ЖЕЛТОҚСАН ЖАҢҒЫРЫҒЫ

0
199

Қазақ халқы ел болғалы небір қиыншылықтарды басынан өткергені баршамызға аян. Сонау жоңғар басқыншылығы кездерінен бастап, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де, жергілікті халық өкілдерінің шекелері шылқ етіп, жағдайлары жақсарып кете қоймағаны ақиқат. Ақтабан шұбырындыда еліміздің ел болып қалуы үшін күрескен батырларымызды екі-үш ғасыр өткен соң ғана жариялылықтың арқасында еске алып, еңбектерін елеп жатқан жоқпыз ба?!

АЛМАТЫДАН ХАБАР

Алматы. 18 декабрь. (ТАСС). Кеше кешкісін және бүгін күндіз Алматыда ұлтшыл элементтер арандатып салған оқушы жастар тобы көшелерге шығып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жуырда болған пленумының шешіміне наразылық білдірді. Бұл жағдайды бұзақылар, арамтамақтар және қоғамға жат басқа да адамдар пайдаланып, право тәртібінің өкілдері жөнінде правоға қарсы әрекеттер жасады, сондай-ақ бір азық-түлік магазинін, жекеменшік автомобильдерді өртеді, қала азаматтарына қарсы намысты қорлайтын әрекеттер жасады. Заводтарда, фабрикаларда, жоғарғы оқу орындарында, басқа да еңбек коллективтерінде болып өткен жиналыстар, сондай-ақ қала мен ауданның партия және комсомол активтері Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті пленумының шешімін мақұлдады және оқушы жастар тобының ешқандай негізсіз іс-әрекеттерін айыптап, бұзақыларға батыл шаралар қолданылуын, қалада толық тәртіп орнатылуын жақтады. Осы бағытта қолданылып жатқан іс-қимылдарды еңбекшілер қолдауда. Олар совет және партия органдарының жүргізіп жатқан шараларына белсене қатысуда. Барлық кәсіпорындар, мекемелер, оқу орындары, магазиндер, тұрмыстық қызмет, қала транспорты қалыпты жұмыс істеуде.

«Лениншіл жас», 20.12.1986 ж.

Кенесары, Наурызбайлардың да орыстардың отарлау саясатына қарсы күрескендерін Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Әділеттің ақ жолы» кітабында баса атап өтті. Соған дейін осының орайы келді ме? Кеңес өкіметі жылдарында да Голощекиннің әпербақан саясатымен жасалған зұлмат ашаршылық кезеңінде қаншама қандастарымыз қынадай қырылып, аман қалғандары шыбын жанның қамы үшін беттері ауған жақтарына бытырап кетті. Қасіретті халқымыздың қамын жеп, қабырғалары қайысқан Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатовтай ардақты да айбарлы ағаларымыз «халық жаулары» атанып, зұлымдықтың құрбандарына айналды. Олардың есімдерін тек 50-60 жыл өткен соң ғана ауызға ала бастадық…

СООБЩЕНИЕ ИЗ АЛМА-АТЫ

Алма-Ата. 19.12.86 г. (ТАСС). 17 декабря вечером и вчера днем в Алма-Ате группа учащейся молодежи, подстрекаемая националистическими элементами вышла на улицы, высказывая неодобрение решения состоявшегося на днях пленума ЦК Компартии Казахстана. Сложившейся ситуацией воспользовались хулиганствующие, паразитические и другие антиобщественные лица, допустив противоправные действия в отношении представителей правопорядка, а также учинив поджоги продовольственного магазина, личных автомобилей, оскорбительные действия против граждан города. Прошедшие собрания на заводах, фабриках, в вузах, в других трудовых коллективах, а также партийные и комсомольские активы города и районов, одобряя решения пленума ЦК КП Казахстана, осудили ничем не обоснованные действия группы учащихся и высказались за принятие решительных мер к хулиганам и восстановление полного порядка в городе. Принимаемые действия в этом направлении поддерживаются трудящимися. Они активно участвуют в мероприятиях, проводимых советскими и партийными органами. Все предприятия, учреждения, учебные заведения, магазины, служба быта, городской транспорт работают нормально.

«Правда», 20.12.86 г.

