Максим Споткай: «Саяси реформалар жалғасын табады»

0
3040

Жолдаудың ең маңызды бағыттарының бірі – бұған дейін қолға алынған саяси реформаларды жалғастыру. Себебі, Ұлттық кеңестің шеңберінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алғашқы саяси пакеті қабылданды. Сол бойынша «Сайлау туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді. Партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастарға арналған міндетті 30 пайыз квота енгізіліп, саяси партияларды құру үшін тіркеу талабы 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендетілді. Парламенттік оппозицияға, митингіге қатысты оң өзгерістерді де ерекше айтуға болады. Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында бұл саяси реформалар жалғасын табатынын айтты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауыл әкімдерін сайлау, онлайн петиция механизмін жасау, мемлекеттік басқару реформасы сияқты бастамалары да көңілден шықты. Жалпы алдағы уақытта бізге қоғамдық белсенділермен, сарапшылармен осы бастамаларды нақты талқылау керек.

Ауыл әкімдерін сайлау – демократия жолындағы маңызды тетіктердің бірі. Бұл тәжірибе бізде болды. Кезінде Алматы облысындағы бір аудан әкімін сайлағанбыз. Осы халықаралық тәжірибені талдап, содан кейін ғана түпкілікті шешімді қабылдау қажет. Әрине, бұл айтуға ғана оңай. Ауылдағы ағайындардың жағдайына тікелей әсер ететін үлкен саяси нормалардың бірі болғандықтан, бұған үлкен дайындықпен келу керек.

Тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік басқару жүйесіндегі реформа. Президент мемлекеттік және квазимемлекеттік секторы қызметшілерін 25 пайызға қысқартуды тапсырды. Бұл бұған дейін де айтылған мәселе еді. Бірақ, бұл жолы оны жүзеге асырудың нақты мерзімі көрсетілді. Қысқарту биылдан басталады. Келесі жылы толықтай жүзеге асады. Сөйтіп, саннан сапаға мән беріледі.

Мемлекеттік басқару реформасы кезінде Президенттік жастар кадр резервінің әлеуетін пайдалануымыз керек. Өйткені, сол жастардың арасында тәжірибелі, талантты азаматтар өте көп. Сондықтан оларды да мемлекеттік қызметке тартуымыз қажет.

Енді Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құрылады. Оған мемлекеттік қызметтегі азаматтарды ғана емес, сырттан, яғни сарапшылар мен салалық мамандарды да көптеп тарту керек. Реформаларды мемлекеттік аппараттың ішінде ғана жасамай, сарапшылардың, азаматтық белсенділердің де пікірін ескермесе болмайды.

Максим СПОТКАЙ, Ұлттық кеңестің мүшесі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here