КӘРІМ КӨКІРЕКБАЕВ: «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШЕТЕЛДЕГІ МЕКЕМЕЛЕРІ ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫН ӨТКІЗУГЕ ДАЙЫН»

0
230

2019 жылғы 9 сәуірде Қазақстан Репубикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын белгілеу туралы үндеу жасады. Сөйтіп, 2019 жылғы 9 маусым – Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы күні болып белгіленді. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 23-бабы бойынша елдің барлық шет елдердегі мекемелерінің жанынан 65 учаскелік сайлау комиссиялары құрылды. Сайлау болатын күні көршілес әрі бауырлас ел Қырғыз Республикасында орналасқан Елшілік жанынан да сайлау учаскесі құрылып, жұмыс істейді. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаевпен алдағы сайлау туралы әңгімелескен едік.

– Елші мырза, алдағы жексенбі, 9 маусымда болатын Президент сайлауы туралы жалпы пікіріңіз қандай?
– Айта кету керек, алдағы сайлау еліміздің саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болғалы отыр. Өйткені, өзіңізге белгілі Мемлекет басшысы ел дамуының бағыт-бағдарын айқындап, Үкіметке міндеттер жүктейді, ішкі және сыртқы саяси басымдықтарды белгілейтін бірден-бір тұлға.
Алдағы сайлау тәуелсіз Қазақстан тарихында ең бәсекеге толы сайлау болмақ. Баршаға белгілі, Мемлекет басшысы лауазымына кандидат ретінде жеті адам сайлауға түссе, оның ішінде «Ақ жол» партиясынан ұсынылған Дания Еспаева әйел адам ретінде алғаш рет ел басшылығы лауазымынан үміткер атанды.
Бұл ретте, Қазақстан өзі орналасқан өңірлік ерекшелікке орай елдің саяси өмірінде ер адамдар басым жағдайға ие екені жасырын емес. Алайда, біраз уақыттан бері еліміз гендерлік теңдікті жақсартуға және әйелдердің саясат пен бизнестегі рөлін арттыруға бағытталған нақты қадамдар жасауда. Бүгінде мұның нәтижесі айқын байқалуда, қазір Сенат төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары, Білім және ғылым министрі лауазымдарын әйел адамдар иеленіп отыр, оған қоса Қазақстан Парламенті мүшелерінің шамамен төрттен бірі әйел адамдардың үлесінде.
9 маусымдағы сайлаудың және бір ерекшелігі – сайлау процесінің бәсекеге қабілеттілігі мен әділеттілігі. Бұл жағдай өңірімізде болатын сайлаудың әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ететін демократиялық институттардың белсенді дамуының арқасында іске асып отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ашық сайлауды қамтамасыз етуге уәде берген болатын. Бұл тұжырымның шынайы екенін көптеген мысалдар растайды. Мәселен, жиырма жылға таяу уақыт бойы үкіметке оппозициялық көзқараста болған Әміржан Қосановтың Президенттікке үміткер ретінде ұсынылуы сайлаудың ашық болатынын растаса керек. Мемлекет басшысы лауазымына үміткерлердің барлығы өздерінің сайлауалды науқандарын ашық өткізіп, сайлаушылардың дауыстары үшін күрес жүргізуде.
– Сайлауға байқаушылар көптеп келетін сияқты, ал Қырғыз Республикасынан қанша байқаушы келеді?
– Қазақстан сайлауды байқаушылар үшін әрқашан ашық етіп, олардың әділ ескертулерін әркез назарға алып келеді. Алдағы сайлауға ондаған халықаралық ұйымдардан және көптеген шетелдік мемлекеттерден 1 000-нан астам халықаралық байқаушылар келеді деп күтілуде. Қазақстан Үкіметінің шақыруы бойынша сайлауға байқаушылар ретінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан Демократиялық институттар және адам құқығы бюросының, ТМД және басқа да ұйымдардың өкілдері келмек.
Осы орайда, таяуда Қырғыз Республикасы Сайлау және референдумдар өткізу жөніндегі Орталық комиссиясының төрайымы Н.Шайылдабековамен кездесу өткенін атап өткім келеді.
Кездесу барысында сайлау комиссиясы басшысына алдағы сайлау туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріліп, екі елдің осы саладағы ынтымақтастығына сенім білдірілді.
Өз кезегінде, Н.Шайылдабекова қазақстандық тараптың Қырғыз Республикасындағы сайлау мониторингіне үнемі қатысып келе жатқаны және екі елдің Орталық сайлау комиссиялары арасындағы өзара түсіністік үшін алғыс айтып, табысты түрде іске асып жатқан екіжақты ынтымақтастыққа ризашылық білдірген еді.
Сайлау комиссиясының төрайымы Қазақстанға Қырғыз Республикасы тарапынан осы елде орналасқан әртүрлі халықаралық және мемлекеттік ұйымдар атынан 38 адам байқаушы ретінде баратынын мәлімдеді.
– Кәрім Нәсбекұлы, жалпы Қырғызстан жұртшылығы Қазақстанда болатын сайлау туралы хабардар ма?
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс сайлау болатыны туралы жариялағаннан бері Елшілік қызметкерлері болып жатқан барлық шаралар мен екіжақты және көпжақты кездесулерде сайлау туралы жан-жақты ақпарат беріп келеді.
