсырылды. Сотталғандар зауыттар мен фабрикаларда жұмыс істеп, әртүрлі калибрлі миналар, авиабомбалар, авиациялық фрагментациялық бомбалар, қол гранаталары, жаяу әскерге қарсы миналар сияқты көптеген оқ-дәрілер шығаруға қатысқан.

1944 жылға қарай тұтқындар елдегі 650 зауытта жұмыс істеді. Бұл кәсіпорындар шығарған өнімнің жалпы көлемі 1,65 млрд рубльді құраған. Сонымен қатар, ИТЛ-нің өндірістік-шаруашылық қызметінің арқасында 1944 жылы мемлекеттік бюджетке 1,63 млрд рубль көлемінде үнемдеу болып, мемлекетке 767 млн рубль пайда түсірген. Соғыс жылдарында барлық колониялар мен лагерьлер өзін-өзі қамтамасыз етіп, мемлекеттік бюджеттен субсидия алмаған.

1944 жылдың өзінде ГУЛАГ ресурстарының бір бөлігін қайта бағдарлау соғыстан кейінгі даму қажеттіліктерін қанағаттандыра бастады. Көптеген өндірістер мен құрылыс алаңдары бұрынғы тапсырмаларды орындауды жалғастырғанымен, түзеу жүйесінің өндірістік қуаттарының көпшілігі «бейбіт» өнімдерді шығару үшін қайта құрыла бастады. Бұл ретте НКВД Мемлекеттік қорғаныс комитетінен күрделі құрылыс пен өндірістік қызметті кеңейту бойынша бірқатар жаңа тапсырмалар алған. Бастапқы міндеттердің қатарында Таллинде, Ригада, Порккала түбегінде әскери-теңіз базаларын қалпына келтіру және салу, Саратов-Мәскеу газ құбырын салу, Ақ теңіз-Балтық каналын қалпына келтіру мен Закавказье металлургиялық комбинатын салу болды.

АҚ ТЕҢІЗ ҚОЛТЫҒЫНДАҒЫ ҚЫРҒЫН

1933 жылдың жазында Ақ теңіз каналының ашылу салтанатына байланысты оның бойымен алғашқы болып КСРО-ның әр шалғайынан жиналған 120 пролетариат жазушысы мінген су кемесі жолға шығады. Одаққа белгілі жазушыларға арналған бұл сапарды ОГПУ қызметкерлері ұйымдастырды. Олар адам жанының инженерлерін өз шығармаларында тұтқындардың қолымен жасалған «өте қуатты құрылыс» туралы бар шындықты көрсетуді қалады.

Ақ теңізді Балтық теңізімен байланыстыру қажеттілігі туралы мәселе 1917 жылдың қазанына дейін «жоғарғы жақта» бірнеше рет талқыланды. Алайда, патша министрлері оның қымбаттығын айтып, құрылыстың басталуын кейінге шегеріп келді. 1931 жылы 18 ақпанда КСРО Еңбек және қорғаныс кеңесі Ақ теңіз-Балтық су жолын салу туралы шешім қабылдады. Ал, бұл канал халық шаруашылығы үшін аса қажет болды. Ол кезде оның құрылысына кететін шығындар мәселесі соншалықты өткір тұрған жоқ болатын. Таңқаларлық дәнеңе жоқ, партия мен үкімет ойға алған каналдың құрылысын жүргізуді қысқа мерзімде тапсыруға уәде берген Генрих Ягода басқарған ОГПУ органдарына тапсырады. Алға қойған мақсатқа жету үшін елдің түкпір-түкпірінен жүз мыңдаған тұтқын құрылыс алаңына айдалып, олар жедел үнемдеу режимінде жұмысқа кіріседі.

