Грузияда президент, Украинада әкім болған Саакашвили қазір қайда?

0
2600

Қатарынан екі кезең Грузияны басқарып, сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан мемлекетте тәртіп орнатқан Михаил Саакашвили президенттіктен кетерінде: «Құрметті менің отандастарым, мен әлі шаршаған жоқпын, демалуға да аса мұқтаж емеспін. Бірақ, сіздер менен шаршадыңыздар», – деген еді. Сөйтіп, тып-тыныш өз елінен кеткен. Бұл көптеген мемлекет басшыларына үлгі болар қағида еді. Өйткені, қандай да бір елдің президенті демократиялық тұрғыда өз еркімен биліктен кеткен жағдай некен-саяқ.

2003 жылғы «қызғалдақ төңкерісінің» арқасында билікке келген жас басшының (37 жасында президент болды, – ред.) президенттік кезеңінде Грузия мемлекеті үлкен өзгеріске ұшырады. 2003 жылғы Грузияны 2013 жылғы Грузиямен мүлдем салыстыруға келмейді. Өйткені, қираған инфрақұрылымды қайта қалпына келтіріп, тұрғын үй секторын жаңғыртты. Бұдан бөлек, сот жүйесіндегі реформа, салық төлеудің жаңа әдісін енгізу мен көлеңкелі бизнестің көзін жою бастамасы бүгінде өз жемісін берді.

Тіпті, сол кезден бері Грузияның әлемдік аренадағы абыройы айтарлықтай өсіп, еуроинтеграцияға бір табан жақындаған болатын. Әлемдік «Doing Business»-тің рейтингінде Кавказ тауының баурайындағы бұл ел бизнеске қолайлылығы жөнінен үздік ондыққа да кірген.

Михаил Саакашвили тұсында халыққа тиімді көптеген жұмыстар атқарылғанын жоққа шығара алмаймыз. Бұрын Грузияда 22 түрлі мемлекеттік салық төленсе, оның саны алтыға дейін қысқартылған. Төленген салықтың да барынша ашықтығы қамтамасыз етілген.

Тағы бір жағдай, төлқұжаттар, анықтамалар алудағы және жеке кәсіпкерлік нысандарын ашудағы жұмыстар әлдеқайда жеңілдетілген. Бұрын Грузияда бір серіктестік ашу үшін екі ай жүрсеңіз, Саакашвили тұсында ол екі сағатқа қысқартылған.

Жас президент Грузияда түрлі ірі салықтық алымдарға да шектеу қойған. Сырттан келетін тауарларға төленетін баж салығы айтарлықтай арзандаған. Әрине, ол халыққа өте тиімді болды.

Бір ғана мысал: Саакашвили тұсында Грузияның автонарығы айтарлықтай жаңарған. Жұрт көбіне жаңа еуропалық маркадағы көлікпен жүретін болған. Көрші Армениямен салыстырғанда бұл әлдеқайда жақсы көрсеткіш. Себебі, 2000 жылдардың басында бұл екі көрші елдің жағдайы бірдей болатын.

Елдің денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай өзгеріс орын алды. Бұрынғы мемлекеттік емдеу нысандарының барлығы жекеге берілді. Көптеген стратегиялық нысандарға жекешелендіру жасалды. Жекеменшік-әріптестік негізіндегі жұмыстар жандана бастады.

Сонымен қатар, Саакашвилидің соңғы үлгідегі ғимараттарға қызығушылығы зор болды. Ол Батуми, Кутаиси мен Тбилиси қалаларында әлемдік деңгейдегі қонақ үйлер мен мейрамханалар салдырды. Батуми қаласында бұрын-соңды болмаған 200 метрлік биік ғимарат салынды. Осының барлығы да Грузия қалаларына рең беріп, елдің еңсесін көтерді. Бұрын бес қабаттан аспайтын советтік стильде салынған ескі ғимараттардың орнын осындай аспан тіреген зәулім үйлер басты. Жолдар тақтайдай тегіс болып жөнделді. Президент кеткенімен бүгінде сол инфрақұрылымның барлығы да елге қалғандығын айта кету керек.  Бұл осы мемлекетке келетін туристер санын әлдеқайда арттырғаны сөзсіз. Грузияны әлемдік аренада тек шарап өндіретін таулы мемлекет деп қана емес, ендігі жерде аса жоғарғы қарқынмен дамып келе жатқан ел ретінде қабылдай бастады.

