Қазақстанда заңдарды кімдер қабылдайды?

0
4028

Өткен айда, 30 шілде күні алтыншы сайланған Парламенттің бесінші сессиясы аяқталды. Халық қалаулыларының бір жылда атқарған шаруалары да аз емес. Айталық, сессия барысында палаталардың бірлескен үш отырысы өтті. Мәжілістің 41 жалпы отырысында 296 мәселе қаралса, Сенат 25 жалпы отырыста 165 мәселе қарады. Бесінші сессия кезінде қос палатаның қарауында 161 заң жобасы болды, оның 98-і қабылданды. Бүгінгі күні Парламент қабылдаған заңдардың 86-сына Мемлекет басшысы қол қойып, олар заңды күшіне енді.

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, «Мемлекет басшысының саяси реформалары да заңмен бекітілген. Соның аясында саяси партияларды тіркеу үшін қажетті мүшелер саны екі есеге қысқарды. Парламенттік оппозиция институты қалыптасуда. Партиялық сайлау тізімдеріне әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық міндетті квота енгізілді. Бейбіт жиналыстар мен митингтер өткізу үшін ескерту тәртібі бекітілді және жала жабу туралы бап қылмыстық кодекстен алынды. Қоғамға қауіп төндіретін ауыр қылмыстар – педофилдер, есірткі сату, адам саудасы, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық және браконьерлік үшін жаза күшейтілді».

Сессия жұмысы кезеңінде Парламенттің қос палатасының депутаттары 308 депутаттық сауал (оның 204-ін Мәжіліс депутаттары, 104-ін Сенат депутаттары) жолдады. Ал, халық қалаулыларының атына азаматтардан шамамен 10 мыңдай хат келіп түсті. Олар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралды.

Жалпы бұл уақытта Парламент депутаттары каникулға кететін. Әлемдегі, соның ішінде елдегі қазіргі күрделі жағдайда демалысқа шығудың орынсыз екенін халық қалаулылары да жақсы түсінеді. Содан депутаттар коронавируспен күреске белсенді қатысып, мониторинг топтарының құрамына еніп, халықтың ортасында жүр.

1995 жылғы Конституция бойынша Қазақстан екі палатадан, яғни жоғарғы палата – Сенат және төменгі палата – Мәжiлiстен тұрады. Парламент өз палаталарының жеке отырысында мәселелердi әуелi Мәжiлiсте, содан кейін Сенатта қарау арқылы заңдар қабылдайды. Соңғы сөзді Президент айтады. Бір жылда халық қалаулыларының қабылдаған заңдарын жоғарыда айттық. Бүгін мәжілісмендердің портретін жасап көрейік.

Сонымен, Қазақстанда заңдарды кімдер қабылдайды? Бұл сауалға жауап алу үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің ресми интернет-ресурсын шолып шықтық.

Заң бойынша ҚР Парламенті Мәжілісі 107 депутаттан тұрады. 2016 жылғы сайлаудың қорытындысы бойынша Мәжіліс жеті балдық шекті бағындырған үш саяси партиядан жасақталды. Атап айтқанда, сайлаушылардың 82,15% дауысын алған «Nur Otan» партиясы 84 орынды, 7,18% дауысын алған «Aq jol» демократиялық партиясы 7 орынды, 7,14% дауысын алған Қазақстанның коммунистік халық партиясы 7 орынды иеленді. Яғни, 107 депутаттық орынның 98-і – партиялық тізім бойынша, 9-ы – Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды. Бүгінде 104 депутат заңдардың қабылдануына атсалысады. Мәжілісте әзірге үш депутаттық орын бос тұр.

Мәжіліс төрағасы – Нұрлан Нығматуллин. Қарағандының тумасы. Қарағанды политехникалық институтының түлегі. 58 жаста. Мәжіліске дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы қызметін атқарды.

Нұрлан Зайроллаұлының екі орынбасары бар. Біріншісі – генерал-лейтенант Владимир Божко. Владимир Карпович 71 жастан асты. Алматының тумасы бұрын ҚР Төтенше жағдайлар министрлігін басқарды.

Төрағаның екінші орынбасары – Гүлмира Исимбаева. Үшаралдың қызында (Жамбыл) екі диплом бар. Филолог әрі заңгер. Келесі айда 63 жасқа толады. Еңбек жолын мұғалім болып бастаған Гүлмира Истайбекқызы 2007 жылдан бері Мәжілісте қызмет атқарады.