Мемлекеттік күзет қызметкерлері мемлекеттің әрбір тиынын үнемдей отырып, қамқорлығындағыларды киім-кешекпен, жұмыс құрал-жабдықтарымен, тіпті жеке заттарман қамтамасыз етуден бас тартты. Өйткені, бұл жерде қаланың жеңіл аяқ киім киген әйелдері мен сандал киген ерлерді жиі көруге болатын. (Айтпақшы, 1954 жылы Қазақстанның солтүстік облыстарына тың игеруге ағылып келгендер де қақаған қыста костюм-туфлимен келген болатын, – авт.). Олар солтүстіктегі ақтүтек қар мен боранның арасында күлкілі көрінетін. Жұмысқа жегілгендер тоң боп қатып қалған жерлерді жалаңаш қолдарымен қазуға мәжбүр болады. Бейшаралардың қолдарында басқа құрал-жабдықтары болмайды, олар қамауға алынған кезде киген киімімен жұмыс істеп, аман қалуға тырысып бағады. Олардың жеке мүлік ретіндегі бар байлығы алюминийден жасалған ыдыстар мен қасықтар ғана болды. Кейбірінде ол да болмайды. Сондықтан жазасын өтеуші бақытсыз жандарға түрме быламығы тікелей бас киімдеріне немесе етектеріне құйылады. Бұл бір қасық асқа жарымаған тәуелді адамдар үшін нағыз апат еді. Мұнда таңқаларлық ештеңе жоқ, Ақ теңіз жұмысшыларының арасында өлім-жітім өте жоғары болып, қайтыс болған адамдар бірден жаңа тұтқындармен алмастырылып отырады. Ақ теңіз тарихын зерттеуші Николай Петров өзінің бір еңбегінде сол кездегі жазасын өтеуші адамдардың өмірі туралы былайша жазып еді: «Тұтқындар көп өлді. Алғашқы айларда өлім-жітім онша жоғары болған жоқ, бірақ 1933 жылы тұтқындар өлімінің тізімі құрамның 10 пайызын құрады. Оның себебі – ауыр еңбек жағдайы мен өте мардымсыз тамақтың берілуінен болды. Күніне жарты кило нан мен суға пісірілген быламық олардың өлімін тездетті. Күндік нормасын орындағандарға қосымша тағам ретінде бір бәліш қана артық беріледі. Оған қол жеткізу жолында адамдар қанша күш-жігер жұмсаса да, асыра шаршаудан жан тапсырып жатты».

Адамның таусылмайтын ресурстары мен тозақтағы адамдардың қажырлы еңбегінің арқасында Ақ теңіз-Балтық каналы белгіленген уақытынан ерте беріледі. Тұтқындар 227 шақырымдық бұл су арнасын небәрі 20 айда қазып бітірген. Мұндай рекордтық уақытта субполярлық ендіктерде жаңа су артериясын салуды керемет деп атауға болады. Өйткені, Египеттегі жалпы ұзындығы 160 шақырымды құрайтын Суэц каналы 10 жыл салынған болатын. Канал құрылысы аяқталғаннан кейін ОГПУ қызметкерлері бұл туралы бүкіл әлемге жариялауға асығады. Осы мақсатта кеңестік жазушылар жаңа Ақ теңіз каналына экскурсияға шақырылды. Олардың арасында пролетариат жазушысы Максим Горький, Алексей Толстой мен Михаил Зощенко сияқты қаламгерлер болды. ОГПУ жазушылар сапарына қатты дайындалды.

Әрине, ОГПУ қызметкерлері салған барлық қаражат ақталуы керек еді. Ақ теңіз каналына ұмытылмас сапардан кейін «Сталин атындағы Ақ теңіз-Балтық арнасы: құрылыс тарихы, 1931-1934 жж.» атты әдеби жинақ жарық көрді. Бұл әйгілі кітаптың 1934 жылғы ақпандағы шығарылымы партияның XVII съезіне арналды. Ол кейіннен «Атылғандардың съезі» деп аталды.

Бір қызығы, әдеби басылымның тағдыры оның депутаттарының тағдырымен үндесті. Бастапқыда оның болашақ тағдыры туралы ешкім ойланбады. Ұжымдық монографияның редакторлары – Максим Горький, Семен Фирин және Леопольд Авербах болды. Пролетариат жазушысы Максим Горький кітап туралы жағымды ой қозғады.

