ОТАНСҮЙГІШТІК ТУҒАН АУЫЛДЫ СҮЮДЕН БАСТАЛАДЫ

0
363

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мәселесi көтерiлдi. Сөз ретi келгенде айта кетейiк, Елбасының осынау өмiршең идеясын жүзеге асыруды түркістандықтар ерте бастан бастап кеткен. Бiз, кәсiпкерлер, шамамыз келгенiнше бұл бағытта бұрыннан еңбектенiп келемiз, өйткенi, қазақ болған соң ең бiрiншi кезекте ауылымызға жанымыз ашиды. Бiздiң ұғымымызша патриотизм дегенiңiз туған ауылыңызды сүюден басталады.

Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады.

[Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан]

Мысалы, бiздiң «Атамекен» корпорациясы өзiмiз туып-өскен өңiр – Төлеби ауданындағы Сарқырама ауылына 15 мың кiтап қоры бар кiтапхана, 300 орынды Мәдениет сарайын, дәрiгерлiк амбулатория, балабақша салып бердi. Ол бiр жылда-ақ толып қалды, ендi алдымызда ғимаратты кеңейту мәселесi тұр. Ақсақалдарға арналған шайхананы қымызхана деп атадық. 200-дей отбасы бар ауылымыздың той-томалағына деп мейрамхана тұрғыздық. Әкемiз бiз кәсiпкерлiкке келгенге дейiн-ақ мешiт салған болатын. Бюджет қаржысына болса да жаңа мектеп салынды.

Бiз кәсiпорнымызды ауылда тiркедiк, салығымыз да сонда төленедi. Ауылымызды абаттандыра түсудi ешқашан естен шығарған емеспiз. Биыл үйлердiң ауласына гүлдер, сәндiк ағаштар отырғызу мен көше бойындағы қоршауды бiрыңғай етiп жасауды қолға алдық.

Құрылыс саласы Елбасымыз айтқандай, экономикамыздың локомотивiне айналып отыр. Ал, ауыл шаруашылығы, дәлiрек айтсақ, мал шаруашылығының жағдайы дәл ондай емес. Банктер несие берген кезде кепiлдiк мүлiктен басқа да тұрақты табысы болуын талап етедi. Негiзi, олар ауыл шаруашылығына пайыздық үстеменi 2-3 пайыз етсе де ұтылмас едi. Себебi, бұл сала әлемде өте қатты дамып жатыр.

Бiз түйiндi мәселелерiмiздi шешудi бүгiн бастамасақ, өзгелер ертең бiзден мүлдем қара үзiп кетуi мүмкiн. Ал, Елбасымыздың ұсақ қожалықтарды iрiлендiрiп, кооперативке бiрiктiру керек деген идеясы өте дұрыс, өйткенi, бiздiң елдiң жағдайында жекелеген адамдарға қарағанда iрiленген шаруашылықтар өнеркәсiптiк масштабта жұмыс iстегенi тиiмдiрек.

Қазiр құрылыспен айналысу тезiрек пайда әкеледi, бiрақ, оған қарағанда ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң болашағы зор. Осы iске бiз де үлес қосып жатырмыз. Ауылда асыл тұқымды мал шаруашылығы, өсiмдiк тұқымын дайындайтын парник, машина-трактор стансамыз бар. 100 гектар жерге алма, 150 гектарға жүзiм егiлген. Сауын фермасы, қасында оның өнiмiн өңдейтiн цех жұмыс iстеп тұр. Солтүстiк облыстардағы Зинченко, Cауэр секiлдi iскерлер басқаратын озық шаруашылықтар бiзде неге болмауы тиiс?!

Сол мақсатта бұрынғы фермаларды қайта жарақтандырып, сүттi сиырлар ұстап көрiп едiк, онымыз оңды нәтиже бере қоймады. Өйткенi, ол жерде түрлi жаңа техника қолданылуы тиiс, сондықтан жаңасын салуды қолға алып жатырмыз, ал, бұрынғыны бордақылау алаңы ретiнде пайдаланбақшымыз. Және озық үлгi-лердi бүгiнгi таңда шетелдерге шықпай-ақ, облысымыздың аумағынан да барып көруге болады. Мысалы, «Қазына-Жер», «Бөрте-Милк» фирмалары озық техника мен технологияны қолданып отыр. Осындай фирмалар барлық ауданда болуы тиiс, мемлекет бiрiншi кезекте соларды қаржылай қолдағаны жөн. Неге? Өзге кәсiпкерлерге үлгi болуы үшiн.

Шымкент қаласында тәулiгiне 300 тонна бидай тартатын диiрмен, 100 000 дана нан пiсiретiн наубайханамыз, айран, сүт шығаратын, ағаш бұйымдар, темiр бұйымдар, пластикалық есiк-терезе жасайтын цехтарымыз бар. Қала тұрғындарының «Атамекеннiң» наны, айран-сүтi бар ма?» деп сұрап жатқанын естiп-көрген кезiмiзде әжептәуiр марқайып қаламыз. Халықтың талап-талғамы күн санап артып келедi, ендеше бiз де соған сай бола бiлуiмiз керек.

Аудан әкiмiнiң идеология жөнiндегi орынбасары болып iстеген азамат ретiнде алдағы уақытта ең басты назар аударар мәселе – бiлiм саласы болуы тиiс деп ойлаймын. Болашақ – бiлiмдiнiкi. Мектеп директорларын дұрыс таңдап, iрiктеп тағайындасақ, танысшылдық, туысшылдықтан аулақ болсақ, олар өз кезегiнде ұстаз деген биiк мәртебеге сай мұғалiмдер жинай бiлсе, тума таланттарға толы қазақ ауылы өз әлеуетiнiң өте жоғары екенiн дәлелдеуден танбайды деп ойлаймын.

Ал, ендi сол бiлiмнiң өзiн бойға сiңiру үшiн де ең алдымен денсаулық қажет. Сол себептi өзiмiздiң ауылдан бастап 20 шақты елдiмекенге заманауи талаптарға сай спорт алаңдарын салып бердiк. Олардың барлығы да мектеп ауласында.

«Жекеменшiктегiлер ақша талап етiп жүрмесiн деп, мектептiң беделi арта түссiн» деп әдейi солай жасадық. Екiншi жағынан, спорт деген сиқыр жасөспiрiмдердi ертелi-кеш бос сандалып жүруден сақтайды.

Зертас ауылында күреске арналған үлкен спорт кешенiн және салып жатырмыз.

Облыстық мәслихат депутаттары, өз ауылына осындай игiлiктер жасап жатқан әрiптестерiмiздiң салған әлеуметтiк нысандарының ашылу салтанатына қатысамыз, өзара пiкiр алмасып, тәжiрибемiзбен бөлiсiп тұрамыз және мұндай ұстанымнан ешқашан айнымаймыз деп ойлаймын. Ал, Елбасымыздың жаңа идеясы бәрiмiзге де соны серпiлiс беретiнi сөзсiз.

Мұрат ТӨЛТЕБАЕВ, «Атамекен» корпорациясы» ЖШС директоры

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here