1986 жылы Алматыда болып өткен әйгілі Желтоқсан көтерілісі халқымыз үшін қайғылы да қаралы күндер болып саналғанымен, тарихымыздың шежіресіне алтын әріптермен жазылатыны анық. Кеңестік империяның жандайшап жарамсақтары Желтоқсан көтерілісін кінәлап, қаншама қара күйе жағуға тырысты. Жалындаған ар-намысты жастарымызды төмендегі ресми мәлімдемелермен басбұзар-бұзақылар ретінде көрсетумен болды.

ШАХАНОВ ШАРАПАТЫ

Желтоқсан көтерілісінің зардаптарының әсері болуы мүмкін, Мұхаңның денсаулығы сыр беріп, оқта-текте ауруханаға жатып қалып жүрді. 1992 жылы Қайрат Рысқұлбековке кіндік қаны тамған Бірлік ауылында ескерткіш орнатарда Алматыға жиі шапқылауыма тура келді. Көркем-өнер және театр институтының проректорлары Байтұрсын Өмірбеков пен Болат Досжанов ескерткіш жасау үшін алдыменен сот пен тергеу орындарынан сұрастырып, Қайраттың алдынан және қырынан түскен суреттерін табуымызды өтінді. Жолсеріктес танымал өнер иесі А.Шүңірековпен (Мойынқұм ауданының басшылары Мәдениет бөлімінің басшысы Асылханға мені Алматыға апарып тұруды тапсырған болатын) «Жалын» журналының редакциясындағы М.Шахановқа баруымызға тура келді. Мән-жайды білген соң, Мұхаң ренжи отыра ресми хат дайындап, «Мына жек….ға апарып беріңдер, осы тауып беру керек», – деді. Асылханмен Жоғарғы соттың ғимаратына барып, екінші қабатқа көтеріле бергенімізде бізді күтіп тұрғандай Тамаз Айтмұхамбетов дәлізде қарсы алдымыздан шығып, не себептен келгенімізді сұрады. Ресми қағазды көрсеткенімде ат-тонын ала қашып, «Бізде ондай сурет жоқ, тергеуші Сәрсенбаевқа барыңдар», – деп, шығарып салмамен құтылды. Дегенмен, кейінірек іздеген суретіміз табылды. Қайратқа төсбелгі жасату үшін Сүйінбай даңғылы бойындағы сувенир белгілерін жасайтын мекемеге аялдап, эскиз-жобаны көрсетсек, орыс ағайындар «бұл кім» деп сұрады. А.Шүңіреков байқамай Желтоқсан оқиғасына қатынасқанын айта бергенде олар «Министр-лер кабинетінен рұқсат қағаз әкелмесеңдер, жасай алмаймыз», – деп, тоқ етерін бір-ақ айтты. Тауымыз шағылып, қайтадан «Жалын» журналы редакциясына табан тіредік. М.Шаханов: «Олар Желтоқсан десе, оған қоса менің атымды естісе, ат-тонын ала қашады», – деп, Жастар Одағындағы И.Тасмағамбетовке хат жазып, оның сенімді түрде көмектесетінін айтты. Достық даңғылы бойындағы ғимаратқа соғып, Мұхаңның «сәлемдемесін» ұсынсақ, Иманғали Нұрғалиұлы: «Мұхтар ағаның мына хатын музейге қоятын екен», – деп, төсбелгі жасайтын шеберлерді көмекші жігіттері арқылы таптыртып берді…

Ескерткіш те, төсбелгі де жасалынып, 1992 жылдың 10 қыркүйегінде Мойынқұм ауданының Бірлік ауылында салтанатты ашылуы айтарлықтай жоғарғы деңгейде өтті. Арнайы Алматыдан ат арылтып келген Мұхтар Шаханов «Оралу» өлеңін оқыды.

1993 жылдың сәуірінде Қ.Рысқұлбековтің әкесі Ноғайбай аға ауыр науқастан қайтыс болды. Ауруханада емделуіне байланысты Нәкеңді жерлеп, топырақ салуға келе алмаған Мұхаң батырдың әкесінің қырқына әрі Семей түрмесінде Қайраттың құпия жағдайда 21 мамырда қайтыс болғанына 5 жыл толуына орай арнайы келіп құран бағыштатты. Көктерек кеңшарының басшысы Балтабек Таубалдиевтің дастарханы үстінде М.Шаханов шабыттана: «1989 жылы КСРО халық депутаттарының 1 съезі қарсаңында Алматыдан бірнеше жігіттердің Желтоқсан оқиғасына байланысты арнайы маған келіп хат тапсырғандықтан, сессия төрағасынан Арал теңізі мен экология туралы сөйлеуге мұрсат сұрасам, өтінішімді орындамады. Сол мезетте Құдай айдап, М.Горбачевтің келіп қалмасы бар ма!? «Михаил Сергеевич, Арал теңізі мен экология жайлы сөйлеуге мыналар рұқсат бермей отыр», – дегенімде «Шахановқа 3 минутке рұқсат беріңдер», деп, тіркетті», – деген еді.

