Сұраныс көп, сапалы сүт аз

0
8196

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы желтоқсандағы мәліметінше, Қазақстанда Зеңгі баба түлігінің саны 4,2 млн басты құрады. Яғни, бір жылда сиырдың саны 200 мыңға артты. Дегенмен, 1990 жылы елдегі сиырдың саны 9,7 млн басқа жеткенін ескерсек, қазіргі статистикаға көңіл толмайтыны да рас. Әрине, бұл басқа тақырыпқа арқау болар өзекті мәселе. Статистикаға оралайық. Елдегі сол 4,2 млн бас сиырдың 51,5%-ы – жекелеген адамдардың, 41,5%-ы – шағын фермерлердің, 7%-ы –  ірі шаруалардың қолында екен. Ал, былтыр елімізде 6,2 млн тоннаға жуық сүт сауылды. Оның өзі әлемдік талаптарға сай келмейтін көрінеді. Содан отандық сүт зауыттарында шикізат жетіспейді. Соның салдарынан сүт өнімдерінің 30-35 пайызы сырттан келеді. Тіпті, бұл саланың жұмысы жүйелі жолға қойылмаса, онда алдағы уақытта сүт өнімдерінің импорты 60-65 пайызға дейін жетуі мүмкін. Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін отандық сүт және сүт өнімдеріне қатысты мәселелерге тоқталады.

АРҚАНЫ КЕҢГЕ САЛУҒА ТАҒЫ БОЛМАЙДЫ

Қазақстан сүт одағының мәліметіне сенсек, 2021 жылы 6,2 млн тонна сүт сауылды, соның 1 млн тоннасы ғана тауарлық, яғни өндіріске жарамды сүттер болды. Сол жарамды сүттердің 78%-ын шағын шаруашылықтар, қалған 22%-ын арнайы мамандандырылған ірі шаруашылықтар берді. Демек, жарамды сүттердің 78%-ын беретін шағын шаруашылықтардың жұмысы арнайы талаптарға сәйкес келмейтіндіктен, өнімдерінің сапасы да сын көтермейді. Сондықтан еліміз «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі» техникалық регламенті бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) талабын 2025 жылға дейін орындауға міндетті. Әйтпесе, отандық сүт және сүт өнімдерін шығаратын зауыттардың басына қара бұлт төнеді.

Негізі, 2020 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан үшін Кедендік одақтың «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі» техникалық регламентіне өтпелі кезеңі аяқталуы тиіс болған. ҚР Үкіметінің бастамасымен бұл уақыт кейінге шегерілді.

Осылайша, 2019 жылдың соңында Санкт-Петербургте (Ресей Федерациясы) өткен ЕАЭО кеңесінің отырысында Қазақстанның аталған одақтағы «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі» техникалық регламенті бойынша өтпелі кезең уақыты 2025 жылға дейін ұзартылды. Бүгінде ҚР Үкіметі бұл бағытта бірқатар маңызды қадамдарды жүзеге асырып, сала жұмысын жоғарыдағы техникалық регламентке сәйкестендіріп келеді. Мәселен, 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында саланы модернизациялау, ЕАЭО техникалық талаптарына сәйкестендіру жұмыстарында оң нәтижеге қол жеткізді. Сондай-ақ, 2018-2027 жылдары сүт шаруашылығын дамыту салалық бағдарламасы іске қосылған. Мемлекет бұдан бөлек аталған техникалық регламентті жүзеге асыру үшін «Жол картасын» қабылдаған. Алайда, жүзеге асқан жұмыстардың барлығы ТР ТС 033 талабын орындауға әлі де жеткіліксіз. Өйткені, қабылданған шараларға қарамастан  сүт өндірісі саласында ЕАЭО техникалық талаптарына сай өнім шығару толық жүзеге аспай келеді.

ҚАЗАҚСТАН СҮТ ПЕН СҮТ ӨНІМДЕРІНІҢ ҮШТЕН БІРІН СЫРТТАН ТАСИДЫ

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2020 жылғы мәліметінше, ел аумағында 164 сүтті қайта өңдеуші кәсіпорын жұмыс істеп, жылына 2 млн тонна өнім шығарады. 35 зауыттың жеке сүт фермасы бар. Қалған 129 зауыт сүт өнімдерін сырттан сатып алады. Ал, ТР ТС 033 талабы қабылданған жағдайда зауыттар сырттан өнім алу мүмкіндігінен айырылады. Бұл өз кезегінде сүт өндірісіне кері әсер етеді. Ірі зауыттар өндірісті қысқартып, шағын зауыттар жабылып қалуы мүмкін. Демек, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы үш жылдың ішінде бұл саланың жұмысын «ары тартса – арба да сынбайтындай, бері тартса – өгіз де өлмейтіндей» бір ретке келтірмесе, онда мәселе күрделене түседі.

