Қарыз қақпанына түскен Қырғызстан

0
3531

«Алмақтың да салмағы бар» дейтін кез келген халық үшін қарызды қайтару қашанда парыз саналады. Ал, Алатаудың арғы жағындағы айыр қалпақты ағайындардың сыртқы қарызы 3,9 миллиард долларға жеткенін ескерсек, бұл қарызды өтеу экономикасы онсыз да нашар көрші ел бюджетіне ауыр салмақ түсіріп тұрғанын түсіну қиын емес.

СЫРТҚЫ ҚАРЫЗ: ҚАНДАЙ ҚАРЫЗ?

Ең әуелі «Qazaq» газетінің оқырман-дарына түсінікті болу үшін сыртқы қарыз жөнінде қысқаша анықтама берейік.

Біріншіден, әлемнің бәрі бір-бірінен (мемлекеттерден, халықаралық ұйымдар-дан, банктерден, т.б.) қарыз алады. Бұл қалыпты жағдай.

Екіншіден, мәселе қарыздың көлемінде емес, қарыз алушы мемлекеттің төлем қабілетінде болса керек. Айталық, сыртқы қарызы көп елдердің көш басында АҚШ, Қытай және Жапония тұр. Яғни, сыртқы қарыз елдің кедей не бай екендігін көрсетпейді. Керісінше, төлем қабілеті төмен елдерге қарыз аз беріледі. Өйткені, қарыздың (көп жағдайда несие) қайтарымы болмауы мүмкін.

Үшіншіден, кез келген қарызды қайтару керек. Мәселе сол қарызға алынған ақшаның қалай жұмсалғандығына байланысты. Мысалы, Грекия. 2004 жылы Олимпиада өткізуге 10 миллиард доллар қарыз алды да қайтара алмай әбден қиналды. Дефолт жағдайына аз қалды. Қысқасы, мұны той жасауға алынған несиемен теңестіруге болады. Ал американдықтар, қытайлар, жапондар қарыз алса, оны экономикаға салады, кейін қарыздан толықтай құтылады және алған несиеден көл-көсір пайда көреді.

2018 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша, Қырғыз Республикасының сыртқы қарызы – 3,9 миллиард доллар. Соның ішінде Қытайға – 1,7 миллиард, Жапонияға – 247 миллион, Германияға – 100 миллион, Түркияға – 97 миллион, Оңтүстік Кореяға – 14 миллион, Кувейтке – 8 миллион, Сауд Арабиясына – 7 миллион, Біріккен Араб Әмірлігіне – 6 миллион, Францияға – 4 миллион, Данияға – 3 миллион доллар қарыз. Бұл жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 56 пайызына тең. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бұл көрсеткіш Өзбекстанда – 15, Қазақстанда – 20, Түркіменстанда – 25, ал Тәжікстанда – 45 пайызды құрайды. Сонда экономикалық белсенді 2,5 миллион қырғызстандықтың әрқайсысы сыртқа 700 доллардан артық қарыз болып шығады.

Айтпақшы, 2018 жылдың басында Ресей Федерациясы Қырғыз Республикасының 240 миллион доллар қарызын кешірді. Содан Бішкектің сыртқы қарызы 3,8 пайызға азайды.

ҚЫТАЙДЫҢ 1,7 МЛРД ДОЛЛАР НЕСИЕСІ ҚАЙДА ЖҰМСАЛДЫ?

Қырғыз Республикасының сыртқы қарызының 42 пайызы Қытай Халық Республикасына тиесілі, яғни Бішкек Қытай үкіметіне қарасты «Эксимбанкке» 1,7 миллиард доллар қарыз. Соңғы 10 жылда айыр қалпақты ағайынның аспан асты елінің алдындағы қарызы 200 есеге артыпты! Және бұл қарыз күннен күнге өсіп келеді.

Бейжің негізінен Қырғыз Республика-сының инфрақұрылым жобаларын қаржыландырады. Айталық, Қырғыз үкіметі «Қырғызстанның қазіргі тарихындағы ең ірі жоба» деп атаған «Солтүстік – Оңтүстік» балама тас жолын салуға қытайлық «Эксимбанк» 400 миллион доллар несие берді. 433 километр болатын жолды салуды «China Road» компаниясы қолға алды.