Расында да, Қалдыбай Әбеновтің жарыққа шығарған «Аллажар» деректі фильмінде Мұхаңның жарты әлемге паш етіп, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі жайлы сөйлегенін, ал М.Горбачевтің жақтырмай, тыжырынып, не істерін білмей отырғанын көрсетеді.

«Мінберден түскенімде А.Сахаров бірден қолымды алып, «120 шақты депутаттардың қолын жинасаң, мемлекеттік комиссия құрып, Желтоқсан оқиғасын тексерте аласыңдар», деді. Б.Ельцин, А.Ақаев пен қарапайым жүргізуші қырғыз жігіті, т.б. Кавказ, Балтық жағалауы депутаттары да батылдық танытып, өз қолдарын қойып берді. Аты-жөні есімде жоқ, Талдықорғандық бір қызылша әйел де қолын қойған еді. Жоғарыдағылардың қаһарынан қаймыққан біреулер қысым жасап, әйелдің өзіне сызғыздырып тастады. Күндіз-түні тыным таппай халық қалаулыларын аралап, 120-дан аса қол жинадым. Кезекті сессия басталарда төрде отырған М.Горбачевке тексеру комиссиясын құру туралы құжат тапсырғанымда мені жақтырмай, ала көзімен ата қағаздарды қолымнан жұлып алды», – деп, Мұхтар Шаханов бүкпесіз ашық айтты.

КЕРІ ШЕГІНГЕН ГОРБАЧЕВ

«Біздің жасаған жұмыстарымызды жоққа шығару мақсатында 1989 жылы 14 қарашада биліктің зорлығымен құрылған үшінші комиссия үш сағат та жұмыс жасай алмады. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қарсылығыма қарамай, еркімнен тыс, тең төрағалыққа күштеп сайлап жіберсе де, сол тұста билікке ерекше қадірлі ағамыз Қадыр Мырзалиев арқылы біз атқарған істі жоққа шығару мүддесін жан-жақты қарастырғанымен, ретін келтіре алмады. Әрі менің теледидар арқылы үш дүркін айқай көтеруім билікке үлкен үрей тудырды. Республика жұртшылығы әр ісімізге құлақ түріп, елеңдеумен отырды. Бізді қолдаған студенттер мен жұмысшы жастардың наразылығы күннен-күнге қомақтанып, күшейе түсті. «Мұха, бізді бастаңыз. Енді аянатын ештеңе қалған жоқ. Соңыңыздан ердік» дескен жастар күн сайын топ-топ боп, жұмысыма келе бастады. Олар тіпті басыма төне бастаған қауіп-қатерді де алдын-ала ескеріп, маған білдіртпей, «Шахановты қорғайтын топ» деген жасырын ұйым құрыпты. Бұрын саясатқа араласпаған дені таза, көзқарасы айқын, тілеулес, рухтас адамына қоң етін ойып беруге әзір тұратын мұндай жаңа толқынның бел алып, білек қосқаны көңіліме едәуір үміт ұялатты. Бір күні түнде үш-төрт сағат қағазға шұқшиып отырғандықтан, «он-он бес минут бой жазып келейін» деп сыртқа шықсам, арқамнан есік алдында тұрған екі жігіт ілесе жүрді. Оңға бұрылсам – оңға, солға бұрылсам – солға, тоқтасам – тоқтайды. Көңіліме ыңғайсыз күдік енді. Жұрт ары-бері жүріп жатқан, электр жарығы бар жерге шығып, әлгілерден қалай құтылудың жолын ойлап тұрғанымда олар қасыма келіп, қол беріп амандасты да: «Бізден қауіптенбеңіз. Біз сіздің қоғамдық қорғаушыларыңызбыз», – деді.