Төменгі палата депутаттарының орта жасы – 58. Ең үлкені – Қазақстан Коммунистік халық партиясының өкілі Владислав Косарев. Мәжіліс табалдырығын сонау 1999 жылы алғаш аттаған Владислав Борисович 16 қарашада 83 жасқа келеді. Ал, ең жас мәжілісмен 30 жастағы Геннадий Шиповских. Сексеуілдің тумасы (Қызылорда) кейбір қазақтардан таза қазақша сөйлейді. Әкесі мен анасы қайтыс болғаннан кейін 2004 жылы Макаренко атындағы Қызылорда қалалық балалар үйіне түскен. Сол жылы қазақ отбасы асырап алған. Басқа әріптестеріндей қос дипломмен мақтана алмайды. 2014 жылы Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда агротехникалық колледжіне оқуға түскен. Парламентке келгенге дейін депода машинист көмекшісі болған. 26 жасында «Nur Otan» партиясының атынан депутат атанды.

Мәжілістегі депутаттардың 77-сі – ерлер, 27-сі – әйелдер. Яғни, депутат-әйелдер 25 пайызды құрайды. Геннадий Шиповских сияқты жастарды қосқанда кешегі Президент айтқан 30 пайыздық міндетті квота орындалып қалады.

Мәжілісмендердің көбі ауылдан шығыпты. Олардың саны – 67 адам. Қалғандары «асфальтта өскен» қалалықтар.

«Географияға бөлді» демеңіздер, мәлімет үшін айтайық, депутаттардың шыққан жеріне зер салғанда, қазіргі Түркістан мен Алматы облыстары тумаларының көптігін байқайсыз. Қала бойынша ең көп депутат Алматы қаласынан шыққан. Ирина Аронова ғана Қазақстанның тумасы емес, Ресейдің Калининград облысында туған.

Мәжілісте танымал азаматтардың да балалары отыр. Соның біріншісі – актер Нұрлан Әлімжанов, екіншісі – Снежанна Имашева, үшіншісі – Жәмилә Нұрманбетова. Алғашқысының әкесі – ақын-драматург Баянғали Әлімжанов, екіншісінің әкесі – миллионер Валерий Джунусов, соңғысының әкесі – экс-сенатор Нүсіпжан Нұрманбетов.

Қырыққа толмағандардан Геннадий Шиповскихтан басқа 36 жастағы Нұрлан Әлімжанов, 36 жастағы Әлия Сапарова, 37 жастағы Наринэ Микаелян, 37 жастағы Жұлдыз Омарбекова және 39 жастағы Снежанна Имашева бар.

Депутаттар арасынан жерлестер де табылады. Мысалы, Нұрлан Әбдіров пен Нұрлан Дулатбеков бір ауылдан шыққан. Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылының (Қарағанды) тумалары.

Халық қалаулыларының мамандықтарына келсек, 37 депутат заңгер, құқықтанушы, 30 депутат инженер, 25 депутат экономист мамандықтарында оқыған. Араларында журналист пен саясаттанушылар да аз емес.

Депутаттық еңбек өтілі ең көбі – 75 жастағы Қуаныш Сұлтанов. Қуаныш Сұлтанұлы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 9-13 шақырылымдарының депутаты болды. 2001-2011 жылдары сенатор қызметін атқарды. 2012 жылдан бері Мәжіліс депутаты.

Ардагер мәжілісмендердің қатарына 2004 жылдан бергі депутаттар Аманжан Жамалов, Нұртай Сәбилянов пен Бекболат Тілеухан жатады.

Қазақстанда заң қабылдайтын халық қалаулыларының өмірбаянын білген артық болмас. Мәжілісмендердің жоғарыдағы портреті осындай мақсатта жасалды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары осы күзде орындарына қайта оралып, алтыншы шақырылымдағы алтыншы сессиясын бастайды. Сөйтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының ережелерін іске асыруды жалғастырады. Қазіргі уақытта Парламент қарауында 61 заң жобасы бар. Мұнда Экологиялық кодекс, өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау туралы, өсімдік әлемі туралы заңдар назарға алынады. Сондай-ақ, «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері жөніндегі, биліктің аудандық, қалалық және ауылдық деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері жөніндегі және басқа да заңдарды қабылдайды.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here