ТҮРКІМЕНСТАН РЕСЕЙ ГАЗЫН ЕУРОПА НАРЫҒЫНАН ЫҒЫСТЫРА АЛА МА?

0
460

Қазір Еуропа газдың 37 пайызын Ресей Федерациясынан сатып алады. Мәскеудің осы қарқыны алдағы уақытта да сақталатын болса, 2040 жылдары еуропалықтардың 50 пайызы орыстың газын қолданатын болады. Ал, Беларусь, Грекия, Молдова, Болгария, Латвия, Финляндия, Польша, Германия, Австрия, Сербия сынды кәрі құрлықтың 28 елі қазірдің өзінде орыстың көгілдір отынына тәуелді (инфографиканы қараңыз). Украинадан Қырымды тартып алғаннан кейін Мәскеу Батыс елдерінің қаптаған санкцияларының құрсауында қалды. Санкциядан көз ашпаған көрші елдің экономикасы құлдырады. Ұлттық валютасы да құнсызданды. Содан өзінің географиялық жағдайын саяси қысымның құралына айналдырған Путин бастаған билік басындағылар жоғарыдағы газға тәуелді еуропалық елдерге көзін алартып, азулы тісін батыра бастады. Дегенмен, біреудің айтқанына көніп, айдауымен жүруді білмейтін орыс энергетикасына тәуелді кәрі құрлық елдері енді басқа аймақтардан мұнай-газ өнімдерін тасымалдауға бет алды.

Рас, 28 елдің басын қосқан Еуропалық Одақ (ЕО) Ресей Федерациясынан сатып алатын газ көлемін мейлінше азайтуға мүдделі. Өйткені, кәрі құрлыққа шығыстағы елден жылына 140-150 млрд текше метр газ келеді. Бұл – Еуропадағы газ импортының 30 пайызы. Ресей Украинадан Қырым түбегін аннексиялап алғалы Еуропа орыстардан алатын газ көлемін азайтуға бұрынғыдан да қаттырақ ұмтыла бастады.
Күні кеше Германия астанасы Берлинде өткен неміс-түркімен форумында Түркіменстан газының Еуропа нарығына шығу жолдары қарастырылды. Осылайша, Ресей Федерациясына тәуелді болып қалуды қаламайтын еуропалықтар ондаған жыл өткеннен кейін көгілдір отынның қоры бойынша әлемде төртінші орын алатын Түркіменстанды еуро-палық нарыққа қайта шақырды.

«Edison Technologies» энергетикалық ком-паниясының басшысы Эдисон Касапоғлы мен Германия Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Александр Шенфель Түркіменстанның Еуропаға газ құбырын тартуына енді ешқандай елдің кедергі бола алмайтынын мәлімдеді. Яғни, Түркіменстан Әзербайжанға дейін Каспийдің астымен газ құбырын тартса, ары қарай түркімен газы еш кедергісіз «Оңтүстік дәлізімен» Әзербайжан, Түркия арқылы Еуропа нарығына шығады (суретті қараңыз). Бұдан Ресей газына күні қарап қалған Еуропа елдері де, газын тек Қытайға ғана сатып жүрген Түркіменстан да ұтады.

Еуропа елдеріндегі Ресей газының үлесі, %

Финляндия 100
Беларусь 100
Болгария 100
Грекия 96,4
Молдова 85,7
Словакия 84,1
Латвия 76,5
Сербия 73,9
Австрия 70,1
Польша 64,2
Венгрия 64,1
Словения 62,5
Германия 61,9
Түркия 58,9
Чехия 57,7
Дания 53,1
Литва 45,0
Украина 44,6
Македония 40,0
Эстония 40,0
Италия 38%, Франция 37%, Хорватия 30%, Ұлыбритания 23%, Босния және Герцеговина 22%, Румыния 14%, Нидерланды 12%, Швейцария 10% көгілдір отынды Ресейден сатып алады.