1989-шы жылғы желтоқсанның бірінші он күндігінде КСРО Халық депутаттарының II съезі ашылды. Мәскеуге жүрер алдында жігіттерге тапсырма беріп, кейбір мәселелер төңірегінде қонақ үйге телефон шалып ақылдасып отыруын өтіндім. Сонымен съезд жұмысы ертеңді-кеш қарбаласта өтіп жатты. Өзім онда болғанмен, көңілім елде. Бір күні түн ортасында Жеміс Тұрмағанбетова телефон шалды. Оның сөзінен түйгенім, Желтоқсан оқиғасына байланысты медицина институтының мәжіліс залында үлкен жиын өтіпті. Жиналған елдің көптігі сондай, залда ине шаншар орын қалмаған. Ашынған жастар Қазақ КСР прокуроры Б.Елемесовтің, Қазақ КСР Жоғарғы сотының төрағасы Т.Айтмұхамбетовтің, комиссияның тең төрағаларының бірі Қ.Мырзағалиевтің атына ауыр-ауыр сөздер айтылып, тіпті олардың залдан кетілуін талап еткен. Жиналған комиссия жұмысы қайтадан жанданбаса, 17 желтоқсан күні наразылық білдіріп, алаңға қайтадан шығатынын мәлімдеген. Жемістің хабарынан кейін Алматыдан Нинель Фокина, Мұратхан Түйебаев, Аманжол Нәлібаев әлсін-әлсін телефон шалып, жастар арасында толқудың басталғанын, 17 желтоқсанда алаңға шығуға үлкен әзірлік жасалып жатқанын және қай облыстан қанша қолдаушы топтар келетінін жеткізіп тұрды. Байқаймын КСРО халық депутаттары ішіндегі әшейінде мені көргенде иек көтеріп, ерін жыбырлатудан әріге бармайтын басшылардың көзқарасы өзгере бастағандай. Тіпті, кейбіреулері кезіккенде ілтипат білдіріп, арқын-жарқын әңгіме қозғайтынды шығарды. «Жастар алаңға шықса, тағы да арандап қала ма?!» деген қауіп менде де жоқ емес. Бір көтерілістің ақтығына жете алмай жүргенде екінші рет құрбандыққа жол беріп алсақ, нағыз масқара сол емес пе?! Әрине, қатал тәртіп аясында және қойылар жүйелі талап деңгейінде ғана ісіміз оңға бұрылуы мүмкін. Съезд жұмысы қызу жүріп жатқан кезде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев қасыма келіп: «Мұхтар, бір шұғыл әңгіме бар еді», – деп мені сыртқа ертіп шықты. Съездер сарайы ішіндегі поштаға еніп едік, ешкім жоқ екен. Екеуміз шеткі диванға жайғастық. Нұрекең әңгімесін бастады.

«Жаңа үзіліс кезінде Горбачев мені өзіне шақырды, – деді ол сабырлы қалыппен. – Оған қазақ жастарының 17 желтоқсан күні алаңға қайта шыққалы жатқанын Қауіпсіздік комитетіндегілер бүге-шігесіне дейін жеткізіпті. Ол маған «Шахановпен сөйлес. Егер жастар көтерілісі кезінде адам өлімі болса, ол да тікелей жауап береді. Оңай құтыламын деп ойламасын. Одан да мынаған келісейік. Желтоқсан оқиғасын тексеретін комиссиясын қайтадан құрсын. Қазақстан азаматтарынан қалаған адамдарын ендірсін, қарсы болмаймыз!» деді. Мен саған бас хатшының сөзін дәлме-дәл жеткізіп отырмын».
«Қайдам, биліктің сөзі мен ісінің арасында шекара болмай барады ғой», – деп едім, Нұрсұлтан Әбішұлы: «Жоқ , Горбачевтің осы жолғы сөзіне сенуіңе болады», – деді.

Екеуіміздің арамызда өткен ұзақ әңгімеден кейін жұрт біле бермейтін, билік күштеп құрған үшінші қуыршақ комиссияны жойып, төртінші комиссияны құруға уағдаластық. Жаңа құрамға өзімнен басқа 9 адам ендіруге құқық иелендім. 5 адамды билік жасақтамақ. Олар – Қ.Мырзалиев, Н.Задорожный, Ф.Игнатов, Т.Ізмұханбетов, В.Ким. Мен өз адамдарымды зерттеп, ойланып айтуға 10 күн мұрсат сұрадым. Съездің аяқталуын күтпей Алматыға қайтатын болдым. Елбасшысы қасыма Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Қасым Төлебековті, Қазақ КСР халыққа білім беру министрі Шайсұлтан Шаяхметовті қосып беретін болды. Жоғарыда әңгімеленген Горбачевпен келісім мен жастардың алаңға шығуын, яғни, олардың билікке қарсы көтерілісін тоқтатқан жағдайда іске аспақ. Нұрсұлтан Әбішұлы сол жерде отырып орыс тілінде менің Алматы қалалық газеттерінде жариялануға тиісті үндеу хатымды жазып берді (Қол жазбасы менің мұрағатымда сақтаулы). 1989 жылдың 16 желтоқсанында «Вечерная Алма-Ата», аудармасы «Алматы ақшамы» газеттерінде жарияланған сол хат мынау еді:

«Алматы қаласының жастарына!