Елдің қылмыстық ізге түсу органдарына да үлкен реформа жасалған. Жемқорлықпен күрес күшейіп, экс-президент Эдуард Шеварднадзе тұсында билікте болғандардың басым көпшілігі қамалды. Бұл жағдай қылмыс әлемінің серкелеріне де әсер етпей қоймады. Тіпті, олар Грузия жерінде әлсірей бастады. 2007-2008 жылдары кішкентай ғана Грузия мемлекеті түрмеде отырғандардың саны жөнінен әлемде алғашқы орындардың біріне шыққан.

Саакашвили ұсталған бұрынғы министрлер мен президенттің қасында жүрген адамдарға басқа мемлекетке қашып кетпей, оффшорда жатқан ақшаларды да қайтаруға күш салды. Ал, ел қазынасына құйылған қаражат жариялы түрде халықтың игілігіне жұмсалды. Мәселен, «Грузия ұлттық теміржол» компаниясының бұрынғы басшысы ұсталғаннан кейін, оның шет елде тыққан ақшасы елге қайтарылып, сол қаражатқа Украинадан жаңа теміржол вагондарын сатып алды. Бұл дәл осындай басқа да ведомстволарға қатысты жағдай еді.

Алайда, Михаил Саакашвили өзінің солтүстіктегі алып көршісімен өте салқын болды. Тіпті, ол Ресеймен дипломатиялық қатынасын бұзып, Оңтүстік Осетиядағы 2008 жылдың 8 тамызындағы түсініксіз бес күндік соғыстың орын алуына да себепкер болды.

Тіпті, арада біраз уақыт өткенде Грузия НАТО ұйымына мүшелікке өту жөніндегі мүддесін ашық білдіре бастады. Ол бірінші кезекте Ресейдің буынсыз жеріне пышақ ұрғандай болды. Түптің түбінде осындай факторлар Саакашвилидің кезекті сайлауда жеңіліс табуымен аяқталды.

Дегенмен, грузин халқының есінде Миша ретінде қалған Саакашвилидің 70 жыл бойы бір жүйемен жүрген қараңғылық құшағындағы елдің еңсесін тіктеп, көзін ашуы тарихта қалатындығы сөзсіз. Оны бүгінде кез келген Грузия азаматы мойындайды.

2013 жылы Грузиядағы саяси мансабы аяқталғаннан кейін Михаил Саакашвили біраз уақыт саяси аренадан көрінбей кетті. Тіпті, ол қарапайым болудан да қорықпады. АҚШ-тың қатардағы бір университетінің мектебінде дәріс оқыды.

Талай реформаны сәтті жүргізе білген Михаил Саакашвили елден кеткеннен кейін қарсыластары оның соңына шырақ алып түсті. Атап айтқанда, 2014 жылы елдің Бас прокуратурасы 2007 жылдың 7 қарашасында ереуілшілерді жаппай қууға, «Имеди» телекомпаниясын талқандауға және Аркадий (Бадри) Патаркацишвилиге тиесілі мүлікті қылмыстық жолмен тартып алуға қатысты экс-президент Михаил Саакашвилиді айыпталушы ретінде қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы қаулы қабылдады. Оның үстінен «Қызметтік өкілеттігін пайдаланып, зардап шегушінің жеке ар-намысын төменсіту» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оған халықаралық іздеу жарияланды. Оның өзінің, әйелінің, анасының ақшасы мен мүлкіне бұғау салынды.

