Соңғы жылдары 1,2 млн халқы бар Жамбыл облысында кәсіпкерлікті дамыту бағытында ауқымды бастамалар жүзеге асып жатыр. Өңірдің инвестициялық тартымдылығы шетелдік алпауыт компаниялармен серіктестік орнатуда айқын аңғарылады. Іске асып жатқан жобалардың әлеуметтік-экономикалық маңызы қандай? Жаңа бастамалар облыс экономикасына қалай әсер етуде? Өңірде отандық кәсіпкерлік қалай дамуда? Осы және өзге де өзекті сауалдарға Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бас маманы Нұрислам Өмірболат жауап берді.
«ЖАМБЫЛ КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ ӨЗ ІСІНЕ ДЕГЕН СЕНІМІ НЫҒАЙЫП КЕЛЕДІ»
– Нұрислам Нұрланұлы, әңгімеміздің басын өңірдегі кәсіпкерліктің жалпы даму қарқынынан бастасақ. Қазіргі таңда Жамбыл облысында қанша шағын және орта бизнес нысаны тіркелген? Олардың облыс экономикасына қосып отырған үлесі қандай?
– Бүгінде Жамбыл облысында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың 1 шілдесіндегі ресми деректерге сәйкес, облысымызда нақты жұмыс істеп тұрған 106 654 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға өсім бар екенін көрсетеді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес саласында 166 295 адам жұмыспен қамтылған. Бұл мыңдаған отбасына табыс көзі болып отыр, ал облыс экономикасы үшін бұл белсенді еңбек нарығы мен тұрақты дамудың кепілі. Кәсіпкерлердің өндіретін өнімі бүгінде 1 522,6 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұл көрсеткіш – жергілікті өндірістің қуаты мен ішкі нарықтағы айналымның артқанын білдіреді. Сонымен қатар, шағын және орта бизнестің өңірлік экономикадағы үлесі 25,9 пайызды құрап отыр. Бұл – кәсіпкерліктің өңір үшін маңызды әрі үлкен рөл атқаратындығының айқын көрінісі.
Соңғы жылдары өңірде кәсіпкерлікті дамыту бағытында көптеген жобалар жүзеге асуда. Түрлі салаларда жаңа кәсіпорындар ашылып, өндірістік әлеует артып келеді. Мысалы, құрылыс саласына қажетті материалдар өндіру бойынша жаңа кірпіш цехтары іске қосылуда. Жуырда ғана Байзақ ауданында осындай кәсіпорындардың бірі пайдалануға берілді. Оның ашылу рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жаңа өндіріс орнының маңызын атап өтті. Сондай-ақ, өңірде алғаш рет шыны күйдіретін зауыт ашылды. Айта кету керек, соңғы бес-алты жылда мұндай кәсіпорындар облыс аумағында мүлде іске қосылмаған болатын. Бұл – өндірістік әртараптандыру мен технологиялық серпіннің нақты көрінісі. Жалпы, осындай жобалар мен бастамалар кәсіпкерлік саласының сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Мемлекеттік қолдаулар кезең-кезеңімен жүзеге асып, инвесторларға қолайлы жағдай жасалып отыр. Ең бастысы – кәсіпкерлердің өз ісіне деген сенімі нығайып келеді. Мұның бәрі өңір экономикасына оң әсер етіп отырғаны анық.
– Жалпы кәсіпкерлікті дамытудың бүгінгі өңірлік стратегиясы қандай негізгі басымдықтарға сүйенеді? Қандай салаларда кәсіпкерлік белсенділік көбірек байқалады?
– Қазіргі таңда Жамбыл облысында кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Жалпы өңірлік стратегия бірнеше басым бағыттарға негізделген. Соның ішінде ең алдымен ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласы ерекше орын алады. Дана халқымыз «Жері шүйгіннің – малы майлы» деген. Расында да, Жамбыл облысы – табиғаты жайлы, жері құнарлы, шөбі шүйгін, төрт түлік өсіруге қолайлы аймақ. Осындай артықшылықтардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлердің белсенділігі айтарлықтай артып отыр. Бұл бағытта балық шаруашылығы ерекше қарқынмен дамып келеді.
Жалпы алғанда, бүгінгі кәсіпкерлікті дамыту стратегиясы – өңірдің экономикалық әлеуетіне негізделген. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктер кәсіпкерлерге өз ісін бастауға және дамытуға жол ашып отыр. Ендігі міндет – осы бағыттарды одан әрі жүйелі жалғастырып, кәсіпкерлікті өңірлік экономиканың қозғаушы күшіне толық айналдыру.
– Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы тарапынан соңғы жылдары кәсіпкерлерге қандай нақты қолдау түрлері көрсетілді?
– Соңғы жылдары Жамбыл облысында кәсіпкерлікті дамыту бағытында бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар тек жоспармен шектеліп қоймай, нақты нәтижеге бағытталған. Мысалы, биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша облыс бойынша 18 098 кәсіпкерге жалпы сомасы 36,6 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Бұл қаражаттың 47 пайызы екінші деңгейлі банктер арқылы, ал 53 пайызы микроқаржы ұйымдары арқылы ұсынылды. Сонымен қатар, 141 жоба мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржыландырылды. Яғни, кәсіпкерлер үшін қаржыға қолжетімділік мәселесін шешу бағытында жүйелі жұмыс атқарылып отыр деуге толық негіз бар.
Бүгінде еліміз бойынша тек Жамбыл облысында ғана жүзеге асып жатқан «Jambyl Business» бағдарламасы бар. Бұл – облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бірлесіп әзірлеген бірегей жоба.
2024 жылы басталған бағдарламаның басты мақсаты – жергілікті кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсету. Оның арнайы бір бағыты балық шаруашылығын дамытуға бағытталған. Себебі, бұл салаға деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Бір жағынан табиғи мүмкіндіктеріміз кең, екіншіден, сала өте тиімді және ішкі нарықта да, экспортта да сұраныс жоғары.
Бұдан бөлек, өнеркәсіп саласында, соның ішінде құрылыс материалдарын өндіру бағытында қарқынды ілгерілеу бар. Мысалы, кірпіш, бетон, цемент, әктас сынды өнімдер өндіру бойынша Талас, Қордай, Байзақ аудандарында бірқатар жаңа жобалар жүзеге асып, нақты нәтижелер бере бастады. Бұл тек жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өңірдегі құрылыс қарқынына да оң әсерін тигізуде.
Кәсіпкерлікке қолдау көрсету облыс әкімдігінің тұрақты назарында екенін айтуға болады. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба бермек. Яғни, кәсіпкерлерді қолдау – уақытша шара емес, даму саясатының өзегі.
– Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтарға қандай жағдайлар жасалып жатыр? Ауыл мен қала кәсіпкерлерінің мүмкіндіктерінде айырмашылық бар ма?
– Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтарға қазір бұрынғыдай емес, нақты мүмкіндік пен қолдау бар деп толық айта аламыз. Біз жыл сайынғы жұмыс жоспарымызға сәйкес облыстың барлық он ауданында, тіпті кәсіп ашуға қызығушылық білдірген азаматтармен де кездесулер өткізіп отырамыз. Бұл жай ғана кездесу емес, нақты бағыт көрсетіп, бағдар беретін, қолжетімді бағдарламалармен таныстыратын тиімді алаң. Әр кездесуде біз мемлекеттік бағдарламалардың шарттарын, тиімді тұстарын түсіндіріп, өңірімізде іске асып жатқан жобалар бойынша нақты ақпарат береміз. Бұл жұмыстармен басқарманың Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және индустриалды-инновациялық дамыту бөлімі тікелей айналысады.
Ауыл мен қала кәсіпкерлерінің мүмкіндігіне келсек, қазіргі таңда айтарлықтай үлкен айырмашылық бар деп айта алмаймын. Қазір ауылда да интернет бар, демек, ақпарат қолжетімді. Кез келген ауыл тұрғыны қаладағы кәсіпкер сияқты бағдарламаларға өтініш бере алады, онлайн курстарға қатысып, кеңес ала алады деген сөз. Мәселе – қайда тұрғаныңда емес, әрекет пен ізденісте. «Ізденген жетер мұратқа» дегендей қазір кімде ниет болса, қолдауға жол ашық.
Әрине, статистикаға көз жүгіртсек, кәсіпкерлер саны қалада көбірек. Бұл, ең алдымен, халық санының тығыздығына байланысты. Қалада адам көп, сауда мен қызмет көрсету саласы да кеңірек дамыған. Ал ауылдың өз артықшылығы бар. Табиғи ресурстар, егін, мал шаруашылығы, экотуризм сияқты бағыттар ауыл кәсіпкерлеріне тың мүмкіндік береді. Керісінше, кей жағдайда ауыл кәсіпкерлерінің мүмкіндігі жоғары деуге де болады. Мысалы, жоғарыда айтылған «Jambyl Business» бағдарламасының екінші бағыты арнайы моно және шағын қалалардағы кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған. Бұл бағыт Қаратау, Шу, Жаңатас сияқты қалалар үшін үлкен демеу. Осындай қолдаулар арқылы біз ауыл-аймақтың да кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға тырысып келеміз.