Осы жерде бір әңгімені қозғап кетсек те болады. Сол жылдары атақты ақын Мағжан Жұмабаев та осы Ақ теңіз каналы құрылысында болған еді. Оның Максим Горькиймен кездесуі де осы сапарда болуы мүмкін деп топшылаймыз. Осы таныстықтан соң, Горькийдің әйелі арқылы Зылиха шешеміз жазушыға хат жазған сияқты. Дәл осы уақытта канал құрылысына қатысқан тағы бір жерлесіміз болды. Созақ өңірінен халық жауы ретінде сотталған Салықбай мерген Ақ теңіз-Балтық каналында азапты күндерін өткізді. Ол «Ақ теңіз-Балтық каналының құрметті құрылысшысы» төсбелгісімен марапатталады. Есіл ер елге мерзімінен бұрын оралып, большевиктік белсенділердің қолынан 1935 жылы мерт болады. Әйелі Ұлбала Хабаровск өлкесіне айдалып, сол жерде қаза табады.

ҚАНҒА БОЯЛҒАН ҒАСЫР ҚҰРЫЛЫСТАРЫ

1930 жылы 17 қаңтарда «Правда» газетінде Әділет халық комиссары Н.В. Крыленконың мақаласы жарияланады. Онда «1929 жылғы 29 мамырдағы РСФСР ХКК Қарарына негізделген бір жылдан аз мерзімге бас бостандығынан айыру тәжірибесі бүгінгі таңда қолданыста жоқ. Оның орнына жүйені барынша мәжбүрлі жұмыс жүйесіне ауыстыру ұсынылған. Осыған байланысты бірқатар іс-шаралар қабылданып жатыр. Осы орайда 3 жылдан жоғары мерзімге сотталған адамдардың еңбегін алыс шалғайлардағы елді мекендерде орналасқан арнайы лагерьлерде қоғамға пайдалы жұмыстарға тарту қажеттігі» атап көрсетілді.

Жоғарыда аталған іс-шаралардың бірі – Сталин бастамасы бойынша Ақ теңіз-Балтық каналы құрылысын жүргізу болды.

Ақ теңіз-Балтық каналының құрылысы НКВД басшысы Ягода бастаған чекистерге тапсырылды. Канал құрылысына 120 мыңнан астам тұтқын тартылды. Жұмыстың едәуір ауыр бөлігі техникалық механизациясының тапшылығына байланысты қолмен жасалды. Арна құрылысы бастапқы есептеулермен салыстырғанда 4 есе арзанға түсті. Кезінде Мәскеу-Еділ каналы да осылай құрылып, оның құрылысына 196 мың лагерь тұтқындары қатысқан болатын.

1930 жылдың 1 мамырындағы есеп бойынша, РСФСР бойынша НКВД қарамағындағы 279 түзету мекемесінде 171 251 тұтқын болды. Ал, ОГПУ лагерьлерінде 100 мыңға жуық тұтқын болған. Сонымен қатар, 1932 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша, арнайы кенттерде 1,4 млн жер аударылған кулактар мен олардың отбасы мүшелері, ал 1935 жылы мәжбүрлі еңбек секторында шамамен  2,85 млн адам болған.

Алып құрылыстардың ауқымы әрқашан үлкен материалдық шығындармен қатар адам шығындарымен қатар өрбиді. Кеңес Одағында бой көтерген көптеген ұлы құрылыстар сөздің шын мағынасында адам шығындарымен есте қалды. Олардың көбісінің жасырын коды да болды. Егер Ақ теңіз каналының құрылысы туралы көпшілік тиіп-қашып білген болса, ал «Алгемба» коды тек тарихшыларға ғана бір құпияның сырын аша алды. Байкал-Амур магистралы (БАМ) осы уақытқа дейін көптеген оқулықтарда «Комсомол құрылысы» деп аталып жүр. Алайда, оны тек комсомол мүшелері ғана салған жоқ болатын.

Кеңес Одағының ең қатал билеушісі Сталин дәстүрлі түрде Лениннің өсиеттерін бұзған адам болып саналады. Ол лагерьлер желісін (ГУЛАГ) құру ісінің авторы, тұтқындардың күшімен Ақ теңіз каналын салудың бастамашысы болды. Алғашқы ғимараттардың бірі Лениннің тікелей басшылығымен салынғандығы туралы ұмытылды. Оған таңқалуға болмайды. Алгембаға қатысты барлық материалдар жас Кеңес өкіметінің өз мұнай құбырын жүргізуде алғашқы әрекеті болды және ол ұзақ уақыттар бойы аса құпия түрде сақталды.