Қазақ ССР Жоғарғы Советі құрған 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларына байланысты жағдайларды қосымша зерттеу жөніндегі алғашқы комиссия жұмысының тоқтатылуымен келіспейтінімді тағы да қуаттаймын. Өйткені, меніңше, комиссия өз жұмысын толық тәмамдаған жоқ, бұған жұртшылықтың да көңілі толмай отыр. Қазір Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті басшылығымен – Н.Ә.Назарбаев жолдаспен және Қазақ КСР Жоғарғы Советімен әлі анық-қанығына көз жеткізіле қоймаған мәселелерді, азаматтардың қосымша арыз-шағымдарын қарауды бұрынғы комиссияның өкілеттіктері берілген жұмысшы тобы арқылы одан әрі жалғастыру туралы келісім жасалды. Комиссияның барлық тұжырымдары мен қорытындылары ҚКП Орталық комитеті мен Республика Жоғарғы Советінде қаралып, кінәлілерге тиісті шаралар қолданылатын болады. Бұл бәтуаға сену қажет деп есептеймін. Сондықтан да мен астана жастарын, интеллигенция өкілдерін осы күндері көңіл-күйге ерік бермеуге, асығыс қадамдар жасамауға, митингілер мен жиналыстар, басқа да шаралар өткізбеуге шақырамын. Сол бір күндері де, қазір де Қазақстанда тұратын халықтар арасындағы тамыры ғасырлар бойы тереңде жатқан достыққа сына қағуды мақсат еткен жекелеген бұзақы элементтерге ілік беруге болмайды. Оның үстіне, біздің комиссияның жұмысы көрсетіп отырғандай, 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары көптеген әлеуметтік проблемалардың шешілмеуі салдарынан болған және басқа халықтарға, оның ішінде орыстарға қарсы бағытталған емес. Сол күндері орын алған ұнатпаушылық көріністерін, ұшқары пікірлерді ұлтаралық қатынастар проблемаларымен астастыруға болмайды. Мынаны да есте ұстаған жөн: Қазақ ССР Жоғарғы Советі комиссия жұмысының нәтижелері бойынша КПСС Орталық Комитетінің «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы» қаулысындағы 1986 жылғы декабрьде Алматыда болған тәртіпсіздіктерді негізсіз және халықтың намысына тиетін «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағалаған тұжырымды өзгерту жөнінде КПСС Орталық Комитетіне өтініш жасады. Осының өзі-ақ комиссия жұмысының қаншалықты қажетті болғанын көрсетеді.
Біз 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына қатысты барлық фактілерді тексереміз және халыққа бұл жөніндегі толық шындықты жеткізуіміз керек. Қолдарында қосымша материалдары бар барлық азаматтарды, қоғамдық ұйымдарды оларды комиссияға тапсыру арқылы біздің жұмысымызға көмектесуге шақырамыз. Бұл осындай жағдайдың енді қайталанбауы үшін керек.

Мұхтар ШАХАНОВ, СССР халық депутаты, СССР Жоғарғы Советінің мүшесі».

Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге пошта үйінде отырып мен «Жалын» журналына телефон шалып, ертеңгі сағат 10-ға «Алматыдағы институттар мен зауыт, фабрикалардағы Желтоқсан тобының мүшелері менің кабинетіме жиналсын» деп тапсырма бердім. Сол түні Алматыға ұшып шығып, таңертеңнен бастап ойға алған мақсатқа кірісіп те кеттік.

17 желтоқсан күні алаңға шығуға бел буып қойған жастарды райынан қайтару оңайға соқпады. Кешке дейін алты кездесу өткіздім. Кездесулерді ұйымдастырып, қасымда құрақ ұшып Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Қ.Төлебеков, Қазақ КСР халыққа білім беру министрі Ш.Шаяхметов жүгіріп жүрді.