Тағы бір айта кететін жайт – кәсіпкерліктің алғашқы қадамы білімнен басталады. Қазір кәсіп ашқысы келетін азаматтар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Atameken Business Academy» платформасында онлайн түрде білім ала алады. Сонымен бірге, «Еңбек.кз» порталындағы тегін курстар арқылы да қажетті ақпаратты меңгеруге мүмкіндік бар. Құжат жинау, бағдарламаға қатысу, кеңес алу жағынан қала мен ауыл тұрғындарының ешқандай айырмашылығы жоқ. Мүмкіндік тең. Сондықтан біз әр кездесуде, әр кеңесте үнемі кәсіп ашу үшін қайда тұрғаның емес, ниет мен табандылық маңызды екендігін атап айтамыз.
«ШУ АУДАНЫНДА ЕКІ ІРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ИНВЕСТОР ӨЗ ЖОБАЛАРЫН БАСТАП ЖАТЫР»
– Нұрислам Нұрланұлы, индустриялық-инновациялық даму бағыты бойынша облыста қандай ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр немесе жоспарланып отыр? Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға қалай ықпал етеді?
– Бүгінгі таңда Жамбыл облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Облысымызда жалпы саны 62 инвестициялық жоба қалыптастырылған. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта республикалық деңгейде Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылды. Бұл – инвестициялық жобаларды бір орталықтан бақылауға, басқаруға мүмкіндік беретін маңызды құрал. Аталған платформаға біз жалпы сомасы 500 мың теңгеден асатын жобаларды енгіземіз. Бүгінгі күні Жамбыл облысынан 57 жоба осы цифрлық платформаға тіркелген, олардың жалпы құны – 2,7 триллион теңге. Бұл – тек көлем емес, бұл – сенімнің, әлеуеттің, алдағы мүмкіндіктің айғағы.
Салаларға келер болсақ, енгізілген жобалар негізінен өнеркәсіп, туризм, ауыл шаруашылығы және жаңартылған энергетика салаларын қамтиды. Әсіресе, жаңартылған энергетика саласында шетелдік инвестицияның үлесі артып келеді. Мәселен, Біріккен Араб Әмірлігінің «MASDAR» компаниясы облыс аумағында күн электр станциясын іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл жоба 2028-2029 жылдары жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 2021 жылы Сарысу ауданында кальцийлендірілген сода өндіретін «Qazaq Soda» ЖШС зауытының құрылысы басталды. Бұл жоба – елімізде «Индустрия 4.0» тұжырымдамасына, яғни заманауи өнеркәсіптің жаңа кезеңіне сай бой көтеріп жатқан алғашқы өндіріс орны. Құрылысы мен өндірістік процесі толығымен жаңа технологияларға негізделген бұл нысан, сонымен қатар, экологиялық қауіпсіздік талаптарына да толық сәйкес келеді. Яғни, қоршаған ортаға зиян келтірмей, заманауи талаптарға сай жұмыс істейтін экологиялық таза кәсіпорын болмақ.
Зауыттың жүзеге асырылуына түрік тарапы – «Yildirim Group» тікелей қатысуда. Айта кету керек, бұл компания – халықаралық деңгейдегі ірі индустриялық алпауыттардың бірі, әлемдік нарықта өз орнын қалыптастырған беделді инвестор. Осындай ауқымды және стратегиялық маңызы бар жобаның дәл Жамбыл облысында қолға алынуы – өңіріміздің инвестициялық тартымдылығының, сенімділігі мен әлеуетінің айқын дәлелі десек, артық айтқандық емес.
Жалпы айтқанда, осы уақытқа дейін жүзеге асырылған жобалардың өзі – облыстың кәсіпкерлік және инвестициялық әлеуетінің айнасы іспеттес. Тек 2024 жылдың өзінде ғана 214 млрд теңгеге 35 инвестициялық жоба іске асырылып, 1 453 жаңа жұмыс орны ашылды. Солардың ішінде Қордай ауданындағы «Korcem» цемент зауыты – айрықша атап өтерлік жоба. Жобаны сингапурлық «Alacem» компаниясы жүзеге асырды, жалпы инвестиция көлемі 50 млрд теңгені құрады. Бұл кәсіпорын жылына 1,5 млн тонна цемент өндіруге қауқарлы, ал қазіргі таңда онда 400-ден астам адам тұрақты жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта жұмысшылар саны екі есеге артуы мүмкін. Бұл тек кәсіп қана емес, сол өңірдің әлеуметтік-экономикалық тынысын өзгертетін маңызды нысан.