Айта кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2021-2025 жылдар аралығында жалпы өндірістік қуаты жылына 597,7 мың тонна сүт өндіретін 106,8 мың басқа арналған 169 сүт-тауар фермасын іске қосу жөніндегі жоспар әзірленген. Ал, жоспардың қаншалықты орындалғаны үш жылдан кейін белгілі болады.

Қолымызда жаңа статистика жоқ. Дегенмен, 2018 жылы сүтті қайта өңдеуші кәсіпорындар 337 мың тонна шикізатты арнайы шаруашылықтардан, сапасы сын көтермейтін 606 мың тонна сүтті 84 мың үй шаруашылығынан сатып алған екен. Соның өзінде отандық шикізат көлемі барлық сүттің үштен бірін ғана құрады. Әрине, бұл сүт көлемі сауда жүйелері арқылы халыққа жететін түрлі сүт өнімдерін өндіру үшін жеткіліксіз.

«Елімізде табиғи сүт аз емес, бірақ оны жинау қиындық туғызады. Өйткені, ірі қаралардың басым бөлігі жекенің қорасында тұр. Демек, сүт көлемін ұлғайту үшін ауылды аймақтарда сүт қабылдайтын бөлімдердің қатарын көбейту қажет. Бұл алдымен шикізат тапшылығын жою үшін және оның сапасын жақсартып, сүт өнімдері өндірісін арттыру, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін маңызды. Себебі, тұрғылықты жерлердің географиялық тұрғыда  бір-бірінен алыс орналасқандығынан ондағы жол шығынын есептегенде үй шаруашылықтарынан сүт жинау біраз шығынға әкеледі. Мысалы, Еуропада сүтті қабылдаушы мен оны өткізушінің арасы 50 шақырымдай алшақтықты құраса, бізде сүтті өндіретін орынға дейінгі қашықтық 600 шақырымнан артық болып жатады. Біріншіден, оны бір жерден екінші жерге жеткізу үшін жол шығыны кедергі болса, екіншіден, жаңа сауылған сүтті бұзылмаған күйінде дер кезінде жеткізу керектігі тағы бар. Сондықтан кейде шалғайдағы шаруашылықтарға сүт өндіру тиімсіз саналады», – деп түсіндіреді Қазақстан сүт одағының сарапшысы Лидия Михеева.

Қазақстанда өндірілетін сүт өнімдерінің 30 пайызы ғана жергілікті сиырдың сүтінен жасалады. Ал, осы саладағы зауыттардың жүктемесі шамамен 60 пайызды құрайды. Мәселен, бір ауданның сүт зауытына жеке қосалқы шаруашылықтардан жазда 8 тонна сүт жеткізілсе, қыста бұл көрсеткіш 1 тоннаны ғана құрайды. Яғни, қыс мезгілінде шикізат тапшылығынан сүт зауыттары жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Демек, Лидия Михееваның жоғарыдағы пікірімен келіспеске тағы болмайды.

Бүгінде нарықтағы отандық сүт пен қышқыл сүт өнімдері (айран) 80 пайызды құраса, майдың көлемі 60 пайызды, ірімшік 45 пайызды құрайды. Яғни, қалған өнімдер сырттан келеді.

Рас, елімізде отандық өнімдерді тұтынғысы келетін тұрғындардың қатары көп. Алайда, олардың бағасы сырттан келетін сүт өнімдеріне қарағанда әлдеқайда қымбат екені жасырын емес. Жоғарыда атап өткеніміздей, оған жол қашықтығының шалғайлығы, сүт қабылдайтын бөлімдердің аздығы басты себеп. Бұл өз кезегінде отандық тауар айналымына кері әсер етеді.

РЕСЕЙ МЕН БЕЛАРУСЬ ЕЛДЕРІНІҢ СҮТ ӨНІМДЕРІМЕН БӘСЕКЕЛЕСЕ АЛМАЙМЫЗ

Сарапшылар отандық өнімге қатаң бақылаудың жоқтығы сынды тағы бір мәселенің ұшын шығарады. Айталық, 2010 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан, Ресей және Беларусь арасында Кедендік Одақ құрылғанын, кейіннен оның құрамына Армения, Қырғызстан еніп, Еуразиялық экономикалық одаққа айналғанын білеміз. 2020 жылдың 1 қаңтарында одақ шеңберінде техникалық регламент талаптарына сай келмейтін сүт және сүт өнімдерін экспорттау мерзімі аяқталуы тиіс болған. Дегенмен, бұл талаптарға Беларусь пен Ресей ғана сай келеді. Қазақстан, Қырғызстан мен Арменияда жағдай күрделі. Сондықтан одақтың талабын орындау 2025 жылға дейін ұзартылғанын жоғарыда жаздық.