2013 жылы Қырғыз Республикасы Жалал-Абад облысындағы «Датқа» подстанциясын салып бітірді. Сол баяғы «Эксимбанк» бұл жобаға жылына 2 пайыздық үстемемен 208 миллион доллар несиені 9 жылға берді. Бұл сомаға қуаты 500 кВт болатын «Датқа» подстанциясы салынып, бұрыннан бар «Кристалл», «Октябрьская», «Узловая», «Алай» подстанциялары жөнделді. Құрылысты Қытайдың «TBEA» компаниясы салды.

«Датқа» подстанциясының салынуы құны 389 миллион долларлық «Датқа-Кемин» электр қуаты желісін тарту жөніндегі ірі жобаны қолға алуға себеп болды. Бұған да ақшаны Қытайдың «Экспорт-импорт банкі» бөлді. «Датқа» мен «Кемин» подстанцияларын жалғап жатқан, ұзындығы 405 километр болатын бұл электр желісінің құрылысы 2015 жылы аяқталды. Бұған да сол «TBEA» компаниясы жауапты болды.

2017 жылы тағы да «TBEA» компаниясы Бішкектің жылу-электр орталығын (ЖЭО) жаңғырту жұмыстарын атқарды. «Эксимбанк» бұл мақсатқа жылына 2 пайыздық үстемемен 20 жылға 386 миллион доллар несие берді. 11 жыл жеңілдік мерзімі саналады. Дегенмен, Бішкек бұл қарыздың үстіне 107 миллион доллар қосып қайтарады.

Жоғарыда айтқанымыздай онсыз да экономикасы шатқаяқтап тұрған Қырғыз Республикасына Қытайдың қарызынан құтылу қиынға соғатын түрі бар. Бұған дейін Бішкекке Мәскеу, Анкара кешіріммен қарап келсе, Бейжіңнің ондай жомарт болуы түске де кірмейді. Мәселен, наурыз айында Қытайдың Қырғызстандағы елшісі Сяо Цинхуа журналистерге берген сұхбатында Қырғызстанның қарызды қайтарудан басқа жолы жоқ екенін ашық айтты.

Рас, соңғы 8 жылда Қытай жоғарыда аталған Қырғызстандағы төрт ірі жобаға 1,3 миллиард доллар қарыз берген. Айталық, «Эксимбанк» несиені жеңілдік мерзімімен берді, алғашқы жылдары Бішкек тек пайыздық үстемені ғана төлейді.

Қырғыз үкіметінің есептеуі бойынша, қарыздың ең көп салмағы 2020 жылдарға түседі. Тек энергетика секторы бойынша жылына төлейтін ақша 11,8 миллиард сомға жетеді. Салыстырып қарасақ, тек 2017 жылы Қаржы министрлігі барлық мемлекеттік қарызды төлеуге 20 миллиард сом жұмсады.

ҚЫТАЙША КЕПІЛДІК

«Center for Global Development» орталығының (АҚШ) мәліметіне сенсек, Қытай құны 8 триллион доллар болатын әлемнің 68 еліндегі ірі жобаларды қаржыландырып отыр. Сол 68 елдің ішінде Қырғыз Республикасы да бар. Ал, Қытай 5 жылда 500 миллион доллар қарызды кешірген Ресей емес – есесін жібермейді, жоғарыда мысал келтіргеніміздей аспан асты елі айыр қалпақты ағайындардан сол қарызын пайызымен еселеп қайтарып алады. Сондықтан Қытайдан мәрттік күтудің реті жоқ. Мәселен, Қытай несиесін қайтара алмаған Тәжікстан көмір және алтын кеніштерін игеру құқығын Пекинге беруге мәжбүр болды.

Иә, Қытайдың қарыз қақпанынан шыға алмай, мемлекеттік маңызы бар нысанынан айырылып қалған жалғыз Тәжікстан емес. Мысалы, өткен жылы Оңтүстік Азиядағы 21 миллион халқы бар Шри-Ланка Қытайдың алдындағы үлкен қарызын жабу үшін ресми түрде аспан асты еліне өзінің стратегиялық маңызы жоғары Хамбантота портын 99 жылға тегін пайдалануға берді.