Біріншіден, түркімен газының құны Ресейге қарағанда айтарлықтай төмен болғандықтан еуропалықтар қалтасын қақпайды. Екіншіден, Еуропа Ресей газына басыбайлы тәуелді болмайды, Мәскеу тәубесіне келеді. Үшіншіден, газын Қытайдан басқа қайда сатарын білмей отырған Түркіменстан үшін үлкен нарыққа жол ашылады, соңғы жылдары экономикасы кері кеткен «жабық» елдің табыс көзі кеңейеді.
Жалпы, Түркіменстан жылына 155 млрд текше метр газ экспорттайтын мүмкіндікке ие. Дегенмен, Ашхабад өзінің осындай экспорттық әлеуетін толықтай пайдалана алмай келеді. Ресей Федерациясының кейбір қадамдары түркімендер үшін жығылған үстіне жұдырық болды. Өйткені, сыртқа көгілдір отын сатуда Мәскеу мен Ашхабад бір-бірімен бәсекелес саналады. Әлемде газ қоры бойынша Ресей Федерациясы бірінші орынды, Түркіменстан төртінші орынды алады.
Еуропа елдеріне газ сатуда Ашхабадқа қарағанда Мәскеудің қолы ұзын. Ресейге қол созым жерде көгілдір отынға зәру еуропалық нарық тұр. Ал, түркімен газы Еуропаға жету үшін екі елді, атап айтқанда, Иран мен Түркияны басып өтуі керек. Иран арқылы газ құбырын тарту да оңай шаруа емес. Біріншіден, бұл қыруар қаржыны талап етеді. Еуропалық елдердің көмегінсіз газ құбырын тартуға Ашхабадтың қалтасы көтермейді. Екіншіден, ядролық бағдарламаға байланысты Тегеран мен Батыс елдері арасының суып кеткеніне біраз жылға тақады. Үшіншіден, Иранның өзі әлемдегі газды көп өндіретін үшінші және газ қоры көп екінші ел. Яғни, Түркіменстандай бәсекелес Иранға керек емес.
Түркіменстанның Каспий теңізінің астымен құбыр жүргізіп, Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы еуропалық нарыққа өзінің көгілдір отынын сатудан басқа жолы да жоқ. Түркімен газының еуропалық нарыққа шығуына газ сатудан алдына ешбір елді салмайтын Мәскеу ұзақ жылдар бойы тұсау салып келді. Әйтпесе, Ашхабадтың сонау екі мыңыншы жылдардан бастап еуропалықтарға көгілдір отын сатуға мүмкіндігі болды. Мәселен, 2002 жылы Түркіменстан, Иран, Ирак және Әзербайжан Ресейді айналып өтіп, Түркия арқылы Еуропалық Одақ елдеріне Каспий аймағынан газ жеткізуді мақсат еткен «Набукко» газ құбыры жобасын дайындады. Тіпті, 2009 жылы Анкарада Түркия, Австрия, Болгария, Румыния және Мажарстан (Венгрия) елдері «Набукко» құбыр желісі бойынша үкіметаралық келісімге де қол қойды. Дегенмен, бастаманың аяқсыз қалуына Мәскеу тікелей себепкер болды. Неге десеңіз, былтырға дейін Каспийдің құқықтық мәртебесі айқындалмады. Ұзақ жылдар бойы Каспийдің жағалауында жатқан бес елдің өкілдері (Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан, Иран) оны теңіз немесе көл деп атау бойынша ортақ бір шешімге келе алмады. Егер Каспийді бес ел «теңіз» деп мойындаса, онда әр мемлекет өз секторын өз ықтиярымен пайдалануға мүмкіндік алады. Ал, Каспий «көл» болып шықса, онда бес ел табыстан түскен пайданы теңдей бөліседі. Каспий табанынан өтетін құбыр жобасы мұндағы экологияға кері әсер ететінін алға тартқан Мәскеу қарт Каспийге құқықтық мәртебе бермей созбақтап жүрді.
Естеріңізде болса, былтыр жазда Ақтау қаласында өткен Каспий жағалауы елдерінің V саммитінде Қазақстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Ресей және Иран елдерінің басшылары Каспий теңізіне арнайы құқықтық мәртебе беретін Конвенцияға қол қойды. Енді Ашхабад Еуропаға газ тасымалдау үшін «Транскаспий» газ құбыры өтетін Әзербайжанмен ғана келіссөздер жүргізеді, яғни жағалаудағы басқа елдердің рұқсатын алуға міндетті болмайды. Осылайша, қолда бар газын еуропалықтарға сата алмай келген түркімендер үшін Еуропаға қарай бағдаршамның жасыл түсі жанды.
Мамандар техникалық тұрғыдан алғанда Каспий теңізінің астымен Түркіменстан мен Әзербайжан арасын жалғайтын «Транскаспий» құбырын тартудың аса қиын еместігін айтады. Бар шаруа қаржыға келіп тіреледі. Ашхабадта дәл қазір бұл газ құбырын жүргізетін қаржы жоқ. Ол қаржыны табу үшін шетелдік инвесторларға арқа сүйейді. Ал, Бердімұхамедов «меншіктеп» алған «жабық» елдің жобасына қыруар қаржы салуға жұлқынып отырған шетелдік инвесторлар көп болмағанымен, түркімен газын арзан бағаға сатып алуға мүдделі Еуропалық Одақтың бай елдері Ашхабадқа қол ұшын созатынын ешкім жоққа шығармайды. Мұны Мәскеу де жақсы түсінеді. Дегенмен, былтырғы Каспий жағалауы елдерінің V саммитіне дейін «Транскаспий» газ құбырының аты шыққалы оның салынуына қарсылық білдіріп келген Ресей Федерациясы енді Түркіменстанның бастамасына қарсы уәж айта алмайды.
Жалпы, Каспий маңындағы Түркіменстан мен Әзербайжаннан Түркия арқылы құбыр тартуды көздейтін «Оңтүстік дәліз» жобасы – Ресей газының Еуропалық Одақ елдері импортын-дағы үлесін біртіндеп азайту жоспарының бір бөлігі.
Сыйымдылығы 60 млрд текше метр болатын «Трансанатолий» құбырының (TANAP) құрылысы Түркияда 2015 жылы басталды. «TANAP» салынып бітіп, газ жіберілген күннен бастап Ресейдің мемлекеттік «Газпром» компаниясы еуропалық газ нарығындағы үлесінің үштен бір бөлігінен айырылады. Ал, «Газпромның» табысы Кремльдің жалпы кірісінің 25 пайызын құрайды.
Айта кетейік, Әзербайжан мен Түркіменстан газын өз жері арқылы өткізгені үшін Грузия да мол табысқа кенеледі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Түркімен газы еуропалық нарыққа шықса, онда орыс газының тікелей бәсекелесі болады. Мәскеуге бұл барлық жағынан тиімсіз саналады. Біріншіден, көгілдір отынның бағасын түсіреді. Екіншіден, кәрі құрлықты алқымынан қысып, жанын мұрындарының ұшына келтіруде мұнай-газын пайдаланып отырған Кремльдің мүмкіндігін шектейді.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here