Сондай-ақ, биылғы мамыр айында Шу ауданында электровоз құрастыру зауыты өз жұмысын бастады. Бұл – еліміздің теміржол инфрақұрылымын дамытуда стратегиялық маңызы зор қадам. Жобаның құны – 5 млрд теңге, құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталған болатын. Шу ауданының географиялық орналасуы, теміржол торабының үстінде орналасуы бұл жобаның тиімділігін еселей түсіп отыр.
Инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау – басты міндеттеріміздің бірі. Осы орайда, облысымызда арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақтар жұмыс істейді. Арнайы экономикалық аймақ дегеніміз – салықтық, кедендік, әкімшілік жеңілдіктер ұсынылатын, инфрақұрылымы алдын ала дайындалған, кәсіпкерге барлық жағдай жасалған аумақ. Қазір бұл аймақта, нақтырақ айтқанда Шу ауданында екі ірі қытайлық инвестор өз жобаларын бастап жатыр. Бірі – жүгері өңдеу зауыты, екіншісі – металлургия зауыты. Бұл жобалар толық іске қосылғанда, сол өңірдің экономикалық бет-бейнесі мүлде жаңаратыны сөзсіз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Жамбыл облысында индустриялық-инновациялық даму бағыты соңғы жылдары нақты қадамдармен алға жылжып келеді. Бұрын шалғайда жатқан аудан-ауылдар қазір инвесторлар назарына ілігіп, өндіріс ошақтарына айналып отыр. Мәселен, Сарысу, Талас, Шу, Қордай аудандары бүгінде шетелдік және отандық инвесторлар үшін тартымды бағыт ретінде қалыптасты. Біз ендігі жерде жасалған қадамдардың жемісін көреміз деген сенімдеміз.
– Шын мәнінде, кез келген салада әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер бар. Өңір кәсіпкерлерін мазалайтын ең өзекті проблемалар қандай? Бұл мәселелерді шешу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Бүгінгі таңда кәсіпкерлер тарапынан жиі көтерілетін басты мәселе – инфрақұрылым. Бұл қиындық шағын кәсіпке де, орта және ірі жобаларға да ортақ. Әсіресе, өндіріс саласында және ауылдық жерлерде электр, су, жол секілді негізгі инфрақұрылымның болмауы кәсіпкерлікті тежейді. Дегенмен, бұл мәселені шешу үшін жергілікті бюджет есебінен біртіндеп нақты жұмыстар атқарылып келеді. Екінші маңызды түйткіл – қаржының жетіспеушілігі. Жаңа кәсіп бастағысы келетіндер үшін несие алу оңай емес, көбіне кепілзаттың болмауы қолбайлау. Бұл – республика деңгейінде де жиі кездесетін ортақ мәселе. Десе де, бұл бағытта да қолдау құралдары қарастырылып, тиісті шаралар қабылданып жатыр. Ең бастысы – сала мамандары бұл түйткілдерге бей-жай қарап отырған жоқ. Жүйелі жұмыс пен қолдаудың нәтижесінде бұл проблемалар да кезең-кезеңімен өз шешімін таппақ.
– Жамбыл облысында өз кәсібін ашуды ойлап жүрген азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз? Олар неден бастауы керек және қандай мүмкіндіктерді жіберіп алмауы тиіс?
– Жалпы, қай өңірде болмасын өз кәсібін бастауға ниетті азаматтарға айтар ең басты кеңесім – алдымен ақпаратпен қарулану. Қазіргі таңда кәсіпкер болу үшін мүмкіндік көп, тек соны уақытында байқап, дұрыс пайдалана білу маңызды. Мемлекеттік бағдарламалар, жеңілдетілген несие, қайтарымсыз гранттар жайлы ақпараттар түрлі ресми сайттарда, әлеуметтік желі платформаларында қолжетімді түрде беріліп отыр. Соның ішінде, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресурстары мен басқарманың ресми сайтынан, «Egov», «Enbek.kz» секілді платформалардан нақты әрі пайдалы мәлімет алуға болады.
Екінші маңызды дүние – «Кәсіпкерлік кодексімен» танысу. Өкінішке қарай, көп азаматтар өз құқықтары мен міндеттерін толық білмегендіктен, мамандардың уақытын алып, кейде өздеріне де зиян келтіріп жатады. Сондықтан кез келген бастамашыл азамат алдымен құқықтық сауатын арттырып, қандай қолдау құралдары бар екенін жақсылап зерделеп алса деймін. Ақпаратты саралап, түсініп әрекет ету – қазіргі заман кәсіпкері үшін ең қажет қабілеттердің бірі. Себебі, «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» демекші, табысты кәсіп бастау үшін алдымен білім мен ізденіс қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен: Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