Оның үстіне, үстіміздегі жылғы 8 мамырда Елшілік ғимаратында Қырғыз Республикасының БАҚ өкілдері үшін сайлау туралы арнайы брифинг өткізілді. Кездесуге Қырғыз Республикасының жетекші БАҚ өкілдері, атап айтқанда, «Кыргыз Туусу», «Еркин Тоо», «Слово Кыргызстана», «Вечерний Бишкек», «Жаны Орда», «Тил жана маданият», «Новые лица», «Шелковый путь. Культурное развитие» газеттерінің, «НТС», «Пирамида», «Хабар-24» телеарналарының, «Кабар», «КирТаг», «АкиПресс», «Казинформ» ақпараттық агенттіктерінің 30-ға тарта журналистері қатысты. Кездесуде Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы 6 мамырда Президенттікке үміткер 7 кандидатты тіркегені баса айтылды. Бұл ретте журналистерге Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының материалдары таратылды, кандидаттарға қандай талаптар қойылатыны, үміткерлер сайлауға қатысу үшін қанша қаражат енгізетіні, үміткерлерге бюджеттен қанша ақша бөлінетіні, сайлау қорытындысы қашан белгілі болатыны егжей-тегжейлі жеткізілді. Брифинг барысында Қазақстан бойынша және шетелдерде қанша сайлау учаскелері бар екені, оның ішінде Елшілікте тиісті сайлау учаскесі жұмыс істейтіні, кімдер және қанша уақыт ішінде дауыс бере алатыны сияқты өзекті ақпарат берілді.
– Сайлау күні Елшіліктің жанынан сайлау учаскесі жұмыс істейді деп отырсыз, сонда жалпы қанша адам дауыс береді деп күтілуде?
– Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасы аумағындағы азаматтары өздерінің сайлау құқығын Қазақстан Республикасының Бішкек қаласындағы Елшілігінің ғимаратында (Ч.Айтматов даңғ., 95А) орналасқан №264 сайлау учаскесінде іске асыра алады.
Бұл орайда, іргелес Алматы қаласынан, Жамбыл облысынан келетіндер үшін ақпарат ретінде айтсақ, мәселен Сайлау туралы заңның 25-бабының 1-тармағына сәйкес шет мемлекетке жеке шақыру бойынша қызметтік, іскерлік және туристік сапарға келген Қазақстан Республикасының азаматтары учаскелiк сайлау комиссиясына өтініш жасаған жағдайда және олардың Қазақстан Республикасы азаматы деген жарамды паспорты болса, сайлаушылар тiзiмiне енгізіледi.
Сондай-ақ, аталған Заңның 41-бабының 1-3-тармақтарына сай әрбiр сайлаушы өзi дауыс бередi. Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейді, ал дауыс беруге арналған бюллетеньдер сайлаушыларға сайлаушылар тiзiмдерi негiзiнде сайлаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуi бойынша берiледi. Сайлау күні сайлау учаскелерінде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша 07.00-ден 20.00-ге дейін өткізіледі.
Жалпы алғанда, сайлау болатын күні Қырғызстанда қызметтік және іскерлік іссапарда жүрген 200-ден астам Қазақстан азаматы дауыс береді деп күтілуде. Оның ішінде Ыстықкөл облысы Шолпан-Ата қаласында тәжірибелік практикадан өтіп жатқан 80-ге таяу студенттер үшін көшпелі дауыс беру пункті ұйымдастырылатынын атап өткім келеді. Бір сөзбен айтқанда, дипломатиялық өкілдік сайлау кезінде сайлаушылардың дауыс беруіне барлық жағдай жасамақ.
– Кәрім Нәсбекұлы, алдағы сайлау Қырғызстан үшін қаншалықты маңызды деп санайсыз?
– Орынды сұрақ. Өзіңізге белгілі Қазақстанда болатын Президент сайлауы көршілес елдер үшін де, оған қоса күллі әлемдегі біздің серіктестеріміз үшін де аса маңызды. Себебі, Қазақстан бүкіл дүниежүзінде болып жатқан жаһандық проблемаларды шешуге белсенді қатынасады, еліміздің Сирия қақтығысын реттеуге қатысуы осының айғағы. Экономика тұрғысынан алғанда Қазақстан Үкіметі елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша батыл шаралар қабылдап, соның арқасында мемлекетіміз инвестициялық тартымдылығы жағынан жоғары рейтингтерді иеленіп келеді.
Сайлау Қырғызстан үшін аса өзекті деген ойдамын, себебі қазіргі заманғы қазақ-қырғыз қатынастары өзара тиімді негізде серпінді түрде дамуда. Бүгінде Қазақстан Қырғыз Республикасының сауда-экономикалық және инвестициялық жағынан ірі әріптестердің бірі болып табылады. Атап кету қажет, Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бері Қырғызстан экономикасына 1,5 млрд. АҚШ доллары сомасына инвестиция жасаған. Қазіргі таңда қазақстандық инвесторлар тау-кен өнеркәсібі, банк секторы және басқа да экономика салаларында жұмыс істеуде. Өздеріңізге белгілі Қырғыз Республикасы ЕАЭО-ға 2015 жылы кіріп, экономикалық жағынан ерекше екпінмен дами түсті және аталған ұйым ішіндегі елдер арасында тауар айналымы айтарлықтай өсті.
Сайлаудан кейін Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара тығыз қатынастарды одан әрі дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіле беретін болады. Елдеріміз арасындағы ынтымақтастық келешекте нығая беретініне сенімім мол.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен: Қали ҚАМБАРОВ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here