1919 жылдың желтоқсанында командарм Фрунзенің армиясы Батыс Қазақстандағы Ембі мұнай кәсіпшіліктерін күшпен басып алды. Ол туралы ресми тарих жақ ашқан емес. Сол кездің өзінде қара алтын арсеналдарында 14 миллионнан астам пұт мұнай жиналды. Бұл мұнай сол тұста Кеңестер Республикасын құтқаруға жеткілікті болды. 1919 жылы 24 желтоқсанда Жұмысшы-шаруа қорғаныс кеңесі Қазақстаннан орталыққа мұнай тасымалдау үшін теміржол құрылысын жүргізу туралы шешім қабылдап, оны «Александров Гай-Ембі» тарабында кең жолақты етіп жасап, жедел тапсырыспен жүргізуді бұйырды.

Саратовтан 300 шақырым қашықтықта орналасқан Александров Гай қаласы соңғы теміржол бекеті еді. Одан мұнай өнеркәсібіне дейінгі қашықтық шамамен 500 шақырым болды. Жолдың үлкен бөлігі сусыз, қамысты сор далалармен жүргізілді. Магистраль екі шетінен бір уақытта басталып, оны Гребенщиков ауылы маңындағы Жайық өзені маңында түйістіруге шешім қабылданды. Теміржол құрылысына бірінші болып Фрунзе армиясы (оның наразылықтарына қарамастан) жұмылдырылды. Көлік, отын немесе жеткілікті тамақ болған жоқ. Сусыз дала жағдайында сарбаздарды орналастыруға да мүмкіндік болмады. Эпидемияға айналған жалпы аурулар белең алды.

Жергілікті тұрғындар құрылысқа мәжбүрлі түрде қосылды. Оған Саратов пен Самараның қырық бес мыңға жуық тұрғыны тартылды. Адамдар іс жүзінде қолмен қоршаулар жасады, оған кейінірек рельстер төселді.

1920 жылы наурызда міндет одан әрі күрделене түсті. Теміржолмен қатар құбыр тарту туралы директивалық шешім қабылданды. Дәл сол кезде «Алгемба» сөзі алғаш рет айтылды. Бұл сөз – Александров Гай есім-сойының алғашқы әріптерінен және кен орны ашылған Ембі атауынан алынған.

Мәселе бірден тығырыққа тіреледі. Жол салуға қажетті құбырлар, басқа да құрылыс материалдары болмады. Бір кездері құрылыс материалдарын шығарумен айналысқан жалғыз зауыт ұзақ уақыт тұрып қалған-ды. Қолда бар құрылысқа қажетті қалдық заттар қоймалардан жиналып алынды. Олар көп дегенде 15 мильге жетіп жығылатын. Алда 500 миль жол салу керек болды. Күн көсем балама шешім іздей бастады. Алдымен ағаш құбырлар шығару қолға алынды. Әйтсе де, оны қамтамасыз ететін Қазақстанда орман болмады, ағаш алатын жер жоқ болды. Содан кейін қолданыстағы құбырлардың учаскелерін бөлшектеу туралы шешім қабылданды. Құбырлардың ұзындығы мен диаметрі әртүрлі болды, бірақ бұл большевиктерді ойландырмады. Олар тағы бір нәрсені шатастырды. Жиналған «қосалқы бөлшектер» құбырдың жартысына да жетпейді. Алайда, жұмыс жалғасын таба береді.

1920 жылдың соңында құрылыс қарқыны тұншықтырыла бастайды. Сүзек ауруы дендеп, күн сайын бірнеше жүздеген адамды сұлатып жатты. Жол бойына жауынгерлік күзет қойылып, жергілікті тұрғындар шпалдарды тасып әкетіп жатты. Жұмысшылар жұмыс алаңына шығудан бас тартады. Азық-түлік тапшылығы болады. Әсіресе, қазақстандық учаскеде тамақпен қамтамасыз ету қиындыққа соғады. Ленин диверсияның себептерін түсіндіруді талап етеді. Бірақ, ортаға ешқандай зиян келтірілмейді. Аштық, суық және ауру құрылысшылар арасында қорқыныш тудырады. 1921 жылы құрылыста тырысқақ ауруы тарайды. Алгембаға өз еркімен келген дәрігерлердің батылдығына қарамастан, өлім қорқынышты болады. Бірақ, ең жаманы басқада еді. Алгемба құрылысы басталғаннан төрт ай өткен соң, 1920 жылдың сәуірінде Баку мен Грозный қалалары босатылады. Осылайша, Ембі мұнайы қажет болмай қалады. Құрылыс алаңында құрбан болған мыңдаған адамдардың сүйектері үйінді болып қалған. Олардың арасында жергілікті ұлттың өкілдері көп болатын.