Кездесуде айтар сөзімнің мазмұны мынау еді: «Билік Желтоқсан оқиғасының ақ-қарасын тексеруге негізделген, бірақ әділетсіздікпен жабылып қалған комиссияны қайта ашуға және комиссияға қалаған адамдарымызды ендіруге КОКП Орталық комитетінің бас хатшысы Михаил Горбачевтің өзі уәде беріп отыр. Биліктің осы жолғы уәдесіне сенелік. Сол үшін де 17 желтоқсан күні алаңға шығуды доғаралық».

Кешкілік теледидардан арнайы сөз сөйлеп, күндізгі кездесулерде айтқан ойларымды қайталадым. Сонымен жастарды алаңға шықпауға көндірдік…» – деп жазыпты Мұхтар Шаханов өзінің «Желтоқсан эпопеясы» кітабында.

1989 жылы жастардың ашу-ызасымен Алматыдағы қайталанбақшы болған Желтоқсан көтерілісінен М.Горбачевтің зәре-құты қалмай қорқатындай жөні бар. Бұл туралы 2014 жылы 29 қаңтарда «Қазақтар ХХI» газетінде жарық көрген мақаламда жазған едім.

ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІ ТОЛЫҚ ЗЕРТТЕЛГЕН ЖОҚ

Кеңес Одағы көсемдерінің сайқалды саясатына әлемде алғашқы болып қаймықпай қарсы тұрған қазақ жастары 1986 жылдың желтоқсанында жанкешті ерлік үлгісін көрсете алды. Желтоқсан көтерілісінен соң көп ұзамай Кавказ, Прибалтика елдерінде де халықтық толқулар толқыны «Кереметтей көрінген Кеңестер үйінің» керегесін айтарлықтай шайқалтты. Әттеген-айы, әзербайжандықтар Бакуде орын алған қантөгіс үшін КСРО-ның соңғы көсемі М.Горбачевті сотқа сүйрелеп жатқанда, Желтоқсан көтерілісі құрбандарына бірден-бір кінәлі «Бүкірбаевты» біз әлденеше мәрте құрметті қошеметпен қонаққа шақырумен болдық.

Мына қаралы оқиғаны көпшілік біле бермейді. Дегенмен, М.Горбачевтің Қытай Халық Республикасына 1989 жылы 4 маусымдағы ресми іс-сапары да қайғылы оқиғаға ұласқаны, «мәртебелі мырзаның» екіжүзді әрекеттеріне наразылық танытып, он мыңдаған студенттер Бейжіңнің Тянь-Энь-Мин алаңына шыққаны аға буын өкілдерінің есінде қалған болу керек.

Қытай басшыларымен мінберге шыққан Михаилдің нөкерлерімен дереу Мәскеуіне қайтуға мәжбүр болғанын Орталық теледидар ашық көрсеткен еді. Атамекенге оралған кейбір оралман ағайынның айтуынша, сол Тянь-Энь-Мин алаңы қып-қызыл қанға боялып, жүздеген жастар қыршынынан қиылған екен. Осы қанды оқиға әлі күнге дейін құпия күйде қалып келеді.

Қытай Халық Республикасының Үкімет басшыларымен ауыз жаласқан М.Горбачев Бейжің алаңындағы көтерілісті Дянь-Со-Пиннің реформасына қарсы ұйымдастырылған дегендей бұрмалатқан секілді. Десе де, басқа күн жетпегендей Қытай жастарының дәл сол Горбачевтің ресми іс-сапарында наразылық танытқаны бекерден-бекер емес екені анық. Өйткені, кей деректерге сүйенсек, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіндегі зорлық-зомбылықтар мен айуанды қылмысты әрекеттерді жасырын түрде түсірген бейнетаспалар «аспан асты елі» арқылы бүкіл әлемге таратылып кеткенін ескерсек, Қытай жастарының Горбачевке қарсы наразылық танытқанын кім жоққа шығара алар екен?! Бұл жайт та жан-жақты тексеруді қажет ететін өте маңызды оқиға.

Желтоқсан көтерілісі мен нақты мерт болғандар саны әлі де толықтай зерттеліп біткен жоқ. Қасиетті де киелі көтеріліс жан-жақты зерттеле сараланып бітпей жатып, тура 25 жыл өтер-өтпестен 2011 жылғы Жаңаөзен қасіретінің орын алғанын қайтерсің?!

Мәкен УАҚТЕГІ, ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here