Қытайдың меншігіне 99 жылға өткен Үнді мұхитындағы сауда жолдарына жақын орналасқан Шри-Ланканың бұл Хамбантота порты Азияны Еуропа, Африка және Таяу Шығыспен байланыстырады. Демек, Қытай Шри-Ланкаға қарыз бергенде кепіл зат ретінде әдейі Хамбантота портын алды. Бұл келісім-шарт аспан асты елі үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин «Ғасыр жобасы» деп атаған «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы маңызды іс болды. Қарызды қайтару парыз болса да, Шри-Ланканың осылайша Хамбантота портынан айырылып қалуы қытай дипломатиясының қарыз қақпандарын қолдануының қаншалықты тиімді екендігін көрсетті.

Өзінің қаржылық әлеуетін кедей елдерде осылайша ұтымды пайдаланатын Қытайдың «екі қоянды бір оқпен атып» отырғанын ешкім жоққа шығармайды.

Біріншіден, аспан асты елі несие беріп өзіне тәуелді еткен мемлекеттің ішінде өзінің күшін артығымен қолданады. Яғни, қыруар қаржыға зәру болып тұрған жобаға несие береді, сол жобаны өздері салады. Мысалы, жоғарыда айтылғандай Қырғызстанның ірі жобаларына тек қытайлық компаниялар қатысты.

Екіншіден, табиғи ресурстарды иемдене отырып, өз ұлттық валютасын қолданады, басқа державалардың алдында дипломатиялық ықпалын арттырады, яғни өзінің стратегиялық қызығушылықтарын қанағаттандырады.

ЖАҢА ОТАРШЫЛДЫҚ

Өзінің позициясын орнықтыру үшін Қытай өз компанияларын стратегиялық порттарды мүмкіндігінше сатып алуға итермелейді. Айталық, Қытай компаниясы 2016 жылы қаржыдан тарыққан Грекиядан 436 миллион долларға Пирей портын сатып алды. Сарапшылардың айтуынша, «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында қытайдың гректерден портты сатып алуы Еуропада «айдаһардың басы» көрінгендігін білдіреді.

Бұдан бөлек, 2015 жылы қытай компаниясы 388 миллион долларға Аустралияның Дарвин портын 99 жылға жалға алды. Айта кетерлігі, ол жерде Американың 1 000-ға жуық теңіз әскері бар.

Осындай жолмен Қытай қарызға белшесінен батқан Джибути Республика-сына (Шығыс Африкадағы мемлекет) миллиардтаған доллар беріп, кішкентай болғанымен стратегиялық маңызы зор мемлекетте алғашқы шетелдегі әскери-базасын құрды. Ол Американың Африкадағы тұрақты әскери базасынан бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан. Қарыз дағдарысына тап болған Джибутидің Қытайға жылына 20 миллион долларға жерін жалға бергеннен басқа амалы қалмады.

Сонымен қатар, Қытайдың қарыз қақпанына түскен елдердің қатары мұнымен шектелмейді. Латын Америка құрлығындағы Аргентинадан бастап, Африкадағы Намибия мен Азиядағы Лаосқа дейін Қытайдың қарыз қақпанына түсіп, олар дефолттан қашқандықтан аспан асты елінің пайдасына күрделі шешім қабылдауға мәжбүр болды. Аспан асты елінің бұл астыртын саясаты әлемге ескерту болуы керек. Қытайдың қарыз қақпанына түскен мемлекеттер өздерінің тек қана табиғи активтерінен емес, сонымен қатар, тәуелсіздігінен де айырылу қаупінің алдында тұр. Жаңа империялық алыптың барқыт қолғабының ішінде шағын мемлекеттердің сөлін сығып алатындай күші бар тығылып жатқан жұдырықты әсте ұмытуға болмайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әрине, қарызды ешкім жетіскенінен алмайды. Демек, бюджет «тесіктерін» бітеу әрі экономиканы көтеру үшін Қырғыз Республикасы да өзге елдерден қарыз алуға мәжбүр. Есесіне, сыртқы қарыздың көлемі де жылдан жылға артып келеді. Ал қарыздың қайтарымы болатынын ескерсек, келешекте сол қайтарым ел экономикасына үлкен соққы болмауы үшін оны қайтарудың жолын қазірден бастап қарастыру қажеттігін ел болашағына алаңдайтын әрбір қырғыз жақсы түсінеді.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here