МИНУТЫНА 19 ТЕҢГЕГЕ АВТОКӨЛІКТІ ҚАЛАЙ ЖАЛҒА АЛУҒА БОЛАДЫ?

0
26

2018 жылдың қыркүйек айынан бастап Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Anytime» атты автомобильдерді жалға беретін қызмет түрі іске қосылды. Енді «Anytime» арқылы автомобильді бірнеше минутқа, сағатқа, тіпті, тәулік бойына жалға алуға болады. Сервистің бұл түрін тәулік бойы, яғни 24 сағат пайдалануға мүмкіндік бар.

Әлемнің көптеген елінде бар «Anytime» каршерингі 2015 жылдан бері мобильді қала саласына инвестиция құюмен айналысатын «Mikro Kapital Group» компаниясының қолдауымен біздің елімізде де жүзеге асып отыр.
«Автопаркте алғашында жүз Volkswagen Polo көлігі болса, былтыр жыл соңында тағы 30 көлік іске қосылды. Көлікті жалға алу минутына 19 теңге. Бұл тарифтің ішіне көлікті жалға алу, жанармай, ақылы тұрақ, техникалық қызметтер мен көлік жуу, сақтандыру кіреді», – деп түсіндіреді «Anytime» компаниясының Қазақстандағы директоры Станислав Грошов.
Автомобильді жасы 21-ге толған, жүргізуші куәлігі және екі жылдық тәжірибесі бар кез келген адам мобильді қосымша арқылы жалға алады. Ол үшін алдымен смартфонға «Anytime каршеринг Қазақстан» қосымшасын жүктеп алып, жеке куәлік пен жүргізуші куәлігін және банк картасын тіркеу қажет. Мобильді қосымшаның көмегімен жақын жердегі көлікті тауып, көлікке жеткенше 20 минутқа дейін бұғаттап қоюға болады. Бұл кезде көлік басқа қолданушыларға қолжетімсіз болады. Ал, көлікті 20 минутқа бұғаттап қою тегін.
Автомобильді қалай ашамын? Кез келген қолданушыны осы сұрақ мазалайтыны түсінікті. Автомобильді ашу үшін ешқандай кілт пен пульттің қажеті жоқ. Цифрлық жүйенің арқасында автомобильді мобильді қосымшаның көмегімен ашуға болады. Сәйкесінше, көлікті қолданып болған соң оны кез келген рұқсат етілген тұраққа апарып, мобильді қосымшаның көмегімен жауып кетесіз. Ал, автомобиьді қолдану үшін ешқандай кепілдің қажеті жоқ. Себебі, компания қызметкерлерінде сіз туралы және сіз жалға алған көлік туралы барлық ақпарат болады.
Компания қолданушыларға «Базалық» және «Ертегі» атты екі тариф ұсынады. Екеуінде де сағат 00.00-ден 06.59-ға дейін жалға алу құны – минутына 19 теңге. Ал сағат 07.00-ден 23:59-ға дейін жалға алу – «Базалық» тариф бойынша минутына – 44 теңге, «Ертегі» тарифі бойынша – 55 теңге. Екі тарифтің басты айырмашылығы – жол-көлік оқиғасы болған жағдайда жүктейтін жауапкершілігінде. Жол-көлік оқиғасы кезінде «Базалық» тариф бойынша айыппұл мөлшері 200 мың теңгеден артық емес, ал «Ертегі» тарифі бойынша 100 мың теңгеден артық емес мөлшерде төленеді.
Айта кетейік, демалыс күндері көлікті жалға алу құны қымбаттайды, яғни минутына 19 теңге тарифі болмайды.
Егер автомобильді қолдану кезінде дүкенге немесе басқа жерге тоқтап, көлікті уақытша пайдаланбайтын болсаңыз, бірақ жақын арада қайта көлік керек болатынын білсеңіз және автомобильді басқа қолданушы алып кетпегенін қаласаңыз, оны «Күту режиміне» қоюға болады. Ал, «күту режиміндегі» автомобиль үшін минутына 13 теңге төлеуге тиіссіз.
Сонымен бірге, көлікті тәулік бойы жалға алуға да болады. Сәйкесінше, «Базалық тәулік» тарифінің құны – тәулігіне 13 мың теңге, «Ертегі тәулік» тарифінің құны – 15 мың теңге.
Ескерте кетейік, тәуліктік тарифтің ережесі бойынша күніне 110 шақырымнан артық жол жүруге болмайды. Егер белгіленген межеден асып кетсеңіз, әр шақырым үшін қосымша «Базалық тәулікте» 30 теңге, «Ертегі тәулікте» 40 теңге төлеуге міндеттелесіз.
2017 жылдың көктемінде Қазақстанға Ofo велошерингі келді. Алайда жобаның пилоттық кезеңінде велосипедтердің ұрлануы, жоғалуы, үйіне жасырып ұстайтын тұрғындар түрлі қиындық туғызғаны жасырын емес. Ал «Anytime» жобасын таныстырушы өкілдердің айтуынша, каршеринг барлығын бақылауда ұстайды. Барлығы бақыланатын жүйе арқылы тексеріліп отырады. Автомобильді ұрлап кету немесе оған зақым келтіру әрекеттері заңмен жазаланады.
Автомобильді қолданушыларға салонда темекі шегуге қатаң тыйым салынған. Жалға алынған автомобильді басқару кезінде жол ережесін бұзған немесе жылдамдықты шамадан тыс арттырған жүргізуге айыппұл салынады.
Толық ақпаратты anytime.kz сайтынан немесе + 7 (702) 333 44 88 телефон нөмірінен білуге болады.
Айта кетейік, енді алматылықтар нарықтағы орташа бағасы 80 мың теңгеден басталатын электрсамокатты сатып алмаса да болады. Өйткені, биылғы жылы «оңтүстік астанада» электрсамокатты жалға беру қызметі іске қосылады. Жобаны жеке компаниялар қаржыландырады. Бұл туралы «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Руслан Асаубаев мәлімдеді.
Электрсамокаттар әртүрлі болғанымен барлығының жұмыс істеу қызметі бірдей. Ал, электрсамокат орташа есеппен сағатына 35 шақырымды еңсере алады. Бұл көліктің салмағы – 10 келі. Батареясы 2 сағатта толық қуатталады. Бұл 40 шақырым жол жүруге жеткілікті.
Естеріңізде болса, өткен жылдың шілде айында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ақпарат құралдарына электрсамокатпен жүру ережесін түсіндірген еді. Мамандардың мәліметінше, электрсамокат иелері мопед жүргізушілеріне теңестірілген. Мұндай электрсамокатты қолданушылар велосипед жолымен жүруі тиіс. Демек, келешекте полицейлер тротуармен жүрген электрсамокат иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартуы мүмкін. Айыппұл мөлшері – 15 АЕК (37 875 теңге). Ал, 16 жасқа толмағандарға электрсамокатты басқаруға тыйым салынады.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here