Иә, елдегі фермерлік шаруашылықтардан өңдеуге келетін сүттің 90%-ы микробиологиялық көрсеткіштері мен соматикалық жасушасы бойынша ЕАЭО-ның бұл талаптарына сай келмейді. Ал, қайта өңдеуге келетін шикі өнімнің жалпы көлеміндегі мұндай сүттің үлесі 50%-ды құрайды.

Әрине, бұл қазақстандық сиыр сүтінің сапасы нашар екенін білдірмесе керек. Керісінше, біздегі сүт құрамындағы ақуыздың үлесі әлем бойынша жоғары деңгейде. Бірақ, сүттің сапасын сол жеке шаруалардың өздері бұзады. Қандай ыдысқа сауу, қанша уақыт сақтау мен оны дұрыс тасымалдауды білмейді. Сондықтан сүт уақытынан бұрын сүт зауытына жетпей бүлінеді. Осының бәрі өнім сапасына тікелей кері әсер етеді. Яғни, үш жыл ішінде сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігін талап ету туралы техникалық тәртіпті ретке келтіру керек. Бұл шара аталған саланың қалыпты жұмыс істеуіне серпін береді. Әйтпесе, Ресей мен Беларусьтің сүт өнімдерімен бәсекелесе алмаймыз, олардың өнімдері біздің нарықта қаптайды.

Бұл аз десеңіз, отандық сүт және сүт өнімдерін көрші елдерге экспорттаудың ауылы алыстайды. Осылайша, одақтағы әріптестеріміздің өнімдері отандық өнімдерді нарықтан ығыстырады.

Қазақстан сүт одағының басшысы Владимир Кожевников бұл салада екі басты мәселенің барын айтады. Ол мәселеге сүттің саны мен сапасы жатады. Оның пікірінше, мәселені шешудің екі жолы бар. Бірінші жолы – ірілі-ұсақты сүт фермаларын (зауыттарын) құру, сүт қабылдау бөлімдерін ашу. Екінші жолы – жеке қосалқы шаруашылықтардың басын біріктіріп, сүт кооперативтерін құру. Дегенмен, ел экономикасы үшін бірінші жол тиімді саналады. Өйткені, жоғарыда жазғанымыздай, «ұшса құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын» кең байтақ Қазақстанның әр аймағындағы жеке қосалқы шаруашылықтардан арнайы фермаларға сүт тасымалдау оңай емес. Логистикаға қыруар қаржы кетеді. Сондықтан сүт фермалары жекенің қолынан біртіндеп сүт тасығанша, бірден көптеп сырттың сүтін арзан бағаға алғанды жөн санайды. Ал, шаруашылықтар сүттің өзін ауыл-аймақ арасында ғана сатумен шектеледі. Соның салдарынан біздің нарықтағы сүт және сүт өнімдерінің басым бөлігі шетелден, атап айтқанда, Ресей, Беларусь, Иран, Қырғызстаннан келеді.

Алатаудың арғы жағындағы қырғыздар да өзінің сүт және сүт өнімдерін ЕАЭО талаптарына сәйкестендірмесе, 2025 жылдан бастап Қазақстан мен одақтас елдерге өз өнімдерін экспорттай алмайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Иә, Қазақстан үшін Еуразиялық экономикалық одақтағы «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі» техникалық регламенті бойынша өтпелі кезең уақыты үш жылдан кейін аяқталады. Бұдан кейін одақтағы әріптестеріміздің бізге тағы бір мүмкіндік беруі екіталай. Яғни, енді арқаны кеңге салуға болмайды. Үш жыл үш күндей өте шығатыны тағы бар. Сондықтан 2025 жылға дейін Қазақстан бірқатар шараны қолға алып, соның нәтижесінде бұл салада ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізуге міндетті. Айталық, ЕАЭО талабына сай келетін сүт өнімдері жоспар бойынша 2022 жылы 210 мың тоннаны, 2023 жылы 350 мың тоннаны, 2024 жылы 500 мың тоннаны құрауы тиіс.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here