Сол кездің өзінде Алгембаны салу жөніндегі мағынасыз іс-әрекетті тоқтатуға болатын еді. Бірақ, Ленин мемлекетке өте қымбат құрылысты жалғастыруды талап етеді. 1920 жылы үкімет бұл құрылысқа қолма-қол млрд рубль ақшалай қаражат бөледі. Ол қаржының есебін ешкім алған емес. Дегенмен, қыруар қаражат шетелдік шоттарға аударылып жіберілді деген болжамдар болады. Теміржол да, құбыр да салынбайды, ақша желге ұшады. 1921 жылы 6 қазанда Лениннің директивасымен құрылыс тоқтатылады. Бір жарым жылда Алгембада отыз бес мың адамның өмірі опат болады.

Ақ теңіз каналы құрылысының бастамашысы Иосиф Сталин болғанын жоғарыда жаздық. Кеңес Одағы экономикалық дағдарысты бастан кешіргендіктен, қажетті шығындар шығармаудың жолын іздестірді. Ақ теңіз-Балтық каналы арнасы мен Ақ теңізді ұштастыру үлкен ерлікті қажет ететін. Бұрын теңізге шығу үшін кемелер бүкіл Скандинавияны айналып өтетін. Теңіздер арасындағы адамзат қолымен іске асырылған жасанды өткелді құру идеясы Ұлы Петрдің заманында туындаған еді.

Қалай десек те, Ақ теңіз-Балтық каналы кеңес тұтқындарының күшімен салынды. Сотталғандар арасында жобалаушылар да болған. Олар өз сызбаларын жасап, ерекше техникалық шешімдер тапқан. Ал, арнаулы білімі жоқтар күндіз-түні канал қазуға жегілді. Олардың белдеуінен сұйық балшық түспеді. Күндік норманы орындай алмағандар көжеден қағылды.

Ауыр азаптан көз жұмғандар канал маңында жерленбеді. Жұмыс үстінде шұңқырларға құлап мерттіккендер бетонмен араластырылып, каналдың түбіне шыңырауға құйылып жатты. Кейде күніне 700-ден астам адам өлім құшатын жағдайлар да кездесті.

Канал құрылысына 280 мыңға жуық тұтқын қатысып, олардың 100 мыңға жуығы қайтыс болады. Тірі қалған әрбір алтыншы сотталушының мерзімі қысқартылып, олардың кейбірі алғыс ретінде «Ақ теңіз-Балтық каналы құрылысына белсене қатысқаны үшін» белгісімен марапатталады. ОГПУ басшылары да марапаттардан тыс қалған жоқ.

1945 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сенсек, НКВД түзеу жүйесінде 1 млн 460 мың адам болған. Оның 715,5 мыңы мәжбүрлі еңбекпен түзеу лагерінде, 745,2 мыңы мәжбүрлі еңбек колонияларында жазасын өтеген. Көп ұзамай құрылыс алаңын бұрынғы ақ гвардияшылар лагерінен азат етілгендер мен тұтқынға түскен полицейлер, власовшылар және басқалар жаппай толтыра бастаған.

1945 жылы ГУЛАГ-тың алдына мүлдем жаңа міндет – КСРО-да атом өнеркәсібінің дамуын қамтамасыз ету тұрды. Осылайша, ГУЛАГ жүйесі Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр кезеңінде де өз жұмысын жалғастыра берді. Бұл жүйенің оқшантайында ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлерден бастап, саяси себептермен сотталғандарға дейінгі түрлі адамдар жазасын өтеді.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here