Бұл арада Грузия Бас прокуратурасының барлық айыптауларын жоққа шығарған Саакашвилидің посткеңестік тағы бір ел Украинада саяси мансабы басталды. Ол өзімен бұрыннан таныс Петр Порошенконың осы елдің билігіне келгеннен кейін жүзеге асты. 2014 жылдың желтоқсанында Порошенко Саакашвилиге Украинаның бірінші вице-премьері қызметін ұсынды. Ол үшін Саакашвили Грузияның азаматтығынан бас тартуы тиіс-тін. Саакашвили ондай қадамға бармағандықтан бұл қызмет оған бұйырмады. Дегенмен, үш ай Украина президентінің кеңесшісі болған ол ақыры 2015 жылы Украина азаматтығын алды.

Порошенконың Саакашвилиге сенім артқаны соншалық Украина экономикасының локомативі саналатын Одесса облысына губернатор етіп тағайындады. Себеп біреу ғана – бұрынғы басшылық кезінде жергілікті мафияның басқаруындағы қалаға айналған Одессаны қайтадан қалпына келтіру еді. Оның ішінде бірінші кезекте Одесса порты арқылы өтетін миллиондаған тонна көлеңкелі бизнесті тасадан шығару.

Ол солай болды да. Саакашвили келген күннен бастап осы портта үлесі бар атақты алпауыттар Ринат Ахметов пен Игорь Коломойский империясымен күресе бастады. Бұрын бұл бизнесмендер туралы ел білгенімен, ешқандай атқарушы билік өкілдері жақ аша алмайтын еді. Ал, Миша бұл жағдайды БАҚ арқылы ашық жариялады.

Тіпті, Саакашвили кейіннен Украина премьер-министрінің орынтағына да таласатындығын ашық айта бастады. Бұл бірінші кезекте халыққа ұнады. Посткеңестік елдердің бірқатарында шерулер өтіп, «Саакашвилиді бізге беріңдер!» деген де ұрандар тасталды.

Алайда, қай қоғамда болмасын көзге түсіп, жақсы жұмыс істегендер, шындықты жасырмай айтқандар мен екінші адамның басым болып кетуі жоғарыдағыларға ұнамайтындығы белгілі. Саакашвили туралы түрлі әңгімелер айтылып, ол түптің түбінде Украинаның да саяси аренасынан аластатылды. Бірақ, оның халық үшін жұмыс істегендігін бүгінде ешкім жасыра алмайды. Оны алыстағы Қазақстанда отырған біз де біліп отырмыз…

Грузияда президент, Америкада оқытушы, Украинада әкім болған Михаил Саакашвили қазір қайда? Енді осы сұраққа жауап беріп көрелік. Биылғы жылдың басында Украинадан Польшаға реадмиссия (мемлекеттің өз азаматынан бас тартуы, – ред.) жасалғаннан кейін Саакашвили Нидерландыдағы өз отбасына қоныс аударып, жеке куәлік алды. Бұл өз кезегінде оның Еуроодақ елдерінде тұрып, алаңсыз жұмыс жасауына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Грузия Бас прокуратурасы 2014 жылдан бері елді 9 жыл (2004-2013) басқарған Михаил Саакашвилидің үстінен ондаған қылмыстық іс қозғады. Ағымдағы жылдың 28 маусымында Тбилиси қалалық соты экс-президентті 6 жылға сырттай соттады. Ал, 2015 жылы Саакашвилиді Украина экстрадициялаудан, Интерпол халық-аралық іздеу салудан бас тартқан еді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Күні кеше «Эхо Москвы» радиосының тікелей эфирінде сұхбат берген Михаил Саакашвили: «Путин говорит: «Вы хотите нового Саакашвили?». Так я хочу сказать, что он от этого-то еще не избавился. Я в хорошей форме. Я точно знаю, что делаю, и поэтому я уверен в своей победе. Мы победим на президентских выборах в Грузии осенью этого года. Но мы обязательно поменяем систему в Украине. И будем дальше делать то, о чем я говорю. Новый виток очень интересных преобразований, которые реально сделают наши страны богатыми, процветающими, и будет человеческое достоинство защищено», – деп ағынан жарылыпты. Демек, Грузияға, Украинаға қайта оралып, саяси мансабын жалғастыруды көздеп отырған 51 жастағы Саакашвилиді саясат сахнасынан сызып тастауға әлі ерте…

Айбол ҚАРАШЕВ, «QAZAQ» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here